Елді мекендердің шектерін белгілеу бойынша жерге орналастыру жұмыстары

Қала шегі деп –қалаға берілген жерлердің сыртқы межелерін атайды. Ол арқылы қала жері басқа жер санаттарынан бөлінеді және оның орналасқан орны мен жалпы ауданы анықталады. Бұл құқықтық тұрғыдан қарағанда жер пайдаланулардың емес, әкімшілік ауданның немесе облыстың межелері сияқты әкімшілік-территориялық құрылымның шекарасы болып табылады. Қала ішінде көптеген әртүрлі пайдаланудағы жер пайдаланулар орналасқан. Қала шегінен тыс орналасқан, қала мекемелерімен, кәсіпорындарымен және ұйымдарымен қала қажеттілігінде пайдаланудағы басқа жер пайдаланулармен жолақтана орналасқан жер учаскелері қала жері болып саналмайды.

Қала жерлеріне қала шегінде орналасқан құрылыстанған, ауылшаруашылық мақсатындағы, жалпы пайдаланудағы, орман басқан, темір жол, су, әуе транспорттары, құбыр жүргізу, тау-кен өндірісі және т.б. жерлер жатады.

Қала шегі қаланың даму генералдық планы негізінде анықталады. Онда болашақтағы жерлердің нысаналы пайдалануы, территорияның ішкі орналасуы, жоспарлануы, құрылыс салуы және көріктендіруі белгіленеді.

Қаланың даму барысында қала шегі өзгереді, бұл қаланың жаңа шегін анықтауға арналған жерге орналастыру жұмыстарын орындау қажеттілігін тудырады.

Қала жері кеңейтілгенде, оған іргелес орналасқан жерлерден жер қосу жерге орналастыру жұмыстары негізінде орындалады. Көбінесе ол жерлер ауылшаруашылық пайдалануындағы жерлер болып келеді. Кейбір жағдайда ол жерлер жеке меншікке берілген болып келеді. Бұл жағдайда және басқа да жағдайларда қала шегіне кіргізілетін жерлердің қаланың дамуы үшін маңызы өте зор екендігі түбегейлі дәлелденуі тиіс. Қала шегіне енгізілген ауылшаруашылық жерлер біраз уақытқа дейін ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысулары мүмкін. Пайдалану мақсатын өзгерту нақты қажеттілігі келгенде ғана орындалады.

Жер учаскелерін қала шегіне енгізу, бұрынғы жер пайдаланушылар мен жер иелерінің пайдалану және иелену құқықтарын жоймайды. Қажеттілігі туындағанда ол жерлер мемлекеттік және қоғамдық қажеттілік үшін алып қойылады немесе сатып алынады.

Қала шегін өзгерту жерге орналастыру жобасы атқарушы билік органының шешімінің негізінде, оның жерге орналастыру жобасын құруға арналған жобалау мекемесіне берген тапсырысы бойынша орындалады. Елді-мекендердің шекараларын белгілеу мен өзгерту тиісті жерге орналастыру, сәулет және қала құрылысы органдары бірлесіп жасаған ұсыныс бойынша белгіленген тәртіппен, бекітілген қала құрылысы құжаттары негізінде жүргізіледі.

Жобалауға тапсырманы, қаланың даму болашағы бойынша деректермен бірге тапсырма беруші береді. Ол жобалау мекемесінің қатысуымен жасалады және тапсырма берушімен бекітіледі.

Жобалауға тапсырмада қазіргі кездегі жер қоры жайында деректер; қаланың даму генералдық жоспары бойынша даму бағыты және қала шегін белгілеу бойынша ұсыныстар; қоршаған ортаны қорғау бойынша талаптар; жүргізілетін зерттеулердің құрамы; жобаның графикалық бөлімінің масштабы бойынша деректер беріледі.

Жерге орналастыру камералдық дайындық және зерттеу жұмыстары басқа шаруашылық аралық жерге орналастыру жұмыстарындағыдай, бірақ жұмыстың мақсаты мен мазмұны есепке алынуы тиіс.

Жерге орналастыру жобасын жасауда қала территориясының ауданының дұрыс анықталуы және даму бағытының мақсатқа сай екендігі мұқият тексерілуі тиіс. Қаланың даму генералдық планының болмаған жағдайында қала шегі қаланың даму схемасының және техника-экономикалық есептеулер мен негіздеулер арқылы анықталады.

Қала шегін белгілеу жобасы келесі материалдардан тұрады: қала шегі жобасының планы; қала жерлерінің және онымен шектелетін жерлердің қазіргі кездегі пайдалану планы; түсініктеме жазбасы; құқықтық, экономикалық және экологиялық негіздеу материалдары. Жоба 1:10000 немесе 1:25000, кіші қалаларда 1: 5000 және одан да ірі масштабтағы пландарда жасалады.

Жоба планында көрсетіледі: қазіргі кездегі қала шегі; қазіргі кездегі негізгі жер пайдаланулардың шекаралары; қала шегіндегі және жанаса орналасқан, қала шегіне енгізілетін территориялардың қазіргі кездегі нысаналы пайдалануы; қала шегін өзгертуге негіз болған қала шегіне енгізілетін территорияны жоспарлау, құрылысын жүргізу, көркемдету бойынша жоба шешімдері; жобаланған қала шегі; қаламен межелес жерлердің сипаттамасы; жоба алдындағы қала жері, оған енгізілетін және құрамынан шығарылатын жерлердің жалпы ауданы және жер пайдаланушылар құрамымен жіктеле берілген жоба бойынша қалаға бекітілетін территориясының балансы.

Қазіргі кездегі сол масштабта жасалған жерді пайдалану планында көрсетіледі: қазіргі кездегі қала шегі; құрылыстар шекарасы және онымен бірге қала сыртында орналасқан мекемелер мен кәсіпорындардың жерлері; коммуникация жерлерінің шекарасы; темір жол, су, әуе транспорттары, құбыр жүргізу жерлерінің шекарасы, өндіріс және энергетика кәсіпорындарының жер учаскелерінің шекаралары, ауылшаруашылық мекемелерінің және басқа ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің шекаралары; қала жерлерінің экспликациясы.

Жобаның түсініктеме жазбасында беріледі: қала жайында, оның қазіргі кездегі шекарасы және алқаптар мен жер пайдаланушылар бойынша жерлердің құрамы (экспликация) жайында мәліметтер; қаланың даму жолын негіздейтін генералдық планның және басқа жобалық шешімдердің бастапқы негіздері. генералдық план бойынша жер балансы; қала шекарасын белгілеу және өзгерту бойынша жоба шешімдерін негіздеу, алқаптар және жер пайдаланулар бойынша жерлерді құрамына енгізу немесе шығару; жерлердің жобаға дейінгі және жоба экспликациясы; қала шегіне басқа елді мекендерді енгізу бойынша ұсыныстар және негіздеулер; қала шегін сипаттау. Түсініктеме жазбасына жобаны экономикалық негіздеу материалдары және қарау және келісу құжаттары қосылып салынады.

Қала шегі жобасы жерлері қала шегіне енгізілетін жер иелерімен және жер пайдаланушылармен; құрылыс және сәулет, коммуналдық, ауылшаруа-шылық және орман шаруашылығы органдарымен, жер ресурстарын басқару және қоршаған ортаны қорғау басқармаларымен келісіледі.

Ауылды елді мекендердің шегін белгілеу және өзгерту жобасы қала шегін анықтағандағыдай орындалады. Бұл жағдайда ауылды елді мекендердің шегін белгілеудегі негіз болып, оның құрылысын жүргізу және территориясын жоспарлау бойынша бекітілген жобасы, нақтылы территорияның қалыптасқан жағдайын ескере отырып орындаған болып келеді.

Ауылды елді мекен шегін жобалаудағы негізгі ерекшелігі – село тұрғындарының көмекші шаруашылық жүргізуін ескеру. Оның құқықтық негізі – ҚР азаматтарына жеке меншікке жеке шаруашылық жүргізуге, бау-бақша және саяжай салуға жер беру мүмкіншілігін қарастыратын Жер кодексі болып келеді. Ал нормативтік базасы болып ҚР Үкіметімен (8.04.96 №401 Қаулысы) бекітілген жеке азаматтарға және заңды тұлғаларға өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін өтеусіз берілетін жер учаскелерін беру нормасы: 0,25 га - тәлімі жерлерден және 0,15 га – суарылатын жерлерден.

Жер кодексінің 101-бабына сай осы нормалар шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін жер учаскелерін алған және ауылда тұрғын үйі бар азаматтар үшін де сақталады. Үй жанындағы жер учаскесі шаруа қожалығының жер учаскесінің құрамына кірмейді.

Облыстық атқару органдары, жергілікті жердің жағдайлары мен ерекшеліктеріне қарай, шаруа қожалығын құру, өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін төлемақысыз берілетін жерлерден басқа өтеулі тұрақты пайдалануға берілетін жерлердің әр аудан бойынша нормасының шет мөлшерін белгілейді.

Селолық және ауылдық елді мекендердің шегі шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы негізінде орындалады. Жер реформасына байланысты елді мекен тұрғындарының малдарын бағу, бау-бақша отырғызу және т.б. қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жайылым, шабындық бау бақшаға арналған жерлердің ауданын сақтап қалу немесе өзгерту керек болған. Сондықтан селолық елді мекен жерлерінің шегін белгілеу - тұрғындардың қоғамдық мәселелерін шешу мен қажеттілерін орындауға арналған деп айтуға болады [27].

Жалпы алғанда елді шегіне кіретін жерлер бекітілген генералдық план бойынша жасалады:

1. елді мекен құрылысы жерлері және осыған арналған жерлерге – жерлерді жоспарлау және құрылыс жүргізу жобалары;

2. құрылыстан тыс орналасқан, құрылыс жүргізілмейтін және уақытша бос жерлерде - селоның жер-шаруашылығын орналастыру жобасы.

Ауылдың жер-шаруашылығын реттестіру жобасы 2 кезеңнен тұрады:

Бірінші кезеңі - қаланың жер-шаруашылығын реттестіру жоспарын жасауды қамтиды. Бұл жоспарларда село жерлерінің пайдалануының негізгі жолдары белгіленіп, жобаға тапсырма және территорияны инженерлік тұрғыдан дайындау жөніндегі графикалық схемалар жасалады.

Екінші кезеңі - ауыл территориясына жұмыс жобаларын жасау, орман-паркті зоналарға, қала шегіне кіретін ауылшаруашылық алқаптардың территорияларына және басқа осы тәріздес жерлерге ішкі территориялық жерге орналастыру жобаларын дайындау кіреді.

Жалпы түрінде аталған құжат мынандай бірқатар іс-әрекеттерді қамтиды:

- демалыс және спорт орындарын орналастыру;

- көпжылдық көшеттерді (орман-парктерді, бау-бақшаларды) орналастыру;

- село шегіне кіретін ауылшаруашылық кәсіпорындардың жерлерін реттестіру;

- саяжай, жергілікті санаторийлер мен курорттарды орналастыру;

- қала маңындағы жол тораптарын реттестіру;

- қала жерлерін пайдалану түрлеріне, жер пайдаланушыларға және пайдалану мерзімдеріне қарай топтастыру.

Елді мекенді жоспарлау және жер-шаруашылығын орналастыру жерге орналастыру жұмыстарының ерекше бір түрі. Оны орындаудың бүгінгі күнде қалыптасқан әдістемесі және жолдары бар. Сондықтан бұл оқу құралында жерге орналастыруды жобалаудың бұл түрі жайында тек қысқаша түсінік берілген.

Бақылау сұрақтары:

1. Кен игеру үшін жер бөлу ерекшеліктері

2. Берілетін жердің көлемі өндіріс технологиясына сәйкес болуы үшін қандай шаралар орындалады?

3. Мұнай-газ игерілетін жағдайларда жер учаскелері қандай объектілерге бөлінеді?

4. Ірі гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларына жер бөліп беруге байланысты шаруашылық аралық жерге орналастыру шаралары.

5. су қоймасы әсер ететін территория қандай зоналарға бөлінеді.

6. Гидротехникалық қажеттіліктерге жер бөлу гидрожүйені жобалау кезеңдерімен қандай байланыста орындалады?

7. Сызықтық объектілердің жер пайдаланулары.

8. Электр жүйесіне жер бөліп беру жобасы.

9. Магистраль каналдар үшін жер бөліп беру жобасы

10.Табиғатты қорғау, сауықтандыру, рекреациондық және тарихи-мәдениеттік қажеттіліктерге жер бөлу жобасын құру және оны негіздеу ерекшеліктері

11.Елді мекендердің шектерін белгілеу бойынша жерге орналастыру жұмыстары

12.Қала шегін анықтауда қаланың даму генералдық планының қатысы бар ма?

13.Елді-мекендердің шекараларын белгілеу мен өзгерту жерге орналастыру жұмыстары.

14.Ауылды елді мекен шегін жобалаудағы негізгі ерекшеліктер.