Тарау. Коллозиялық нормалар

Тұлғалар

1094-бап. Жеке тұлғаның жеке заңы

1. Жеке тұлға азаматы болып табылатын елдiң құқығы оның жеке заңы болып саналады. Адамның екi немесе одан көп азаматтығы болған жағдайда адам неғұрлым тығыз байланысты елдiң құқығы оның жеке заңы болып саналады.

2. Азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елдiң құқығы, ол адамның жеке заңы болып саналады.

3. Баспана берген елдiң құқығы босқынның жеке заңы болып саналады.

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1095-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

1095-бап. Жеке адамның құқық қабiлеттiлiгi мен әрекетке қабiлеттiлiгi

1. Жеке тұлғаның азаматтық құқық қабілеттілігі оның жеке заңында анықталады. Бұл ретте шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында азаматтық құқық қабілеттілігін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.

2. Жеке адамның әрекетке қабiлеттiлiгi оның жеке заңымен анықталады.

3. Жеке адамның мәмiлелер мен зиян келтiру салдарынан пайда болатын мiндеттемелерге қатысты азаматтық әрекетке қабiлеттiлiгi мәмiле жасалған немесе зиян келтiруден туындайтын мiндеттемелер пайда болған жердегi елдiң құқығы бойынша анықталады.

4. Жеке адамның жеке кәсiпкер болуға және соған байланысты құқықтары мен мiндеттерiнiң болуға қабiлетi жеке адам жеке кәсiпкер ретiнде тiркелген елдiң құқығы бойынша анықталады. Тiркелген елi болмаған жағдайда жеке кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын негiзгi орнындағы елдiң құқығы қолданылады.

5. Жеке адамды әрекетке қабiлетсiз немесе қабiлетi шектеулi деп тану сот елiнiң құқығына бағынады.

1096-бап. Жеке адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану және оны қайтыс болды деп жариялау

Жеке адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану және оны қайтыс болды деп жариялау сот елiнiң құқығына бағынады.

1097-бап. Жеке адамның есімі

Жеке адамның есiм алу оны пайдалану және қорғау құқығы, егер осы Кодекстiң 15-бабының 5 және 7-тармақтарында, 1103 және 1120-баптарында көзделген ережелерден өзгеше туындамаса, оның жеке заңымен белгiленедi.

1098-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актiлерiн Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тiркеу

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актiлерiн тiркеу Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерінде жүзеге асырылады. Бұл орайда Қазақстан Республикасының заң актiлерi қолданылады.

1099-бап. Шет мемлекет органдары азаматтық хал актiлерiн куәландыруға берген құжаттарды тану

Шет мемлекеттердiң құзыреттi органдары тиістi мемлекеттердің заңы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасаған азаматтың хал актiлерiн куәландыруға берген құжаттар жария етілген жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.

1100-бап. Заңды тұлғаның заңы

Заңды тұлға құрылған елдің құқығы осы заңды тұлғаның заңы болып саналады.

1101-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлігi

1. Заңды тұлғаның азаматтық құқық қабiлеттiлiгi осы заңды тұлғаның заңымен анықталады.

2. Шетелдiк заңды тұлға өз органының немесе өкiлiнiң мәмiле жасауға өкiлеттiгiн шетелдiк заңды тұлғаның органы немесе өкiлi мәмiле жасаған елдiң құқығына белгiсiз шектеуге сiлтеме жасай алмайды.

3. Шетел құқығы бойынша заңды тұлға болып табылмайтын шетел ұйымдарының азаматтық құқық қабiлеттiлiгi ұйым құрылған елдiң құқығы бойынша анықталады.

Мұндай ұйымдардың қызметiне, егер Қазақстан Республикасының құқығын қолдануға болса, осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, егер Қазақстан Республикасының заңдарынан немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, олар коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейдi.

2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен 1102-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1102-бап.Мемлекеттің шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық

қатынастарға қатысуы

1. Мемлекет қатысатын шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарға, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы бөлімнің ережелері жалпы негіздерде қолданылады.

2. Қазақстан Республикасы шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарда, егер:

Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;

сотта мәлімдеме жасау немесе нақты іс қарау шеңберінде жазбаша хабардар ету арқылы өзгеше белгіленбесе, соттық иммунитетті, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті қоса алғанда, басқа мемлекет соттарының юрисдикциясынан өзіне және өзінің меншігіне қатысты юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.