Шығармашылық жолы
Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді.
Қадыр Мырза Әлі көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғүламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударады. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бүрынғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты.
1966 жылы «Ой орманы» өлеңдер жинағы үшін Қадыр Мырза Әліге Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді.
1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін ол Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
2001 жыл Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ие болды. 1993 жылы Қадыр Мырза Әлі өлемдік поэзияға қосқан аса зор еңбегі үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯС» сыйлығын алды.
Қадыр Мырза Әлі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.
Соңғы жылдары ақынның он алты томдық таңдамалары жарық көрді.
2003 жылы Санкт-Петербургтің «Славия» баспасында «Прапамять» атты үлкен бір томдығы орыс тілінде басылып шықты.
Ә. Кекілбаевтың прозасы.
Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйткені, Кекілбаевтың өзі бір әлем. Шүкір, қазір сол ғажайып әлемді зерттеп, оның ерекшеліктеріне шұқшия үңіліп, Кекілбаевтың шығармашылық өнері туралы жазылған мақалалар да бірнеше томға жетерлік. Әбекеңнің шығармашылық еңбегі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғысы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні де табиғилық. Оған қоса Кекілбаевтың өзінің әлем, қазақ тарихының көрнекті адамдары, замандастары, осы заманның, біздің қоғамның құбылыстары, бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да, публицистикалық шығармалары да елге белгілі. Кекілбаевтай шешендікпен сөйлеп, Кекілбаевтың шеберлігіндей жазу – тек сол Әбекеңнің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиет.
Кекілбаевты біздің қазақ оқушысы, қазақ қоғамы ең алдымен ақын, жазушы ретінде таныды. Кекілбаев толғанса – роман, көсілсе көсемсөз туады. Өндіріп, өнімді жазатын суреткер. Туындыларының көрінісі көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен, оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп, астарлы сөз, ой дариясының тұңғиығына шомылдырады. Менің қатарым оның әдебиет сыншысы ретінде қарымды еңбек еткенін де біледі. Кекілбаевтың өзін көрмей, білмей тұрғанда оның әдеби сын мақалаларын оқитынбыз. Әбіш Кекілбаевтың әдеби шығармалары, әдебиет туралы өте зерделі сын мақалалары сол кездегі “Лениншіл жас” (бүгінгі “Жас Алаш”), “Қазақ әдебиеті” газеттерінде, “Жұлдыз” журналында жарық көре қалса, жібермей оқып, қаламгердің сондай білімгерлігіне, білгіштігіне тәнті болып, таң қалып жүретін едік. Жазғандарына қарап, жазушының жас шамасы сол Ғабит Мүсіреповтердің қатарындағы адам шығар деп ойлайтынбыз. Оның сол кезде жиырма бес пен отыздың арасындағы жігіт екенін де кейін білдік. Сын мақалаларымен қатар Кекілбаевтың көптеген әдеби шығармалары дүниеге келе бастағанда көптеген оқушылар іздегенін тауып, күткені келгендей қуанғаны да есімізде. “Күй”, “Шыңырау”, “Ханша дария хикаясы” деген Әбекеңнің сол кездегі шығармалары оқушыларының дүниетанымына жаңа бір рухани серпіліс берген-ді. Тақауда ғана жарыққа шыққан Әбекеңнің 25 жасында жазған “Күй” повесі бойынша түсірілген “Кек” фильмін бүгінгі көрермендер де түсініп, жылы қабылдады.
Әбекеңнің қоғамдағы феномені – оның толассыз ізденгіштігі мен зерттеушілігі, сол қазынасын жиылған жүк құсатып тең-тең етіп қоймай, түйдек-түйдегімен оқушысына, еліне, жұртына тасқындатып төгіп жатуында. Сондықтан да әдебиет сүйер қауым Әбекең не жазды екен деп күтіп жүреді, шыққан дүниесін іздеп тауып, оқып жүреді. Әбекең оқушысын жерітпеген, ренжітпеген, көңілін қалдырмаған, қаламы демікпеген, шабыты сарқылмаған жазушы, қоғамның сергек сарапшысы. Асқар Сүлейменов өзінің бір мақаласында былай деп жазыпты: “Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірекпен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді”. (Ә.Кекілбайұлы, 1-том, 387-бет).
Оның “Аңыздың ақыры”, “Үркер”, “Елең-алаң” тарихи романдары тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те ең алдымен қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, дауысы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.
Қазіргі қазақ повесі
Дидар Амантай бүгінде аты ауызға ілініп, әсіресе аға буын қаламгерлер үшін «проблема» тудырып жүрген жазушы. Осы жерде бір айта кететін нәрсе бар. Әлемнің кез келген әдебиетінде экспериментке жол беріледі. Шынына келетін болса, Дидарда классикалық стильге ешқашан қарсылық болған емес. Ол өз шығармашылығы ның таза эксперимент екенін мойындайды, жөне айтып отырады. Әлбетте, қазақ прозасының дәстүрлі коркемдік критерийі — тіл. Әдебиеттің шұрайы тіл екені қазақ әдебиетінде әлмисақтан бекітілген қағида. Қазақтың сыншысы болсын, ақыны яки прозашысы болсын, өзіне ұнаған шығарманы мақтағанда «тілі көркем екен», немесе «тілі шұрайлы екен» деп мақтайды. Қазақтың тіл туралы айтқаны — көркемдік туралы айтқаны.
Алайда, көркемдік — жалғыз ғана тіл емес. Тіл тұрғысынан алғанда қазақтан әлдеқайда жұтаң елдер бар. Ол елдер ұлы әдебиет тудырды. Ойымша, сол себепті, біз де экспериментке белгілі дәрежеде жол беруіміз керек. Эксперименттің де көркемдік презумициясы бар екенін мойындауымыз керек.
Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі постмодернистік үлгіде жазылған шығарма. Повесть (он-ақ беттік) түрлі шығармалардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Себеп-салдарлық жүйемен өрістеген, оқырманды автор межелеген идеяға, байламға алып келетін біртұтас сюжет жоқ. Персонаждар арасындағы диалог белгілі бір мақсат қуалаған, ой алмасуын көздеген құрылым емес, адамның аузынан байқаусызда шығып кеткен, жауап қайтаруды керек етпейтін кездейсоқ сөз сияқты. Көз алдымызда, баяғыда бір жазушы айтқан, төбесі ғана көрініп тұрған мұз тұрғандай. Және, бір қызығы сол шеті ғана көрінген жұмбақты шешу, анығына жету шарт емес. Шығарманы ары қарай ойластыру, жалғастыру, күрмен соңғы нүктесін қою оқырманның еркінде. Х.Кортасардың «62 құрастыруға арналған модель» романының жобасын елестетеді. Әрине, постмодернистік коллаж — біздің әдебиет үшін таңсық нәрсе. Алайда, эксперимент барысында адам неше түрлі нарративтік ақиқаттарға жетеді емес пе. Постмодернизм жазушы мен оқырманның арасына теңдік белгісін қояды. Жазушы көп оқырманның бірі ғана. Шығарманы алғаш оқығанда, бұрынғы әдебиеттен қалыптасқан түсінігіңізге нүқсан келуі мүмкін. Оқиға бейберекет, әуелі финал суреттеледі, одан кейін, кері айналған кинолента сияқты, финал, дайындалып түсіндіріледі. Және оның өзі жүйелі бірізді емес. Бұрынғы әдебиетте психоанализ арқылы берілетін ой түйдегін кейіпкер ауызша айта салғанда, алғашында өте оғаш естіледі. Көз алдыңызда, барлық компоненттері бір сәтте өмір сүріп жатқан постмодернистік коллаж. Коллаждағы оқиғалардың орнын алмастыра беруге болады — нәтиже біреу-ақ. Ал енді бұндай структура (егер структура деп айтуға келсе) нендей мағына береді, соны түсіндіруге тырысайық.
Әрине, оқиға жүйесіз, бейберекет дегенде, біз шығарманың жүйелік ерекшелігін ғана айттық. Түптеп келгенде шығарма жастардың арасындағы шытырман қатынас, тығырыққа тірелген күй, кейіпкердің біреуінің өлімін суреттейді. Алайда, осы коллаж арқылы, автор, бір сәтте кешегі күнде де, бүгінгі күнде де өмір сүрген, дәлірек айтқанда, қай уақытта өмір сүріп жатқанын білмейтін, рухани бағыт-бағдардан жаңыла бастаған бүгінгі жастардың ішкі дүниесін бейнелеуге тырысқан.
Қазақ әдебиеті қанатын енді ғана керіп, бүрынғы жеткен құзыр шыңның басынан алыс, бүдан да алыс, бүдан да биік көкжиектерге көз тігіп отыр. Дүниеге жаңа ұрпақ келді. Олар алдыңғы толқын, аға ұрпақтың ісін ары қарай жалғастырмақ ниетте. Бүгінгі лебіз сол келешекке, жақсы болашаққа қосқан азғантай ғана жақсы сөз, жарым ырыс еді.
С. Шаймерденовтің шығармашылығы.
90 жасқа толған жазушы Сафуан Шаймерденовтың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл (Преснов) ауданының Аманкелді ауылы екенін еске сала кеткеніміз артықтық етпес. Армия қатарынан босанған соң аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. Бірақ ауыл жақта, кейін Алматыда жұртқа алғаш атының жаттала бастауы газет қызметінде қалам қайратын көрсете бастағанына байланысты. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін ойдағыдай бітірген соң республикалық газеттің тілшісі, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеді.
Меніңше, «Болашаққа жол» романымен бірден беделді жазушылардың қатарына қосылуының себебі, жазу-сызуға ерте төселіп ысылғандығының, журналист қаламының ерте ұшталуының да әсері болса керек. Және университет қабырғасында-ақ жүректі, қайсар жігіт саналды. Кей мұғалім дәріс оқып отырып, сөйлемін дұрыс құрмаса, ол олай емес, бұлайды именбей айтып салатын.
Сафуан Шаймерденовтің елден ерек мінезі, бөлек дене бітіміне дейін ақын Ғафу Қайырбековтің «Сол жыл менің есімде» атты өлеңінде айтарлықтай дәл бейнеленген.
Аттадық әлденеше он жылыңды,
Сол жолда ой қалыңдап,
бой бүгілді.
Алпыста романдарын арқалаған
Сафуан Шаймерденов сол бүгінгі.
Бәрінің әрі інісі, әрі ағайы,
Басылмас арыстандай әлі айғайы.
Иілмес дауыңа да, дауылыңа да,
Сорайған солтүстіктің қарағайы.
Сәкеңнің «Болашаққа жол» («Инеш») атты романын Өскемен жақта жүріп оқыдым. Кісі танитыны, адамдардың ара қатынасын жазуға жүйріктігі, сол кездің саяси-әлеуметтік ахуалына қанықтығы, социалистік реализм принциптерінен түсінігі кексе жазушылардан еш кем еместігі, ысылған қаламгерлігі көзге ұрып тұрды.
Роман сюжеті мичуриншілер мен антимичуриншілер (генетиктер) арасындағы ғылыми тартысқа құрылған. Біріншілері жеңіп жағымды, екіншілері жеңіліп жағымсыз көрінеді. Міне, осындай жасандылығына қарамастан, шығарманың жастарға берері әлі де мол. Образдық жүйесінің тоқылуы, әсіресе, шыншылдығы баурайды. Сафуан кейіпкерлерін мінездеуде бірыңғай ақ, қара бояулардан бойын аулақ салған. Мұның бас кейіпкер Инешке тікелей қатысы бар. Инеш – күрделі характер. Зада деген студент қыз орысшалап оны «мещанка» дейді. Инеш қоғамдық жұмысқа салғырт. Оның үстіне «биологиядағы космополит» Белгіғұловты жақтайды. Қай сөзін де содан бастайды. Оның ақылымен Мичуринді жоққа шығаруға әрекеттенеді. Ал, қусирақтау Белгіғұлов зайыбының көзіне шөп салып, Инештің намысын аяғына таптап, Мәскеу жаққа докторлық қорғауға іссапарға рұқсат алып зытып береді. Инеш қай жағынан да опық жейді. Университет бітіргендерді жұмысқа орналастыратын комиссияға, оның ішінде министрдің орынбасарына дейін жеккөрінішті көрініп, аурулы-сырқаулы шешесін күтуге мұрсат ала алмай әрі сүйгені Мәуленнен «қош бол» деген сөз де естімей, алыстағы ауылға мұғалімдікке аттанады…
Бірақ Инештің басына қара бұлт үйірілгені бұл қыздың қасиетсіздігінен деуге аузың бармайды. Ол сүрініп-қабынып жүргенінің өзінде де оқырманға бөлекше әсер қалдырады. Өйткені, жаратылысы асыл. Айналасындағылардан, тіпті ақылды досы, үздік оқитын, зерттеуі Мәскеуге ұнап, жүлдегер атанған, комсомол жұмысына белсене қатысатын, өзі де, сөзі де орнықты, кісілігі де жеткілікті Гүлшаттан иығы бәрібір асыңқы. Егер Сафуан «Инештің» жалғасын жазса, мичуриншіл Бозжановтың мойны астынан келіп, есесіне генетик Бәліғұловтың, антимичуриндік идеяны қолдаушы Инештің мерейі үстем шыққанын жазуға мәжбүр болар еді. 1964 жылы шындық жеңді. Тұқым қуу мен өзгерткіштердің заңдарын ашатын генетика ілімі қайта өрледі. Алайда, мәселе онда да емес. Инеш бейнесінің сүйкімді наздылығы (женственность), табиғилығы, бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайтын шыншылдығы, еркінділігі романның барша кейіпкерінен басым жатыр. Ондай характер адамдарды бір қалыпқа құйғандай етіп тәрбиелеуге құштар кеңес заманының шартына сай келе ала ма?!
Жас жазушының сұңғылалығы Мәулен образының сомдалуынан да аңғарылады. Кешегі майдангер, болашақ философ Мәулен не қиындықтан сескенбейтін ержүрек жігіт. Альпинистік жорықта басын тәуекелге байлап, курстасы Мұздапаровты құзға құлағалы тұрған жерден аман алып шығады. Әттегені, ер жігіт Мәулен күтпеген жерден осалдық көрсетеді. Оның бар адамды бір қалыпқа құйғысы келетін идеология шеңберінен босануға өресі жетіңкіремейді. Гүлшаттай бол деп Инештің намысына тиіп, одан табан астында ауыр сөз естиді.
«– Мен өз тереземді ол кешкен өмірге бермейтінімді сен ұғын. Мәулен қызып кетті.
– Сенің терезең тозған терезе.
– Жоқ, мәдениет терезесі. Өрең әлі жеткен жоқ оған. Мәдениетсізсің!»
Бұл жерде мен ұзын диалогтың соңғы бөлігін ғана келтіріп отырмын. Жігіт пен қыздың қандай адам екендіктері сол сөз жарыстыруда белгілі болып қалады. Мәуленнің айтып отырғаны бір жағы дұрыс та секілді. Гүлшат сияқты әрі білімді, әрі төзімді, жан-жақты маман болған артықтық етпес еді, әрине. Мәулен сүйгеніне өзінше жақсылық тілейді. Бірақ таптаурын соқпақпен жүргісі келмейтін, өз қалағанынан басқаға бұрылмайтын Инешке ондай жақсылығының құны бес тиын. Инешті Гүлшатқа айналдырғың келе ме? – деп қыз қатты ренжиді. Мәуленнің жетесіздігін мәдениетсіздігіне балайды. Шынында да, Инештің айтып тұрғаны дұрыс. Біреудің көзі жақсы, екіншісінің сөзі жақсы. Ал шын ғашық жан жағына қарап сұқтанбай таңдағанына біржола берілуі тиіс. Мәуленнің осыны түсінгісі жоқ.Роман шыншылдық қасиетті көкке көтеріп уағыздайды. Ал, шындықты айтудан тайсалмайтын кейіпкер бұл романда тек Инеш қана.
Меніңше, «Болашаққа жол» романы орысшаға аударылғанда «Инеш» аталғаны, кейін қазақшасы да сол атпен жарияланғаны кездейсоқ емес. Инештей кейіпкердің «Болашаққа жолы» өзгеше. Басқаларға ұқсамайды. Инеш стандарт сұрқайылықтан бас тартады. Біркелкі ойлауды машық еткен қоғамда Инеш секілді әрнені өз пікірімен өлшеп пішетін адам сөзсіз сәтсіздікке ұшырамақ. Ал қыздың тағдырына келсек, астарындағы идея біреу: шындықты айту қай қоғамда да опа бермейді…
Инештей кейіпкеріне ғана емес, Сафуан Шаймерденовтің өз азаматтық келбетіне де ұжымдық «мақұлизм» («одобрямс») жат болатын. Жұрт жаппай мақтап жатқан шығарманы, оның авторы баспаның бас редакторы, анаусы ЦК-да шенеунік екенін елеместен, Сафуан бірін сүреңсіз тілі үшін, екіншісін, оқылмайтындығы үшін іреп-сойып мақала бастыртып жүретіні есімде. Инеш характерінің қайтпас қайсарлығын Сафуан өзінен алған секілді көрінеді де тұрады маған.
Қ. Жұмаділовтің шығармашылығы
Жұмаділов Қабдеш (24.04.1936 жылы туған, Қытай, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданы) – Қазақстанның халық жазушысы (1998). Шәуешек гимназиясын бітірген соң, жолдамамен Қазақ мемлекет университетіне оқуға түскен (1956). 1958 жылы Қытай үкіметі органдары оны кері шақыртып алады. Сол кездегі Қытайдағы саяси науқандарға байланысты Жұмаділовке “ұлтшыл” деген айып тағылып, саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен бірге Жұмаділов Қазақстанға біржола оралады (1962). Қазақ мемлекет университетіндегі оқуын қайта жалғастырып, оны 1965 жылы бітіріп шықты. “Қазақ әдебиеті” газетінде (1965 – 67), “Жазушы” баспасында (1967 – 76), Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекет комитетінде (1976 – 81) қызмет істеген. 1980 жылдан бірыңғай шығарма жұмыста. Жұмаділовтың алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. “Жамал” атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын “Шұғыла” журналында жарияланды. Содан бері Жұмаділовтың бір өлеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар жинақтары жарық көрді. Олардың негізгілері “Көкейкесті” (1969), “Атамекен” (1985), “Тағдыр” (1988, Қазақстанның Мемлекетік сыйлығының, 1990) романдары, “Соңғы көш” (1-кітап 1974; 2-кітап 1981) және “Дарабоз” (1-кітап 1994; 2-кітап 1996) дилогиялары. “Соңғы көш” дилогиясында Қытайдағы қазақтардың бастан кешкен азапты ауыр тірлігі мен азаттық жолындағы күресі көркем бейнеленсе, “Тағдыр” романында 19 ғасырдағы екі империя арасындағы шекара бөлісі, амалсыз екіге жарылып, телімге түскен қазақ ұлтының ауыр тағдыры көрсетілген. “Атамекен”, “Көкейкесті” романдары кеңестік дәуірдің ащы шындығын бейнелейді. “Дарабоз” романында даңқты қолбасшы – Қаракерей Қабанбайдың жорық жолдары баяндалады. Сондай-ақ, романда 18 ғасырдағы қазақ халқының тыныс-тіршілігі эпикалық кең тыныспен көрсетіліп, Абылай ханның, қазақтың басқа да батырлары мен билерінің көркем бейнелері сомдалған. Жұмаділовтың соңғы жылдардағы көлемді шығармасы – “Таңғажайып дүние” (1998) ғұмырнамалық романы. Жазушының публицистикалық мақалалары “Қалың елім, қазағым” (2000) жинағында жарияланды. Жұмаділов шығармалары көптеген шет ел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жарық көрген. Қазақстан Мемлекет сыйлығының лауреаты (1990).
Қазақта "пешене” деп аталатын шетсіз-шексіз абстрактылы ұғым бар. "Жазмыштан озмыш жоқ” деп жатамыз. Өткен ғасырдың сол алпысыншы-жетпісінші жылдары әдеби үдеріске имене, жасқаншақтай келген Қабдеш Жұмаділов бүгінде сарабдал қаламгер, салмақты жазушыға айналды. Пешенесіне Қытай мен КСРО сияқты сол тұстағы қос империяның күңгейі мен көлеңкесін көру, көріп қана қоймай, өзі бел ортасында жүрген алапат оқиғаларды жан жүрегімен түйсіну, зардабын шегу, тағдыр атты жазмыштың пендесінің маңдайына жазар азды-көпті теперішін көру – бәрі де оның қаламгер ретінде қалыптасуына алғышарттар жасады. Өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен оқиға, құбылыстар Жұмаділовтің адами болмысынан берік орын алды.
Жазушы өз уақытының, өзі ғұмыр кешкен дәуірдің шын мәніндегі жаршысына айналды. Неге екенін қайдам, бізге оның шығармаларының ішінде, өзгелеріне қарағанда, еңселілеу, шоқтығы биіктеу көрінетіні – "Соңғы көш” және "Таңғажайып дүние”.
"Соңғы көш” – адамзат баласы жылап келіп, жылап кетіп жататын мына жарық дүниедегі қазақ деген халықтың бүкіл болмыс-бітімінің, кескін-келбетінің шежіресі. "Соңғы көш” – ғасырлар бойы аузынан "тәубасы” мен "қанағаты” түспеген, ешкімге ұқсамас төлтума мәдениет жасаған, мына жарық дүниеде барша жұртқа гуманизм мен шынайы демократияның жарқын үлгісін көрсеткен, өмірге адамның қонақ екенін терең түйсінген, "қонып бір өтер сай үшін, арам өлер тай үшін” бет жыртыспауға үндеген, жаны жайсаң, жүрегі мәрт жұрттың шынайы тарихы; "Соңғы көш” – қазіргі таңда жаһандану процесі адамзат қоғамына дендеп еніп, материалдық игіліктер бірінші кезекке шығып, руханият әлемі кейінге ысырылған, рухани азғындау, экспансия элементтері, несін жасырайық, қоғамға ене бастаған сәтке қарағанда, рухы биік, өзін табиғатты бағындырушы емес, керісінше, сол табиғаттың бір бөлшегі ретінде түйсінген ұлы дала тұрғындарының айнасы. "Соңғы көш” – табиғи тазалығын, кәусар бұлақтай мөлдірлігін сақтап қалған көшпелі жұрттың өмір атты керуен – көштегі соңғы бұлқынысы, алапат арпалысы.
"Менің өмірбаянымды қайтесің, өлеңдерімді оқысаң, бәрі де сонда тұр” деген екен бір ақын. Өз туындылары арқылы қаламгер Жұмаділов қара ормандай қалың қазағын биікке көтерді, тағдыр-талайын, адами келбетін өзгеге паш етуге талпынды, яғни жазушы халқын өсірді, халқы жазушысын өсірді.
Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құла түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, құдайға шүкір, болған. Тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да иілмеген, сынбаған қазақ жұрты Жұмаділов қаламынан "Дарабозды” туғызды, имандылық пен инабаттылықты келер ұрпақ санасына сіңірейін деп жанталасқан Ақтайлақ би тұлғасын сомдаған "Прометей алауын” дүниеге келтірді. Қашан да дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармашылығына терең арқау еткендер ғана мәңгілік зердеде қалады. Қ.Жұмаділов – халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді.
Кезінде Н.Г.Чернышевский: "Математиканы білмей-ақ, латын, грек тілдерін үйренбей-ақ мәдениетті адам болуға болады, бірақ тарихты білмей тұрып, мәдениетті адам болуға болмайды” – деп жазыпты.
Ғылымда тарихи тамырластық, тарихи сабақтастық деген ұғымдар бар. Егер "қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы – қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы – адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы жалғанбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып, тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен, поэмамен жамайды” (О.Сүлейменов) деген пікірге ден қойсақ, Қ.Жұмаділовтің бүкіл романдары тарихи немесе тарихи сипаттағы туындылар деп кесіп-пішіп айтуға болатын сияқты.
Қазіргі қазақ әңгімелері.
Жазушы М.Байғұт дәстүрлі «елеусіз» адамдар тағдыры арқылы, оның «Денсаулық – зор байлық» мәселесінің адамзат болып күресетін тұсын жаңашылдықпен көркемдей алған. Ол – «Уран ұрған» әңгімесі.Әңгіменің көтерген тақырыбы – Ел амандығы, жер амандығы, дені сау ұрпақтың өркен жаюы. Жазушының өз сөйлеміне кезек берсек:«Оқыс оқиғалар мен қылмыстарды былай қойғанда, адам өлімі жиілей бастаған. Осы жылдың ортасында, Бағдат сержанттық мектепті бітіріп келердің алдында Құдайқұлов дейтін солдат асылып өліпті. Осында жерленген екен, Бағдат барып көрді ғой. Бейіт дейтін бейіт те жоқ көрінеді. Жеті-сегіз төмпешік бар, төбелерінде жұлдыздар жамырып тұр деуге келмес, айдалада аңырап тұр».
Әңгіме кіріспесінде:«Күн күлтілдеп, ісініп шықты» [1, 128],– дейтін бейнелеу көркемдігінің өзіндік мол қыры бар, айтар ойдың жиынтығы қайта айналып осыған тіреледі. Себебі, зардаптың білінбей келіп бықпырттай тиіп жатуы М.Байғұттың «күніне» де әсер еткен. Өйткені:«Бұл төңіректің бәрі сау емес, жер астында қат-қат қазбалар жатыр. Еліміздің қорғаныс қуатын арттыратын аса қымбат қазыналар ғой баяғы. Амандау жер сирек, аман жер жоқ бұл маңайда. Тәуіп бәрін біліп отыр. Баланың ауруы жоқ дей алмайды екен. Алдай алмайды, қауіпсіз де дей алмас. Алдын алмаса, асқынар» [1, 133].Өлім-жітімнің басты себебі мынада: «–Уран ұрған? – деді тәуіп үшінші рет. Өзіне-өзі. Бағдаттың тұла бойы қалтырап-дірілдеп қоя берді. Ураны несі, ұрғаны несі? Не сұмдықты айтып отыр?! Жабық аймақ, жұмбақ нысаналарда жүргендері рас. Бәрі уақытша, бәрі өлшемді, бәрі мөлшерлі деуші еді ғой бұларға ... Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ деп жұбататындары жалған болғаны ма сонда?!» [1, 132].
Жазушы мұнымен қоса халық тағдырын қозғайды: «– Жаңағы түсі суық әскери адам неге келді деп, неге ғана сұрамайсың қазағым?! – деді еңірей боздаған Аксен шал кенет. ... Б-біздің мына қарғыс атқан қараша ауыл жер бетінен жоғалады. Солай болуы тиіс екен. Бір айдың ішінде бұл маңайдан қарамызды батыруымыз керек енді! Қаласақ, қаладан үй-жай беріледі. Қаламасақ, бас ауған жаққа жол ашық. Қаржы төленеді. Жаңағы әскери адам осыны айтып, қол қойдырып әкетті, қазағым қалқам ... Барар жер, басар тауымыз жоқ. Сол қаласына барып, тастай батып, судай сіңерміз, сірә» [1, 137]. «Қарғыс» атқан болуы мынадан: «Жер бетінен жоғалып бітуге жақын, жүз қаралы ғана жаны бар, өздерін қашанғы бір көне халықтың тамтығы деседі екен. Әйтеуір бұлардың бие сауатынын, жылқының етін жейтінін біліпті Дабыл» [1, 131]. Жазушы дәстүрлі ауыл тақырыбының өзекті мәселелерін кейіпкер олған тәуіп шал Аксен арқылы көркемдейді. «Қазақтардың қанша екенін естігенде Аксен Алексеевичтің көзі жасаурап, бақытты халық екенсіңдер деп, балаша қуануы де ем еді» [1, 134]. М.Байғұт аталған әңгімесінде ұлт тағдырының тамыры неде жатқанына назар аудартады.
Жазушы көтерген мәселелердің көкейкестілігі мен көркемдігі жағынан М.Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» әңгімесі де атап айтарлық. Өнер тақырыбын сөз еткен әңгімелердің, өнерпаздар туралы толғанудың дәстүрлілігі «Әдебиет пәнінің періштесінде» өз жаңашылдығымен танылады. Әңгімеде Ұлыларымыз туралы элегия сыр шертеді. М.Әуезовтің әкелі-балалы Абайы мен Құнанбайы секілді әңгіме жанрында да екеуара сұхбаттан тәлім болар тамаша дүние жасалған. Қараңыз:«Ахметтерді Ахметтерше оқытатын мұғалім қажеттірек екенін сезінемін, ол үшін аспирант, кандидат, доктор болудың қажеті шамалы да шығар,- дедім мен. – Байтұрсынұлы шынайылап зерделетер, зерлетер адамдар жазатындардан гөрі де қажеттірек секілді, қалай қарайсыз мұныма?». Сіз тызылдаңқыраған күйіңізден айығыңқырап, күлімдеп қарауға көштіңіз. «Мені мұқатып мәз болғаныңнан айналайын»,- дедіңіз. Сіз бен біз кей-кейде ғана осылай сөйлесіп алатын едік, әке» [1, 66]. Бұған қоса А.Ісімақованың пікірінде [2, 384], жетпісінші жылдардың әдебиетінің баяндау тәсіліне иландыру, ішкі сөйлеу сөзі басым екендігі, замандастарына тыңдарман ретінде, түсінігі мол оқырман ретінде қарағаны айтылады. А.Ісімақова мұндай тәсілді қолданған жазушылардың қатарында М.Құлкенов, Ж.Қорғасбеков, Р.Мұқанова, А.Алтайды атаса, өз тарапымыздан М.Байғұтты атаймыз.