Моральдық зиянды өтеу
951-бап. Моральдық зиянды өтеу
1. Моральдық зиян - жеке және заңды тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жәбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
2. Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.
3. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе;
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
4. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
952-бап. Моральдық зиянды өтеу мөлшерi
1. Моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.
2. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбiрленушiнiң iзгiлiк қасиетiне келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективтi түрде бағалау да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тимеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке әкеп соққан дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызмет, отбасы, тұрмыс, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.
3. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi.
Тарау. Негізсіз баю салдарынан туындайтын
Міндеттемелер
953-бап. Негiзсiз байлықты қайтару мiндетi
1. Заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.
2. Егер мүлiк иеленiп алынған немесе жинақталған негiз кейіннен жоққа шыққанда да, осы баптың 1-тармағында белгiленген мiндет туындайды.
3. Осы тараудың ережелерi негiзсiз баю мүлiктi иеленушiнiң, жәбiрленушiнiң өзiнiң немесе үшiншi тұлғалардың пиғылының нәтижесi не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады.
954-бап. Негiзсiз байлықты қайтару туралы талаптардың азаматтық құқықтарды қорғау туралы басқа талаптармен арақатынасы
Осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi қарым-қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi:
1) жарамсыз мәмiле бойынша орындалғандарды қайтару туралы;
2) меншiк иесiнiң мүлiктi бөгде бiреудiң заңсыз иеленуiнен сұратып алуы туралы;
3) мiндеттемедегi бiр тараптың екiншiсiне осы мiндеттемеге байланысты орындалғандарды қайтару туралы;
4) зиянды, оның iшінде байыған тұлғаның терiс пиғылынан келтiрiлген өтем туралы талаптарға да қолданылуға тиiс.
955-бап. Негiзсiз байлықты заттай қайтару
1. Мүлiктi иеленушiнiң негiзсiз байлығын құрайтын мүлiк жәбiрленушiге заттай қайтарылуға тиiс.
2. Мүлiктi иеленушi баюының негiзсiздiгi туралы ол бiлгеннен немесе бiлуге тиiстi болғаннан кейiн болған, оның iшiнде негiзсiз иеленiлген немесе жинақталған қандай болса да мүлiктiң кездейсоқ кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жәбiрленушiнiң алдында жауап бередi. Бұған дейiн ал тек жасырын ниетi мен өрескел абайсыздығы үшiн ғана жауап бередi.
956-бап. Негізсіз байлықтың құнын өтеу
1. Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда мүлікті иеленуші жәбiрленушiге осы мүлiктiң оны алған кездегi нақты құнын өтеуi, сондай-ақ егер мүлiктi иеленушi оның құнын баюдың негiзсiздiгi туралы бiлгеннен кейiн дереу өтемесе, мүлiк құнының кейiнгi өзгеруi арқылы келтiрiлген шығындарды өтеуге тиiс.
2. Басқаның мүлкiн не басқаның қызмет көрсетулерiн негiзсiз уақытша пайдаланған (оны иелену ниетiнсiз) адам жәбiрленушiге пайдалану тоқтатылған кездегi және оның болған жерiндегi бағамен осындай пайдалану салдарынан жинақтағанын өтеуге тиiс.
957-бап. Құқықты басқа тұлғаға негiзсiз берудiң зардабы
Талаптарын беру арқылы немесе өзiне өзге де түрде тиесiлi құқығын жоқ немесе жарамсыз мiндеттеме негiзiнде басқа тұлғаға берген тұлға өзiнiң бұрынғы жағдайын қалпына келтiрудi, оның iшiнде берiлген құқықты куәландыратын құжаттардың өзiне қайтарылуын талап етуге құқылы.
958-бап. Жәбiрленушiге алынбаған табыстарды өтеу
1. Мүлiктi негiзсiз алған немесе жинақтаған тұлға мұндай баюдың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап осы мүлiктен өзi алған немесе алуға тиiстi болған барлық кiрiстердi жәбiрленушiге қайтаруға немесе өтеуге мiндеттi.
2. Негiзсiз ақшалай баюдың сомасына ақшаны иемденушiге ақша алудың немесе жинақтаудың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап бөгде ақшаны пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбы есептелуге тиіс.
959-бап. Қайтарылуға жататын мүлікке шыққан шығындарды өтеу
Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi қайтарған (осы Кодекстiң 955-бабы) немесе оның құнын өтеген кезде (осы Кодекстiң 956-бабы) мүлiктi иемденушi өзi алған пайданы есептей отырып, кiрiстi қайтаруға өзi мiндеттi болған (осы Кодекстiң 958-бабы) уақыттан бастап мүлiктi ұстауға және сақтауға қажеттi шығындарды өтеудi жәбiрленушiден талап етуге құқылы. Шығындарды өтеу құқығы мүлiктi иемденушi қайтарылуға жататын мүлікті қасақана ұстаған жағдайларда жойылады.
960-бап. Қайтарылуға жатпайтын негiзсiз байлық
Негiзсiз байлық ретiнде:
1) егер мiндеттемеде өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындау үшiн оны орындау мерзiмi басталғанға дейiн берiлген мүлiк;
2) талап ету мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi орындау үшiн берiлген мүлiк;
3) азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы, авторлық сыйақы, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу, зейнетақы, алименттер және т.б.) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк;
4) егер иемденушi мүлiктiң қайтарылуын талап еткен тұлғаның мiндеттеменiң жоқтығы туралы бiлгендiгiн не мүлiктi қайырымдылық мақсатында бергенiн дәлелдесе, болмаған мiндеттеменi атқару үшiн берiлген ақша сомасы мен өзге мүлiк қайтарылуға жатпайды.
Бөлiм