Тауар шығарылатын жердiң атауы

1033-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау талабы

1. Тауар шығарылатын жердiң атауына, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, оны тiркеудiң негiзiнде құқықтық қорғау берiледi. Айрықша қасиет ерекшелiгiмен немесе негiзiнен географиялық объектiге тән табиғи жағдайлармен немесе өзге де факторлармен не табиғи жағдайлардың және сол факторлардың ұштасуымен айқындалатын тауарды белгiлеу үшiн пайдаланылатын елдiң, елдi мекеннiң, жердiң немесе басқа да географиялық объектiнiң атауы тауардың шыққан жерiнiң атауы (шыққан жерiн көрсету) деп танылады.

Тауар шығарылатын жердiң атауы географиялық объектiнiң тарихи атауы болуы мүмкiн.

2. Географиялық объектiнi бiлдiретiн немесе оның атауын беретін, бірақ Қазақстан республикасында тауар әзірленген жерге байланыссыз белгiлi бiр тауар түрiнiң белгiсi ретiнде жаппай қолдануға енiп кеткен белгi осы параграфтың ережелерiне сәйкес тауар шығарылатын жердiң атауы деп танылмайды және ол құқықтық қорғау мақсаты үшiн тiркелуге жатқызылмайды. Алайда бұл мұндай атауды адал пайдаланбаудан құқықтары бұзылған тұлғаны оларды заң актілерінде көзделген өзге де әдістермен, соның iшiнде терiс пиғылды бәсеке туралы ережелердiң негiзiнде қорғау мүмкiндiгiнен айырмайды.

3. Тауар шығарылатын жердiң атауын тiркеудi патенттiк орган (ұйым) жүзеге асырады.

Тiркеудiң негiзiнде тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы туралы куәлiк берiледi.

Тiркеудiң және куәлiк берудiң, оларды жарамсыз деп танудың және тiркеу мен куәлiктiң қолданылуын тоқтатудың тәртiбi мен талаптары тауар белгiлерi, қызмет көрсету белгiлерi және тауар шығарылатын жердiң атауы туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

1034-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы

1. Тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы атауды тауарға, оның қорабына, жарнамада, анықтамалықтарда, шоттарда орналастыруға және осы тауарды азаматтық айналымға енгiзуге байланысты оны өзге де түрде пайдалануға құқылы.

2. Осы Кодекстiң 1033-бабының 1-тармағында аталған талаптарға сай келетiн тауарды белгiлеу үшiн тауар шығарылатын жердiң атауын бiрнеше тұлға бiрлесiп те, бiр-бiрiне тәуелсiз де тiркетуi мүмкiн. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығы мұндай тұлғалардың әрқайсысында болады.

3. Тауар шығарылатын жердiң тiркелген атауына бара-бар немесе ұқсас географиялық белгiлеудi ол алғаш тiркелген күнге дейiн кемiнде алты ай бұрын адал ниетпен пайдаланған тұлға патенттiк орган (ұйым) белгiлеген мерзiм iшiнде, бiрақ аталған тiркеу күнiнен бастап санағанда кемiнде жетi жыл бойы одан әрi пайдалану құқығын сақтайды.

4. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иелiктен алуға, оны беру туралы өзге де мәмiлелерге және оны лицензия негізінде пайдалануға беруге жол берілмейді.

1035-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғаудың қолданылуы аясы

1. Қазақстан Республикасында республика аумағында орналасқан тауарлар шығарылатын жердің атауларына құқықтық қорғау берiледi.

2. Басқа мемлекеттегi тауар шығарылатын жердiң атауын құқықтық қорғау, егер осы атау тауар шығарылатын елде, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген болса, осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасына берiледi.

1036-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiктiң қолданылу мерзiмi

Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiк патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм түскен күннен бастап есептегенде он жыл бойы қолданылады.

Куәлiктiң қолданылу мерзiмi оның иесiнiң куәлiк қолданылуының соңғы жылы iшiнде берген өтiнiшi бойынша атауды пайдалануға құқық беретiн талаптардың сақталуы жағдайында он жылға ұзартылуы мүмкiн. Ұзартылу шектеусiз сан мәрте жүргiзiлуi мүмкiн.

1037-бап. Тауар шығарылатын жердiң атауын заңсыз пайдалану үшiн жауапкершiлiк

1. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалануға құқығын иеленушi тұлға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар бұл атауды заңсыз пайдаланушыдан оны пайдалануды тоқтатуды, тауардан, оның қорабынан, бланкiлерден және басқа да құжаттамадан заңсыз пайдаланылған атауды немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнi алып тастауды, атаудың немесе олармен араласу дәрежесiне дейiн ұқсас белгiнiң дайындалған бейнелерiн жоюды, ал егер бұл мүмкiн болмаса, тауарды және (немесе) оның қораптарын алып тастау мен жоюды талап ете алады.

2. Тауар шығарылатын жердiң атауын пайдалану құқығын иеленушi тұлға осы құқықты бұзушыдан келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы (осы Кодекстiң 9-бабы).

Бөлiм

Мұрагерлік құқық