Адольф Дистервегтің (1790-1866) педагогикалық қызметі мен ой-пікірлері.

Көрнекті неміс педагогы Адольф Дистервег ХІХ ғасырдың орта шеніндегі Герман буржуазиялық-демократиялық педагогикасының прогрессивті өкілі болып табылады. Ол университетті бітірген соң 1813 жылдан бастап физика, математикадан орта мектепте сабақ береді. Кейін мұғалімдер семинариясының директоры болып қызмет істеді. Өз тәжірибесіне сүйене отырып Дистервег Песталоццидің дидактикалық пікірлерін насихаттады. Ол Берлинде «Педагогтық қоғам» құрып неміс мұғалімдерін біріктірді.

Дистервег 1835 жылы өзінің бай тәжірибесіне сүйене отырып «Неміс мұғалімдерінің білімін жетілдіруге басшылық» атты үлкен еңбегін жариялады. Бұл еңбектің бірінші бөлімі педагогика мен дидактиканың жалпы мәселелеріне, ал екінші бөлімі әр пәндерді оқытудың методикасына арналды. Бұл еңбектің көптеген жылдар бойы алдыңғы қатарлы неміс мұғалімдерін жастарға білім беру үшін күресуге жұмылдырды. Дистервег бұл еңбегінде алдымен өзінше ойлайтын, белсенді азаматтар тәрбиелеуді қажет деп санады. Оның басқа еңбектері, методикалық нұсқаулары, халық мектебі үшін шығарған оқулықтары да осы бағытта жазылды.

Дистервег математикадан, неміс тілінен, географиядан, астрономиядан 20-дан аса оқулық және оқу құралдарын жазды. Олар Германияда және басқа елдерде кең пайдаланылды.

1827 жылдан бастап Дистервег «Тәрбие және оқыту жөнінде Рейн беттері» атты журнал шығарып тұрды. Ол журналға педагогика мәселелеріне арналған 400-ден аса мақалалар жазды. Дистервег бастауыш мектептің мұғалімдерін даярлауды жақсарту үшін күресті, Германия халық мұғалімдерін біріктіру жөнінде көп жұмыс жүргізді. Осы қызметтері және халықтың мүддесін жақтағаны үшін Дистервегті Пруссия үкіметі қуғындап, Берлин мұғалімдер семинариясының директоры қызметінен босатады. Халық мұғалімдерін біріктіруде көп еңбек еткенін бағалап Дистервегті Германия мұғалімдер одағының председателі, кейін Пруссия депутаттар палатасына өкіл етіп сайлады. Ол шын мәніндегі «Неміс мұғалімдерінің ұстазы» болатын.

1851 жылдан бастап Дистервег «Педагогикалық жылдық» атты жинақ шығара бастады. Ол Пруссия үкіметінің халық ағарту саясатын батыл сынады. Әсіресе 1854 жылы қабылданған мектеп жөніндегі реакциялық заңды әшкереледі. Бұл заң арқылы Пруссия үкіметі мектепті толығынан шіркеуге бағындыруға тырысты, бастауыш мектепте берілетін білімнің көлемін азайтып, дін сабағын негізгі сабақ етіп жүргізді. Бұл сабаққа көп жаттауды керек ететін материалдар енгізілді. Мұғалімдер семинариясында берілетін білімнің көлемі де қысқартылды. Дистервегтің баспа арқылы да, депутаттар палатасының трибунасы арқылы жоғарыда аталған заңға батыл шығауы да оған белгілі өзгеріс енгізуге үкіметті мәжбүр етті.

Тәрбие туралы. Дистервег жалпы халықтық тәрбие беру идеясын жақтады, яғни сословиелік тәрбиеге қарсы болды. Мектептің мақсаты – азаматтарды саналы адамгершілік рухта тәрбиелеу деп белгіледі. Жалпы адамға және халыққа деген сүйіспеншілік бала тәрбиесінде ұштасып жатуы қажет деп көрсетті.

Балалардың туғаннан-ақ даму мүмкіндігі зор деген Песталоццидің пікірін ол қызу құптады. Оқытушылар балаларды зерттеп біліп, өзінің педагогтық қызметін олардың ерекшелігіне сай жүргізуі қажет деп есептеді. Балалардың жас ерекшелігімен қатар, олардың дара ерекшеліктерін, зейін, ес, ойлау процестерін білудің қажеттілігін атап көрсетті. Дистервег психологияны тәрбие туралы ғылымның негізі деп бағалады. Ол педагогиканың дамуының негізі ретінде педагогикалық тәжірибені атап көрсетті, оны жинақтау қажет деп есептеді. Тәрбиеге қойылатын негізгі міндеттердің бірі ретінде балалардың белсенділігін дамытуды ұсынды.

Оқыту туралы. Песталоцци сияқты Дистервег те оқытудың негізгі міндеті балалардың ақыл-ойын және қабілетін дамыту деп көрсетті. Оқыту арқылы адамды жан-жақты дамытумен қатар, балаға моральдық тәрбие беру қажет, мектепте оқытылатын әрбір пәннің білім берумен қоса тәрбиелік әсері болуға тиісті деп есептеді.

Балаларға білім беруде тарих, география, ана тілі мен әдебиеттің зор мәні бар деп білді. Балалардың ақыл-ойын дамытуда жаралытыс және математика пәндерінің ролін жоғары бағалап, ол пәндердің жалпы білім беретін мектептердің бәрінде оқытылуын жақтады. Жеке пәндерді оқыту арқылы балаларды болашақ қызметке керекті білімдермен қаруландыруға ерекше көңіл бөлуді талап етті.

Дистервег бастауыш мектепте берілетін білімнің кеңейтілуін, атап айтқанда жаратылыс, география, физика және геометрия пәндерінен қажетті білім берілуін қостады. Орта мектепте өмірге қажетті білімдердің берілуін жақтады.

Дистервег әрі білім беретін, әрі тәрбие беретін оқытудың дидактикасын жасады. Оның дидактикасы оқыту мәселесі жөнінде 33 заңмен жинақталған ережелерден тұрады. Оқытуда алдымен балалардың қабылдау ерекшелігін ескеру қажет деп санады. Оқытуды жеке мысалдардан ережеге қарай, заттың өзінен оны білдіретін сөзге қарай жүргізілуін қолдады.

Дистервег сезім мүшелеріне әсер ететін заттың тікелей өзімен балаларды таныстыруға зор мән беруімен бірге, қабылдаған материалдың жете түсінікті болып, барынша ойландыратындай болуы өте қажет деп есептеді.

Көрнекі оқытуды Дистервег «жақыннан алысқа», «жай нәрседен күрделіге», «жеңілден ауырға», «белгіліден белгісізге» деген ережелермен байланыстырады. Бұл ережелерді бұрын Коменский ұсынса, енді Дистервег одан әрі дамытты. Мысалы, «жайдан күрделіге» деген ережені ол «нақты ұғымдардан абстракты ұғымдарға қарай» деп анықтай түсті.

Дистервег оқыту ісінде балалардың оқу материалын саналы түрде игеруіне зор мән берді. Саналы түрде материалды игерудің көрсеткіші – негізгі мәселені толық түрде айтып бере алуында. Сондықтан ол «Балалар түсіне алмайтын материалдарды балаларға оқытпа» немесе «Уақытынан ерте еш нәрсеге оқытпа» деген ереже ұсынды. Білім берік болуы үшін балаларға шамасы келмейтін мәліметтер бермей, тек қана негізгі мәліметтерді ғана түсіндіру керек деп есептеді. Оның үстіне жалпы білім беретін мектепте оқытылатын материалды ерекше екшеп алу қажет екенін ескертті. Жас мұғалімнің негізгі кемшілігі - өзіне белгілі материалды балаларға тегіс айтып беруге тырысуы деді.

Материалды пысықтауға Дистервег үлкен мән берді. Ол жөнінде оқытудың мынадай: «Оқушылардың оқыған материалын ұмытпауына қамқорлық жасау керек» деген ережесін ұсынды. Сондықтан оқылған материалды жиі пысықтап отыруы қажет деді.

Оқытудың жемісті болуы оның тәрбиелік мәнінің болуында деп санады. Оқыту баланың ақыл-ойын ғана дамытып қоймайды, оның еркін, сезімдерін, мінез-құлқын қалыптастырады. Сондықтан мектептегі оқушылардың тәртібін мұғалімнің жұмысын ұйымдастыру мәселесімен тікелей байланыстыру керек. «Кім жақсы оқытса, сол тәртіптілікке дұрыс тәрбиелейді», - деп тұжырымдады ол.

Дистервег оқыту әдістерінің мәнін балалардың ақыл-ойын дамытуға тигізетін әсеріне қарай бағалады. Оқытуда әсіресе әңгіме әдісінің ролін өте жоғары бағалады. Әңгіме балалардың ақыл-ойын дамытады, іздеуге, талдауға, ойлауға үйретеді деп санады.

Коменский сияқты Дистервег оқытуда оқу жоспарына және жақсы оқулыққа үлкен баға берді. Бірақ оқытудың нәтижелі болуына негізгі себепші мұғалім деп есептеді. Жақсы мұғалім өз пәнін жете білумен қатар, өз мамандығын және балаларды сүюі қажет. Сабақ үстінде балалар еркін болуы керек, мұғалім сабақты қызу қарқынмен жүргізу арқылы, олардың ақыл-ойын дамытып, еркін шынықтырып, мінез-құлқын қалыптастыруы қажет. Оқушылар өзінің алға қарай дамып отырғанын үнемі сезініп отыратындай болсын деді.

Мұғалімнің еркінің күшті болуының, жақсы мінезінің, әсіресе табанды болуының тәрбиелік мәнін өте жоғары бағалады. Мұғалім қатаң талапкер болуымен қатар, әділ болуға тиісті, сонда ғана ол балалар алдында беделді бола алады.

Мұғалімнің ісі мектеп жұмысымен ғана шектеліп қоймай, халық арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізуін талап етті. Оқытушы үнемі өз білімін жетілдіріп отыруы қажет. Ол өз пәнін жете білумен қатар, тарих, әдебиет және педагогика, психология, методика жөніндегі жаңа еңбектермен үнемі танысып отыруы тиіс деді.

Дистервег мұғалімдерді педагогтық дағдылар мен шеберлікке үйрету мәселесіне зор көңіл бөлді. Ол басқарған семинарияның оқушылары үлгілі мектептерде тәжірибелі мұғалімдердің басшылығымен ұзақ мерзімді практикадан өтетін. Дистервег белгілеген оқыту дидактикасы, оның оқулықтары бастауыш мектептің дамуында үлкен роль атқарды. Ол халықтық мектеп үшін күресті.

Бақылау сұрақтары:

1. ХІХ-ХХ ғасырларда Батыс Еуропа елдеріндегі мектептерде қандай өзгерістер болды?

2. ХІХ ғасырдың классик-педагогтарын атаңыз?

3. Песталоццидің педагогикалық теориясының маңызы неде?

4. Дистервегтің педагогикалық жүйесінің маңызы?