Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы стратегиясы

 

 

Соңғы жылдары Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық шараларына қатысқан Қазақстанның ұстанымы жан-жақты таныстырылып, түсіндіріліп келді. Осы уақыт аралығында еуропалық саясаткерлердің Қазақстанда, сондай-ақ жалпы Орталық Азияда болып жатқан демократиялық үрдістерге байланысты пікірі өзгеріске ұшырады.

Орталық Азияның бүгінгі таңда жалпы дүниежүзілік саясат шеңберінде алып отырған маңызы күннен-күнге артып келе жатыр. Бұл ретте, әсіресе, біздің еліміздің ерекше рөлін атап өтуге болады. Салиқалы сыртқы саясатымызбен, бейбіт те берекелі болмысымызбен бүкіл жаһандағы елдердің назарына іліктік. Орталық Азия аймағының салмағын тек біздің Еуропадағы әріптестеріміз ғана емес, сонымен қатар басқа жағрафиялық кеңістіктегі елдер де жақсы сезінеді. Еуропа Одағының қабылдаған жаңа стратегиясы бар. Ол біз мекендеп жатқан аймақтың әлемдік ықпалдастықтағы жаңаша маңызын, өзіндік орнын тиісінше ескеріп отыр. Бұл тек энергетикалық шикізат көздері ғана емес, сонымен қатар транзиттік, транспорттық әлеует, лаңкестікпен күрес, қазіргі жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу сияқты басқа да халықаралық көкейкесті мәселелерді қамтиды. Сондықтан Орталық Азияға осы күні дүниежүзінің ықыласы айрықша болып тұр. ЕЫҚҰ шеңберінде қабылданатын қандай да бір шешім оған мүше 56 елдің арасындағы келісімнің нәтижесінде ғана болуы мүмкін. Бұл ұйғарым, сөз жоқ, біздің еліміздің сыртқы саясатына берілген шынайы баға десек, қателеспейміз.

Ал енді ЕҚЫҰ-ң Азия елдеріне қатысты стратегиясымен , оның саяси мәнімен танысайық.[26]

2007 ж Германияның астанасы – Берлин қаласында Еуропалық Одақтағы Германия төрағалығының бастамасымен «ЕО үштігі – Орталық Азия елдері» деген тақырыпта аталған елдердің сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кезекті кездесуі болып өтті. Оған еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Марат Тәжин бастаған делегация қатысты.

Осының алдыңғы жылдың наурыз айының соңында Астанада өткен осы уәждегі кездесудің нақты қорытындысы секілді болып өткен бұл жолғы басқосуда Германия Федеративті Республикасының Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Орталық Азия елдерінен келген делегацияларды 21-22 маусымдағы Брюссельдегі Еуропалық Кеңес мәжілісінде қабылдаған Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріне қатысты 2007-2013 жылдарға арналған стратегиясымен таныстырды.

Өз сөзінде Штайнмайер Еуропа елдері мен Орталық Азия республикалары арасындағы қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан бері жалғасып келе жатқанын, әлемнің алып ұйымдағы көптеген елдердің көзқарастарын үйлестіріп, ретке келтіруге бағытталған мұндай бірыңғай стратегиялық құжаттың бірінші рет қабылданып отырғандығын атап көрсетті. Ал оның қабылдануына Орталық Азия елдерінің Еуропа, Азия, Ресей және Оңтүстік Азия арасында қолайлы орналасуымен қатар, өсіп келе жатқан өскелең мүмкіндіктері себеп болған. Оның үстіне энергетикалық қауіпсіздікті қазіргі заманның өткір мәселелерінің қатарына қосып отырған Еуропалық Одақ елдері үшін өздерін мұнай және газбен қамтамасыз етуде араб елдері мен Ресейден тыс қосымша көздердің қажет екені айдан анық. [22]

«Жаһандану барысында әлем бетпе-бет келіп отырған көптеген проблемалар Еуропа мен Орталық Азияға да бірдей қатысты және бірлесіп шешуді қажет етеді. Қауіпсіздік және өңірлік экономикалық даму мәселелері Еуроодақтың Орталық Азияның әрбір елімен, олардың географиялық орналасуларын ескере отырып, тығыз ынтымақтастық жасауын талап етуде» делінген қабылданған стратегияның кіріспе бөлімінде.

Осыған орай Штайнмайер стратегия аясында Еуропалық Одақ баса назар аударатын мәселелерге тоқталып өтті. Олар – сыртқы істер министрлері деңгейінде тұрақты өңірлік диалогты қалыптастыру; Орталық Азия елдерінде «Еуропаның білім беру бастамашылдығын» іске қосу және «электрондық Жібек жолын» дамытуға қолдау білдіру; «Заңның үстемділігі жөніндегі еуропалық белсенділікті» нығайту; Орталық Азия елдерімен «энергетикалық диалогты» тұрақты жүргізіп отыру және басқа да мәселелер. Құжатта осы мәселелерді жүзеге асыруға ұмтылыс таныту үр­дісінде Еуроодақтың тең дәрежелі үнқатысы қағидатын басшылыққа алатындығы атап көрсетілген.

Ең алдымен еуропалық әріптестерді Еуропалық Одақтың Брюссель саммитінен бастау алған тұжырымдаманың қабылдануымен құттықтаған Марат Мұхамедқазыұлы «бірауыздылық азды көбейтеді, келіспеушілік (алауыздық) үлкенді бұзады» деген неміс мәтелін еске ала келе, Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты стратегияны қабылдауда бірізділік танытқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, стратегия жобасын Орталық Азия елдерінің қатысуымен талқылаған «Астана үдерісі» «Берлинге сәттілік» әкелгендігін бейнелей айтты.

Қазақстан Еуропалық Одақ көмегін ұзақ мерзімдік стратегиямен біріктіретін, әрі өңірлік және екі жақты қадамдардың арасындағы теңгерімді қарастырған жаңа көзқарастықош көрді. Бұл ұстанымды Астанада өткен кездесуде айтылған болатын. Қазақстан Сыртқы істер министрі стратегияға қатысты бірнеше ескертулері мен пікірлерін ортаға салды. [27]

М. Тәжиннің пікірінше, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық Ауғанстанды қалпына келтірумен, заңсыз көші-қонмен және есірткі тасымалы секілді өзге де қатерлерге қарсы күреспен шектелмеуі тиіс. Қазақстан жаһандық этносаралық және дінаралық үнқатысудың қағидаттық жақтаушысы ретінде стратегияның Шығыс пен Батыс арасындағы диалогқа айрықша назар аударуын қалайды.

Энергетикалық қауіпсіздікте біз экспорттық бағыттарды, жеткізушілер мен тұтынушыларды, энергия көздерін әртараптандыру секілді ортақ мүддемен бірігеміз. Бұл ретте, еуропалық инвесторлардың Орталық Азияға келуі секілді орталықазиялық инвесторларға да еуропалық энергетикалық инфрақұрылымдарға тең құқылы жол ашу қағидасын жүзеге асыру маңызды.

Қазақстан Еуропалық Одақтың мұнай-газ рыногындағы қатысуын өңдеу және бөлу саласында нығайтуға қызығушылық білдіреді.[28]

Қазақстан ЕҚЫҰ-ң стратегиясының экологиялық басымдықтарын қолдады. Шекаралық өзендерді басқару проблемасы өңір мен оның экономикалық ықпалдастығына кедергі жасайтын ең өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Мұнымен қатар, М.Тажин Қазақстан назарды Каспий мен Арал теңізінің, сондай-ақ көптеген шекаралық өзендердің проблемаларына аудару қажеттігін шып айтты.

Біздің ел өңірлік экономикалық жүйелерді біртіндеп теңестіруге бағытталған, ырықтандырылған реформаларды көтермелеу жөніндегі Еуропалық Одақтың жоспарын қолдайды.[21]

Қазақстан ауыл шаруашылығында, көлік және логистикада, құрылыс пен металлургияда, туризм, химиялық және тоқыма өнеркәсібінде өңірлік кластер құру идеясы үлкен әлеуетке ие деген пікірді ұстанады.

Осының бәрінің кілті – Орталық Азия өңірінде еуропалық стандарттарды енгізуде Еуропалық Одақ шешуші мәнге ие болатын, электрондық жібек жолын құру болмақ, деді Марат Тәжин өз сөзінде.

Министр өзінің сөзінің соңына таман Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ұмтылысына қатысты басымдықтар Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясының шешуші ережелерімен үндесетіндігіне тоқталды. Біз Ұйымды тиімді басқару үшін қажетті тәжірибе мен ресурстарға иеміз және ЕҚЫҰ-ның қазіргі қажеттіліктерге бейімделуі мен нығаюына салмақты үлес қосуға әзірміз.

Жалпы, осы басқосу барысынан Еуроодақ басшылығының, әсіресе, Орталық Азияға қатысты стратегия қабылдануына түрткі болып отырған Одақтағы Германия төрағалығының (Одаққа төрағалық ету мұнда алты ай сайын кезек бойынша ауысып отырады. Күні кеше тізгін Португалияның қолына тиді) Орталық Азиямен, соның ішінде Қазақстанмен де ынтымақтастыққа ынталы екендігін байқады. Соның бір дәлелі Германия Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайердің қазақстандық журналистер алында мәлімдеме жасап, шағын сұхбат беруі болды. Онда министр Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикасы үдемелі дамып келе жатқан үлкен ел деп танитындарын білдірді.

Сапар соңынан Марат Тәжин өткен кездесуде жобаны талқылау кезінде айтылған ұсыныстардың стратегияда көрініс тапқандығын, сонымен қатар Еуропалық Одақ тарапынан Орталық Азияға жасалатын 2007-2013 жылдар аралығындағы қаржылай қолдаудың 750 миллион долларға дейін өсетіндігін, білім беру саласында еуропалық стандарт деңгейінде көмек көрсетілетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ «ЕО үштігі – Орталық Азия» уәжіндегі министрлер кездесуін 2007 жылдың 25-26 қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясы аясында өткізу келісілгендігін жеткізді.[23]

Сонымен, Еуроодақ Орталық Азияға қатысты осы өңір елдерінің қатысуымен өз стратегиясын қабылдап, оны жария етті. Мұның өзі экспорт саясатын белсенді жүргізіп, Еуропамен сауда-экономикалық қатынастарын жылдан жылға ұлғайта түскен Қазақстан үшін пайдалы бола ма деген үлкен үміт бар. Дегенмен, тізгін ауысқанымен алып ұйымның Орталық Азияға қатысты саясаты да жүйелі қазір жүйелі арнаға түсті десек қателеспеген болар едік.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы көп салалы құрылым. Оның жүзеге асырып отырған негізгі үш бағыты бар. Бірінші бағыт – әскери бағыт. Мұнсыз біз бұл орасан зор кеңістіктегі тұрақтылық жайында сөз қозғай алмаймыз. Осы орайда Қазақстанның айтары көп. Баршаға мәлім, Елбасымыздың көреген шешімімен біздің еліміз кезінде ядролық қару-жараққа өз қалауымен тоқтау салған болатын, шын ниетімен дүниежүзіндегі төртінші ядролық әлеуетті жойып жіберді, сонымен бірге әлемдегі ең ірі ядролық полигонды өз еркімен жауып тастады.

Айта кетсек, Семей полигоны жабылған соң, бірқатар басқа полигондар да тыншып қалды. Мысалы, «Невада» үнсіз қалса, «Лобнор» да бәсеңсіді.

Күні ертең, төрағалық тізгінін иемденген соң Қазақстан жағының осы жайтты тереңдеп зерттеуіне, қажет болса, тіпті біржолата тыныштандыру мәселесін қоюына құқығы бар ма деген сұрақтар баршаны ойландыратыны анық. Әрине бір жылдың ішінде бүкіл дүниені өзгертеді деп айтуға болмайды, бірақ саясаттың бағытына қолдан келгенше ықпал етері сөзсіз. Себебі 2009 жылы үштіктің құрамында болу, ал 2010 жылы төрағалықты қолға алу үлкен жетістік [29]

Қазақстан саяси реформаларды жүзеге асырған кезінде ЕҚЫҰ институттарының пікіріне құлақ асқаны белгілі. Осы ынтымақтастықтың одан әрі жалғасуы мемлекетімізге тек оң әсерін тигізетініне кәміл сенеміз.