Азақстан компанияларындағы менеджменттің ерекшеліктері.

«Кімнің қолында ақпараттар болса, сол әлемге билігін жүргізе алады», деген жауыр болған тіркестерді қолданғымыз-ақ келмейді, алайда басқа сөз таба алмай отырмыз. Компанияның аяғынан тік тұрып кетуі жалпы және тұтастай алғанда, нарықтағы алған стратегиялық бағытына, кәсіпкердің тұтынушыларды тартудағы және оларды ұстап тұрудағы ұстамдылығы мен табандылығына көп байланысты болды. Әрине, көпшілігі бизнесте кәсіпкердің таным-түйсігіне қарай деп жатады. Алайда тек жалаң түйсікпен алысқа бара алмайтыны түсінікті. Егер менеджмент сол сәттегі ақпараттармен толық қаруланбаған болса, онда ол қараңғыда тал қармағандай күй кешетіні белгілі. Ал «тисе - терекке, тимесе – бұтаққа» дағдарыс жылдарында қолданатын тактика емес екеніне келісетін шығарсыз. Негізгі проблема Қазақстанда компанияларға ел экономикасының үдерістері мен негізгі үрдістерінде жүргізіліп жатқан түбегейлі ақпараттарды жеткізіп отыратын ұйымның жоқтығында болып отыр. Бұл, шынында да, өте маңызды, өйткені сен тек өз бизнеснің айналасында ғана білуің жеткіліксіз барлығын жан-жақты қамтып отыруың керек қой. Жалпы экономикада болмағанымен, өзіңнің айналаңа қатысты недей жаңалықтар болып жатқанын білуге көмектесетін түрлі зерттеу және маргетинг орталықтары бар. Олар тауып берген мәліметтердің сапасына ешкім кепілдік бере алмайтыны да түсінікті. Сондықтан жалған мәліметтер негізінде жорамал тактика жасағаннан гөрі, мұндай ақпараттарға жүгінбей-ақ қойған да дұрыс деген пікірге қосылғың келеді. Отандық бизнестің маркетолгтар ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланғанына көп бола қойған жоқ. Осы тұрғыда өзінің пікірімен ISAS маркетингтік зерттеу агенттігінің бас директоры Александр Романов былай бөлісіеді: «Күні кешеге дейін қазақстандық компаниялардың көптеген топ-менеджменттері зерттеу мәліметтеріне жүгіну ақшаны босқа желге ұшырғанмен бірдей деп ойлап келді. 2005 жылы біздің пакетте шетелдік компаниялар 80 пайызға дейін орын алатын ал, қазір олардың үлес салмағы 50 пайыздан аспайды. Тек бір-екі жыл шамасында ғана қазақстандық бизнестің санасына айтарлықтай өзгерістер енгенін жасыруға болмайды. Рас, одан бері отандық бизнес зерттеудің оң нәтижелерін сезіне бастағалы жаңа проблемалар да төбе көрсетті. Кәсіпкерлер әлі күнге дейін біздің зерттеулеріміздің іс-әрекет істеу үшін берілетін ұсыныстар емес, тек ең бірінші кезекте ойлану үшін берілетін ақпараттар екенін түсіне алмай келеді. Біздің беретін есеп мәліметтеріміз - бұл барлығынан құтқаратын дайын керемет емес, тек пайдалануға жарамды көмекші құрал ғана». Бір қызығы, егер шетелдіктер болмағанда, біздің қазақстандық бизнесмендер әлі күнге шейін маркетингтік орталықтардың көмегіне иек артуға батылдары бармай жүрген болар ма еді? Неге десеңіз, маркетингке жүгіну мәдениетін басқа да қазіргі бизнестің элементтері тәрізді (мәселен, қайырымдылық) Қазақстанға нарықтағы жағдайды алдын-ала бажайлап алмай бір қадам да жасамайтын шетелдік компаниялар алып келді. Шетелдіктер қазақстандықтарды менеджерлік ұстанымға жалдады, бизнестің нағыз өз бабында жұмыс істеуіне үйретті. Соңынан біздің бизнесмендер сол шетелдіктердіөздеріне тартып, өздеріне қайта жалдады. Бір сөзбен айтқанда, олар шетелдіктердің тәжірибесін үйрене білді. Атап айтқанда, халықаралық компанияларда еңбек еткен іс- тәжірибесі бар жаңа менеджмент отандықфирмаға жұмысқа кіріскен бірінші күннен-ақ, әуелі жұмысты бастау үшін зерттеу мәліметтері керек екенін талап етіп отырып алды. Бірінші кезекте компания мен нарықтық қатынастардың арасындағы арасалмақ қандай, недей жаңалықтарболып жатыр соны талдау қажет екенін айтты. Осы бағытта Brif компаниясы сараптау бөлімінің бастығы Петр Вальтер маркетологтардың қызметіне жүрдім-бардым қарайтын компаниялардың бар екендігін айтып отыр. Сондықтан олардың жұмыстары көбіне тиімсіз нәтижелерге ұшырап жүр. «Кейбір отандық фирмалар тұтынушылар қажеттігі мен нарық талабына орай талдау жүргізудің орнына, жаңа өнімдердің байқау (тестілік) лектерін шығарып, тауар өте ме, өтпей ме деген сыңайда көтерме саудаға жіберуде. Осыншама уақыт алып, тәуекелге бас тігудің қанша қажеті бар? Жай ғана тұтыну сұранысын зерттеп, жаңа шығарылатын өнімге сұраныс бар ма, соны білсе болды емес пе?», деп таңқалады ол.

Bisam Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер бизнес-ақпарат орталығының президенті Леонид Гуревич бізге компаниялар мен олардың нарықтық талдауға қатынасы жөніндегі өзінің бақылауынбылай деп әңгімелейді: «Барлық фирмаларды бес топқа бөлуге болады. Алғашқысына маркетингтік зерттеу бизнесті жүргізу мәдениеті ретінде қалыптасқандар кіреді. Бұрын олар бірыңғай тек шетелдік компаниялар болатын. 2000 жылдардың басында біздің пакеттегі қазақстандық тапсырыстардың үлесі 5-10 пайызды ғана құрады. Қазір отандық кәсіпорындардың үлесі 60-70 пайыз тапсырысқа дейін өсіп отыр. Екінші топқа мен нарыққа ара- арасында ғана зерттеулер жүргізіп қоятын компанияларды жатқызар едім». Қосымша айта кетейік, бұл топқа, мәселен, «Рахат» кондитер фабрикасын жатқызуға болады. Біз оларға қазақстандық маркетологтардың жұмысына баға беруді сұрап, хабарласқанбыз. Сөйтсек, соңғы рет фабрика нарықтағы зерттеуге осыдан алты жыл бұрын тапсырыс берген болып шықты. Осы компанияның маркетингтік зерттеулер бөлімінің бастығы Сергей Писарев содан бері нақты бір айтарлықтай, мердігерлер қатыстырылған терең зерттеулердің жүргізілмегенін «нарық көрсеткіштерінің өлшемдеріне жиі жүгінуге қажеттілік болмады» деп мойындады. «Басты сипаттарды жаңарту егер айтарлықтай дәрежеде экономикалық немесе демографиялық жағдайлар не болмаса психографиялық факторлар, тұтынушы типологиясы өзгерген кезде ғана қажет деп есептейміз. Ал қалған уақыттарда негізгі заңдылықтарға сүйеніп, жекелеген сәттерді өзіңнің зерттеулерің бойынша жүзеге асыра беруге болады», дейді С.Писарев. Сонымен қатар Сергей Писарев бизнес-қауымдастық республика мен аймақтардағы экономиканың ішкі және салааралық даму дәрежесін көрсететін зерттеулерге өте зәру екендігін де жоққа шығармайды. Маркетингтік орталықтар осыларды жинақтап, қорытындысын шығарса, құба-құп болар еді, дейді ол. «Статистикалық мәліметтер неғұрлым көп болған сайын, олар тереңірек талданады. Оның үстіне ірі корпорацияларда да, жекеменшік кәсіпкерлерде де нақты талапқа жауап беретін даму жөніндегі шешімдер болуы да мүмкін. Мүмкін біз сонда ғана жаңадан ашылған бизнестің 80 пайызының алғашқы жылы жабылатын жалпыәлемдік көрсеткішін жақсарта алармыз. Осының барлығы бізде көп жағдайда нарық келбетінің бүге-шігесін ашып көрсететін біліктілікпен жасалатын талдаулардың тапшылығынан орын алатындығы байқалады», деп өкініш білдіреді біздің сұхбаттасымыз әңгімесін сабақтап. Сондықтан «Рахат» компаниясына нарықтағы бүгінгі жағдайды бір рет те болса, нақтылап, одан кейінгі үрдісті өздерінің күштерімен бақылап отыруына болады. Дегенмен, маркетологтар керісінше пікірде екенін де жасыруға болмайды. Бір зерттеу орталығында «Рахаттың» осы күнге дейін өзінің ұстанған бағдарын әлсіретіп алғаны айтылған болатын. Қазір көшбасшылық орынға украинаның Roshen фабрикасы ұмтылып жүрген көрінеді. Шын мәнінде ол солай ма оны кесіп айту қиын. Маркетологтардың келтіретін қисыны айқын: біздің кондитерлік алыбымыз зерттеу жүргізбейді, онда ол өзіне төнген қауіпті сезінбей тұр.Үшінші топқа Гуревич мырза түрлі жағдайлар мәжбүрлегендіктен зерттеу орталықтарына жүгінгендерді қосып отыр. Біздің ойымызша, мәжбүрлеген жағдайлар әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, солардың бірі банктердегі кредит беру мәселесі. Бұл жерге міндетті түрде маркетингтік орталықтардың зерттеулері қажет. Ресми емес мәліметтер бойынша, көптеген компаниялар арзанқол маркетингтік орталықтармен олар тұтыну рыноктарындағы жағдайды компанияның пайдасына орай көрсету үшін жең ұшынан жалғасуға баратындығы көрсетіледі. Сонда банкілер зерттеу орталықтарының келтірген ақпараттарына сүйене отырып, тиісті компанияға кредитті еш кедергісіз беретін көрінеді.Леонид Гуревичтің пікірінше, төртінші топқа жататын фирмалар зерттеу орталықтарына шығарылған қаржыны тиімсіз деп санайды. Ал бесінші топқа жататындардың маркетингтік орталықтардың қызметі барынша қымбат болғандықтан, ақшалары жетпейді. «Осы жерде мен мынаны атап айтқан болар едім. Орта бизнестің айтарлықтай бөлігі, кіші бизнестің түгелге жуығы кәсіби маркетингтік зерттеулерге тапсырыс беруге шамалары келмейді. Осыдан келіп елдің барлық экономикасы зардап шегуде. Меніңше, мемлекет орта және шағын бизнестің маркетингтік зерттеулерге қол жеткізу мүмкіндіктерін қолдаса, осы бағытта олардың ақпараттармен қамтамасыз етілуіне қол ұшын созуға болатын сияқты», деп сөзін сабақтайды Bisam компаниясының президенті. Шынында да көптеген фирмалар қазір көзсіздікке барып, бет алды жұмыс істеп жатыр. Компания басшылары «тұтынушының дағдарыс кезіндегі» мүмкіндіктері мен талғамдары қандай өзгеріске ұшырап отырғанын, бизнес саясатын қалай қайта құруға болатындығын нақты түсіне алмай отыр. Бәлкім, бұл арнайы ақпараттардың жетіспеуі нәтижесінде олардың жұмысына кері әсерін тигізіп отырған келеңсіздік шығар. Алайда басқа бір мәселе туындайды. Тіпті компания маркетингтік талдауға қыруар ақша шығарып, ұсыныс білдіргеннің өзінде сол орталықтар жасаған жұмыстың сапасына біреулер жауап беруі мүмкін бе? Жалпы арнайы мамандардан басқа қазақстандық нарықтағы зерттеу қызметтері жөнінде кеңінен жан-жақты білетіндер бар ма екен. Айтпақшы, мұнда да осы нарықтың жетістіктерін ғана емес, проблемаларын да көрсететін тренділер барлығы байқалады.

2. Қазақстандық бизнестегі харизматикалық тұлғаларды атаңыз.Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырып жүрген кейбір кәсіпкерлер бұған үркіп қарап, ауылын алыс салады. Ал кәсіпкерлердің екінші түрі жан-тәнімен кірісіп, еккен егінінің бітік шығатынына сенімі кәміл дихандардай несібелі болса керек. Қолға алған ісінен пайда көреді, пайда да келтіреді. Көп жылдардан бері еліміздегі кеңсе тауарларының нарығында көшбасшы ретінде көрініп келе жатқан «АБДИ» компаниясының президенті Әбдібек Бимендиевосындай ұстанымдағы кәсіпкер. Жақында «АБДИ» компаниясы жұртшылыққа жаңа қырынан танылды – отандық тарих ғылымында тұңғыш рет «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» деген кітап жарық көрді. Еліміздің табиғаты мен табиғи байлықтары, ежелгі, орта ғасырдағы, жаңа заман мен кеңестік кезеңдегі қазақ жерінің мәдени-тарихи даму белестері баяндалатын, этнографиялық құндылықтар мен салт-дәстүрлер суреттелетін, тарихи-мәдени ескерткіштер түгел көрініс тапқан кітап оқыса көз, көтерсе қол талатындай. Ауқымды істің қазығын қағып, кәсібінің бір бағытын баспагерлікке бүтіндей бұрған «АБДИ» компаниясының президенті Әбдібек БИМЕНДИЕВ қазақ елінің ең іскр бизнесмені деп атасақ та болады деп ойлаймын.

Евразиан Фудс корпорейшин” кеңесінің бастығы Өмірзақ Сәрсенов. Қазақстандық “Шедевр” және “3 желания” май зауыттарының акционерлері “Евразиан Фудс” холдингіне бірігу туралы шешім қабылдады. Акционерлердің айтуына қарағанда, бұл бірігудің нәтижесі тек Қазақстан нарығында ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия елдері мен Ресейге, және Таяу Шығыс мемлекеттеріне шығуға мүмкіндік береді деп отыр. “Шедевр” және “3 желания” май зауыттарының шығарған өнімдері барлық халықаралық стандарттарға сай болғандықтан, халықтық өнім деп атауға әбден болады. Сондықтан болар, бұл өнім үлкен сұранысқа ие. Холдингтің қуаты да күннен-күнге арта түсуде. Атап айтсақ, жылына 90 мың тоннадан астам 50 түрлі өнім өндіру мүмкідігі бар. Жылдың аяғына дейін холдинг тағы да қосымша қондырғылар орнатып, өнім өндіру қуатын тағы да 50% арттырмақшы. Халқымыз дінге бет бұрған заманда мешіт салып, халықтың ризалығына бөленген, сауапқа кенелген кәсіпкер Өмірзақ Сәрсенов мырзаның мешіттің барлық коммуналдық төлемақысынан бастап, керек-жарағы, қарауылына дейін өзі қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткім келеді. Кейбір кәсіпкерлер казиноға миллиондап қаржы төккенше, сауап алып, елдің разылығына жеткізетін күмбезді мешіттер тұрғызып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, “Бақанас” ауыл ша­руашылығы тауар өндіру­шілер тұтыну кооперациясын ашып, игі істердің ұйытқысы бол­ған Өмірзақ Сәрсенов пен Мейір­ғали Қасым­беков жерлестеріне арнап, ауыл шетінен іргелі кәсіп­орын салып, ел игілігіне ұсынғаны нағыз азаматтық екенін облыс әкімі өз сөзінде атап өтті.

Амангелді Ермегияевтың

Қазіргі заманда елдің де, елдіктің де еңсесін асқақ танытатын әлемдік ең озық өркениетке ұмтылған сол мемлекеттің астаналары мен бас қалалары. Яғни көк тіреген сәулетті де зәулім құрылыстарынсыз ешбір елді де және ол елдің мәдениетін де көз алдыңа елестете алмайсың. Іргеміздегі Ташкентті көріп өзбек ағайындардың, қол созымдағы Мәскеу, Ленинград қалаларына көз жүгіртіп орыс көршілердің, Парижді тамашалап француздардың, Нью-Йоркты қызықтап жүріп американдықтардың кешелі-бүгінгі тарихынан сыр суыртпақтап, кеңге құлаш жайған өркениетімен танысасың. Сәулеті көз жауын алған құрылыстар мен әсем ғимараттар әр халық, әр ел, әр ұлт тілінде “сөйлеп”, шежіре шертеді. Ендеше, Қазақстанның кез келген ірі-ірі қалаларындағы шығыстық үлгідегі сән-салтанатты құрылыс нысандары да мемлекеттің ұлттық бет-ажарын айқындайтыны даусыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі таңда жарты ғасырлық тарихын еншілеп отырған “Алматықұрылыс” ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамының халқымызға өркениеттік тұрғыдан ғана емес, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Алғашқыда, 1956 жылы “Главалмаатастрой” мемлекеттік кәсіпорны болып құрылған бұл компания 1990 жылға дейін Республика Министрлер Кеңесі жанындағы құрылыс жөніндегі Бас территориялық басқарма атана жүріп те қазақ елінің сол кездегі жүрегі – Алматы шаһарын көркейтуге қолда бар барлық мүмкіндіктерді жұмылдырған еді. Ескі алаңдағы Орталық Комитет ғимараты, алтын тәждері күнмен шағылысқан “Қазақстан” қонақ үйі, ұлы ата – Абай даңғылының қос қапталын жарыстыра, жарқырата, ансамбль жасай көріктендірген Спорт сарайы, Орталық стадион, Неке сарайы, Орталық Цирк, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театр ғимараты - толып жатқан ұлт айшығын айғақтап тұрған құрылыстар сол уақыттың жемісі болатын.
Еліміз азаттыққа қол жеткізген соң Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел экономикасын қарқынды дамытуға “БІз құрылыс салу үшін өмір сүреміз” ұстанымымен кіріскен “Алматықұрылыс” ұлттық компаниясы республика өңірінде қанатын кеңге жайды.
Күні бүгінге дейін өркені өсіп келе жатқан Алматы шаһарындағы тұрғын үйлердің 13 миллион шаршы метрі, барлығы 181 мың оқушыны қамтитын мектептер, 75 мыңнан астам бүлдіршіндерді тәрбиелейтін балабақшалар, 3 мың төсектік ауруханалар, 16 мыңға жуық ауруларды емдейтін емханаларында “Апматықұрылыстың” құрылысшылары мен инженерлерінің, архитекторлары мен жұмысшыларының күшімен сәулет құрған. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясын, Оқушылар сарайын, Мемлекеттік Орталық мұражайды тағы қосыңыз. Жалпы Алатау баурайына орналасқан әсем қаладағы барлық жоғары оқу орындары мен мәдениет ошақтары, алып өндіріс, өнеркәсіп кешендері, үлкен алаңдар осы компанияның салған құрылыстары. Мұнда олардың жұмысшыларының қолтаңбасы жоқ ғимараттар мен тұрғын үйлер саусақпен санарлықтай ғана. Сондықтан Алматыны “Алматықұрылыс” тындырған жұмыстардың айнасы да айғағы деуге болады.
Компанияға Республика астанасын жаңа елдімекенге көшіру науқаны да аса жауапты міндеттер жүктеді. Бәрін де абыроймен атқара жүріп, жаңа астананың ұлттық айшық-нақышы алыстан “мен мұндалайтын” кешенді құрылыстары мен әр алуан ғимараттарын салуда да “Алматықұрылыс” озық үлгі танытты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, құрыльс – ел экономикасының қозғаушы күші екенін компания жұмысшылары мен қызметкерлері істеген іс, ағызған маңдай терлерімен дәлелдеді. Мәселен, Астанадағы ұлт рухын асқақтататын Ресми қабылдау үйіне, мерейлі де мерекелі мекен – “Салтанат сарайына”, сәні келіскен Сенат үйіне, көркі көз сүйсіндірген әкімшілік үйіне, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрайтын “Қазақстан” Спорт кешеніне көз салыңыз. К.Байсейітова атындағы опера және балет театры мен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрына, болмаса Қазақ Ұлттық Музыка академиясына еніңіз, жүрегіңізден жыр толқып, күй ағытылады.
Әлеумет қайда, әлеумет дейаз ғой. Иә, тұрғын үй салу “Алматықұрылыстың” ең үйреншікті жұмысы. Есіл өзенін жағалай жөнелсеңіз ауласы жарқын болашақ – жастарға толы көп пәтерлі үйлерге, “Молодежный” ықшамауданына, бой сергітіп, Ә.Бөкейханов көшесін аралай қалсаңыз, асқақ еңселі ғимараттар көз жауын алып, Астана қаласының кез келген бұрылыстарына мойын бұрсаңыз – “Алматықұрылыстықтардың” іскерлік қолтаңбасы алдыңнан шығады.
Оң мыңнан астам сәулетші, құрылысшы, инженер қауымының басын біріктіріп отырған “Алматықұрылыс” 2005 жылы Швецарияның Женева қаласында өткен Халықаралық құрылысшылар байқауының “Іскерлік тәжірибедегі аса жоғары сапа үшін” Алтын медалын еншілеп, сондай-ақ Халықаралық Сәулет академиясының Мәскеудегі бөлімшесінің “Ең үздік құрылыс компаниясы” атағы мен “Хрустальный приз” сыйлығын жеңіл алуға қол жеткізулері, әрине, жанкешті еңбектің арқасы. Құрыпыс – құймадан басталады демекші, құрғақ қоспалардан әсемдеп-өрнектеу материалдарына дейін өздері өндіретін “Алматықұрылыстың” ұнтақтарының да өзгелерге ұқсамас ерекшеліктері бар. Монолиттік, полимерлік қоспаларының сапасы еуропалық стандартқа сай дайындалады. Қайсыбір құрылыс кәсіпорындарында пайдаланылатын екі сантиметрлік қалыңдықтағы сылақтар орнына 1-3 миллиметрлік жақпалар қолданылуы кез келген құрылыс пен құрылыс кешенінің әрін кіргізетіні даусыз. Осындай сапалы ұнтақтардан алып бетон құймаларына дейін өрімдік сымтемірлерден қадалық арматураларға дейін барлық қажеттіліктерді өздері өндіретін компанияның өз сапасында ел экономикасына қосқаны да, қосары да мол. Осының бәрін атқарып жатқан күш-қуаты Қазақстанның кез келген аймақтарына лайықты, күрделі құрылыс-құрау жұмыстарын қысқа мерзімде тас-тұйін ететін “Алматықұрылыстың” Алматы, Астана және Атырау қалаларындағы базаларының жұмысшы-мамандары. Аспанмен астасқан ғимараттардың сәулеттік, дизайндық келбетін шығыстық нақышта көріктендіретін, қайсыбірін күрделі жөндеуден өткізетін де, қайта жабдықтайтын да компанияның салалық құрылымдары.
Іскерлік – іскерсіз жүзеге асырылмайды. Олай болса, барлық жұмыстың бір қолдың саласындай бір орталыққа үйлестіре жүйеленіп отырылуы компания президенті Амангелді Ермегияевтың ұзақ жылдық өмір тәжірибесінің жетістігі. Нарық талабын ертерек парықтап, жұмыс барысында әлемдік стандартқа сай іс атқаратын жаңа сапалы техникалар мен технологияларды дер кезінде қабылдап, сәулетші, инженер-мамандарды уақыт ырғағынан қалыс қалмауға батып түрде баули білген басшы 14 бөлімшесінің салалық жұмыстарын ертерек еншілеп берген. Жоқты бар етіп, барды молайтуға бүкіл мамандарын жұмылдыра білетін оның Қазақстандағы әріптес компаниялар мен Халықаралық бәсекелес компаниялар арасындағы тендерді жеңіп алу арқылы құлашын кеңге жаюы экономикапық табыс көзін бұрынғыдан да молайта түсуде. “Алматықұрылыстың” қазіргі өндіріс қуаты кез келген қиындықтарға қарамастан республиканың кез келген аймағында құрылыс-құрау жұмыстарын жедел жолға қоюға мүмкіндік туғыза алады.
Апат айтып келмейді. 2003 жылғы Жамбыл облысында болған жер сілкінісі жергілікті халықты аса көп зілзалаға ұшыратты. Осы тұста табиғат апатынан жапа шегушілерге уақтылы қол ұшын берген де осы “Алматықұрылыс”. Бауырындағы балаларын шулатып баспанасыз қалғандарға қысқа мерзім ішінде 40 мың шаршы метр тұрғын үй салып, 1200 оқушыға лайықталған жаңа мектеп тұрғызумен бірге, құлаған 900 оқушылық мектепті күрделі жөндеуден өткізді. Осы облыстың Луговой станциясындағы қазақтың туңғыш космонавы Тоқтар Әубәкіров атындағы мектепті де күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа ішкі жабдықтармен жабдықтап, әрбір оқушыны мектептік және спорттық киімдермен қамтамасыз етіп, оқулықтар мен кеңсе тауарларын да сатып әперген Амангелді Дінұлы басқаратын “Алматықұрылыс” компаниясы болатын.
Міне, бұл – Әбекеңнің құрылыс компаниясын алға тарта отырып, қапылыста қиналган жұртшылыққа жасаған қайырымдылығының мыңнан бір бөлшегі ғана. Халық, мемлекет алдындағы қызметін іскерлікпен үлкен кәсіпкерлікке ұластырған Амангелді Дінұлы қазір халқының арқа сүйер тұлғалы Азаматына айналған.