Ндіріс бөлімшелерін және оның орталықтарын шаруашы-лықтың жер массивінде орналастыру

Өндіріс бөлімшелерін орналастыру жұмыстарын жүргізгендегі қойылатын ең басты талаптар:

- өндіріс бөлімшесінің жеріндегі ауыл шаруашылық алқаптардың құрамы, арақатынасы жоба бойынша есепке алынған уақытқа белгіленген бөлімшедегі еңбек ресурстарының мөлшері, бөлімшенің маманданғандығына және салалар арақатынасына, белгіленген мал басын азықпен қамтамасыз етуге сәйкес болуы керек;

- бөлімшенің жер массиві біртұтас, конфигурациясы дұрыс болуы тиіс;

- шаруашылық орталықтары мен негізгі ауылшаруашылық алқаптарының арасы жақын болуы немесе қатысуы ыңғайлы болуы керек.

Табиғи және мал азықтық ауыспалы егістіктерден алынатын мал азығының балансын құра отырып, жобалаушының өндіріс бөлімшелері арасындағы әртүрлі өнімділікті, ауылшаруашылық алқаптардың дұрыс бөлгенін анықтауға және тексеруге болады.

Әр бөлімшеге, оның шаруашылық орталығына жақын жатқан жерлер берілуі тиіс.

Шаруашылық орталықтары оның жерінің ортаңғы кезінде орналасуы керек. Егер шаруашылық орталығы оның жерінің ортаңғы кезіне орналаспаса, транспорттың тасымал шығыны көбейеді, ал көліктік шығын өнімнің өзіндік құнын жоғарылатады.

Шаруашылық бөлімшелері жерлерінің сапасы әртүрлі болса, топырақтардың бонитет балына байланысты әр бөлімшеге оның жерінің сапасына қарай әртүрлі өсімдік өнімділігін жобалау керек.

Ыңғайына қарай жер пайдаланулардың шекаралары табиғи (өзен, жыра) және жасанды (жол, канал) ғимараттар арқылы өткені дұрыс. Жер пайдалануды өзен немесе жол кесіп өтсе ол ыңғайсыздыққа әкеледі: Жерді өңдеу, суару қиындайды. Егістіктің жері тұтас және үлкен болғаны тиімді, ең кіші дегенде ауыспалы егістіктің бір танабы орналасатындай болғаны дұрыс.

Ашық далалы жерлерде, ірі жыртылған массивтерде өндіріс бөлімшелерінің шекаралары түзу сызық ретінде, ыңғайына қарай бір-біріне параллель және перпендикуляр жүргізіледі. Өйткені тікбұрышты, төртбұрышты кейін танаптарға, шаруашылық учаскелеріне бөлгенде, олардың дұрыс конфигурациясы, механикалық өңдеуге ыңғайлы болады.

Рельефтің күрделі жерлерінде шаруашылық бөлімшелерінің шекаралары суайрық, тальвег, жыралар арқылы жүргізіледі.

Шаруашылық бөлімшелерінің саны, олардың орталықтарының мөлшері, орналасуы жобалау жолында бірнеше нұсқалар жасалады да, олардың ішінен ең тиімді деген нұсқа таңдалып алынады. Нұсқаларды салыстыру жоба бойынша алынған уақытқа жасалады.

Жобалау ең тиімді деген нұсқаны қараудан басталады. Көбінесе бұл қазіргі кезде қалыптасқан территориялық ұйымдастырылу. Бұл нұсқаның өндірістік, инженерлік-құрылыстық қоғамдық және экологиялық талаптарға сәйкестігі анықталады. Қазіргі кезде қалыптасқан және жаңадан жобаланған нұсқалар техникалық-экономикалық, экологиялық көрсеткіштер арқылы бір-бірімен салыстырылады.

Бұл жобалау мәселесін шешуге көбінесе келтірілетін шығындар қолданылады. Келтірінді шығындар күрделі қаржы жұмсалымынан және әр жылдық шығындардан тұрады. Күрделі қаржы жұмсалымы өндірістік, мәдени-тұрмыстық үйлер мен ғимараттарды, инженерлік-коммуникациялық ғимараттарды, жолдарды салу бағасынан тұрады, ал әр жылдық шығындар - транспорттық, әкімшілік-басқару, тұрғын және өндірістік инженерлік ғимараттарды пайдалану (эксплуатация), амортизациялық шығындардан тұрады.

Бұл нұсқаларды салыстырғанда малды айдау радиустары, аралықтары, суару жағдайлары жақсы болуы керек. Малдың қырылу, арықтау, өнімділігін азайтуға шалдыратын жағдайларды болдырмауға варианттары қабылданады. Кейде шаруашылық орталықтары ретінде далалық тұрақтар, жаздық лагерлер орналастырылады. Жаңадан құрылыс жүргізу тек қана өндіріске байланысты болмайды, қазіргі кезде бар өндіріс ғимараттарын түгел пайдалануға да байланысты. Жағдайға қарай жаңа құрылыс жүргізгенше, бұрынғы құрылыстарды толық және тиімді пайдаланған жөн.

Күрделі қаржы шығынын есептеу үшін:

1. жаңа құрылысты жүргізу құны;

2. қазіргі кездегі бар ғимараттардың қалдық құны, физикалық және моральдық тозуы анықталады.

Бұл көрсеткіштерді «Шаруашылықтың негізгі қорын» бағалау материалдарынан алуға болады. Бір жылдық шығынды көбінесе ұлғайтатын көрсеткіш – көліктік шығындар. Көліктік шығындарға жататындар:

- шаруашылық ішіндегі тасымалдау (далалық жерден шаруашылық орталықтарына және кері);

2. ауылшаруашылық машиналарын және құралдарын айдау және тасымалдау;

3. жұмысшыларды жұмыс орнына және кері тасу;

4. шаруашылық басшылары мен мамандарды тасу;

5. малды бір жерден екінші жерге айдау;

6. өнімді шаруашылықтан тыс тасымалдау.

Көліктік шығынның мөлшері негізгі екі көрсеткішке байланысты: 1. тасу аралығына; 2. жүк айналымының мөлшеріне.

Жүк айналымының мөлшері ауылшаруашылық өсімдіктерінің өнімділігіне және егіс алқаптарының ара қатынасына байланысты болады.

Жүк айналымы: жүктің тасымалдау мөлшерін 1 тонна жүктің тарифтық тасымалдау бағасына көбейту арқылы анықталады. Транспорттық шығынды табу үшін жүктің тасымалдау мөлшерін оның 1 тоннасын белгілі аралыққа, км. тасымалдау тарифтық бағасына көбейтеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Шаруашылықтағы өндіріс бөлімшелерінің саны, мөлшерлері қандай көрсеткіштерге әсерін тигізеді?

2. Өндіріс бөлімшелерін орналастыру жұмыстарын жүргізгендегі қойылатын ең басты талаптар.

3. Жер пайдаланулардың шекаралары қалай өтуі тиіс?