Заңды және жеке тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері

Жұмыскерлердiң өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері.

Қауіпті өндірістік объектілердегі жұмыскерлер:

- өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

- ұйымның әкiмшiлiгiн қауiптi өндiрiстiк объектiдегi авариялар, инциденттер туралы дереу хабардар етуге;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытуға және нұсқама алуға, қайта даярлаудан, аттестаттаудан өтуге;

- авариялар, инциденттер себептерін тексеру кезінде көмек көрсетуге міндетті.

Қауiптi өнеркәсiптiк объектiлердiң иелерi:

- өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң талаптарын сақтауға;

- Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берiлген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;

- өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарының сақталуына өндiрiстiк бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарында белгiленген мерзiмдерде немесе мемлекеттiк инспектордың ұйғарымы бойынша ғимараттың өнеркәсiптiк қауiпсiздiгiне сараптама жүргiзiлуiн, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарының келiсiлуiн, қауiптi өндiрiстiк объектiлерде қолданылатын құрылыстар мен техникалық құрылғыларға, материалдарға диагностика, сынақ, растау жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге;

- әрi қарай пайдаланудың ықтимал мерзiмiн анықтау үшiн пайдаланудың нормативтiк мерзiмiнен өткен техникалық құрылғыларға, материалдарға сараптама жүргiзуге;

- белгiленген талаптарға сай келетiн лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлердi қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi жұмысқа жiберуге;

- қауiптi өндiрiстiк объектiлерге бөгде адамдардың кiруiн болғызбауға;

- уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне өндiрiстiк бақылауды ұйымдастыру тәртiбi туралы және оны жүзеге асыруға уәкiлеттi жұмыскерлер туралы мәлiметтердi ұсынуға;

- авариялардың, инциденттердің туындау себептерiне талдау жүргiзуге, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің және олардың зардаптарының алдын алуға және жоюға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға;

- уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшесiн, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарын, халықты және жұмыскерлердi қауіпті өндірістік факторлардың туындауы туралы дереу хабардар етуге;

- авариялардың, инциденттердің есебiн жүргiзуге;

- мемлекеттiк инспекторлар берген өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарын бұзуды жою жөнiндегi ұйғарымды орындауға;

- қауiптi өндiрiстiк объектiнiң қаржы-экономикалық қызметiнiң жоспарларын әзiрлеу кезiнде өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған шығындарды көздеуге;

- уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері, жарақат алу және кәсiби аурулар туралы ақпарат ұсынуға;

- қызметi үшiншi тұлғаларға залал келтiру қаупiне байланысты декларациялануға жататын қауiптi өндiрiстiк объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруға;

- мемлекеттiк органдарға, азаматтарға қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң жай-күйi туралы дұрыс ақпарат ұсынуға;

- мемлекеттік инспектор қауіпті өндірістік объектіде өз міндеттерін атқарған кезде оны қорғану құралдарымен, қауіпсіздік приборларымен қамтамасыз етуге және өзге де жәрдем көрсетуге;

- өзiнiң нормативтiк мерзiмiн өтеген техникалық құрылғылардың, материалдардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге;

- осы Заңмен айқындалған қауiптi өндiрiстiк объектiлердi декларациялауға;

- жұмыстардың қауiпсiз орындалуын қамтамасыз ететiн ұйымдық-техникалық iс-шаралардың белгiленген талаптарына сәйкес қауiптi өндiрiстiк объектiнiң жұмыскерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;

- өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыскерлердi даярлауды, қайта даярлауды, бiлiктiлiгiн арттыруды және аттестаттауды қамтамасыз етуге;

- өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң декларациясына сараптама жүргiзудi қамтамасыз етуге;

- кәсiби авариялық-құтқару қызметтерiмен және құрылымдарымен қызмет көрсетуге шарт жасасуға немесе жеке кәсiби авариялық-құтқару қызметтерiн және құрамаларын құруға;

- уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қауіпті заттардың тасымалданатыны туралы үш тәулік бұрын хабарлауға;

- қауiптi өндiрiстiк объектiлердi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде есепке алуды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;

- қауіпті өндірістік объектілерді салу, реконструкциялау, жаңғырту, жою жобаларын, сондай-ақ жергілікті жобаларды Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік инспекторымен келісуге;

- қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдалануға беру кезiнде мемлекеттік инспектордың қатысуымен қабылдау сынақтарын жүргiзуге мiндеттi.

Пайдалану кезінде қауіпті өндірістік факторлардың халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мүмкіндігі бар қауіпті өндірістік объектілер міндетті түрде декларациялануға жатады.

Қауіпті өндірістік факторлардың халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мүмкіндігі жоба алдындағы шешімдерге өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу арқылы белгіленеді.

Сараптама қауіпті өндірістік объектілердегі қауіпті өндірістік факторларды, сондай-ақ олар әсер етуі ықтимал аймақтағы адамдардың санын анықтайды.

Уәкілетті орган сараптамалық қорытынды негізінде қауіпті өндірістік объектіні декларациялау туралы шешім шығарады.

Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясы (бұдан әрi декларация) қауiптi өндiрiстiк объектiнi салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға, сақтауға және жоюға арналған жобаның құрамында әзiрленедi, қайта қаралады.

Декларация мынадай мәлiметтердi:

- қауiптi заттар (оның iшiнде өндiрiлетiн) тiзбесiн және олардың сипаттамаларын;

- қауіпті өндірістік факторларды (әр фактор жеке; басқа факторлармен өзара әрекетте; қоршаған ортамен өзара әрекетте);

- қауiптi өндірістік факторлардың таралуы туралы технологиялық деректердi;

- қауiптiлiк пен тәуекелге талдауды;

- қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi техникалық шешiмдердi;

- авариялық жағдайлардың туындау жағдайына талдауды;

- қызметкерлердi авария жағдайында iс-әрекетке дайындауды;

- авариялардың туындауы мен дамуының ықтимал сценарийлерiнiң схемасын;

- аварияны жою жоспарын (хабарлау жүйесi; адамдарды қорғау жөнiндегi құралдар мен шаралар; аварияларды, төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтiк ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету) қамтуға тиiс.

Декларацияны әзiрлеудi қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдаланатын ұйым не өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласында жұмыстар жүргiзуге аттестатталған ұйым жүзеге асырады.

Декларация ондағы өндiрiстiк қауiпсiздiк мәлiметтерi өзгерген немесе өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптары өзгерген кезде өзгерiстер пайда болған кезден бастап үш ай iшiнде нақтыланады.

Декларацияны қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы бекiтедi.

Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның иесi декларациядағы мәлiметтердiң уақтылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Декларация сараптамадан өткiзiледi.

Декларацияға өзгерiстер енгiзiлген кезде ол мiндеттi түрде қайтадан сараптамадан өткiзiлуге тиiс.

Декларация екі данада қағаз жеткізгіште, сондай-ақ электрондық жеткізгіште жоба құрамында сараптама қорытындысымен бірге немесе жеке құжат түрінде уәкілетті органға тіркеу үшін ұсынылады. Бір данасы және электрондық нұсқасы – уәкілетті органда, екінші данасы қауіпті өндірістік объектіні пайдаланушы ұйымда сақталады.

Қауiптi объектiнi декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.

Уәкілетті органның қауіпті өндірістік объектіні декларациялау туралы немесе декларациялаудың қажет еместігі туралы шешімі сараптама қорытындысының түпнұсқасы қоса берілген қауіпті өндірістік объект иесінің еркін нысандағы өтініші бойынша беріледі.

Қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу және есептен шығару:

1) Қауіпті өндірістік объектіні есепке алу, есептен шығару үшін оның иесі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтініш береді.

2) Өтініште қауіпті өндірістік объектіні есепке алу немесе есептен шығару үшін оны сәйкестендірудің негіздемелері көрсетіледі.

3) Қауіпті өндірістік объектіні есепке алу, есептен шығару иесін хабардар ете отырып, өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Қауіпті өндірістік объектіні есепке алу, есептен шығару уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіндегі қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу журналына тиісті жазба жасау арқылы жүргізіледі.

Қауіпті өндірістік объектілерді салу, реконструкциялау, жаңарту, жою жобаларын, сондай-ақ жергілікті жобаларын келісу.

Қауіпті өндірістік объектінің иесі жобаны, сондай-ақ жергілікті жобаны келісу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бас инспекторына:

- жобаны келісуге жіберу туралы өтінішті;

- жобаның көшірмесін;

- жобаның өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптамалық қорытындының тұпнұсқасын ұсынады.

Жобаның, сондай-ақ жергілікті жобаның келісілгені туралы оң шешім немесе оны келісуден дәлелді бас тарту құжаттарды толық көлемде берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жіберіледі.

Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мәселелерi бойынша кәсiби даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру.

1) Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мәселелерi бойынша кәсiби даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң иелерiне жүктеледi.

2) Даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламалары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторымен келiсiлуге тиiс.

3) Ұйымдарда тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары құрылады.

Ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының мүшелері Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы Бас мемлекеттік инспекторының немесе оның орынбасарларының төрағалық етуімен уәкілетті органның комиссиясында емтихан тапсырады.

Тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының құрамына уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспектор енгізіледі.

Ұйымдардың бөлімшелерінде құрылатын емтихан комиссияларының мүшелері емтиханды ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларында тапсырады.

Мамандар, инженер-техникалық қызметкерлер мен жұмысшы персонал емтихандарды ұйымдардың бөлімшелерінде құрылатын емтихан комиссияларында тапсырады.

Емтихан комиссияларының жұмысына уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторы қатысады.

Жұмысты қауiпсiз орындау ережелерiн жұмысшы персоналға оқытудың жыл сайынғы бағдарламасының ұзақтығы қырық сағаттан аз болмауға және ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторымен келісілуге тиiс.

Қауiптi өндiрiстiк объектiлерде жұмыс iстейтiн барлық адамдардың:

- қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін жұмысшы персоналдың – жыл сайын;

- техникалық басшылардың, мамандар мен инженер-техникалық қызметкерлердің – қырық сағаттық бағдарлама бойынша алдын ала оқыта отырып, үш жылда бiр рет;

- қауіпті өндірістік объектіде жұмысты орындаумен байланысты емес персоналдың – сегіз сағаттық бағдарлама бойынша алдын ала оқыта отырып, ұйымның техникалық басшысы бекіткен тізбе бойынша үш жылда бір рет бiлiмдерi тексерiлуге жатады.

Емтихан қабылдау жөнiндегi комиссия бiлiмi тексерiлуден өткен адамдардан құралуға тиiс. Комиссияның құрамын қауiптi объектiнiң иесi айқындайды.

Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн оқыту және олардан емтихан қабылдау уәкiлеттi орган аттестаттаған оқу ұйымында жүргiзiлуi мүмкiн.

Комиссия құрамы кемінде үш адам болуы керек.

Емтихан билеттері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторымен келісіледі.

Бiлiмдi тексеру нәтижелерi хаттамамен ресiмделедi. Бiлiмдi тексеру хаттамасы үш жыл бойы сақталады.

Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясының төрағасы қол қойған куәлік беріледі.

Оқу ұйымында емтихандар қабылдау кезінде емтихан комиссиясы төрағасының қолы – ұйымның мөрімен, мемлекеттік инспектордың қолы нөмірлі мөртаңбамен куәландырылады.

Куәлiк онда көрсетiлген мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.

Емтиханды қайтадан тапсыра алмаған адамдар жұмысқа жiберiлмейдi.

Мерзiмi өткен куәлiгі бар адамдар жұмысқа жiберiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде емтихан тапсыруға тиiс.

Оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi, соның iшiнде емтихан комиссиясы мүшелерiнiң еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi барлық шығыстар қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне жүктеледi.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспектордың емтихан комиссияларының жұмысына қатысуы үшін ұйым уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін емтихан басталғанға дейін күнтізбелік бес күн бұрын емтихан өткізілетін күн мен уақыт туралы хабардар етеді.

Мемлекеттік инспектор келмей қалған жағдайда комиссия емтихан қабылдауды оның қатысуынсыз жүзеге асырады.