Тарау. Мұрагерлік туралы жалпы ережелер
1038-бап. Мұрагерлiк
1. Мұрагерлік - қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.
2. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады.
3. Мұрагерлiк осы Кодекспен, ал тiкелей өзi белгiлеген жағдайларда өзге де заң актiлерiмен реттеледi.
1039-бап. Мұрагерлiктiң негiздерi
1. Мұрагерлiк өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
2. Өсиет қалдырылмаған не бүкiл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген өзге де жағдайларда мұрагерлiк заң бойынша орын алады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1040-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1040-бап. Мұраның құрамы
1. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
2. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен мiндеттер:
1) егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттiк мiндеттемелерден туындайтын құқықтар мен мiндеттер;
4) зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақылар мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңдарының негізінде басқа да төлемдер алу құқығы;
5) мүлiктiк құқықтармен байланысы жоқ жеке мүлiктiк емес құқықтар мұраның құрамына кiрмейдi.
3. Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игiлiктердi мұрагерлердiң жүзеге асыруы және қорғауы мүмкiн.
1041-бап. Ортақ бiрлескен меншiк болып табылатын мүлiкке мұрагерлiк
1. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушының қайтыс болуы оның меншiктегi үлесiн айқындау және ортақ мүлiктi бөлу не осы Кодекстiң 218-бабында белгiленген тәртiппен одан қайтыс болған қатысушының үлесiн бөлiп шығару үшiн негiз болып табылады. Бұл жағдайда мұра қайтыс болған қатысушының ортақ мүлiктегi үлесiне, ал мүлiктi заттай бөлу мүмкiн болмаған кезде - үлестiң құнына қатысты ашылады.
2. Ортақ бiрлескен меншiкке қатысушы ол қайтыс болғаннан кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi өз үлесiне өсиет қалдыруға құқылы.
1042-бап. Мұраның ашылуы
1. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
2. Мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
3. Егер бiрiнен кейiн бiрi мұрагер болуға құқылы адамдар бiр күнде қайтыс болса олар бiр мезгiлде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлiкке шақырылады.
1043-бап. Мұраның ашылу орны
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса - мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады.
1044-бап. Мұрагерлер
1. Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.
2. Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1045-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1045-бап. Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету
1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
4-1. Осы баптың негізінде мұрагерлікке құқығы жоқ немесе мұрагерліктен шеттетілген адам (лайықсыз мұрагер) мұраның құрамынан негізсіз алған барлық мүлікті қайтаруға міндетті.
Мұрагерлік мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде лайықсыз мұрагер оның нарықтық құнын өтеуге міндеті.
5. Осы баптың ережелері өсиеттік бас тартуға да қолданылады (осы Кодекстің 1057-бабы).
Лайықсыз бас тартушы үшін белгілі бір жұмысты орындау немесе оған белгілі бір қызмет көрсету өсиеттік бас тартудың нысаны болған жағдайда, ол өсиеттік бас тартуды орындаған мұрагерге атқарған жұмыстың немесе оған көрсетілген қызметтің құнын өтеуге міндетті.
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.