Тақырып. Менің жақын айналам 2 страница

Қазақ арасында толып жатқан туыстық және жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан өте көп атаулар бар. Қазақтың туыстық жүйесі классификациялық жүйеге жатады. Мұны біз көптеген этнографиялық әдебиеттерден және ел арасынан жиналған деректерден анық көреміз. Бұл жүйенің классификациялық деп аталу себебі бір атаудың құдандалық және туыстық-жақындық жүйесінің бірнеше тобына ортақ болатындығынан. Мәселен, "аға" деген атаумен айтушының бірге туған ағасы, немере, шөбере, аталас жасы үлкен еркектер, әкесінің інілері аталса, "жиен" деген атаумен айтушының қызынан, бірге туған апа-қарындасынан немесе немере, шөбере және аталас апа-қарындастарынан туған бөлелер аталады. Күйеуге әйелінің әкесі де, әйеліне күйеуінің әкесі де "қайын ата" делінеді. Осы сияқты көптеген туыстық, құдандалық жақындық категорияларына ортақ атаулар көп-ақ. Оның бәрін төмендегі туыстық және жақындық жүйесінің схемасы мен оған жасалған талдаудан анық байқауға болады. Мысалға, Маңғыстаулықтар анасын «апа» демей, «мама», «шеше», ал қарт шешесін (әкесінің анасын) «шеке» деп те атайтын. Сол сияқты келіндер қайныларына көбіне шырақ деген ат қоятын ерекшеліктері бар. Ат тергеуде қазақ әйелдері аса ізеттілік пен тапқырлықты меңгерген. Оның сарқыншағы бүгінгі Маңқыстаудың қазақ ауылдарында да кездеседі. Сөйтіп туыстық және құдандалық қатынастарға қарай ат тергеу салты да қазақ арасында кең өріс алып келген. Қазақтағы туыстық және құдандалық жақындық жүйесінің атаулары айтушыға аталушының жасының үлкен-кішілігіне, жынысына қарай жіктеледі. Мұнымен бірге атаулар әке және шеше тарапынан туыстық, құдандалық жақындыққа байланысты жіктеледі.

Қазақстанның байтақ жеріне кең жайылған үш жүзге кіретін барлық тайпалардың тілінде бірнеше диалектілік ерекшеліктер байқалғанмен, туыстық және құдандалық жақындық жүйесіндегі атауларда жергілікті ерекшеліктер мүлдем жоқ деуге де болады. Олай болса, қазақтың туыстық және кұдандалық жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан атаулар бүкіл қазақ жұртшылыгына ортақ деуге болады. Мұны ел арасынан өзіміз жинаған деректер де, қазақ диалектологтарының 1961 ж. шығарған диалектологиялық сөздігі де толық дәлелдейді. Қазақ арасындағы туыстық және жақыңдық қатынастарға байланысты қалыптасқан жүйенің мұншалықты кеңдігі мен тұрақтылығы Л.Морганның — қоғамның төменгі сатыдан жоғары сатыға өтіп, өзгеріп отыруына байланысты отбасы да ылғи жаңарып, өзгеріп отыратын болса, туыстық жүйенің, керісінше, мейлінше баяу дамып, тек отбасында болған келелі өзгерістерге ғана байланысты өзгеретіндігі туралы тұжырымдарына (1934, 250) шынайы айғақ болғандай.

Біздегі жиналған деректерге сүйене отырып айтушының әкесінің әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары бірінші топқа кірсе, екінші топқа айтушының әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары кіреді. Ал айтушының өзі мен оның аталас туыстары және кұдандалы жақындары үшінші топқа кірсе, төртінші топқа айтушының балалары мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кіреді. Бесінші топқа айтушының немерелері мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кірсе, алтыншы топқа айтушының шөберелері мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақындары кіреді. Ең ақырғы жетінші топқа айтушының немене не шөпшек деп аталатын ұрпақтары мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақын сүйек шатыстары кіреді.

Айтушы ер не әйел жынысынан болуы мүмкін. Сондықтан оларға туыстарының не жақындарының ара-қатынасына қарай атауларда да өзгешелік болып тұрады. Оны мына схемалардан айқын көруге болады.

Қазақ халқында туыстық есеп еркектер тарапынан жүргізілгендіктен, айтушы еркек болған жағдайда оның бабасынан бастап неменесіне дейін жеті атаға, яғни жеті ұрпаққа толады. Ал жетінші ұрпақты қазақтың "немене" не "шөпшек атандыруы тегін емес. Оның өзіңдік мәні бар сияқты. Айталық, "немене" деген атаудың өзі не екені белгісіз деп сұрақ қойып тұрған тәрізді, ал "шөпшекке" келсек, бұл атаудың мәні тіпті анық. Қазақ шөпшек деп ағаштың қурап сынып түскен жіңішке бұтақтарын айтады. Осыған қарағанда, жеті атаға толғанда сегізінші ұрпақтың туыстық мәні жойылып, олардың арасында туыстық қарым-қатынас үзіледі деген ұғымды білдіретін тәрізді. Айтушының қызынан туған жиенінің ұрпағы оның бабасынан бастап жетінші атаға толғанда жетінші ұрпағының "туа жат" атануы да жоғарыдағы пікірді дәлелдей түседі. Бұл атаудың мәні — жетінші ұрпақ жат деген ұғымды білдіріп тұр ғой.

Осыған қарағанда, қазақ арасында негізінен жеті атаға толмай қыз алыспау әдетінің мәні өзінен өзі-ақ айқындала түседі. Ал Жетісу өңіріндегі кейбір рулар ішінде туыстық салты жеті атадан асып кетсе де, қыз алыспау әдеті күні бүгінге дейін сақталып отыр. Тіпті он екі ата Жалайырдың әрқайсысы әлдеқашан он атадан асып кетсе де немесе Албан тайпасының 13 атаға толған Сары деген руы бір-бірінен осы уақытқа дейін қыз алыспайды.

Енді атулардың жалпы тізімін жүйе-жүйесімен келтірейік.

Қандай туыстыққа байланысты қалыптасқан атаулар: өз елі бойынша — баба, ана, ата, әке, шеше, аға, іні, апа, қарындас, ұл, қыз, немере, шөбере (шөпшек), немере апа, немере аға, немере қарындас, немере іні, шөбере аға, шөбере іні, шөбере апа, шөбере қарындас; нағашы жұртының ұрпағы бойынша — нағашы ата, нағашы әже, нағашы аға, нағашы апа, нағашы іні, нағашы қарындас, жиен, жиеншар; туажат, неке құруға байланысты атаулар — күйеу (ер, бай, жұбай), әйел (қатын, бәйбіше, тоқал, зайып (жұбай), жезде, балдыз қайын іні, қайын аға, қайын бике, қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайны, жеңге, нағашы жеңге, нағашы келін, жиен келін, жиен күйеу, абысын, бажа, бөле; құдалыққа байланысты жақындық атаулары — құда, бауыздау құда, жанама құда, құдағи, құдаша, құда бала т.б.

Бұл атауларды кез келген адам сол күйінде қолдана бермейді. Әркімнің жыныс, жас және туыстық, жақындық қатынасына қарай үлкеннің атын атамау әдетіне байланысты езгеріп отырады, әркім өз бетімен ат қояды.

Төңкерістен бұрын балаларын ерте үйлендіретіндіктен 17—18 жасар әкелерді олардың балалары әке деп ешуақытта айтпайтын, олар балаларының ағасы тәрізді болатын да, көбінесе әкесін "аға" дейтін. Ал "әке" деп немерелері үлкен әкесін (әкесінің әкесін, бабасын) айтатын. Үлкен әкесінің ағасын үлкен ата, інісін кіші ата десе, өз әкесінің ағасын үлкен аға, кейде ата, інісін аға, көке, ағатай немесе шешесінің оларға қойған атына ағатайды қосу (шырақ ағатай, інішегім ағатай, кенже ағатай); немесе олардың аттарына ағатайды қосу (Смағұл ағатай, Жүсіп ағатай), кейде балалардың өздері ерекше ат қойып, оған ағаны қосу (Тәтті аға) арқылы атайтын.

Үлкен әкесін, яғни бабасын "ата"деп те атай береді. Бірақ әке, баба деген атаулар тікелей туған аталарына тән сияқты да, "ата" деген атау әкесінің, бабасының туысқандарына тән сияқты. Сондықтан арғы аталарымыз дегенде туған атасын да, олардың туыстарын да қосады, ал бабаларымыз дегенде, тек өздерінің туған әкесінің, әкесінің әкесі сияқты жоғарылай беретін тікелей қандастықты көрсетеді.

Үлкен әкесінің не әкесінің апа-қарындастарын көбінесе апай, бәлен апай, түген апай, апатай немесе тәте дейтін. Қыздар бой жетісімен бөтен елге ұзатылғандықтан, оларға көп ат қойып үлгермейді де. Сондықтан оларды кебінесе апай атандыратын.

Қазақ дәстүрінде ат тергеу ғұрпы әсіресе келіндерден қатты талап етілетін. Бұл туралы әдебиетте бірінші рет Н.Ильминский "Күйеуінің туыстарының атын келін ешуақытта атамайтын. Оның — аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын" деп көрсеткен. Келін тарапынан ат тергеу күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты. Бұл арада келіннің тапқырлығы, байқағыштығы да оған көп көмек беретін. Өйткені әркімнің әр түрлі сырттай, іштей ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды аттар қоя білу кез келген кісінің қолынан да келе бермейтін.

Жаңа түскен жас келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін "әке" не "ата" десе, әжесін "әже" дейді. Ал күйеуінің әкесін оның аға-інілерін "үлкен ата", "ата", "кіші ата" дейді. Күйеуінің ағаларына "үлкен аға", "жақсы аға", "ағакем", "көке" деген аттар қойса, інілеріне "сал жігіт", "молда жігіт", "мырза жігіт", "ортаншым", "тетелес", інішегім", "кенже" т.б; қайын сіңлілеріне "шырайлым", "еркежан", "еркем", "еркешім", "молдақыз", "айдарлым", "кекілдім" т.б; ал бұрын ұзатылған қыздарды "апа" деп, не олардың күйеулерінің аттарымен бәлендегі қыз, түгендегі қыз дей салады. Мұнымен бірге жас келіңдер күйеуінің бірге туған немере, шөбере туыстарының өздеріне де жоғарыдағыдай ат қоюмен қатар, олардың әйелдеріне, яғни абысын-ажыңдарына да "үлкен апа", "апа", "кіші апа", "жақсы апа", "жеңеше", "бәлен апам", "түген жеңешем" сияқты атай береді; келіннің түсуінен бұрын туған күйеу ағаларының балаларына ат қояды. Ал өзі келін боп түскеннен кейін туған күйеуінің туыстарының қандай ұрпағының болсын балаларының атын атай береді. Сол сияқты жеңгелерінің келін боп түсуінен бұрын туғаңдары жеңгелеріне де "жеңеше", "тәте" сияқты аттар қояды.

Әркімнің туыстық жақындығына, туыстар арасындағы жалпы қауым алдындағы алатын орны мен беделіне қарай орынды ат қойғыш келіндерді халық аса ұнатады. Мәселен, би, болыс боп жүрген кайнағаларын "би ата", "би аға", "болыс ата", "болыс аға" дей беретін. Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән беріп, сыйлы үлкен адамдардың аттарын атауды өзіне кешірілмес күнә деп есептейтіндері сондай, олар өзі атын атамайтын сыйлы қайын ата, қайын ағалармен аттас бөтен адамдардың да аттарын тура атаудан именіп, айталық — "қажы аттас", "қажы атам аттас", "ағаекем аттас" дейтін.

Қазақ аттары жер, су, аң, құс және төрт түлік мал атауларымен байланысты да қойылғандықтан, ондай атаулардың өзін өзінше өзгертіп айтатын. Мәселен, атын атамайтын адамдардың аттары Сарыбай, Сұлушаш, Бүркітбай, Биеке, Бүйен дейік. Мұндайда келіндер Сарысу өзенін — шикілсу десе, Сұлу төбе деген жерді — әдемі төбе, Бүркітті — қыран, биені — сауар, малдың -бүйенін жуанішек, көтеншегін өрістік деп өзгертіп айтады. Кейде атамайтын кісілермен аттас болған бөтен адамдардың аттарын да өзгертіп айтатын. Айталық, Мәмбетті - Самбет деп өзгертсе, Әліні — Сәлі, Тұрсынды — Мұрсын, Ахметті — Сахмет, Жақыпты — Мақып, Сартбайды — Талқыаяқбай, Ноғайбайды — Абзибай т.б.

Халық дәстүрі бойынша ауылдағы қарт кісілер мен қайнағаларының аттарын атамау үшін оларға мазмұны бір басқа баламалар табатын. Мәселен, Қасқырбайды — Бері ата, Қазыбайды — Топ ата, Айтуғанды — Түнгі жарық, Алтынбайды - Бестен артық, Қыстаубайды -Көн ата деп те атай беретін.

Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай, оларды "отағасы", "біздің үйдің кісісі", "әлгі" немесе үлкен балаларының атымен бәленнің, түгеннің әкесі дейтін. Күйеуінің құрдастарының атын да атамай, оларды "құрдас" атандыратын.

Келіндердің ат тергеуіне қазақ жұртшылығы көп мән бергендіктен, қойылатын, өзгертілетін аттардың түрі, үлгісі өте көп оның бәрін келтірудің қажеті де жоқ, мүмкін де емес.

Ат тергеудегі қазақ әйелдерінің аса ізгілігі мен тапқырлығын дәлелдейтін, әдеби мұраларда кеңінен тараған бір аңызды келтірейік.

Бір келіннің қайын жұртында Көлбай, Бұлақбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай және Пышақбай дейтін қайнағалары болса керек. Бір күні суға барған келін кішкене бұлақтың аржағында, көлдің бер жағындағы қамыс ішінде қойға тиген қасқырды көріп, шелегін тастай салып ауылға жүгіріпті де, үйге жетер жетпесте атасына көзі көрген жағдайды "Ата-ата! Сарқыраманың ар жағында, жылтыраманың бер жағында, салдыраманың ішіңде маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жанымаңызды білемеге білеп-білеп алып, тез жетіңіз" деп баяндаптымыс.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есінде сақтауды үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қарайтын. Өйткені кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлауы — халқымыздың қанына сіңісті болған абзал әдет.

Сөйтіп, қазақ халқындағы туыстық қарым-қатынас негізінен жеті атаға дейін созылып, одан әргі қатынас құдандалық байланысқа айналды. Бұлай дейтініміз қазақта экзогамиялық тосқауыл ру ішіндегі жеті атаға дейін берік сақталуы, ал сегізінші ұрпақтардың бірімен-бірі некелесуге хақы бар.

Жеті атаға дейінгі туыстық қатынастың қазақ арасыңда күшті болғаңдығын классификациялық туыстық Жүйенің қазақтағы мол атаулары да дәлелдегендей. Мұндай туыстар арасында бірін-бірі қысылғанда қолдау, өзара көмек әрдайым болып тұратынын да жоғарыда айттық.

Туыстық жүйе атауларымен бірге, қазақта құдандалыққа негізделген жақындық атаулары да молшылық. Бірақ бұларға байланысты атау 3—4 ұрпақтан аспайды да, құдалар арасындағы қарым-қатынас осы шеңбердің көлемінде ғана болып тұрады. Қазақтағы туыстық және жақындық жүйе әлі жете зерттелмеген мәселе.

Туыстық қарым-қатынастар жайындағы мәселені Шылбы Көмекұлының өлеңімен аяқтаймыз.

2. Ата-аналар мен балалар қарым-қатынастары.

Кейде өмірде болашақ ата-ана бала тумай жатып, оның қандай болатыны, қалай өсетіні, немен шұғылданатыны туралы жоспар құрып қояды... Біраз уақыт өткен соң ата-анасы оның ӨЗГЕШЕ екенін түсінеді!? О, Алла!? Көңілдері қалады, күйінеді, ренжиді. Осының барлығы баланың, өзінің, атасы мен апасының, жұбайының, мұғалімдерінің ... және басқаларының басына төгіледі. Жағымсыз сезімдер шығу жолын іздейді... бұрынғы көзқарас қатырма қағаздан жасалған үй сияқты қирай бастайды... Көбінесе осындай жағдайдағы ата-аналар бізге – психологтарға келеді.

Өздерінің бұрынғы армандарына ой жүгіртіп саралай келе, олар өз баласының ойдан жасаған бейнесі мен өмірдегі болмысының арасындағы сәйкессіздіктен қанағаттанбаушылық сезінетінін түсінеді. Шынайы «көрініс» қиялмен алмастырылады. Шынайы бала мен айналасындағы шынайы адамдар туралы түсінік көзқарастың, мақсаттың әсерінен бұрмаланады, Герда мен Гай туралы аңыздағы айнаның сынығы Кайдың көзі мен жүрегіне түсіп кетіп, оның өмір туралы, жақсылық пен жамандық туралы көзқарасын бұрмалағаны сияқты, көңілдің «қисық айнасы» жұмыс істей бастайды. Осыған сәйкес, өзіне және өзгелерге деген талап күшейеді, сәйкессіздік пайда болады.

Осы кезде бала өзін қалай сезінеді? Нені уайымдайды? Кез келген бала өзінің «жақсы» бейнесіне қолдау көрсеткенін қалайды. Бұл қолдау жақсы көретін ересектер тарапынан, көбінесе ата-анасы жағынан болуы керек. Бірақ жақсы көретін бұл ересек адамның өз баласынан көңілі қалғандықтан, қажет қолдауды көрсетуге қабілетсіз болады, көбінесе тек өзінің наразылығын ғана көрсетеді. Дәл осы жағдай қарым-қатынастың ушығуына әкеп соғады. Өкінішке орай, ақыл-ойының әлі толық жетілмеуіне байланысты бала өзінің қолдау мен махаббатқа зәру екенін сөзбен айтып жеткізе алмайды, сондықтан ол ересектермен клиникалық психологияда «белгілер» деп аталатын түрлі аурушаңдықтың көріністері бар түсініксіз «тілмен» сөйлеседі. Бұл белгілер тілінің түсініксіздігі сонда, ол физиологиялық тегі жағынан ауру сияқты болып көрінеді, сондықтан да ата-аналар оны ушыққан қарым-қатынастан туындаған ішкі сезім қиналысының белгісі ретінде қабылдамайды. Мысалы, асқазан жарасы, гастрит, демікпе, суық тию сияқты психосоматикалық аурулар немесе тұтығу, энурез, сезім тұрақсыздығы, есінен тану, ұстама сияқты невротикалық бұзылыстар түрінде болуы мүмкін. Сондықтан, ата-аналар, абай болыңыздар! Кез келген тұмау суық тигеннің белгісі емес,баланың «жылап таусылмаған» көз жасының куәсі болуы мүмкін!

Сонымен, біз сөз етіп отырған бұл белгілер отбасы қарым-қатынасындағы психоэмоционалдық ширығудан туындайды. Өйткені, өзінің «жақсы» бейнесін сақтап қалу үшін жақсы көретін ересектер тарапынан қолдау таппағандықтан, баланың психикасына «қорғану тетіктерін» күшейтуге тура келеді. Басқаша айтқанда, бала ішкі түйсігімен ата-анасы оның қандай болғанын қалайтынын сезінеді де, соған икемделеді. Соның салдарынан өзінің ішкі талабы мен тілегіне қарамастан баланың «Мені» жалған жолмен дамиды.Басқаша айтқанда, бала өзінің нағыз, шынайы тілегін жете түсінбейді, сондықтан ол оны басқара алмайды. Мысалы, бала ашулануға және өзінің ызасын көрсетуге қорқуы мүмкін де, өзін қорғау үшін ашу-ызасын көрсететін сәттерде мұндай бала оған қабілетсіз болады. Қайта керісінше, жәбірсіз жағдайларда өзі де күтпегендей, ызақорлық пен агрессияға баруы мүмкін. Мұндайдан шошыған бала, бұл сезімдерді өз пайдасына асыруға үйренудің орнына, сондай сезімдерді басып тастауға тырысады.

Сонымен, біздің алдымызда өзінің баласына қанағаттанбаған ата-ана мен әзірге өзін және болып жатқан жағдайларды күңгірт түсінетін бала тұр. Кейін бала өскенде өзінің ата-анасымен қарым-қатынасын «Менің ата-анамның үнемі бірдеңеге көңілі толмайтын, меніңше, олар мені жек көретін», «олардың менде ешқандай жұмысы жоқ болатын», немесе «олар мені өте жақсы көретін, бірақ менен ештеңе шықпады, мен үнемі бәрін бүлдіретінмін» деген сияқты сөздермен суреттейді.

Түңілген ата-аналар жағдайында, балалар да түңіледі. «Үміт үздіргіш» дәл өзі деп сезінген бала бұл сезімнен есейгенде де айыға алмайды.

Шығар жол қайсы? Ересек адамда мүмкіндік бар! Өзіңіздің балаңыз қандай болса, сол қалпында қабылдауға тырысыңыз. Оның «БАСҚА» екенін мойындаңыз және оны ТАНЫП, ҚАБЫЛДАП, оның күшті жақтарын дамытыңыз. Иә, ол мінсіз емес, өйткені ол – АДАМ. Бірақ осыны түсіну үшін, өзіңіздің теріс жақтарыңызды қабылдауыңыз қажет...Сонда ғана сіз өзіңіздің балаңызбен бірге бақытты бола аласыз!

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.

Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру. Адам қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықтарды меңгереді. Әрине, қарым–қатынас ақпарат алумен ғана шектелмейді, оның шебері аса кең, көп қырлы. Спектакль көрсек те, лекция тыңдасақ та, достармен сөйлессек те, осының бәрі – қарым–қатынастың сан алуан қырлары болып есептеледі.

Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Өйткені оның психикасы тек айналасындағылармен қарым – қатынас жасау процесінде ғана қалыптасады. Кез келген адам дүниеге келісімен екінші бір адаммен қарым–қатынасқа түсуді қажетсінеді. Мәселен, нәрестенің анасымен «тілдесу» қажетін қанағаттандырмау – біртіндеп оның қатаң сезімді, мейірімсіз болып өсуіне, кішкентайынан айналасына деген сезімнің азаюына әкеліп соқтыратыны байқалып жүр. Сөйтіп, басқалармен қарым–қатынасқа түсу – қай жастағыларға болмасын, оған киім-кешек, баспана қалай қажет болса, айналадағы жұртпен араласып, дұрыс қарым–қатынас жасай білу де сондай қажет. Мәселен, адамды қамап, басқалармен араластырмай ұстау – жазаның ең ауыр түрі екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Өзгелермен қарым–қатынас жасау – бұл тіршілікке аса маңызды ақпарат алмасу деген сөз.

Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты. Отбасында түрлі қарым-қатынастар орын алады.