Менеджменттiң мақсаттары мен мiндеттерi

 

Менеджменттiң түпкi мақсаты өндiрiстi басқару мен ғылыми-техникалық базаның дамуын, сондай-ақ бiр мезгiлде әрбiр қызметкердiң бiлiктiлiгiн, шығармашылық белсендiлiгiн, адалдығын арттыра отырып, кадрлық әлеуетті тиiмдi пайдалануды қоса, өндiрiстiк процестi ұтымды ұйымдастыру жолымен фирма қызметiнiң пайдалылығын немесе табыстылығын қамтамасыз ету болып табылады. Фирманың пайдалылығы шығындарды мейлiнше азайту және өндiрiс нәтижесiнен - өнiм мен қызмет шығарудан – алынған кiрiстердi барынша арттыру арқылы қол жететiн оның өндiрiстiк-өткiзу қызметiнiң тиiмдiлiгi туралы куәландырады.

Пайда фирманың өмiр сүру себебi емес, түптеп келгенде нарықпен анықталатын оның қызметiнiң нәтижесi екендiгiне сүйене отырып, менеджмент фирманың сәттi жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасауға арналған. Пайда фирманың одан әрi жұмыс iстеуi үшiн белгiлiктi кепiлдiк жасайды, себебi тек пайда және әр алуан резервтiк қорлар түрiндегi оның кәсiпорындағы қорлануы ғана нарықта тауарды өткiзумен байланысты тәуекелдi шектеуге және жоюға мүмкiндiк бередi. Нарықтағы жағдай әрдайым өзгерiп отырады: нарықтағы бәсекелестердiң жағдайында, қаржыландыру шарттары мен нысандарында, саладағы шаруашылық конъюнктурасының күйiнде өзгерiстер болып тұрады. Тәуекелдiң әрқашан болуы да осыдан. Мұндай жағдайлардағы менеджменттiң мақсаты қазiргi кездегi ғана емес, болашақтағы да тәуекелдi немесе тәуекелдiк жағдайды әрқашан бағындыру болып табылады. Ол үшiн белгiлiктi резервтiк ақша қаражаты және өзгерiп отырған жағдайларға тез жауап қатуы және бейiмделуi мақсатында шаруашылық қызметте менеджерлерге еркiндiк пен дербестiктiң белгiлiктi дәрежесiн беру талап етiледi.

Менеджменттiң өте маңызды мiндетi бар материалдық және адам ресурстарының негiзiнде тұтынушылардың қажеттiлiктерiн ескере отырып тауарлар мен қызметтер өндiрiсiн ұйымдастыру және кәсiпорын қызметiнiң рентабельдiлiгiн және оның нарықтағы тұрақты жағдайын қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған орай менеджменттiң мiндеттерiне мыналар жатады:

- өндiрiстi автоматтандыруды қамтамасыз ету және бiлiктiлiгi жоғары қызметкерлердi пайдалануға көшу;

- олар үшiн жақсы еңбек жағдайларын жасау және барынша жоғары жалақыны белгiлеу жолымен фирма қызметкерлерiнiң жұмысын ынталандыру;

- фирма қызметiнiң тиiмдiлiгiн әрдайым бақылау, фирманың барлық бөлiмшелерiнiң жұмысын үйлестiру;

- жаңа нарықтарды әрдайым iздестiру және игеру.

Өндiрiстiк процестi ұйымдастыру, реттеу, үйлестiру және бақылау жөнiндегi менеджмент мiндеттерiнiң орындалуы және қойылған мақсаттарға жетуi нарықта өз бағасын алады.

Материалдық, қаржы, еңбек және т.б. ресурстардың барған сайын артып отыратын көлемiмен қамтамасыз етудi талап ететiн өндiрiс ауқымының өсуiне қарай басқару мiндеттерi үздiксiз күрделенiп отырады.

 

Менеджмент түрлері

 

Басқару қызметінің әр түрлі салаларында пайдаланылатын менеджменттің алуан түрлерібар.

Ұйымдық менеджмент ұйымды құру, оның құрылымын, басқару тетiгiн қалыптастыру немесе түрлендiру, нормалар, регламенттер, ережелер, нұсқаулықтар және т.б. әзiрлеу процестерiн басқарады.

Өндiрiстiк менеджмент оны қажеттi арнаға бағыттау, субъектiлер мен ресурстарды үйлестiру жолымен кәсiпорынның негiзгi қызметiн тиiмдi жүзеге асыруды қамтамасыз етедi. Бұл жерде «өндiрiстiк» деген терминдi кез келген өрiстiң кәсiпорнына қатысты ретiнде кең тұрғыдан түсiну керек. Өндiрiстiк менеджмент объектiсi мақсат қою, стратегияны таңдау, жоспарлау, өнiм шығару көлемi мен құрылымын оңтайландыру, технологиялық және еңбек процесiн ұйымдастыру, оларды реттеу, ақаулар мен кемшiлiктердi жою, бақылау, адамдарға басшылық ету, ынталандыру және т.б. болып табылады.

Жабдықтау-өткiзу менеджментi шаруашылық шарттарын жасау, шикiзат, материалдар, жинақтаушы бұйымдарды сатып алу, жеткiзу мен ұйымдастыру, өндiрiлген тауарларды сату алдындағы дайындау, сатып алушыларға жөнелту процестерiн басқарады.

Инновациялық менеджмент жаңалықтың енгiзiлуiн басқаруды жүзеге асырады. Оның объектiсi ғылыми зерттеулердi, қолданбалы әзiрлiктердi жүзеге асыру, үйлестiру және бақылау, тауарлар мен қызметтердiң сынақ үлгiлерiн жасау, оларды өндiрiске енгiзу, инновациялық қызметтiң жоспарлары мен бағдарламаларын қалыптастыру және бағалау, олардың ресурстық қамтамасыз етiлуiн ұйымдастыру, шығармашылықты ынталандыру болып табылады.

Маркетинг-менеджмент ұйымның шаруашылық қызметiнiң бүгiнгi таңдағы маңызды әрi күрделi өрiсi – фирманың нарықтағы мiнез-құлқын басқарады. Оның көмегiмен фирманың нарықтағы мiнез-құлқын зерделеу, ағымдық және болашақтағы конъюнктураны бағалау, мақсатты нарықтарды iрiктеу, өткiзу арналарын қалыптастыру, баға және жарнама саясатын жасау және т.б. жүзеге асырылады.

Персонал-менеджмент кадрларды таңдау, орналастыру, үйрету, бiлiктiлiгiн арттыру мiндеттерiн шешедi, көтермелеу және ынталандыру жүйелерiн әзiрлейдi, қолайлы моральды-психологиялық ахуалды құруға, еңбек пен тұрмыс жағдайын жақсартуға, кәсiподақ ұйымымен байланыс орнатуға, еңбек даулары мен жанжалдарын шешуге жауап бередi.

Қаржы менеджментi ұйымның бюджетi мен қаржы жоспарын құру сұрақтарымен, оның ақша ресурстарын, инвестиция портфелiн қалыптастыру және бөлумен, ағымдық және келешектегi қаржы күйiн бағалаумен шұғылданады.

Эккаунтинг-менеджмент ұйымның жұмысы туралы деректердi жинау, өңдеу және талдау процесiн, мәселелердi уақтылы табу, резервтердi ашу және бар әлеуетті толық пайдалануды қамтамасыз ету мақсатымен оларды бастапқы және жоспарлық көрсеткiштермен, өзге ұйымдар қызметiнiң нәтижелерiмен салыстыруды басқарады.

Соңғы жылдары бiлiмдi табу, iрiктеу, сақтау, тарату, оларға қосымша құндылық беру, сұрыптау көмегiмен олардың сапасын арттыру, тұтынушыларға оларды iс жүзiнде барынша тиiмдiрек пайдалануға мүмкiндiк беретiн жаңа нысанға келтiру процестерiн басқаратын бiлiм менеджментi туралы белсендi түрде сөз қозғауда. Одан басқа, бiлiм менеджментi үйретушi ортаны, оның iшiнде адамдар әрдайым ақпаратпен алмасатын және оларды тиiмдi меңгеру үшiн барлық мүмкiндiктер бар интерактивтiк ортаны, құрумен байланысты. Бiлiмдi басқарудағы негiзгi мiндет бар ақпараттық ресурстарды, алдыңғы қатарлы тәжiрибелердi, шығармашылық мүмкiндiктердi табу, айырбастау мен пайдалануды жеңiлдету болып табылады.

Сондай-ақ басқарушылық қызмет бағдарланған кезеңге байланысты менеджменттi үшке бөледi:

1. Ағымдық менеджмент сәйкес объектiнiң параметрлерiн уақыттың нақты ауқымында мүмкiн болатын ауытқулар аясында ұстап тұруды қамтамасыз етедi.

2. Озық (перспективалы) менеджмент тәуекелдi ескере отырып жаңалық енгiзудi болжау, жоспарлау және iске асырумен байланысты.

3. Бақылаушы менеджмент бұрын қабылданған шешiмдердiң келеңсiз салдарын жоюға бағытталған.

Тарау