Азықтандыру түрлері

Қой шаруашылығы - өнімді де, табысты сала. Ол халықты сапалы етпен, өндірісті - жүн, тері, елтірі сияқты шикізатпен қамтамасыз етеді. Қой өзінің жаратылысында - жайылым малы, көк шөп оның табиғи азығы. Бұл саланы жайылымсыз өркендету мүмкін емес. Қой тұмсығы мен ернінің, тістерінің ерекшеліктері оның жайылымға бейімделген мал екендігін дәлелдеді. Қойдың тұмсығы ілгері қара бағытталған сүйір, күрек тістері өткір, еріндері жұқа, икемді, епті келіп, азу тістері қатты азықты ұсатуға бейімделген. Ол биіктегі 3-5 см, тіпті одан да төмен қылтиып шыққан шөпті тістеп жей алады, ал мұндай аласа шөпті басқа мал жей алмайды. Қой жердегі масақты, тіпті түсіп қалған дәнді де, сондай-ақ сояулы шөптер мен бұталар бұтақтарының жапырақтарын да жеп, басқа мал түлігінің ашығатын жайылымында өзіне қажетті азығын тауып, қорек ете береді.

Қойдың осы айтылған биологиялық ерекшеліктерін, оның басқа ауыл шаруашылығы жануарларға қарағанда жайылым шөбінің түрлерін бір жарым - екі есе артық жей алатындығын бір жақты түсініп, бұл қойдың азыққа көнбіс, талғампаз еместігінің белгісі деп бағалау қате. Керісінше, бұның өзі қойдың азықтың алуан түрлі болып келуіне бағытталған, яғни азықтандырудың биологиялық жағынан толық құнды болуына қойылған қатал талабының көрсеткіші екендігін, бұл талаптың қойдың бүкіл эволюциялық дамуының нәтижесінде туғандығын дәлелдейді.

Қой азықтың бір түрімен ұзақ уақыт азықтандыруға төзе алмайды. Біркелкі азық олардың тәбетін төмендетіп, тіршілік қабілеті мен өнімін, мөлшері мен сапасын күрт кемітіп жібереді. Қойды жеткіліксіз, нашар азықтандырған кезде жүні мүлде дерлік өспей қалады. Ал ағзаға түскен қоректік заттар ең алдымен оның тіршілігіне, өсіп-жетілуіне қажетті процесстерге жұмсалады да, артылса ғана жүннің өсуіне пайдаланылады. Егер ұзақ уақыт қоректік заттар, әсіресе азот пен фосфор, кальций жетіспесе, организм тіршілік етуі үшін бұл заттардың жетіспеген мөлшерін жүннің құрамынан алып пайдаланады. Сонымен бірге бұл кезде өскен жүннің сапасы төмендеп, жүн талшықтары жіңішкеріп кетеді. Мұндай жүн тез үзіледі, төменгі сұрыпқа жатқызылады, әрі бағасы анағұрлым төмен болады. Сайып келгенде қой шаруашылығында, әсіресе биязы жүнді немесе жүнді-етті бағыттағы қой өсіргенде, аз ғана уақыт берілген сапасыз азық жыл бойғы еңбектің нәтижесін төмендетіп жібереді. Сиыр мен шошқа шаруашылығында мал азығының жеткіліксіз болып қалуы, олардың салмағы мен сүт өнімін тек сол мерзімде ғана төмендетеді, бірақ ол малдың жыл бойындағы өніміне оншама әсер ете қоймайды. Осының өзі, азықтың үздіксіз жеткілікті болып тұруының қой шаруашылығында айрықша маңызы бар екенін көрсетеді.

Межемен азықтандырудың негіздері

Мал өнімділігін арттырып, оның шаруашылыққа пайдалы басқа да көрсеткіштерін жақсарта түсу үшін ең алдымен төмендегі мәселелерге назар аудару керек:

- мал ағзасындағы зат алмасу ерекшеліктеріне, жасына, жынысына және өнімділігіне байланысты, қоректік заттарға деген қажеттігі, яғни азықтандыру нормасы;

- азықтандыру рационы;

- азықтандыру типі (жүйесі).

 

Азықтандыру межесі

Малдың қоректік заттарға деген қажеттілігі арнайы жүргізілген ғылыми-шаруашылық, физиологиялық тәжірибелерде зерттеледі. Жан-жақты жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде малдың біркелкі өсіп, сүт, ет, жүн сияқты өнім беруі, буаз малдың іштегі төлі дұрыс жетілуі үшін олардың ағзасына қажетті қоректік заттардың мөлшері, яғни азықтандыру нормасы анықталады. Азықтандыру нормасы деп малдан сапалы, әрі мол өнім алуға қажетті қоректік заттардың тәуліктік мөлшерін айтады.

Азықтандыру нормасы малдың физиологиялық күйіне, жынысына, жасына, тірілей салмағы мен өнімділігіне байланысты жасалып, малдың азыққа деген тәуліктік мұқтаждығының шамасын білдіреді. Елімізде қабылданған азықтандыру нормаларында малдың азыққа деген мұқтаждығыының жалпы дәрежесі - азық өлшемі, қорытылатын протейн, кальций, фосфор, каротин және микроэлементтер мен ас тұзының мөлшері арқылы сипатталады.

Малға жыл бойы бір норма белгілеуге болмайды. Өйткені бұл малдың физиологиялық күйіне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, саулықты алатын болсақ, оған буаз кезінде, қозы емізетін мерзімінде, қозысынан айырғаннан азықты әр түрлі нормамен белгілеуге тура келеді.

Азықтандыру нормасы тиісті бір мерзімге арналып жасалады, сол мерзімнің бір тәулігінде малдың әр басына қанша қоректік заттар керек екендігін білдіреді.

Азықтандыру рационы

Азық рационы деп малға бір күн ішінде беруге ыңғайлап, есептеліп алынған азық түрлері мен мөлшерін айтады. Азық рационы ғылыми негізде үйлестіріліп алынған, жалпы жұғымдылығы, қорытылатын протейні, минерал заттары мен каротиннің мөлшері жағынан азық нормасына сәйкес келетін әр түрлі азықтардың қосындысы. Малды азықтандыру процесінде рацион жеке азықтың жетілуіне, малдың денсаулығы мен өнімділігіне қарай тексеріліп, анықталады. Әдетте, азық рационын 15 күнде бір рет қайтадан жасап отырады.

Қоректілігіне қарай азықты таңдап алу, оның нормаға сәйкес мөлшерін белгілеу шеберлікті, тәжірибені керек етеді. Азық рационын жасағанда малдың қандай азықты сүйсініп жейтіндігі, оның мал өнімділігіне қандай дәрежеде әсер ететіндігі және шаруашылықта азықтың қандай түрінің барлығы, оның пайдаланудың экономикалық жағынан алғанда тиімділігі мұқият ескеріледі.

Азық рационының қоректілігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер алынатын өнім мөлшері мен сапасы, малдың физиологиялық күйі мен ұдайы өсу қабілеті азықты жеуі және қоректік заттардың қорытылып, сіңуі. Сондықтан да малдың дұрыс азықтандырылуы үшін зоотехниялық тұрғыдан бақылау ұйымдастырып, нақтылы жұмсалған азықтың мөлшерін, мал өнімділігін, өнімнің сапасын ескеріп, үнемі бақылап отырған жөн.

Ірі қараға қарағанда қой азықты нашар қорытады. Мысалы, түрлі шөптің қоспалары мен жүгері дәнінің жармасы және зығыр күнжарасынан құралған рационның құрғақ затында 15% клетчатка болғанда, оның қорытылуы 78 пайызға жеткен. Ал клетчатканың мөлшерін 20% дейін көбейткенде рационның құрғақ затының қорытылуы 71 % дейін төмендеген, ал клетчатканы 23 пайызға дейін көбейткенде - 67% болған. А.В. Модяновтың тәжірибесінде қойға берілген жоңышқа құрғақ затының қорытылуы, гүлденуінің алғашқы кезеңінде - 64%, ал кеш орылып, жиналғанда - 51% пішен мен қызылшадан тұратын рационның құрғақ затының қорытылуы 60,3, ал пішен мен бидай кебегін бергенде - 51,7% болған. Рацион құрамындағы клетчатканың көбеюі салдарынан қорытылу коэффициентінің мұндай күрт төмендеп кетуі ірі қарада байқалмады.

Соңғы жылдары қой рациондарын микроэлементтермен, атап айтқанда, кобальт қамтамасыз етуге үлкен мән беріле бастады. Басқа жануарларға қарағанда, азығында кобальт жетімсіздігіне қой төзімсіздеу келеді. Өйткені жүннің өсуіне белоктың, күкірттің және фосфордың үстіне кобальт та керек. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы П. Н. Коршаковтың зерттеулері жүннің беріктігі, созылғыштығы, серпімділігі сияқты қасиеттері осы микроэлементке тікелей байланысты екенін дәлелдеді. Мал азығында кобальт жеткілікті болса, малдың асқазан, ішек-қарын жолындағы бактерияның мөлшері бір жарым-екі есе көбейеді, ал мұның өзі мал ағзасында жасушалардың пайда болып, жетіле беруіне көмектеседі. Сөйтіп кобальт әсерімен ағзадағы белоктың синтезі күшейтіліп, жүн неғұрлым жедел өсетін болады.

Салмағы 55-60кг тартатын буаз меринос қойының азық рационында шамамен 1400-1700г құрғақ зат болуы қажет. Ол жақсы желінетін әр түрлі азықтан құрылуға тиіс. Мұндай рационның құнарлылығы арта түседі, әрі жақсы қорытылады. Мысалы, бордақыдағы қозылардың рационы астық тұқымдас шөп пен жүгері дәнінен тұрғанда, олар тәулігіне орта есеппен 86 грамнан, ал бұршақ тұқымдастар мен жүгері дәні берілген басқа топ – 145 грамнан салмақ қосқан. Қойлар 1кг тірілей салмағына азық өлшемінің төмендегідей мөлшерін жұмсайды: сақа қойлар - 10-12, алты айға дейінгі қозылар - 4-5, бір жасқа дейінгілер - 7-9,1кг жүн алу үшін - 60, ал бір қаракөл елтірісін алу үшін - 132 азық өлшемі жұмсалады.

Азықтандыру типі

Дұрыс азықтандыру мәселесі норма белгілеумен ғана тынбайды. Бір күндік азықтандыру нормасы белгіленген соң, соған сәйкес азықтандыру типі анықталып, азық рационы жасалады.

Азықтандыру типі малға бір жылда немесе белгілі бір маусымда берілетін негізгі азықтардың ара-қатынасы арқылы анықталады. Егер малға сулы-шырынды азықтар көп берілсе, оны шырынды тип, ал жем көп берілсе-жемді тип деп атайды.

Қой шаруашылығын өркендету тәжірибесіне байланысты қалыптасқан мал бағып-күтудің төмендегідей жүйелері бар: қолда-лагерьде бағу, қолда-жайылымда, жартылай қолда, жайылымда бағу. Мұнда жыл бойы қойға берілетін әр түрлі азық мөлшерінің ара-қатынасы, атап айтқанда, егін шаруашылығынан түсетін азықтар мен табиғи жайылым шөптері есепке алынады. Жылына әр қойға шамамен 500 кг азық өлшемі керек болса, мұның ара-қатынасы әр жүйе үшін төмендегідей болып келеді:

 

Қолда баққанда 1:0, яғни 500:0

Қолда-жайылымда баққанда 1:1, яғни 250:250

Жартылай қолда баққанда 1:3, яғни 165:335

Жайылымда баққанда 1:6, яғни 85:415

Жайылымдық жері мол біздің республикамыздың қой шаруашылығы үшін, бағу жүйелерінің бірінші түрі қолайсыз, ал қалған үш түрі әр шаруашылықтың табиғи экономикалық жағдайына, қой тұқымына байланысты пайдаланылады. Мысалы, жоғары сапалы жүнді мол алу үшін биязы және биязылау жүнді қойларды жыл бойы жайылымда бағу тиімсіз. Себебі жайылым шөбі олардың қоректілік заттарға деген мұқтаждығын толық қанағаттандыра алмайды, сондықтан жүнінің сапасы күрт төмендеп кетеді. Осыған байланысты оларды жартылай қолда бағып, жайылым шөбіне қосымша жемшөп беру қажет.