Пайдаланудан қорғау құқығы

1017-бап. Ашылмаған ақпаратты құқықтық қорғау талаптары

1. Техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға белгiсiз (ашылмаған ақпарат) өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетiн тұлғаның, егер осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында белгiленген талаптар сақталса, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар.

2. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тiркеу куәлiк алу және т. б.) қарамастан туындайды.

2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актiлерiне сәйкес қызметтiк немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәлiметтерге (заңды тұлғалар туралы мәлiметтер, мүлiкке құқықтар және олармен мәмiлелер туралы мәлiметтер; статистикалық нысанда ұсынылуға жататын мәлiметтер және басқалары) қатысты қолданылмайды.

4. Ашылмаған ақпаратты қорғау құқығы осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталған жағдайда қолданыла бередi.

1018-бап. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Ашылмаған ақпаратты заңсыз негiзде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушiге оны заңсыз пайдаланудан келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.

2. Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланушы тұлға оны таратуға құқығы жоқ тұлғадан алса, ол туралы ақпаратты алушы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал ниеттi алушы), ашылмаған ақпараттың заңды иесi адал ниеттi алушы оны пайдалану заңсыз екенiн бiлгеннен кейiн одан ашылмаған ақпаратты пайдаланудан келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

3. Ашылмаған ақпаратқа заңды иелiк етушi тұлға оны кiм заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпараттан адал ниеттi алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегiн лицензия талаптарымен одан әрi пайдалануға рұқсат беруi мүмкiн.

4. Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердi өз бетiнше және заңды түрде алған тұлға бұл мәлiметтердi тиiстi ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшiн оның алдында жауап бермейдi.

1019-бап. Ашылмаған ақпараттан заңсыз пайдаланудан қорғауға құқықтың ауысуы

1. Ашылмаған ақпаратқа иелiк етушi тұлға осы ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады (осы Кодекстiң 966-бабы).

2. Лицензиат шарт бойынша алынған ақпарат құпиясын қорғауға тиiстi шараларды қолдануға мiндеттi және лицензиар сияқты оны үшiншi тұлғалардың заңсыз пайдалануынан қорғауға да сондай құқығы болады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиялық шарт тоқталғаннан кейiн де, егер тиiстi мәлiметтер ашылмаған ақпарат болып қала беретiн болса, ақпараттың құпиялылығын сақтау мiндетi лицензиатқа жүктеледi.

Тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға және

Ызмет көрсетулерге қатысушыларды

Дараландыру құралдары

Фирмалық атау

1020-бап. Фирмалық атауға құқық

1. Заңды тұлғаның ресми бланкiлерде, баспа басылымдарында, жарнамаларда, маңдайша жазуларда, анықтамалықтарда, шоттарда, тауарлар мен олардың қорабында және заңды тұлғаны даралауға қажеттi өзге де жағдайларда фирмалық атауды (осы Кодекстiң 38-бабы) пайдалануға айрықша құқығы бар.

2. Заңды тұлғаның фирмалық атауы оның жарғысын бекiткен кезде белгiленедi. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атаумен Заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.

3. Тiркелiп қойған заңды тұлғаның фирмалық атауына ұқсас фирмалық атауды пайдалануға болмайды, өйткенi мұның өзi тиiстi заңды тұлғалардың ұқсап кетуiне, сондай-ақ олар шығаратын тауарлар немесе көрсететiн қызметтер жөнiнде жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкiн.

1021-бап. Заңды тұлғаның фирмалық атауын тауар белгiсінде пайдалану

Заңды тұлғаның фирмалық атауы оған тиесілі тауар белгісінде пайдаланылуы мүмкiн.

1022-бап. Фирмалық атауға құқықтың қолданылуы

1. Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлғаны белгiлеу ретiнде Қазақстан Республикасында тiркелген фирмалық атауға айрықша құқық қолданылады.

Шет мемлекетте тiркелген немесе кеңiнен танымал фирмалық атауға Қазақстан Республикасының аумағындағы айрықша құқық заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қолданылады.

2. Заңды тұлғаның таратылуына және оның фирмалық атауының өзгертiлуiне байланысты фирмалық атауға құқықтың қолданылуы тоқтатылады.

 

1023-бап. Фирмалық атауды иелiктен алу құқығы

1. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған және кәсiпорын тұтасымен иелiктен алынған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаның фирмалық атауын құқық иелiгiнен алуға және ауыстыруға жол берiлмейдi.

2. Фирмалық атауға құқықтың иесi басқа тұлғаға шартта келісілген әдістермен өз атауын пайдалануға рұқсат етуі (лицензия беруі) мүмкiн. Бұл орайда лицензиялық шартта тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермейтiн шаралар көзделуге тиiс.

 

Тауар белгiсi

 

1024-бап. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау талаптары

1. Тауар белгiсiн құқықтық қорғау оны тiркеудiң негiзiнде не Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде тiркеусiз берiледi.

Тiркелген не халықаралық шартқа орай тiркеусiз қорғалатын сөзбен жазылған, бейнеленген, көлемдiк белгiлер немесе бiр тұлғаның тауарларын немесе көрсететiн қызметтерiн екiншi тұлғаның бiртектес тауарлары мен қызметтерiнен ерекшелеу үшiн қолданылатын басқа да белгiлер тауар белгiсi (қызмет көрсету белгiсi) деп танылады.

2. Тауар белгiсi ретiнде тiркеуге жол берiлмейтiн белгiлер, тауар белгiлерiн тiркеу, олардың қолданылуын тоқтату және тiркелген жарамсыз деп тану тәртiбi, сондай-ақ тiркелмеген тауар белгiлерiн құқықтық қорғауға жол берiлуi мүмкiн болатын жағдайлар тауар белгiлерi туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

3. Тауар белгiсiне құқық куәлiкпен куәландырылады.

 

1025-бап. Тауар белгiсiн пайдалану құқығы

1. Тауар белгiсiне құқық иесiнiң өзiне тиесiлi белгiлердi қолдануға және билiк етуге айрықша құқығы бар.

2. Тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауардан сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.

2007.19.06 № 264-III ҚР Заңымен 2- тармақпен толықтырылды

3. Тауар белгілері және тауар белгілерімен белгі­ленген тауарлар жарнамасының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады..

 

1026-бап. Қазақстан Республикасының аумағында тауар белгiсiн құқықтық қорғау

Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының патенттiк органы (ұйымы) немесе Қазақстан Республикасының бекiтiлген халықаралық шартына орай халықаралық ұйым тiркеген тауар белгiсiне құқықтық қорғау берiледi.

1027-бап. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылу мерзiмi

1. Тауар белгiсiнiң басымдығы, егер тауар белгiлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күн бойынша белгiленедi.

2. Тауар белгiсiне құқық өтiнiм тiркелген кезден бастап он жыл бойы күшiнде болады.

Тауар белгiсiне құқық иесiнiң тауар белгiсi қолданылуының соңғы жылы ішінде патенттік органға (ұйымға) берген арызы бойынша тауар белгiсiнiң қолданылу мерзiмiн он жылға ұзартудың тiркелуi мүмкiн. Ұзарту шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.

1028-бап. Тауар белгісін пайдаланбаудың салдары

Тауар белгiсiн дәлелсiз себептермен бес жыл бойы үздiксiз пайдаланбаған жағдайда кез келген мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша оның тiркелу күшiнiң жойылуы мүмкiн.

Тауар белгiсiн пайдалануға лицензиялық шарт жасасу оны пайдалану болып есептеледi.

1029-бап. Тауар белгісiне құқықтың ауысуы

1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер сыныптарына не олардың бiр бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiне құқығын шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн.

2. Егер тауар белгiсiне құқық тауарға немесе оны дайындаушыға қатысты жаңылыстыруға себепкер болса, ол белгiге құқықты беруге жол берiлмейдi.

3. Тауар белгiсiне құқықтың ауысуы, соның iшiнде оның шарт бойынша немесе құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен берiлуi патенттiк органда (ұйымда) тiркелуге тиiс.

1030-бап. Тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат беру

1. Құқық иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызмет көрсетулердiң барлық сыныптарына не олардың бөлiктерiне қатысты тауар белгiсiн пайдалану құқығын лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға беруi мүмкiн (осы Кодекстiң966-бабы).

2. Лицензиатқа тауар белгiсiн пайдалануға рұқсат ететiн лицензиялық шартта, лицензиат тауарларының немесе көрсететiн қызметiнiң сапасы лицензиар тауарларының немесе көрсететiн қызметтерiнiң сапасынан төмен болмайтындығы және лицензиардың осы шарттың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар екендiгi туралы талапты қамтуға тиіс.

3. Тауар белгiсiне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда лицензиялық шарттың қолданылуы тоқтатылады.

4. Тауар белгiсiне құқықтың басқа тұлғаға ауысуы лицензиялық шарттың тоқтатылуына әкеп соқпайды.

1031-бап. Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарттар мен лицензиялық шарттардың нысаны және оларды тiркеу

Тауар белгiсiне құқық беру туралы шарт немесе лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалып, патенттік органға (ұйымға) тiркелуге тиiс.

Жазбаша нысан мен тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

1032-бап. Тауар белгiсiне құқықты бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

Тауар белгiсiн не оған араласу дәрежесiне дейiнгi ұқсас белгілеудi заңсыз пайдаланушы тұлға тәртiп бұзуды тоқтатуға және тауар белгiсiнiң иесiне келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы).

Тауар белгiсiн заңсыз пайдаланушы тұлға тауар белгiсiнiң дайындалған бейнелерін жоюға, тауардан немесе оның қорабынан заңсыз пайдаланылған тауар белгісін немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiлеудi алып тастауға мiндеттi.

Осы баптың екiншi бөлiгiнде белгiленген талаптарды орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда тиiстi тауар жойылуға тиiс.