Жоғары тісжегі немесе кіреуке тісжегісі

2-сурет. Жоғары тісжегі. сайт-http://www.ichilov.net/
Жоғары тісжегі ақ немесе пигменттелген дақтар аймағында кіреукедегі құрылымдық өзгерістер нәтижесінде дамиды және кіреукенің бүтіндігі бұзылып, патологиялық үрдіс кіреуке-дентин шекарасына жетеді. Бұл кезде бұзылған тісте механикалық және химиялық тітіркендіргіштерден ауыру сезімі пайда болып, ықпал етуші әсер тоқтағаннан кейін тез басыла қояды. Ауыру сезімінің пайда болуын кіреуке-дентин шекарасындағы нерв ұштарының тітіркенуімен түсіндіріледі (бірақта соңғы уақытқа дейін кіреуке дентин шекарасында нервтік элементтер әлі анықталған жоқ).Тіс қатарын қарап тексергенде көбінесе азу тістердің шайнау бетерінде таяз тісжегі қуысы анықталады, көбінесе ас қалдықтарымен жабылған (2-сурет). Сүңгілеп байқағанда қуыс табанында ауыру сезімі тіс мойындарында орналасқан тісжегі қуыстарында күштірек сезіледі. Тіс ұлпасының электрқозғыштығы 2-6 мкА тең. Жоғары тісжегіні сына тәрізді ақаудан, тістер гипоплазиясының нүктелі, шәшкеге ұқсс түрлерінен, флюороздың эрозиялы түрлерінен ажырата білу керек.

Орта тісжегі.

3-сурет. Орта тісжегі. сайт-http://www.colgate.ru/
Тісжегінің бұл түрінде кіреуке-дентин шекарасының бүтіндігі бұзылып, патологиялық үрдіс жабынды дентин қабатында дамиды. Орта тісжегі кезінде науқас ешқандай шағым айтпауы мүмкін. Себебі біртіндеп пайда болған жылтыр дентин және үшіншілік дентин қабаттары ұлпаның әртүрлі тітіркендіргіштерге жауабын төмендетеді. Ал қарқынды дамыған түрінде ауыру сезімі көбінесе механикалық,температуралық тітіркендіргіштерден тез пайда болып, тез басылады. Тіс қатарын тексеріп қарағанда бұзылған тісте орта тереңдіктегі тісжегі қуысы анықталады. Тісжегі қарқынды дамыған кезде қуыстың кірер ауызы тар (көбінесе І – кластық тісжегі қуыстары кезінде), іші ақ түсті ыдыраған дентинге және ас қалдықтарына толған, қабырғасында ақшыл-сұр түсті оңай аршылатын жұмсарған дентин қабаты бар. Сүңгілеп тексергенде кіреуке-дентин шекарасында ауыру сезімі бар. Тісжегі баяу дамыған кезде қуыстың аузы үлкендеу болады, ішінде ыдыраған дентин аз мөлшерде кездеседі, көбіне қабырғаларында сары, сары-қоңыр түсті жұмсарған дентиннің қалың қабаты анықталады және оңайлықпен аршыла қоймайды (3-cурет). Сүңгілеп байқағанда кіреуке-дентин шекарасында, табанында ауыру сезімі болмайды. Ауыру сезімі кіреуке-дентин шекарасында қуысты егеп-тазалап жатқанда немесе тазалағаннан кейін сүңгілеп тексергенде байқалуы мүмкін. Тазаланған қуыстың табаны пигменттелген, өте қатты және жылтыр.

Ас қалдықтарынан, ыдыраған және жұмсарған дентиннен тазаланбаған қуыстың тереңдігін көрер көзбен немесе сүңгілеп анықтау қиын. Кейде жұмсарған дентиннің қалыңдығы соншалық, орта тісжегіге санап тұрған қуыс тазалағаннан кейін терең тісжегі қуысына айналады және жұмсарған қалың детин қабаты да тітіркендіргіштер әсерін ұлпаға өткізбейді.

Тісжегі қуысын егеп-тазалаған кезде де ауыру сезімі көп болмайды, сирек жағдайда қабырғаларында кіреуке-дентин шекарасына жақын аймақта ауыру сезімі пайда болуы мүмкін. Тістің электр қозғыштығы 2-6 мкА тең.

Орта тісжегіні сынаға ұқсас ақаудан, кіреуке эрозиясынан, терең тісжегіден және периодонттың созылмалы қабынуынан ажыратады (сауыт қуысы ашыылмаған жағдайда). Сынаға ұқсас ақау мен кіреуке эрозиясы кезінде жарақат ошақтары олардың тек өздеріне тән аймақтарында дамиды және қабырғалары қатты, тісжегімен асқынбаса жұмсарған дентин болмайды.

Терең тісжегіден науқастың шағымы және объективтік белгілері бойынша ажыратады.

Орта тісжегінің периодонттың созылмалы қабынуымен ұқсастығы – тісжегі қуыстары бола тұрса да ауыру сезімінің болмауы. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде сауыт қуысы кейде жабық болғанымен, егеп-тазалаған кезде оңай ашылады және тазалау кезінде, сауыт қуысы ашылған кезде де ауыру сезімі болмайды. Перидонттың қабынуы кезінде ешқандай тітіркендіргіштер ауыру сезімін туындатпайды және тіс ұлпасының электрқозғыштығы 100 мка жоғары.

Терең тісжегі.

4сурет. Терең тісжегі. сайт-http://www.ichilov.net/
Орта тісжегі ауыру сезімі аса мазаламағандықтан немесе қуыстың тістердің жанасу бетінде орналасуынан көп жағдайда байқаусыз қала беруі мүмкін. Сондықтан тісжегі қуысы тереңдеп ұлпа маңындағы дентин бұзылады және қуыс табанында жұмсарған жұқа дентин қабаты ғана сақталады(тісжегі қарқынды дамыған кезде) немесе пигменттелген жылтыр дентин қабаты (баяу дамыған кезде) пайда болады. Бұл кезде қуыстың табаны тіс мойыны деңгейінен аз ғана жоғары орналасады. Кейде қуыстың тереңдегені соншалық, біріншілік дентин қабаттары жойылып, екіншілік дентин қабаты бұзыла бастайды. Терең тісжегі кезінде болатын негізгі шағымдар- бұзылған тісте механикалық, температуралық және химиялық әсерлерден пайда болатын ауыру сезімі және оның әсер етуші ықпал жойылған кезде тез басылуы. Тісжегінің басқа сатыларына қарағанда мұнда ауыру сезімі күштірек және тіс көбінесе суықтан қақсап ауырады.

Қарап тексергенде терең және кең тісжегі қуысы анықталады, ішінде ас қалдықтары, ыдыраған дентин сақталған, қабырғасында пигменттелген кейде пигменттелмеген ақшыл-сары түсті жұмсақ дентин қабаттары анықталады (4-cурет).

Қуыстың табаны бірде өте жұмсақ, байқап сүңгілемесе ұлпа мүйізшесі ашылып кетуі мүмкін, әлсіз сүңгілегеннің өзінде табанында ауыру сезімі байқалады (қарқынды дамыған тісжегі кезінде). Кейде қуыстың табаны пигменттелген, қаттылау, қаттырақ сүңгілеп байқағанда ғана ауыру сезімі туындайды (баяу дамыған тісжегі кезінде). Терең тісжегі кезінде ұлпаның электр қозғыштығы 6-8 мка тең, кейде аздап төмендеуі де мүмкін (10-15 мка шамасында). Ескере кететін жағдай, терең тісжегі қуысы тістердің жанасу беттерінде орналасқан кезде әртүрлі тітіркендіргіштерден ауыру сезімі мазалай бермейді. Тісжегі қуысы кеңейіп, қуыстың шайнау беті немесе еріндер жақ беттері қабырғаларындағы дентин толығымен минералсызданып, жабынды кіреуке шайнау күштері әсерінен бұзылған кезде ғана сырқат тіс мазалай бастайды және тісжегі қуысы анықталады. Бұндай жағдай көбінесе жоғарғы жақ тістерінде жиі орын алады.

Терең тісжегіні орта тісжегіден, ұлпаның жартылай жедел қабынуынан (острый частичный пульпит), созылмалы жай (фиброзды) қабынуынан, периодонттың созылмалы қабынуынан ажырата білу керек. Ұлпаның жартылай жедел қабынуына өз бетімен пайда болатын қстамалы, бірақ ұзаққа созылмайтын, сырқат тіспен ғана шектелетін ауыру сезімі тән. Әртүрлі тітіркендіргіштер ауыру сезімін туындатады немесе күшейте түседі. Тістің электрқозғыштығы 20-25 мка, кейде бұл көрсеткіштер одан да жоғары болуы мүмкін. Ұлпаның созылмалы жай қабынуы кезінде ауыру сезімі әртүрлі тітіркендіргіштер әсерін туындайды, қарқындылығы аса күшті емес (сыздап ауырады) және ұзаққа созылып барып басылады. Сауыт қуысы көбіне тісжегі қуысымен байланысып жатады кейде сауыт қуысы жабық болуы мүмкін. Тістің электрқозыштығы 30-40 мкА. Баяу дамыған терең тісжегіні кейде периодонттың созылмалы қабынуынан (сауыт қуысы ашылмаған кезде) ажыратуға тура келеді.

Кейде тісжегі қуысының ауызы тар болған жағдайда астың қалдығы мен ыдыраған дентин ұзақ сақталып, тісте түн кезінде өз бетімен мазалайтын ауыру сезімі пайда болады және күндіз мазаламайды. Ауыру сезімі бірнеше түн қатарынан қайталануы мүмкін. Ауыру сезімі түнге қарай көбінесе тәтті тағамдар жеген кезде жиірек қайталанады. Мұндай жағдайдағы ауыру сезімі көбіне көмірсулы ас қалдықтарының ыдырап, қышқылдар құрылуы нәтижесінде және жұмсарған дентиннің ыдырауынан пайда болған уытты заттар мен микроорганизмдердің уыттарының ұлпаны тітіркендіруі әсерінен дамиды. Көптеген авторлар мұны ұлпа гиперемиясы (гиперемия пульпы) cимптомы деп түсіндіреді (Урбанович Л. И., Яворская Е. С.,1964). Бұл кездегі ұлпаның жағдайын анықтау үшін тісжегі қуысын егеп-тазалап, жылы ертінділермен жуып-кептіріп, 7-10 күнге уақытша пломбымен жабады. Белгіленген уақыт ішінде өз бетімен ауыру сезімі туындамаса – терең тісжегі деген диагноздың дәлелдегені.