Екіншілік бөрткендер

Екіншілік дақ (вторичное пятно – macula secundaria) пигментациялану дағы және депигментациялану дағы (pigmentatio, depigmentatio) деп екі түрге бөлінеді және кез-келген жазылған біріншілік, екіншілік бөрткендердің (түйіншек, көпіршік, күлбіреуік, эрозия) орнында пигменттің (меланиннің) көптеп құрылуы немесе жойылуы әсерінен дамиды. Кейде қан тамырларының қабырғалары бұзылған кезде гемосидериннің тінге шөгуі нәтижесінде де пайда болады. Мысалы, көпіршікті теміреткі (пузырковый лишай) ауыз төңірегіндегі теріге шығып жазылғаннан кейін орнында көкшіл-қоңыр түсті пигментациялану дағы пайда болып, көпке дейін сақталатын жағдайла жиі кездеседі (дәрігерлік тәжірибеден келтірілді).

9-сурет. Тілдің бүйір бетінің кілегейлі қабығындағы жұқа жара-эрозия және оның схемалық құрылысы. 1- жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық қабаты, 3- эпителийдің бүтіндігі бұзылуынан пайда болған беткей ақау. Сайт-http://stomatologist.org/  
Жұқа жара (эрозия – erosio) – кілегей қабық пен терінің жабынды эпителий қабатының бүтіндігінің бұзылуынан пайда болатын екіншілік бөрткен, тыртықтанбай жазылады, көлемі әр түрлі болады. Диаметрі 2-7 мм, домалақ немесе сопақ пішінді, беті фибринді қақпен жабылған, төңірегі ашық-қызыл түсті гиперемиялы (қызарған) жіңішке қабынбалық жолақпен қоршалған эрозияны «афта» (aphtaе-язвочка) деп атайды.

Жұқа жара-эрозия көбінесе көпіршік және күлбіреуік бөрткендер жарылған кезде пайда болады және осы бөрткендердің табаны (дно) болып табылады, олардың пішіндерін қайталайды. Көптеген ұсақ эрозиялар біріккен кезде аумақты жарақат ошағына айналады. Көпшілік жағдайда жұқа жара тез жазылады (4-5 күн ішінде) және соңында ешқандай тыртық қалдырмайды. Егер эрозия ұзақ уақыт жазылмаса, жиектері домбығып немесе инфильтраттанып барып, ойық жараға (язва) айналуы мүмкін. Көптеген эрозиялар қуысты бөрткенсіз де дамиды (эрозияланған папулалар екіншілік мерез кезінде, қызыл жалпақ теміреткі мен қызыл жегінің эрозиялы-жаралы түрлерінде, жабынды эпителийдің бүтіндігі жарақаттаушы ықпалдар әсерінен бұзылған кезде). Бұлар қабынуға ұшыраған кілегейлі қабықтың оңай зақымдануы нәтижесінде дамиды.

Жабынды эпителийдің беткей қабаттарының зақымдаушы ықпалдар әсерінен жыртылуынан пайда болған ақауды жырым (ссадина – excoriatio) деп атайды. Мысалы, терінің қышыма аурулары кезінде қатты қасудың нәтижесінде эпидермистің жоғарғы қабаттары жыртылуынан жұқа қанды жолақты жырымдар пайда болады.

 

 

10-сурет. Тілдің бүйір бетінің кілегейлі қабығындағы ойық жара және оның схемалық құрылысы. 1-жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық қабаты, 3-жабынды эпителий және нағыз кілегейлі қабық қабатының бүтіндігінің бұзылуы нәтижесінде пайда болған терең ақау.сайт-http://stomatologist.org/  
Ойық жара немесе жара (язва – ulcus) - кілегей қабық пен терінің барлық қабаттарының бүтіндігінің бұзылуынан пайда болған ақау (10- сурет). Жара тыртықтанып жазылады, көбінесе тіндердің өліеттенуі, бұдырмақтар мен түйіндердің, қатерлі ісіктердің ыдырауы нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар ойық жара жұқа жараның тереңдеуінен, тіндердің қорегі бұзылып өліеттенуі нәтижесінде де дамуы мүмкін (трофикалық жара). Ойық жараның жиектері (края), табаны (дно) және қабырғалары (cтенки) болады. Жара жиектері бірде тегіс, ыдыстың жиегіне ұқсас, бірде тегіс емес, су шайған жарға ұқсас жырым-жырым немесе жара табанын жартылай жапқан жабындыға ұқсас болады. Жараның табаны мен жиегі бірде жұмсақ, бірде тығызданып, табаны іріңді қақпен кейде өліеттенген тінмен немесе тез қанайтын бүртікті өсіктермен жабылады.

11-сурет. Тілік және оның схемалық құрылысы. 1-жабынды эпителий, 2-нағыз кілегейлі қабық қабаты, з-эпителий қабатының түзу жыртылуы. Сайи-http://stomatologist.org/
Тілік (трещина – fissura, rhagades) – кілегейлі қабық пен терінің созылымталдық қасиеті (эластичность) төмендеуінен түзу жыртылуы нәтижесінде пайда болатын тереңдігі әртүрлі сызатқа ұқсас ақау (11-сурет).Тіндердің созылымталдық қасиеті көбінесе ұзақ уақыт инфильтраттануға ұшыраған, жабынды эпителийі шамадан тыс мүйізгектенуге және ұзақ уақыт домбығуға ұшыраған тіндер аймағында төмендейді. Тіліктер көбінесе еріндер жиектерінде, екі езуде жиі пайда болады. Эпителий қабатында ғана пайда болған тілікті беткей тілік немесе жүлге (fissura) деп атайды және ол тыртықты із қалдырмай жазылады. Егер тілік терең болса, оны терең тілік (глубокая трещина – rhagades) деп атайды, жазылғаннан кейін орнында сызатқа ұқсас тыртық пайда болады.

 

 

Қабыршақ-(чешуйка–squama)-жабынды эпителий қабатының шамадан тыс мүйізгектенуінен немесе толық мүйізгектенбеyінен

12-сурет. Төменгі ерін жиегіндегі қабыршақтар және олардың схемалық құрылысы. 1- жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық қабаты, 3- қабыршақтар. Сайт-http://stomatologist.org/  
пайда болған, қалыпты түлеу үрдісінің бұзылуы нәтижесінде астындағы тіндерден толық ажырамаған құрғақ мүйізгекті эпителий пластинасы (12-сурет). Қалыпты жағдайда мүйізгекті қабат жасушаларының түлеуі байқалмайды, ал патологиялық үрдістер кезінде түлеген, бірақ толық ажырамаған қабыршақтар жақсы көрінеді. Қабыршақтардың түстері әр түрлі: ақшыл, ақшыл-сұр, ақшыл-сары, ақшыл-қоңыр болып келеді. Көлемдері де әртүрлі болады: бірде ұсақ, ұнның кебегіне ұқсайды (кебекке ұқсас түлеу – отрубевидное шелушение), бірде үлкен көлемді жапыраққа ұқсас келеді (жапырақша немесе жапырақтана түлеу – листовидное или эксфолиативное шелушение). Кейбір жағдайларда қабыршақтар аймағында жалқықтану үрдісі дамыса, оларға жалқық сіңіп ылғалданады. Мұндай құрылымды «қабықша-қабыршақ» (корка-чешуйка) деп атайды. Қабыршақтар жабынды эпителийдегі акантоздану және гиперкератоздану үрдістерінің нәтижесінде пайда болады.

Қабықша (корка – crusta)әртүрлі жалқықты сұйықтықтардың кеуіп құрғауынан пайда болатын бөрткен (13-сурет). Көбінесе қуысты бөрткендердің сұйықтықтарының, жұқа және ойық жаралардан бөлінген жалқықтардың кебуі нәтижесінде пайда болады. Қабықшалардың түстері кепкен жалқыққа байланысты: сарысулы жалқықтан – сары-сұр немесе кір-сұр түсті; іріңді жалқықтан – сары-жасыл түсті; геморрагиялық (қанды) жалқықтан – қызыл-қоңыр түсті қабықшалар пайда болады.

13-сурет. Жоғарғы ерін жиегіндегі сарысулы қабықшалар және оның схемалық құрылысы. 1- жабынды эпителий, 2- нағыз кілегейлі қабық қабаты, 3- қабықшалар.сайт-http://stomatologist.org/  
Ауыздың кілегей қабығы бетінде ауыз ішінің ылғалдығына байланысты қабықшалар кездеспейді, оларға эквивалентті құрылымдар фибринді немесе іріңді-фибринді, өліетті қақтар болып саналады.

Тыртық (рубец – cicatrix) – кілегей қабық пен теріде түрлі терең ақаулардың орнын басқан дәнекер тіннен тұратын жаңа құрылымды элемент. Тыртық негізінде коллаген талшықтарынан тұрады, беті жұқа эпителий қабатымен жабылған, дәнекер тін және эпителий бүртіктері, май, сілекей бездері болмайды, қан тамырлары мен нерв ұштары өте аз.

Тыртықтың беті тегіс және жазық болып келеді, ал кейбір аурулар кезінде бетінде түкті-бүртіктер, көпірге ұқсас жолақты қосқыш құрылғылар (перемычки), ұсақ қалталар болуы мүмкін. Бір жағдайларда тыртық төңірегіндегі тіндерден төмендеу орналасады және атрофиялық тыртық (атрофический рубец) деп, ал биіктеу орналасса гипертрофиялық немесе келлоидты тыртық (гипертрофический или келлоидный рубец) деп аталады. Кейбір аурулар кезінде (ошақты қызыл жегі) патологиялық инфильтративті ошақ кері дамыған кезде жараға ауысу сатысынсыз бірден тыртықтанады және мұндай үрдісті тыртықты атрофиялану (рубцовая атрофия) деп атайды.

Бүршіктену немесе вегетациялану (вегетация – vegetationes) – тері мен кілегей қабық дәнекер тіні қабаты бүртіктерінің шамадан тыс өсіп көбеюімен және тікенекті қабаттың қалыңдауымен сипатталатын патологиялық үрдіс. Сырттай қарағанда вегетациялар – қораздың айдарына немесе түсті капустаға (қырыққабатқа) ұқсайтын жұмсақ, беті бұдырмақты құрылымдар. Вегетациялар көбінесе эпителийдің бүтіндігі бұзылған аймақтарда (эрозиялар және беттері жалаңаштанған папулалар беттерінде) пайда болады (вегетациялаушы күлбіреуікше), кейде біріншілік бөрткен түрінде де дамуы мүмкін (үшкірұшты кондиломалар екіншілік мерез кезінде).

Эпителий гиперплазиясы немесе эпителий тінінің шамадан тыс құрылуы (гиперплазия эпителия) – базальды және тікенекті қабат жасушаларының шамадан тыс көбеюі нәтижесінде эпителий қабатының қалыңдауымен сипатталатын патологиялық үрдіс.

Эпителийдің атрофиялануы (атрофия эпителия) – жаңа жасушалар құрылу үрдісінің (митоздың) тежелуіне, олардың көлемдерінің кішіреюіне байланысты эпителий қабатының жұқаруымен және нағыз кілегейлі қабық дәнекер тінді бүртіктердің жойылуымен сипатталатын патологиялық үрдіс.

Кератоздану – қалыпты жағдайда эпителий мүйізгектенбейтін аймақта мүйізгекті қабаттың құрылуы, ал мүйізгектенетін аймақта тікенекті қабаттың жоғарғы қатарында орналасқан жасушалар цитоплазмасында кератогиалин түйіршіктерінің пайда болып, мүйізгекті қабаттың құрылуы.

Дискератоздану – мүйізгектену үрдісінің бұзылуы. Бұл кезде мүйізгектенуге ұшыраған жасушалар кез келген эпителийдің терең қабаттарында (көбінесе тікенекті қабатта) жарық жасушалар түрінде (Дарье жасушалары-светлые клетки Дарье) кездеседі.

Эпителийдің жалған эпителиоматозды гиперплазиясы (псевдоэпителиоматозная гиперплазия) – инвазивті акантоздану, тікенекті қабат жасушаларының дәнекер тін қабатына қарай ұзын өсіктер жіберіп өсуі және қалыңдауы. Бұл өсіктердің базальды қабат жасушаларымен байланысы үзілмейді және атипиялану, дискератоздану, жасушалық полиморфизм сияқты үрдістер орын алмайды.

Эпителий дисплазиясы – базальды қабатта жетілу және өзіндік ерекшелікке ие болу қасиеті төмендеген жасушалардың шамадан тыс көбеюі. Жасушалар реттілікпен қатар құрып орналасу мүмкіндігінен айырлып, полярлық қасиеттерін жоғалтады, ядроларында гиперхромия, атипиялық белгілер байқалады.

Ауырлығына қарай эпителий дисплазиясының үш дәрежесін (жеңіл, орта және ауыр) ажыратады. Эпителий дисплазиясы обыралды патологиялық үрдіске жатады және ауыр дәрежесін обырға тән өзгерістерден ажырату қиынға соғады.

Папилломатоз – дәнекер тін қабаты бүртіктерінің шамадан тыс жабынды эпителий бағытында өсуі.

Папиллома – жабынды эпителийден дамыған қатерсіз ісік. Диаметрі 0,5-1,5 см, пішіні емізікке немесе саңырауқұлаққа ұқсас, консистенциясы жұмсақ немесе аздап тығыздау келеді. Жабынды эпителийде акантоздану, паракератоздану, кератоздану және гиперкератоздану орын алады.

Лихенизациялану (лихенификация – lichenificatio) – тері суретінің тым анық болуы, акантоздану және дәнекер тіннің бүртікті қабатында көлемді инфильтраттану ощағының пайда болуы нәтижесінде дамитын үрдіс. Мұндай ошақта тері немесе еріндер қызыл жиегі аздап қызарады және тығызданады, құрғақ және қабыршақтана түлеуге ұшырайды (қызыл жегі және қызыл жалпақ теміреткінің әдеттегі түрлері және басқа аурулар кезінде).

 

 

ТАРАУ