Негізгі ішкі шаруашылық жолдарды орналастыру

Автомобиль жолдары 5 категорияға бөлінеді. СНиП П-Д-5-72 бойынша шаруашылық территориясында:

1. кіру жолдары ІV категорияға жатады,

2. тұрақты ішкі шаруашылық жолдар – V категорияға жатады.

Ішкі шаруашылық жолдарды 4 негізгі топқа бөледі:

1) бас ішкі шаруашылық жолдар;

2) кіру жолдары;

3) негізгі дала жолдары;

4) ауылшаруашылық елді мекендік жолдар мен кіру жолдары.

І топқа – шаруашылық орталықтарын бөлімше орталықтарымен, бөлімше орталықтарын өзара, шаруашылық орталығын басқа елді мекендермен, ортақ пайдаланылатын автомобиль және темір жолдармен байланыстыратын жолдар жатады.

ІІ топқа – бөлімше орталықтарын және басқа елді мекендерді мал қоралармен көмекші цехтармен; өнімді дайындау, сақтау алғаш өндеу пунктілерімен, тыңайтқыш, улы-химикаттарды сақтау орындарымен, құрылыс карьерлерімен байланыстыратын жолдар жатады..

ІІІ топ жолдары – барлық елді мекендер көшелерін, фермаларды ауылшаруашылықтық алқаптарымен, өндіріс учаскелерімен, дала қостарымен және т.б. байланыстырады.

ІV топ – елді мекенді жоспарлау планында белгіленген жолдар.

Ішкі шаруашылық жолдар торын орналастыруда келесі мәселелер шешіледі: жолдардың бағыттарын анықтау, категориясын, жол жамылғысының типін анықтау, жол трассаларын және оларда орналасатын ғимараттардың орнын белгілеу. Сосын жолды салу бағасы және кезегі белгіленіп, экономикалық тиімділігі анықталады.

Ауылшаруашылық кәсіпорны территориясындағы жолдар торы келесі қажеттіліктерді қамтамасыз етулері керек:

1) тиімді және ыңғайлы көліктік қатынасты, жыл бойы, уақытымен, төменгі өзіндік құнымен тасымалдау жұмыстарын орындауды;

2) транспорттық жұмыстарды жақсы ұйымдастыру арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, шығынын азайту;

3) жүк тасымалдауды, жүксіз қатынасты бір жүйеге келтіріп, мәдени-тұрмыстық және басқа қоғамдық талаптарды қамтамасыз ету;

4) Территорияны әрі қарай ұйымдастыруда, жерді тиімді пайдалануда, қоршаған ортаны қорғауда ыңғайлы жағдайлар жасауды;

5) жол құрылысына және пайдалануына неғұрлым аз шығын шығару.

Жобалау әдістемесі

Ішкі шаруашылық жолдарды орналастыруды жобалау аудандық жерге орналастыру схемасын, оның ішінде жолдар жүйесінің орналасуы жайында шешімдерді негізге ала отырып жасалады және осы жобадағы белгіленген өндіріс бөлімшелерінің және шаруашылық орталықтарының орналасуына байланысты жасалады. Одан басқа, жоғарғы категориядағы ортақ жолдардың құрылыс жүргізу және реконструкциялау жобалары есепке алына отырып ішкі шаруашылық жолдар жобаланады.

Жобаның бұл құрам бөлігінде ең негізгі мәселе - ішкі шаруашылық жолдардың бағыттарын анықтау. Ол үшін жүк айналымы пункттері анықталады. Олар маңыздығына қарай 4 топқа бөлінеді:

І топ – әкімшілік ауданының орталығы, темір жол станциясы, өнімді өңдейтін пунктілер, мәдени орталықтар.

ІІ топ – ауылшаруашылық және жергілікті өндіріс кәсіпорындары, ірі елді мекендер.

ІІІ топ – ішкі шаруашылық жүк тасымалдау пунктілері – шаруашылық орталықтары мал фермалары, басқа ірі өндіріс объектілері.

ІV топ – ауыспалы егістік алқаптары, көпжылдық өсімдіктер, мал азықтық алқаптар.

Жүк айналымы – ішкі шаруашылық және сыртқа жүктер мен адамдарды тасымалдау.

Жалпы және тауарлық өнімнің мөлшері белгісіз болғанда олар шаруашылықтың келешек болжам жоспарларын 40-50% көбейте отырып алынады, немесе есептеу арқылы. Ол үшін ауылшаруашылық кәсіпорындарының статистикалық есеп беру материалдарын зерттей отырып анықталады. І топ жолдарына 10-15 жылдық, ІІ топқа - 5 жылдық деректер жиналады. Ал басқа топтарға – қазіргі кездегі деректер алынады.

Жолдың орташа жылдық жүк қауырттылығы дегеніміз – белгілі бір учаскемен бір жылда өтетін барлық жүктердің жалпы мөлшері. Ол транспорттық байланыс схемасы бойынша жол бөлектері бойынша тасылатын жүктердің қосындысы ретінде анықталады (Сурет 6.1).

Сол схема арқылы ішкі шаруашылық жолдардың ең экономикалық нәтижелі бағыттары анықталады және осы жолға басқа жүк тасымалдау пунктілерінен келетін кіріс жолдары белгіленеді. Жолдардың бағытын анықтағанда ортақ пайдаланудағы және жамылғысы бар жолдар, қоршаған орта есепке алынады. Жолдар биік жерлер, жер бедері күрделі емес жерлер арқылы өтеді. Жолдар, құнды ауылшаруашылық алқаптар арқылы неғұрлым аз өтуі тиіс.

560т

250т

100 т

310 т

150т

105 т

205 т

 

Сурет 6.1 Жолдың орташа жылдық жүк қауырттылығы схемасы

 

Жолдың категориясы және жамылғысының типі – олардың мәніне, құрылыс материалдарының бар болуына, автомобильдер жүрістерінің қарқын -дылығына және жолдың жүк тасымалдау тығыздығына байланысты таңдалып алынады.Жерге орналастыру жобасында жолдың тек қана бағыты анықталады, ал жол салу үшін жоба жұмыс жобасы ретінде жасалады.