XVIIIғ. Батыс Еуропадағы ағартушылық философия

XVIII ғасырда Батыс Еуропада ағартушылық философия деген атпен ерекше философиялық бағыт қалыптасты. Бұл бағыттың отаны болып Англия, кейін Франциямен басқа да батыс еуропалық мемлекеттер болды.

Ең басты ерекшелігі сана болса, негізгі ұраны болып "Бәрі де сана төрелігі алдында өтуі тиіс" сөздері есептеледі. Сана бүкіл қоғамның рухани өмірін қамтиды. Сана негізінде XVIII ғасырда философия ғылымында қалыптасты. Бұдан басқа, ағартушы философияның бірнеше мәнді белгілерін атап өтуімізге болады:

1. Сана - әлемнің субстанциясы, адам мен қоғамның тұрмысының негізі. Адам - саналы жан. Сана әлемді билейді.

2. Адам космос азаматы, космополит болды (бұл термин алғаш рет XVIII ғасырда қалыптасады).

3. Меншіктік, жеке бастық ықылас қоғамдық ықыластан арта түседі. Меншіктік, жеке бастық ықыласты сыйлау қажет. Бұл тезис ағартушылықтың бүкіл дәуіріне өзінің айрықша ізін қалдырды. Бұрынғы Кеңес өкіметінде жеке бастық пен қоғамдықты біріктірді. Маркстік Кеңес философиясы құлдырауды бастан өткерді, себебі, ол адам бойындағы дара, жеке бастаманы сынға алды.

4. Философия кең ауқымды бұқара халықтың руханияты ретінде қалыптасады. Философиялық шығармалар ұлттық тілдерде басылып шықты. Бұл белгілер прогресшіл буржуазиялардың дүние тануын бейнелейді.

Ағартушылық философияның қалыптасуына Франциядан Вольтер, Ш. Монтескье, Ж.Ж. Руссо, Ж. Д'Аламбер, Д. Дидро, П. Гольбах, Ж. Ламетри, К. Гельвеций; Англиядан Дж. Толанд, А. Шефтсбери, Б. Мандевиль, Т. Рид, А. Смит; Германиядан X. Вольф, Г. Лессинг. т.б. атсалысты.

Франсуа Мари Аруэ Вольтер(1694–1778) –француз жазушысы, публицист әрі философ, француз Ағартушылығының көрнекті өкілі.

Философия бағытындағы - деизмнің өкілі, яғни Құдай әлемді жаратты, бірақ оның дамуына араласпайды.

Негізгі еңбектері: «Философиялық хаттар», «Метафизикалық трактат», «Ньютон философиясының негіздері», «Тарих философиясы» т.с.с.

Вольтердің дүниетанымдық көзқарастарының негізінде сол кездегі кеңінен тараған деистік матерализм болды. Дүниедегі сан-алуан материалдық заттар мен құбылыстар жөніндегі деректерді біз сезімдік тану арқылы аламыз. «Мен тасты сипаған кезде, оның орнын ала алмайтынымды өте жақсы сезінемін, олай болса бұл арада кеңістікте орын алып жатқан бір нәрсе барын түсінемін», дейді ойшыл.

Вольтер адамзат тарихын философиялық жолмен сараптауда алғашқы із салдырғандардың қатарына жатады.

Вольтер қоғам дамуының, өзгеруінің қайнар көзін адамдардың ой-өрісінен, пікірлерінен көреді. «Адамдардың пікірлері дүниені басқарады», дейді ол. Бірақ ол пікірді халықтың көпшілігі қолдауы керек. Олай болса, мемлекетті басқарып отырған саясаткерлердің ойы мен іс-әрекеттері халықты бақытты, иә болмаса бақытсыз өмірге әкеледі. Бүкіл адамзат тарихындағы мыңдаған жылдағы болған бақытсыздық, зардап шегу, қылмыс, әпербақандықтың бәрі өкімет басындағылардың арсыз билігінде болды деген қорытындыға келді.

Шарль Луи Монтескье(1689–1755) –французжазушысы, тарихшы әрі философ;француз Ағартушылығының көрнекті өкілі,географиялық детерминизмнің негізін салушы.

Негізгі еңбектері: «Персиялық хаттар», «Заңдардың рухы жөнінде», «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауының себептері».

Монтескьенің «Заңдардың рухы жөнінде» деген еңбегіде ойшылдың әлеуметтік-философиялық көзқарастарын байқаймыз. Қоғамның өмір сүруі мен дамуын Монтескье заңдардың сапалылығымен байланыстырады. Егер белгілі бір қоғамның ерекшелігін түсінгіңіз келсе, онда сол елдегі қабылданған заңдарды зерттеңіз. Қоғам жөніндегі мұндай түсінікті жүре келе ғалымдар «заңдық көзқарас» деп атайды.

Монтескьенің саяси философиясындағы жасалған және бүгінгі таңға дейін өзекті жаңалығы – ол мемлекет билігін бөлу идеясы.

Шынайы саяси бостандық болу үшін республика, я болмаса монархия басқару жүйесінде заң беру, атқару және сот биліктері бір-бірінен бөлінуі қажет.

Ал енді «заңдардың рухына келер болсақ, олардың әрбір елдердегі ерекшеліктері көп жағдайлармен байланысты. Олар: жердің құнарлығы, ауа райы, таулы-жазықтағы, әдет-ғұрыптар, діни сезімдер, халықтың саны мен материалдық хал-ахуалы, заң берушілердің мақсаты, саяси биліктің, елдегі жалпы тәртіптің көріністерімен байланысты, - деп қорытады ойшыл.

Мұндай көзқарасты әдебиетте «географиялық детерминизм» деп атайды. Өйткені жоғарыда көрсетілген жағдайлардың ішіндегі негізгілері деп, ол жердің құнарлығын, ауа райын және таулы-жазықтығын атайды.

Ж.Ж. Руссо(1712-1778 жж.) француз жазушысы, ақын, әрі философ, француз ағартушылығының көрнекті өкілі. Негізгі еңбектері - "Ғылым мен өнерлердің жандануы мінездің жақсаруына септігін тигізді ме?", "Адамдар арасындағы теңсіздіктің негіздері мен шығу тегі жайлы пікір", "Юлия мен Жаңа Элоиза", "Қоғамдық келісім жайлы", "Эмиль немесе Тәрбие туралы" т.б

Ж.Ж. Руссо адамдардың бәрі табиғатынан тең дейді. Биологиялық тұрғыдан да. Бірақ, әлеуметтік тұрғыда олар тең емес. Мысалы, Қазақстан тұрғындары арасында бай, орташа, кедейлер бар. Кеңес өкіметінде ұлттық теңсіздік қоғамын қалыптастыруға тырысты. Содан не шықты? Оның нәтижесі бәрімізге мәлім. Теңсіздік қайдан пайда болды? Ол ескі өзекті мәселе. Ж.Ж. Руссо теңсіздік жеке меншіктен пайда болады дейді. "Белгілі бір жер бөлігін қоршап алып, "Бұл менікі" деп айтып, осы сөздерге сенетін ақ көңіл адамдарды тапқан ең бірінші адам - азаматтық қоғамның негізін қалаушы. Осы адамның қазған орны құммен жауып, өз жақындарына: "Бұл өтірікшіні тыңдамаңдар, сендер жемістердің бәрі сендерге, ал жердің өзі ешкімге тиесілі емес екенін ұмытсаңдар өлесіңдер" деп айтқан адам адамзатты қаншама қылмыстар, соғыс пен кісі өлтірушіліктен, қаншама апаттар мен бәлелерден құтылуына септігін тигізер еді"

Сонымен, теңсіздік әлдекімнің таяқ алып, оны жерге шаншып: "Бұл менің жерім" деуінен қалыптасты. Марксизм ойынша жеке меншікті, соның ішінде теңсіздікті жоюға болады деп есептеген. Бірақ, ол түбегейлі қателестік.

Егер ағартушылық философия Батыста XVIII ғасырда қалыптасса, Ресейде XVIII - ХІХ ғасырлар басында, ал Қазақстанда ХІХ ғасырда бастау алады. Ағартушылық философия - сана мен адамды шыңдатқан, философиялық ойдың тарихында өте маңызды кезең. Кейін, нақты айтсақ ХІХ-ХХ ғасырларда сананың осындай шыңдауы қарапайым рационализмнің ғылыми білім тану әдісі болып қалыптасады.

Дени Дидро (1713-1784жж.) алғашқы француз энциклопедиясының авторы. Бұл еңбек Еуразия континентінде аса елеулі орын алған. Адамның жан дүниесін, сол кездегі мәдениетін дамытуға көп еңбегін тигізген. Ол онтологиялық мәселелерді материалдық тұрғыда шешкен. Материяны ол бастама және барлық табиғат процессінің субстанциясы деп есептеген. Материя қозғалысты, уақытты, кеңістікті қамтиды. Қозғалыс арқылы материя әрқашанда қимыл - әрекет үстінде.

Дидро таным теориясы мен елес теориясына айтарлықтай үлес қосты. Ол адамды біртұтас, жеке, дара, тұлға ретінде қарастырады. "Адамда жан, сезім, түйсік сияқты қасиеттер шарт болуы тиіс дейді".Дидроның гносеологиясы сенсуалист сипатта, білімнің қайнар көзі сезім деп есептейді. "Біз үш негізгі қажеттіліктерді қарастырамыз: табиғатты зерттейміз, ойланамыз және эксперимент жасаймыз", - дейді ол. Яғни, зерттеушілік түрлі фактілерді жинауға көмектеседі, ойлану оны бір шешімге келтіреді, ал эксперимент оны дәлелдейді. Оған, әрине, білімділік, төзімділік керек.

Дидро адамды табиғаттың бір бөлшегі деп қарастырады Және адам осы қоғам, қоршаған орта арқылы қалыптасады деген. Сондықтан, ол адам тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Адамды мәдениеттілікке баулуды көздеген. Өйткені, "мәдениет адамды жақсылыққа, сүйіспеншілікке, адамгершілікке үйретеді", - дейді Дидро.