Саясаттану пәнінің қазіргі таңдағы қоғамдағы рөлі мен маңызын суреттеп түсіндіріңіз
Саясаттану - саясат туралы пән. Біз күнделікті өмірде саясатты сөз етпей тұра алмаймыз. Әңгімені көп жағдайда нақты саяси білімі жоқ адамдар да жасай береді. Мысалы, авторитарлық, әміршіл-әкімшіл жүйе туралы айтылатын жайларды жиі естуге болады. Сонда олардың баршасы істің мәнін дұрыс түсінеді ме екен? Айталық, біздің қоғамның даму бағыттарын немесе консенсус, саяси оппозиция, билік дағдарысы, т.с.с. саяси ұғымдарды толығымен түсінеміз бе? Қоғам дамуының шым-шытырық бағдардарын түсіндіретін саясаттану пәні болып табылады. Марксистік саяси ғылым туралы пікір таласы ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталған болатын. Мәселе саясаттанудың қажеттілігі жайлы емес, керісінше, оны басқа қоғамдық ғылымдардан ажыратып алып, оқыту қажет пе деп қойылды. Аталған кезеңде Г.Шахназаров, Ф.Бурлацкий, Ю.Красин, А.Бутенко сынды беделді ғалымдар қоғамтану ғылымдары қатарынан саясаттануға өз алдына дербес орын жеңіп алуға әрекет жасады. Бастапқыда нәтижесі болмаса да кеңес қоғамының тоқырау кезеңінің тереңдей түскен сәтінің өзінде саясаттануға деген оңды көзқарас қалыптаса бастағаны белгілі. Бүгінгі беталысымызға қарасақ, қазіргі оқытылып жүрген қоғамдық пәндер - дүниежүзілік мәдениеттің ажырамас бір тармағы екендігіне көз жеткізер едік.
Ең алдымен саясаттану пәнінің түп-төркінін, мән-мағынасын ажыратар болсақ, саясаттану политология - грек сөзі «политика» - мемлекетті басқару өнері деген ұғым, «логос» - ілім деген түсінік береді екен. Сол себепті саясаттану пәніне алдымен саяси қатынастарды оқып-үйрету өнері жатады. Пәннің құрамына одан басқа мыналар енеді: қоғамның саяси жүйесінің принциптері, саяси жүйенің рөлі мен негізгі құрамдарының өзара қарым-қатынастары болып келетін - мемлекет, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар; мемлекеттік саясатты жасау мен жүзеге асырудың әдістері; қоғамдық-саяси қатынстарды реттеу; демократия деген ұғымды құратын проблемалардың біртұтас комплексі. Саясаттану сондай-ақ сыртқы саясатты да, халықаралық қатынастарды да оқып-үйретеді. Сонымен, саясаттану – мемлекетті басқару механизмінің қыр-сырын ашып, саяси билік пен қоғамдағы күнделікті процестердің өзгерістер мен заңдылықтардың себеп-салдарын талдайтын ілім. Дамыған капиталистік елдердің жоғарғы оқу жүйесінде саясаттану негізгі пәндердің бірінен саналады. Біз болсақ, генетика мен кирбернетиканы оқу үрдісінен аластағанымыздай, саясаттану пәнінен де ат-тонымызды алып қашып келдік. Әлемдік өркениеттің деңгейіне көтерілем деген елдің әр азаматы қоғамдық ғылымдарды мұқият оқып-үйреніп, бес саусағындай білуге тиіс. Өйткені ол логикалық ақыл-ойдың, мәдениеттің, дүниені танып білудің, дамудың қайнар көзі деген сөз.Саясат ілімдерінің құрылымы. Батыста саяси философия, саяси ғылым, саяси социология, саяси психология бар. Олардың әрқайсысын ажыратып қарау қалыптасқан. Мысалы, саяси басшылықты саяси ғылым, саяси социология, саяси психология қарастырады. Әрқайсысы өз тұрғысынан зерттейді. Нәтижесінде әрбір қоғамдық ғылымның иесі өз тарапынан тарихшы-саясаттанушы, экономист-саясаттанушы, философ-саясаттанушы, заңгер-саясаттанушы, социолог-саясаттанушы, психолог-саясаттанушы, т.с.с. болып келеді. Десек те, саясаттанудың объектісі: саяси жүйелердің теориясы мен әдістерін, оның ішінде саяси қатынастарды, саяси институттарды, саяси процестерді зерттеу. Саясаттанудың функциялары. Саясаттану пәні адам мен қоғамға пайдалы қызмет атқарады. Бізді қоршаған ортаны танып-білуге үйретеді. Адамды саяси өмірге тартқанда саясаттанудың рөлі арта түседі. Әртүрлі қоғамдық ұйымдардың қызметі өзгерген сайын саясаттануды игерудің қажеттігі айқындала түседі. Мысалы, парламент депутаттарының қызметінің өзгеруі қазіргі уақытта көп мәселелерге өзгеше қарауды қажет етуде. Жариялылыққа, демократияға деген көзқараста да сондай өзгерістер қажет. Қоғамдағы соңғы жаңалықтарды білмеу көптеген адамдарға дұрыс саяси бағдар ұстауға кедергі жасайтыны да содан. Мұны кейбір саяси топтар пайдаланып кетуі мүмкін. Депутаттардың өздерінің ішінде саясаттанымдық білімдерінің жетіспей жататындары да бар. Сондықтан олардың саяси белсенділіктерінің кеміс түсетін сәттері жиі кездеседі. Саясаттану осы кемшіліктерді жоюға жәрдемдеседі. Саясаттану теориялық - әдістемелік функция атқарады. Белгілі бір қоғамдық – экономикалық формацияның саяси режимін талдауды, баға беруді осы ілім арқылы жүзеге асыруға болады. Саясаттану саяси шындықты көрсететін пән болғандықтан ол саясатқа әсер ете алады. Қоғамда қолданбалы, практикалық-саяси функция атқарады. Мемлекеттің заң актілерінің дұрыстығына саясаттанудың негізінде көз жеткізуге болады. Саясаттануды саяси болжамдар жасауға да қолданады. Күні кешегі қайта құру процесінің кемшілігі де дәл осы саяси болжамның дер кезінде толық болмауының кесірінен еді. Экономикада, әлеуметтік салада, ұлтаралық қатынастарда, мемлекеттік құрылыста, рухани өмірде орын алған кемшіліктерге алдын-ала жасалған саяси болжам болғанда жол бермеуге болар еді. Басқа қоғамдық ғылымдардың ішінде саясаттанудың орны ерекше. Себебі, адамзат тарихында саясат негізгі рөл аткарды. Оның дұрыс-бұрыстығы, сайып келгенде, адамдардын, алықтардың тағдырымен тығыз байланысты. Мысалы, мемлекет агрессиялық, яғни басқыншылық соғыс саясатын жүргізсе, оның салдары бірнеше жылдарға созылатын қайғы-қасіретке соқтыратыны даусыз. Керісінше, мемлекет ғылыми дәлелденген тиімді бейбіт саясат жүргізсе, еліне қолайлы, халқына жайлы болары да белгілі. Адамзат тарихында саясат негізгі роль атқарады. Себебі кез келген адам бір мемлекеттің шеңберінде өмір сүрген жағдайда сол елдің саясатынан тыс болатын адам жоқ. Сондықтан, саясат қазіргі адамның қажеттілігі, талап – тілегі болады деген пікірмен келісеміз. Ол адамның тұрған жерінен, жұмысшылардың алғашқы ұжымынан басталып, мемлекетте, мемлекеттер арасындағы саяси қатынастарда саяси тұрғыдан басшылық етумен аяқталады. Адамзат саясаттың сиқырлы сырын, құбылмалы кұбылысын өте ерте заманнан түсініп-білгісі келді. Ежелгі Шығыс, антикалық дәуірдін ойшылдары мемлекеттің, саяси биліктің мән-мағынасы неде және кімге қызмет етеді, қоғамдық құрылыстық қандай түрлері бар және олардың ең жақсысы, халыққа ең қолайлысы қайсысы деген сияқты сауалдарға жауап іздеген. Бірақ ол кездегі пайымдаулар негізінен діни-мифологиялық сарында болатын. Себебі, ертедегі адамдар жер бетіндегі өмірге құдайдың құдіретінен туған жалпы әлемдік космостық тәртіптің ажырамас бөлігі ретінде қарадық. Мысалы, Мысырда (Египетте), Вавилонда (қазіргі Ирак), Үндістанда, сол кездегі мифтарға сүйенсек, басқарушының билік көзі құдайда және ол жер бетіндегі істерді реттеп, тындырып отырады. Көне Кытай мифы бойынша билік құдайдың құдіретімен жүргізіледі де, ал іске асырушы онымем байланысты император болып есептелген. Ежелгі гректерде ен алғашқы билікті жүргізуші құдайлардың өздері болыпты-мыс. Кейінірек адамзаттың іс-тәжірибесінің, ақыл-ойының, мәдениетінің дамуына байланысты саясаттың ұғымдары, түсініктері, тұжырымдамалары пайда бола бастады. Қоғамдық - әлеуметтік және саяси құрылымы мен қатынастарының одан әрі күрделіленуі, материалдық өндірістің, халық санының өсуі оның өміріне мемлекеттің тікелей араласуына әкеліп соқтырды. Мұндай жағдайда ұлы ойшылдар саясатты ғылыми тұрғыдан түрініп, оны орынды пайдаланудың, мемлекетті тиімді басқарудың жолдарын іздестіре бастады. Бұдан келіп саяси теориялар туды. Біздің з.б. бірінші мыңжылдықтың ортасында саясаты діни-мифологиялық танудың орнына философиялық-этикалық түсіну түрі келеді. Мұнда аса зор еңбек еткендер — Конфуций, Платон, Аристотель сияқты ғұлама ғалымдар. Бұл ойшылдар саясатты теориялық тұрғыдан зерттеп, оны этикамен тығыз байланыста қарады. Олар саясатты адамдардың мақсат-мүддесіне сай келуге, адамгершілікке негізделуге тиіс деп ұқты. Әдетте, саясаттанудың негізін қалаушы деп данышпан ғалым Аристотельді атайды. Өйткені ол өз заманында лицей ашып, сонда саяси ғылымды жеке пән ретінде оқытып, өзі жүргізді. «Саясат» деген еңбек жазып, онда ежелгі грек мемлекеттерінің (онда әрбір қала мемлекет болып есептелетін) саяси жүйесін зерттеді. Дегенмен, ұлы ғалым саясаттанудың пәнін қазіргі біздің - түсінігіміздей басын ашып бере алмады. Ол саясаттың негізі адамның өзімшіл, хайуандық табиғатында жатыр деп ұқты. Жеке адам көзсіз құмарлыққа берілгіш келеді. Сондықтан оның соқыр сезімін тежеп, жалпыға ортақ игілікке, әділеттілікке жетуді жеңілдету, адамның адамгершілік қасиетін арттыру үшін саясат жүргізу керек деп түсінді. Сонымең қатар ол саясаттану мәселелерін, фәлсафа (философия) мәселелерімен бірге қарады. Орта ғасырда саясаттың діни-этикалық түрі қалыптасады. Оның негізін салушы Фома Аквинский саяси билікті құдай орнатады, бірақ мемлекет басшылары кұдайдың калауына қарсы шықса, халықтың оларды құлатуына болады деген байлам айтты.Саясатты қазіргідей түсінуге мол үлес қосқан Италияның XVI ғасырда өмір сүрген ойшылы Никколо Макиавелли болды. Ол саясатты теологиялық (құдайшылдық) түсіндіруден саяси ойды қоғамдағы табиғи өмірден туған мәселелерді шешуге бейімдеді. Саяси зерттеулердің өзегі етіп мемлекеттік билікті қойды және оны қалай қолға түсірудің, пайдаланудың неше түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетті. Соның арқасында саясаттануды біздің казіргідей түсінуімізге жол ашылды.Феодализмнің ыдырап, капиталистік қатынастардың қалыптасу қоғамды демократияландырып, жалпыға бірдей сайлау құқығын кіргізуге; көпшілік саяси партиялар мен қазыналардың кеңінен қанат жаюына, акпарат кұралдарының өрістеуіне, ауқымы кеңейді, саясаттың қызметтері мен міндеттері күрделігіне түсті. Сондықтан саяси құбылыстар мен процестерді арнайы зерттеуге, саясаттану теорияларын жасауға тура келді. Бұл ретте Дж. Локк, .Л.Монтескье, Ж.Ж. Руссо, Т. Джефферсон, Т. Пейн, И. Кант, Гегель сынды көрнекті ғалымдар көп еңбек сіңірді.