Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген
Зиянды өтеу
936-бап. Азаматтың шарттық және өзге де мiндеттемелердi орындау кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу
Азаматтың шарттық мiндеттемелердi, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян, егер заң актiлерiнде немесе шартта көтерiңкi жауаптылық көзделмесе, осы тараудың ережелерi бойынша өтеледi.
937-бап. Денсаулықты зақымдау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң көлемi мен сипаты
1. Азаматқа жарақат немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлген кезде жәбiрленушi жоғалтқан, онда болған немесе анық иелене алатын табыс (кiрiс), сондай-ақ денсаулыққа зақым келтiруден туындаған шығындар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрi-дәрмектер сатып алуға, протез салғызуға, бөгде адамның бағып-күтуiне, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлiк құралдарын сатып алуға, басқа мамандыққа даярлауға және т.б.), егер жәбiрленушi көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне мұқтаж және оларды тегiн алмайды деп танылса, өтеуге жатады.
2. Жоғалтқан табысты (кiрiстi) анықтау кезiнде жарақаттануына немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлуiне байланысты жәбiрленушiге тағайындалған мүгедектiк бойынша жәрдемақы, денсаулығына зиян келтiргенге дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне қосылмайды. Зиянды өтеу есебiне жәбiрленушiнiң денсаулығы зақымданғаннан кейiн алатын табыс та есептелмейдi.
3. Осы бапқа сәйкес жәбiрленушiге тиесiлi өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiлерiмен немесе шартпен көбейтiлуi мүмкiн.
ҚР 24.12.01 № 276-II Заңына сәйкес 938-бап өзгерді
938-бап. Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кiрiстi) анықтау
1. Өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.
2. Жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негiзгi жұмыс орны бойынша да, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да, еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша еңбекке ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрлерi кiредi. Бiр жолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегi шығу жәрдемақысы және т.б.) есептелмейдi. Уақытша еңбекке қабiлетсiздiк және жүктiлiк пен босануға байланысты демалыс кезеңi үшiн төленген жәрдемақы есептеледi. Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер, сондай-ақ авторлық қаламақы жоғалтылған табыстың құрамына кiредi, бұл орайда кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiс салық органы деректерiнiң негiзiнде енгiзiледi.
Табыстың (кiрiстiң) барлық түрлерi салықтар ұсталғанға дейiн есептелген сомаларда ескерiледi.
3. Орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң не еңбек қабiлетiн жоғалту басталардың алдындағы жұмыстың он екi айындағы табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын он екiге бөлу жолымен есептеледi. Зиян келтiрiлген кезде жәбiрленушi он екi айдан аз уақыт жұмыс iстеген жағдайда орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң алдындағы нақты жұмыс iстелген айларда тапқан табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу жолымен есептеледi.
Жәбiрленушi толық жұмыс iстемеген айлар оның қалауы бойынша толық жұмыс iстеген айлардың алдындағы айлармен ауыстырылады не оларды ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда есептен шығарып тасталады.
4. Жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның бiлiктiлiгiндегi қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актiлерiмен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
5. Егер жәбiрленушiнiң табысында (кiрiсiнде) оған жарақат келтiрiлгенге немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiн оның мүлiктiк жағдайын жақсартатын тұрақты өзгерiстер болса (атқаратын қызметi бойынша жалақысы арттырылса, бiршама жоғары ақы төленетiн жұмысқа ауыстырылса, оқу орнын бiтiргеннен кейiн жұмысқа тұрса және жәбiрленушiнiң еңбегiне ақы төлеудiң өзгертiлуiнiң тұрақтылығы немесе өзгеру мүмкiндiгi дәлелденген басқа жағдайларда), оның орташа айлық табысын (кiрiсiн) белгiлеу кезiнде ол алған немесе тиiстi өзгертуден кейiн алуы тиiс болған табыс (кiрiс) қана ескерiледi.
939-бап. Кәмелетке толмаған адамның денсаулығы зақымданған кезде зиянды өтеу
1. Жасы он төртке жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмаған адам жарақат алған немесе денсаулығы өзгедей зақымданған жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулықтың зақымдануына байланысты шығындарды өтеуге мiндеттi.
2. Жәбiрленушiнiң он төрт жасқа толғаннан кейiн, сондай-ақ табысы (кiрiсi) жоқ он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағанға зиян келтiрiлген жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындардан басқа, еңбекке ақы төлеудiң заң актiлерiмен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштi негiзге ала отырып, оның еңбек қабiлетiн жоғалтуына және еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне байланысты зиянды да жәбiрленушiге өтеуге мiндеттi.
Егер денсаулығы зақымданған кезде кәмелетке толмаған адамның табысы болса, зиян осы табыстың мөлшерi негiзiнде, бiрақ еңбекке ақы төлеудiң заң актiлерiмен белгiленген кемiнде он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде өтеледi.
Еңбек қызметi басталғаннан кейiн жәбiрленушi өзi алатын табысты негiзге ала отырып, бiрақ кемiнде өзi атқаратын қызмет бойынша белгiленген сыйақының немесе өзiнiң жұмыс орны бойынша сол бiлiктiлiктегi қызметкер табысының мөлшерiнде зиян өтемiнiң көбейтiлуiн талап етуге құқылы.
940-бап. Азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу
1. Азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
2. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жылдың iшiнде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдардың да зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Ата-аналарының бiреуi, зайыбы не жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын және күтудi жүзеге асыру кезеңiнде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесi осы адамдарды күту аяқталғаннан кейiн зиянды өтетiп алу құқығын сақтап қалады.
3. Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан ер адамдарға - өмiр бойы; мүгедектерге мүгедектiк мерзiмiне; ата-аналарының бiреуiне, жұбайына не қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiн, қарындастарын күтумен айналысатын отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
941-бап. Азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi
1. Азаматтың қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдарға зиян оның көзi тiрi кезiнде өзiнiң асырауына алған немесе алуға құқылы қайтыс болған адамның табысының (кiрiсiнiң) осы Кодекстiң 938-бабыныңережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Осы адамдарға зиянды өтеудi белгiлеген кезде қайтыс болған адамның кiрiстерiнiң құрамына оның табысымен қатар көзi тiрi кезiнде алып жүрген зейнетақысы, ғұмырлық жәрдем ақшасы мен осы сияқты басқа да төлемдер қосылады.
2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды.
Өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiсiмен немесе шартпен көбейiтiлуi мүмкiн.
942-бап. Зиянды өтеу мөлшерiн өзгерту
1. Еңбек қабiлетiн iшiнара жоғалтқан жәбiрленушi, егер оның еңбек қабiлетi оған өтем тағайындалған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда денсаулығына зақым келтiрiлуiне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамнан өтем мөлшерiн тиiсiнше көбейтудi кез келген уақытта талап етуге құқылы.
2. Жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамдар, егер жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетi зиян үшiн өтем тағайындаған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерiн тиiсiнше төмендетудi талап етуге құқылы.
3. Егер зиянды өтеу мiндетi жүктелген азаматтың мүлiктiк жағдайы жақсарса, ал өтемнiң мөлшерi осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағына сәйкес төмендесе, жәбiрленуші зиянды өтеу мөлшерiн көбейтудi талап етуге құқылы.
4. Зиян келтiрiлген азаматтың талабы бойынша, егер зиянды өтеушiнiң мүлiктiк жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегiмен салыстырғанда мүгедектiгіне не зейнет жасына толуына байланысты нашарласа, сот зиянды өтеу мөлшерiн төмендетуi мүмкiн (осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағы).
943-бап. Күнкөрiс құнының артуына және айлық есептiк көрсеткiштiң өсуiне байланысты зиян өтемiнiң көбейтiлуi
Азаматтарға денсаулығының зақымдануына немесе жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары күнкөрiс құны артқан жағдайда заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Жалақының ең төменгi мөлшерi заң актiлерiмен белгiленген тәртiп бойынша артқан жағдайда жоғалтылған табысты (кірісті), жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына және оның қайтыс болуына байланысты тағайындалған өзге төлемдердi өтеу сомалары айлық есептiк көрсеткiштiң артуына бара-бар көбейтiледi (осы Кодекстiң 283-бабы).
944-бап. Зиянды өтеу жөнiндегi төлемдер
1. Жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Дәлелдi себептер болған жағдайда сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтемге құқығы бар азаматтың талабы бойынша оған тиесiлi төлемдердi бiр жолғы, бiрақ үш жылдан артпайтындай етiп тағайындауы мүмкiн.
2. Қосымша шығындарды өндiрiп алу медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде белгiленген мерзiмдердiң шегiнде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүлiктiң құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлiк құралдарына ақы төлеу және т.б.) жүргiзiлуi мүмкін.
3. Жәбiрленушi заң актiлерiне сәйкес мiндеттеменi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқығы болған жағдайларда, мұндай талап тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру жолымен қанағаттандырылады.
945-бап. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеу
1. Өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу жөнiндегi мiндетiн оның құқықтық мирасқоры алады. Оған зиянды өтеу жөнiнде талаптар қойылады.
2. Өмір мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгіленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдер заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген ережелер бойынша оларды жәбiрленушiге төлеу үшiн капиталдандырылуы тиіс.
3. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткiлiксiз болуы себептi төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайларда тағайындалған сомаларды жәбiрленушiге заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi.
946-бап. Жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу
Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты адамдар жерлеуге қажеттi шығындарды осы шығындарды көтерген адамға өтеуге мiндеттi.
Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.
3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң