Ауыз кілегейлі қабығына шығатын бөрткендер

 

Ауыздың кілегейлі қабығы мен еріндер ауруларының диагнозын нақтылау үшін онда көбірек шығатын бөрткендерді (сыпь) немесе патоморфологиялық элементтерді жақсы білу керек. Ауыз ішіне шығатын бөрткендердің көпшілігі теріге шығатын бөрткендерге ұқсас келеді.

Барлық бөрткендерді біріншілік және екіншілік деп екі топқа бөледі. Біріншілік бөрткендер - өзгермеген теріге немесе кілегейлі қабық бетіне алғаш шыққан бөрткендер. Екіншілік бөрткендер біріншілік бөрткендердің кейінгі даму сатысында пайда болған немесе осыған дейін өзгеріске ұшыраған кілегейлі қабық немесе тері бетіне шыққан бөрткендер.

Біріншілік бөрткендер кілегейлі қабықтың түсін өзгертетін (дақты бөрткендер – пятнистая сыпь), рельефін өзгертетін – инфильтративті және жалқықты (экссудативті) бөрткендер болып бөлінеді.

Біріншілік бөрткендердің даму тегі бірдей болса, оларды біртекті бөрткендер (моноформная сыпь), ал тегі әртүрлі болса (дақ, түйіншек, көпіршік), көп текті бөрткендер (полиморфная сыпь) деп атайды. Көп тектілік шынайы (истинный полиморфизм) немесе жалған (ложный полиморфизм) болуы мүмкін. Мысалы бір жерде көпіршік бөрткен сақталған, екінші жерде ол жарылып жұқа жараға (эрозияға), ал үшінші жерде эрия тереңдеп ойық жараға айналған. Бұл көрініс жалған көптектілік құрайды.

 

Дақты бөрткендер – (пятнистая сыпь)

 

1-сурет. Дақ. 1-жабынды эпителий, 2 –нағыз дәнекертін қабаты, 3 — қан тамырларының кеңейуі. Сайт-http://stomatologist.org/  
Дақ (пятно – macula) – кілегейлі қабық пен терінің және ерін жиегінің шағын аймақта түсінің өзгеруімен сипатталатын бөрткен. Дақтың бір ерекшелігі сипап тексергенде сезілмейді (кілегей қабықтың рельефі өзгермейді). Дақты бөрткендердің түсі әртүрлі болуы мүмкін.

Даму ерекшеліктеріне қарай дақтар қабынбалық (воспалительное пятно) және қабынбалық емес (невоспалительное пятно) болып бөлінеді.

Қабынбалық дақтар қабыну кезінде әр түрлі қан тамырларының (артериолардың, веналардың) кеңеюі (артериальная, венозная гиперемия) нәтижесінде дамиды және түстері қан тамырларының түстеріне сай шымқай қызыл немесе көкшіл-қызыл түсті болады (1-сурет) . Диаметрі 1,5 см-ге дейін домалақ пішінді қабыну дағы розеола, ал көлемді қабыну дағы эритема (қызарма) деп аталады. Розеолалар екіншілік мерез, қызылша кезінде, эритемалар ауыз кілегей қабығының әртүрлі әсерлерден катаральды қабынулары кезінде орын алады. Қабыну дағына тұрақсыздық тән, егер оның бетіне мөлдір шыны немесе пластмасса қалақша (шпатель) қойып, қаттырақ басса (витропрессия әдісі), дақ жоғалып кетіп, қысым басылған кезде қайта пайда болады.

Беткей орналасқан қан тамырлары қабырғаларының салданып кеңеюінен дамыған дақтарды телеангиэктазиялар деп атайды.

Қабынбалық емес дақтарға геморрагиялық, пигменттік және тамырлық дақтар жатады. Кілегейлі қабық және тері қан тамырларының өзгеріске ұшырауы (өткізгіштігінің жоғарылауы және қабырғаларының бүтіндігінің бұзылуы) нәтижесінде тіндерде қан құйылу ошақтарының пайда болуынан дамитын дақтар геморрагиялық дақтар деп аталады. Нүктелі қан құйылу ошақтарын геморрагиялар (геморрагии) немесе петехиялар, диаметрі 0,2-0,5 см ошақтарды пурпуралар, ал ірі белгілі бір пішінсіз қан құйылу ошақтарын экхимоз, үлкен көлемді жолаққа немесе сызатқа ұқсас қан құйылу ошақтарын вибицес (vibices) деп атайды. Экхимоздың бір түрі – гематома (синяк – көгерік). Геморрагиялық дақтар үстінен қысым көрсетілген кезде жоғалып кетпейді. Солардың бірі гематома, тереңірек орналасады, аймағындағы тіндер ісінеді және түсі өзі пайда болғаннан кейін өткен уақытқа байланысты қызыл, көкшіл-қызыл, жасылдау, сары және қоңыр болып өзгереді (көпшілік арасында оны «көгеріктің гүлденуі (цветение синяка)») деп атайды. Геморрагиялық дақтардан кейін ешқандай із қалмайды, сирек жағдайда пигментациялық дақ пайда болады, ал пурпура ошағында эпителий қабаты өліеттеніп, жұқа немесе ойық жараға айналуы мүмкін.

Пигменттік немесе дисхромиялық дақтар ( пигментные или дисхромические пятна) теріде немесе кілегейлі қабықта пигменттің шамадан тыс жиналуынан (гиперпигментация), азаюынан немесе жойылуы әсерінен (депигментация) дамиды. Шамадан тыс пигменттену туа пайда болуы (қалдар – родимые пятна) және жүре пайда болуы мүмкін (секпілдер, екі қабат кездегі хлоазма, бауыр ауруы кезінде сары түстену, Аддисон ауруы кезінде терінің қола (бронза) түстенуі). Пигменттің жоқтығы да туа дамуы (альбинизм) және жүре дамуы (витилиго - ахромия) мүмкін.

Кілегей қабықтың түсінің өзгеруі эпителийдің шамадан тыс мүйізгектенуі кезінде де байқалады. Ол кезде ақшыл-сұр немесе ақ түсті күңгірт мүйізгектенген ошақтар пайда болады (лейкоплакия кезінде). Әр түрлі дәрі-дәрмектер, ас тағамдарын қабылдау (шие, таңқурай тосаптары, жеміс шырындары) кілегейлі қабықтың түсін өзгертуі мүмкін (көбінесе тіл үстіндегі жіпке ұқсас бүртіктер боялады).