Буаз саулықтарды бағып-күту, азықтандыру

Қолдан ұрықтандыру науқаны аяқталысымен шопандардың ең басты міндеті, саулықтарды бағу және күту, азықтандыру жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыра білу. Себебі, алынатын төлдің жақсы жетілуі, өміршеңдігі, ірілігі, егіздің көп болуы, қозылардың дені сау, ширақ болуы бәрі-бәрі саулықтың қоздағанға дейін қоңды болуына тікелей байланысты. Сондықтан, шопан келешекте алынатын төлге деген қамқорлық буаз саулықтарды бағып-күту азықтандырудан басталатынын дұрыс білу тиіс. Бұл істің аса жауапты екенін дәлелдеу үшін төлдің құрсақтағы дамуының заңдылықтарын жазып көрсетейік. Қой төлінің құрсақтағы өсу мерзімі орта есеппен 150 күн деп есептелінеді, сол мерзім негізінен үш кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – ұрықтанған күннен 29 күнге дейін, екінші кезең 30– шы күннен 45 күнге дейін, үшінші кезең 46 күннен төлдегенге дейін. Бұл әр кезеңнің бір-бірінен төлдің енесімен ара қатынасы, қоректік заттарды қажетсінуі, даму дәрежесі жағынан үлкен айырмашылығы бар.

Бірінші және екінші кезеңде эмбрионның өсіп-дамуы үшін көп қоректік заттың қажеті жоқ. Себебі, бұл кезеңде эмбрион құрамында негізінен күрделі сапалық өзгерістер жүріп жатады. Бірақ та ғылыми дәлелденгендей, эмбрион бұл кезде сыртқы ортаның өзгерістеріне өте сезімтал болады. Егер күйек алу науқаны аяқталғаннан кейінгі алғашқы айларда саулықтардың қоңы төмендейтін болса қоректік заттың аздығынан, оның сапасының төмендігінен құрсақтағы төлдің жойылып, өліп кетуіне әкеліп соғады. Сондықтан буаз саулықтарды азықтандыруды ұйымдастырғанда оларға қажетті қоректік заттың төлдің құрсақтағы өсіп-даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп отыратынын әр уақытта есте ұстау керек. Саулықтардың буаздығының екінші жартысында қоректік заттар анағұрлым көп керек. Егер де құрсақтағы төл 60 күндігінде – 80 г, 90 күндігінде – 900 г болса, 120 күндігінде оның салмағы 2900 г, туар алдында 4,3 – 4,5 кг-ға жетеді. Тиісінше қоректі де көп талап етеді. Саулықтарды қоректі заттарға қажеттілігін толық және тиімді түрде қанағаттандыру үшін ғылыми мекемелер арнайы жүргізген зерттеулер нәтижесінде саулықтарды азықтандыру нормаларын жасаған. Бұл нормалар әдейі ұсыныстарда егжей-тегжейлі берілген. Жүндес, жүнді-етті бағыттағы салмағы 50 кг саулықтар буаздығының бірінші жартысында 0,85 – 1,05 азық өлшемін, 75-90 г қорытылатын протейн, 8 – 10 г ас тұзы тиісінше минерал-витамин азықтарын алып тұруы керек, ал буаздығының екінші жартысында 1,15 – 1,35 азық өлшемін, 105 – 125 г қорытылатын протейн беру керек. Етті-жүнді, етті-майлы қой тұқымдары үшін бұл көрсеткіштер тиісінше 10-12%-ға көп болуы тиіс.

Буаз саулықтарды жайып семірту. Қойды ұрықтандыру науқаны қазан, қараша айларында аяқталатын болғандықтан, саулықтарды жайылымда бағу тиімді де пайдалы. Сондықтан, әдетте тәжірибелі шопандар қойды күзде жайып семірте бастайды. Бұл кезде күзгі жауын-шашынның әсерінен жусан, жантақ, иген, басқа да соялы шөп жұмсарып малға жағымды келеді. Бұл уақыт қойдың да көп отығатын кезі, егер бағу келіссе, қой күз айларында жайылып, отының өзімен де жақсы қоңданады, семіреді. Сонымен қатар жайылымда бағу қойдың денсаулығына да аса пайдалы, денесі шынығып, ширайды.

Бекітілген жайылымды тиімді пайдалану шопанның өз басына оның шеберлігіне, білімдігіне, тапқырлығына, сайып келгенде өзінің кәсібін сүюіне байланысты. «Жаман қойшы өрісті бір күнде жейді» дейді халық мақалы. Бұл шопанның өзіне бекітілген жайылымын жетік біліп, әрбір өрісті ұтымды пайдалану керектігін мегзейді.

Жайылымды тиімді пайдалану үшін оны өріс-өріске бөліп, кезек-кезек пайдалану жүйесін қолдану қажет. Әрбір өрістің көлемі 600 бас қойы бар отар үшін далалық жерде 15 – 25, шөлейт жерде 25 – 35 гектардан кем болмауы тиіс. Әрбір өрісте отар қойлары 5 – 6 күн жайылады. Мүмкіндігінше өрісті жиі ауыстырып тұру керек.

Жайылымды тиімді пайдаланудың жолы – қой бағудың күн тәртібін белгілеу, яғни қойды қай сағатта өргізу, қанша уақыт жайып, жусату, неше рет суару сияқты мәселелерді жоспарлау. Әсіресе, күзде қойды неғұрлым ұзақ уақыт жаюға тырысу керек. Таңда – сағат 7 – 8 ден 12 – 13-ке дейін жайып, түсте – суарып, бірер сағат жусатып, сонан кейін қараңғы түскенше жаю керек. Қалай да қойды көбірек жайған жақсы.

Қойды жайылымда дұрыс жая білу керек. Дұрыс жаю дегеніміз , біріншіден қойға неғұрлым жайылым отын көп жегізу, екіншіден жайылым отын үнемдей білу. Қай шаруашылықта да болсын, жайылым отын толық пайдалану қой өнімдерінің өзіндік құнын арзандатудың, шаруашылықтың экономикалық тиімділігін арттырудың бірден-бір кепілі. Қойды жайылымда жақсы бағу ең арзан өнім өндірудің көзі.

Қой жаю сырт қараған адамға құпиясы жоқ, оңай іс сияқты болғанымен, шопан кәсібінің нағыз шеберлікті, білгірлікті, ізденімпаздықты, күніне, сағатына сан құбылатын ауа райы кезінде тапқырлық пен табандылықты талап ететін қырымен сыры көп, қиын жұмыс. Жылдың, тәуліктің әр мезгілінде, әр түрлі жайылымдарда, одан қалды қойдың тұқымы, жынысы және жас ерекшеліктеріне қарай қой бағудың өзіндік қыр-сыры көп. Сондықтан әр шопан өзінің қой жаю өнерін шыңдап, озаттардың тәжірибесін үйреніп, ғылым жетістіктерін оқып-біліп, шеберлігін жоғарылыта беруі тиіс.

Отарды өріске шығарарда қой еркімен жайыла отырып, жусайтынін уақытында суат төңірегіне жететін ойластырған жөн. Егер қойды жайылымда суару ұйымдастырылса, ол өте жақсы болады. Қойды күнге қарсы жаю дұрыс болмайды. Алдынан шақырайып күн түссе, қой еркін жайыла алмайды. Әдетте, күннің көзі қойдың бүйірінен немесе артынан түскені жақсы. Ысыса да желге қарсы, терістікке қарай жаю дұрыс. Отарды алдымен бұрын жайылып кеткен жерден бастап, соңынан жаңа-шүйгін жайылымға аудару жайылымды таза, үнемді пайдаланудың алғы шарты. Қойды өрісте қалай болса солай бағу емес, өріс отының жағдайына қарай қайырып, басқарып жүру керек. Жазық жерде қой негізгі өріске жеткенде қойдың алдын бөгеп, екі қанатын кеусете, қаптата жаяды. Егер олардың жайылу бағытын өзгерту қажет болса, беттейтін жаққа қарсы қанатты біртіндеп ығыстырады. Осылай ойланып баққан қой әрі қоңды, әрі төлді болады.

Саулықтарды қыста жаю және тебіндету. Саулықтардың буаздығының бірінші жартысы республика шаруашылықтарының көпшілігінде қыстың басы мен алғашқы айларына сәйкес, ал екінші жартысы түгелдей қыс айларына тура келеді. Қазақстанның ауа райы, жер жағдайына, қой тұқымына, қысқы жайылым көлемі мен жем-шөп қоры әр аймақта әр түрлі болатындықтан қыста қойды бағып-азықтандырудың мынандай жүйелері қолданылады: қолда-қорада, жайылымда-қолда, жайылымда бағу. Қысы ерте түсетін, қары қалың солтүстік облыстарда қыста қойды қолда бағу, жайылым қоры мол орталық Қазақстан сияқты өңірлерде жайылымда-қолда, ауа райы жылы, қары жұқа, жайылымы көп оңтүстік, оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс құмды аймақтарда негізінен жайылымда бағу жүйелері қолданылады.

Қазақстан жағдайында қойды бағып-азықтандырудың қай жүйесінде де болсын, саулықтарды қыста да жайылымда бағудың маңызы зор. Бұл қолдағы жем-шөпті үнемдеудің, мал өнімінің өзіндік құнын төмендетудің бір жолы. Екіншіден, қой жаратылысында жайылым малы, сондықтан қысқы жайылымдағы қойдың қозғалысы, ашық аспан мен күн сәулесі саулықтың денесін шынықтырады, төлдің жақсы жетілуіне пайдалы әсерін тигізеді. Бірақ, саулықтың қоңына, іші өсуіне және ауа райына, жайылым отына байланысты отардағы мал қажетті мөлшерде дайындалған азықтармен үстеме азықтармен азықтандырылып отырылуы тиіс. Ол үшін жайылым басында қора салынып, мал азығының жеткілікті қоры жасылуы керек.

Қыс түскенімен, қардың жұқа, ұлпа кезінде қойды жайылымда бағу жүргізіле береді. Себебі, бұл кезде суықтың және ауа ылғалдылығының әсерінен жайылым шөптерінің иісі күшейіп, дәмі кіре түседі де, оларды қой сүйсініп жақсы жейді, әрі ол малға жұғымды болады.

Қысқы күндері қойды өріске күн көтеріле, шөп басындағы мұздың ерігенінен кейін шығарған жөн. Таңертең – қойды желге қарсы қаптатып, кешке ыққа қарай беттетіп жаю керек.

Қазақы қой тұқымын және оның будандарын өсіретін шаруашылықтарда қыста малды тебіндетеді. Тебіндетуін жаюдың айырмашылығы бар. Қар жұқа, жайылымды толық қар баспайтын жерлерде қойдың қай тұқымы болса да өрісті жақсы пайдалана алады. Тебіндетудің мәні бөлек. Мұнда қой қалың қар астындағы жайылым отын өзі алдыңғы екі аяғымен аршып жейді. Бұл әдісті кез келген қой тұқымы қолдана алмайды, тек қазақтың құйрықты қойларына, солардың будандарына тән қасиет.

Қойды тебіндету – қысы қатты, қары қалың құйрықты қой өсіретін шаруашылықтарда күні бүгінге дейін дайындалған жем-шөп қорын үнемдеудің қой өсірудің тиімділігін арттырудың басты көзі. Тебіндегі өсімдіктердің қоректілігі біршама жоғары, оның нәрлісі – көде, еркек шөп, жусан, изен, көкпек, теріскен және тағы басқалар. Осы аталған өсімдіктердің басты қасиеті қыста көк күйінде болып, белокты, минералды, тұзды, витаминді өз бойында көп сақтайды, азықтың сапасы жағынан беде-жоңашқа пішеннен кем соқпайды. Жақсы тебінді қой 2,0 – 2,5 кг шөп жейді. Сондықтан тебін жайын күні бұрын жоспарлаған жөн. Тебін үшін солтүстіктен соғатын суық желден сақтайтын ықтасын, адырлардың, жоталардың оңтүстік беткейлерін, шилі-ойпаңды, қары аз болатын сайларды жазда, күзде мал жаймай, шөбін шаппай әдейі тебіндеу үшін қысқа қалдырады.

Бірақ жем-шөпті үнемдеудің жолы осы деп қойды нашар жайылымда ұстай беру зиянды. Қыста жайылым оты мен дайындалған азықты ұштастырып, дұрыс пайдалана білу керек.

Кейбір жерлерде шопандар арасында қар түскен соң қойды суарудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл өте қате ұғым. Қысқы жайылымдағы қойды да бір мезгіл суару қажет. Қыста қойды түс кезінде, қой біршама тояттағаннан кейін суару дұрыс. Қашан да болса, таңертең аш қарында суаруға болмайды. Бұл буаз саулықтың іш тастауына, ауруына әкеп соғады. Құдық суы сыртқы ауадан біршама жылы болады, сондықтан қойды науаға құйылған судан тезірек суарған жөн. Су ішкен соң қойдың іші мұздап, денесі қатты тоңбау үшін саулықтарды су ішіп болысымен-ақ шөпке жібереді. Суат басы көк тайғаққа айналмауы тиіс. Өйткені мұзға тайып құлап мал мерт болуы, іш тастауы мүмкін.

Буаз саулықтарды қыста қолда бағу. Қысы қатты, қары қалың, жайылымы аз аймақтарда қой қыста қолда бағылады. Қойды қолда бағу өте жауапты, ауыр да қымбат жұмыс. Қыста күйсіз шыққан қойдың өнімі аз, шығыны көп, төлі нәзік болады. Тіпті саулықтың қыста 1 – 2 апта ғана жарты құрсақ болып ашығуының өзі жүн өнімінің сапасына да тікелей әсер етеді. Қойдың ашыққан кездерінде өскен жүні жіңішкеріп, беріктігін төмендетеді. Кейінірек азықтандыруын қаншалықты жақсартуымен де, жүн қалыпты өсе алмайды. Мұндай қойлардың жүні жіңішкерген жерінен тез үзіледі, сондықтан өндірілген жүн мүлде сапасыз, құнсыз болып шығады. Сондықтан қойды қыста әрдайым қоңын жоғары деңгейде сақтайтындай етіп азықтандыру, бағып-күту аса қажет.

Саулыққа керекті қоректік заттардың шамасын оның тұқымына, жасына, тірілей салмағына, жүн өнімділігіне, буаздығының мезгіліне қарай анықтайды. Жайылымда жүрген қойды бірден қолға қаратуға болмайды, тиісті ереже бойынша біртіндеп көшіреді. Қар түсіп, суық бола бастаған кезде отарға бір мезгіл қолдан шөп бере бастайды. Оны таңертең өріске шығарар алдында береді. Бұл кезде саулықтарды кешірек өргізіп, бірте-бірте қора маңына ертерек әкеледі. Өрістен келгеннен кейін де қойға шөп немесе жем бере бастайды. Осылай 1 – 2 аптада саулықтарды толық қолда ұстауға көшіреді. Жоғарыда айтылғандай, саулықтардың буаздығының бірінші жартысында қолда баққанда жалпы қоректілігі 1,25 – 1,35 азық өлшемі, қорытылатын протейн 85 – 100 г шамасындағы рационмен азықтандырады. Әрине, тұзы басқа да азық құндылықтары болуы шарт. Ал буаздығының екінші жартысында бұл көрсеткіштер тиісінше 1,4-1,65; 115-145 г-ға дейін көтерілуі тиіс.

Қолда ұстаған қойларды ақырдан азықтандыру керек. Қойды жабық қорада ұстаудың қажеті жоқ, оған тек боранды күндері ғана, қатты аязды түндерде ғана кіргізу керек. Негізінен қой суықты жақсы көреді, оның қорқатыны астының сызы, бүйірден соққан суық жел. Қораның алдында ықтайтын қармау баз жасап, соның ішін ақырмен жабдықтаса содан жақсы жағдайдың керегі болмайды. Ең бастысы жем-шөбі, суы жеткілікті және уақытында болғаны абзал.