Тік ішек рагының диагностикасы

Тік ішек рагына күдік туғанда ең алдымен мына тексерулерді орындау керек.

Олар:

· сыртартқысын жинау,

· қанды жалпы сараптау,

· өкпені рентгенге түсіру (флюрография),

· тік ішекті саусақпен көру,

· ректороманоскопияны жүргізу,

· ирригоскопия жасау.

· ұрықтық-рак-антигенін тексеру міндетті емес.

Сыртартқысын жинау. Аурудың даму тарихымен таныс қанда ерекше көңілді «қауіп-қатерлі» белгілерге бөлу қажет, олардың біліну мезгілдеріне, тұрақтылығына, реттілігіне маңызды сипат беру керек. Тік ішек рагына клиникалық көріністердің ұзақ уақыт (апта, ай санап) болуы тән, тіпті, олардың бір-ақ рет болып, содан кейін көрінбей кетсе де.

Көтеу және басқа да қабыну аурулары қосарланып келсе, онда аурудың шағымы, өтініші өзгеретіндігіне күмән келтіруге болмайды, тек мұқият анықтау керек.

Тік ішек рагына қауіп-қатерлі белгілерге мыналар жатады:

· нәжісте қанның болуы, тіпті, ол бір-ақ рет көрінсе де,

· тұрақты іш тоқтап, немесе оның іш өтумен алмасуы, сол кезде өте жағымсыз иісті нәжістің шығуы,

· үлкен дәреттің толық емес жартылай орындалуы,

· нәжістің көлемі мен пішінінің өзгеруі,

· жамбас қуысында ауырсыну сезімнің қалыптасуы.

Осы көрсетілгендердің біреуі болса, онда тік ішек міндетті түрде саусақпен тексерілу қажет. Тік ішекті саусақпен көру, оның кез келген ауруында қолданатын ең керекті дәрігерлік іс-әрекет. Оны орындау үшінтік ішекті бес бағытта қарау керек: адамды шалқасына, оң және сол қырына жатқызып, одан соң төрт тағандатып (шынтақ пен тізені тіреп) және жартылай отырғызып саусақпен көру керек.. Кейінгі жағдайда тік ішектегі ісік сәл де болса төмендеп, көтеннен 8-9 см қашықтықта орналасуы мүмкін.

Саусақпан көру кезінде (11- сурет), резенке қолғап киіп, сұқ саусаққа май жағылады да, ол тік ішекке артқы тесіктен енгізіледі. Саусақты айналдырып ішектің ішкі қабырғасын сипайды. Қалыпты жағдайда ол жұмсақ келеді, еш жерде қатайған түйін немесе қуысқа қарай шығып тұрған өсінді болмайды.

Тексеру кезінде саусақпен қатты бір өспе, не түйін анықталса, онда бірден тік ішек ісігіне күдіктену керек. Ісік түйіні ауырмайды, қозғалысы тежелген, тегіс емес, жағалары бұлтыйып білеуленіп тұрады. Тексерудің соңында, сұқ саусақта міндетті түрде қан болады. Сондықтан осы тәсіл тік ішектің кез келген ауруында қолданылады. Бұл тәсілсіз, тек сыртартқы арқылы диагноз қою - мүлдем қате болып саналады.

Ректороманоскопия- тік ішек ауруларында қолданатын ең негізгі диагностикалық тәсіл (№12- сурет А,Б). Аспапты қолданар алдында ауру адам екі рет тазалау клизмасы (кешке және ертеңмен тексеруден 1,5-2 сағат бұрын) жасалынады.

 

№11- сурет. Тік ішекті саусақпен тексеру.

 

тік ішек айнасы ректоскоп

№12- сурет А. Тік ішекті тексеретін негізгі аппараттар

 

Науқасты екбетімен тізе мен шынтақты тіреп, сәл белін бүгіп жатқызады. Аспаптың ішекке кіретін жағын (тубусын) вазелинмен майлап, артқы тесік арқылы 5-6 см жерге кіргізеді. Осыдан кейін тубустың ішіндегі бітегіш (обураторды) алынып, оған көзбен қарайтын әйнек (окуляр) кіргізіледі; аспапты жарық көзіне қосып, жарық беріліп, көзбен бақылай отырып, оны ақырын жәйлап, 25-30 см-ге дейін ішек қуысына енгізеді. Аспапты ішек ішімен зақымдамай жоғары енгізу кезінде, әуелі резенке балон арқылы, ішек қуысына жел жіберіп, оның қабырғаларын керіп, бақылауға мүмкіндік тудырады. Аспаптың түтігі тік ішектің иірімдеріне сәйкес алдымен аналды бөлімнен өткен соң, сәл жоғары көтеріліп, көлденең бағытқа жетіп, 15-17 см-ден кейін, солға қарай бұрып, қарағанда ректосигмоид бөлімі көрінеді.

Тік ішек қуысы - аспапты жоғары енгізу кезінде және оны ішектен шығарарда - екі рет көріледі.

 

№12- сурет Б. Тік ішекті ректоскоппен қарау.

 

Ректороманоскопия кезінде көзге ішек қуысында экзофитті немесе эндофитті ісік байқалса (№13- сурет), ол ақшыл - қызғылт түсті, ыдыраған ұлпасы болса- жұмсақтау, ал ыдырамаса - қатты ойық жара, беті іріңді қабықпен жабылған, түрткен кезде тез қанайды. Ойық жара, табақша тәріздес келіп, жағалары тегіс емес, беті адыр-бұдыр болады. Ойық жарадан арнайы тістегіш құралмен (хонкотом) ет кесіп, немесе щеткамен оның бетінен жақпа алынады. Кесілген жер қанаса, оны тоқтату ұщін, сол жерді ұзын қысқышпен ұсталған дәкемен біраз басу керек, ал қан тоқтамаса, электр тогымен ол жер күйдіріледі.

 

№13- сурет. Тік ішек рагының эндоскопиялық көрінісі.

 

Жараның ортасынан ет кесіп алуға болмайды, себебі ісіктің ортасы өліеттеніп, ыдырайды, оны зерттегенде еш нәрсе табылмайды, сондықтан биопсияны жараның шеткі жағасынан алу керек. Кесілген заттың көлемі 1,0 см-ден кем болмауы керек (хонкотомның қасығы толу керек), одан төмен болса, онда зерттеу кезінде одан ісікке тән клеткаларды табу мұмкін болмайды. Кейде ісіктің бірнеше жерінен биопсия алуға тұра келеді.

Ирригоскопия- тік ішекті рентгенмен тексеру, ол ішек қуысына барий тұзын енгізу арқылы орындалады. Рентгенограммада ішек қабырғасында толу кемістігі, немесе оның тегістігінің бұзылғаны көрінеді.

Қосымша диагностикалық әдістерге ультрадыбыстық тексеру және компьютерлік томография кіреді. Бұлар ісіктің өсу сатысын анықтау және сол арқылы нәтижелі емдік жоспар жасау үшін қажет.

Тік ішек рагын ерте анықтау жүйесіне скринингті тәсіл жатады, соның ішінде, тік ішекті саусақпен карау мен гемокулт-тестті жүргізу. Тік ішекті саусақпен қарау емханалардың көру бөлмесінде, 45 жастан асқан және қауіп- қатерлі топтағы адамдар арасында жүргізіледі.

Қауіп-қатерлі топтарға: тұқымында тоқ ішек рагымен ауырып, емделгендер, ішектерінде түймешіктері барлар жатады. Оларды әр жылда бір рет саусақпен тік ішекті тексерумен қатар, әр 5 жылда бір рет колоноскопия жасап отыру керек.

Жоспарлы түрде скрининг тәсілі, гемокульттест арқылы жүргізіліп отырылса, әр 1000 адамның 2-4 нен қатерлі ісіктің алғашқы сатылары табылуы мүмкін.