Дәріс №2. Қазақстан Республикасының экономикалық жүйесіндегі өзгерістер

1. Нарықтық экономика жүйесін қалыптастыру. Қайта құрудың алғашқы-1990 жылының өзінде, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 3-сессиясы нарықтық экономикаға көшу туралы мәселе көтерген болатын. Осыған байланысты республиканың өз ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда нарықтық шаруашылыққа көшудің концепциясын жасау қолға алына бастады. Дүниежүзілік экономиканың озық тәжірибелерін ескере отырып, шаруашылықтың тиімділігіне қол жеткізу-экономикалық реформаның мақсаты ретінде қаралды. Бұған жету үшін қатардағы көптеген маңызды мәселелерді шешу қажет болды. Атап айтқанда, олар мыналар:

· экономикалық қарым-қатынастарды ырықтандыруды жүзеге асыру;

· мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру негізінде жеке меншікті трансформа­циялауды жүзеге асыру;

· кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау;

· республикада инфрақұрылымды өрістетуге мүмкіндік туғызу;

· қаржылық-несиелік саланы реформалау;

· шетел капиталын кеңінен тарту арқылы ашық экономикалық жүйені орнықтыру.

1990 жылдардағы Қазақстан экономикасының тоқырау жағдайы аталған мәселелерді жүзеге асыруға кері әсерін тигізеді. Жас республиканың халық шаруашылығы бұл уақытта мыналарды басынан өткізді: аграрлық сектор мен оның қаржы көп жұмсалғанымен тиімділігі аз салаларының әркелкілігі; халық тұтынатын тауарларды өндіретін өндірістер мен басқа да салалардың жеткіліксіз дамуы; өнімнің күрт төмендеуі, гиперинфляция, тауар тапшылығының ұлғая түсуі, қаржы жүйесінің бей-берекеттігі.

Нарықтық экономиканың кідіріссіз дамуын жеделдету үшін заңдылық базаны әзірлеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы бірінші Конституциясы бойынша жеке меншік ресмилендірілді. Ендігіде жеке бизнесті дамытуға құқықтық негіз жасалды. Бұл кезеңдегі өндірістің құлдырау себептерін былайша түсіндіруге болады:

· технология мен басқа да құрал-жабдықтардың моральдық және физикалық тұрғыдан ескіруі;

· бағаның ырықтандырылуына байланысты энергия көздеріндегі шығынның көбейіп, өнімнің қымбаттауы;

· КСРО құлағаннан кейін іргелес республикалармен арадағы экономикалық байланыстардың үзілуі. т.б.

Қазақстан экономикасын тұрақтандыру мақсатында 1993 ж. маңызды-маңызды деген екі шешім қабылданды: 1.Республикадағы жеке меншік түрлерін бір қалыпқа түсіру мақсатында Ұлттық бағдарламасы іс жүзіне асырыла бастады.

2. 1993 жылдың 15 қарашасында республиканың өз ұлттық валютасы — теңге айналымға кірді. Бұл елдің өзіндік қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. Шындығына келгенде, Қазақстан осы күннен бастап экономикалық дербестік жолына түсті. (“Казахстанская правда” 26 наурыз 2001 ж.)

Нарықтың дамуы жеке меншіктің көптүрлілігіне тікелей байланысты. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы ең алдымен осыны жүзеге асыруы тиіс болды. Оның басты үш кезеңін ұсынайық:

1. Жалпылай жекешелендіру. Мұндағы негізгі мақсат-қоғамның барлық мүшелерін қатыстыра отырып, жекеменшіктік құқықты іс жүзінде дәйектеу. ИЖҚ келіп түскен купондарды арнаулы аукциондарға салу арқылы жекелей мекемелердің акцияларына ие болғанымен, ол мекемелердің дені, өкінішке орай, жұмыссыз еді. Осы және басқа да себептерден инвестициялық қорлар өзін-өзі ақтай алған жоқ. Акционерлік қоғамдар жұмысын басшылыққа алу үшін оларға ең алдымен жеткілікті мөлшерде акциялар керек болатын. Жекешелендіру үрдісі, өзіне халықтың қалың тобын тарту арқылы әлеуметтік әділдік идеясын іс жүзіне асырды.

2. Шағын жекешелендіру жалпылай жекешелендіруге қарағанда халықты өзіне көбірек тарту мақсатында жүргізілді. Шағын немесе ақшалай жекешелендіру объектілері-көтерме және бөлшек сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, өндірістік мекемелер және басқа да қызмет түрлері болып табылады.

3. Жеке жобаларға байланысты жекешелендірулер аса ірі (5000-нан аса жұмысшылары бар) мекемелерді қамтыды. 1994 жылдан бастап мұндай мекемелер шетелдік басқаруға беріле бастады.

Белгілі бір келісімге сәйкес мекемелер компания жетекшілеріне 5 жылдан-10 жылға дейінгі мерзімге берілді. Бұл компаниялар өз дәрежесінде мекемелер табысынан үлес алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, шетел компаниялары жетекшілерінің алдына бюджет пен ұйымдарға тиесілі қарызды дер кезінде жауып отыру, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту, мекеменің әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешіп отыру міндеттері қойылды.

1994 жылдың желтоқсанына дейін отандық және шетелдік компаниялармен 50-ге жуық келісім-шарт жасалды. Оның ішінде дәл бүгін республиканың ең ірі деген 45 мекемелерін қамтитын 30 келісім-шарт нақты іске асырылып отыр. Олардың ішінде Павлодар алюминий зауыты-компанияны басқарушы “Уайтсвен ЛТД”, “Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі “Айведон”, Дон тау-кен комбинаты, Жармақ және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты-“Джапан Хром Корпорейшн”, т.б. бар.

Сөз жоқ, жеке меншікке айналдыру-өте-мөте күрделі үрдіс. Ол, ең алдымен, заңдылық базасын мұқият қарастыруды, сондай-ақ, халықтың, мемлекеттің және жеке меншік иелерінің мүддесіне сай болуды талап етеді.

2. Өнеркәсіп. Нарықтық қатынасқа көшу өнеркәсіп жағдайына да өз әсерін тигізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикада өнеркәсіп баяулап, негізінен даяр өнімдер өндіру салаларында құлдырау байқалды. Бұл КСРО-ның тарауы салдарынан бұрынғы серіктестерімен шаруашылық байланыстардың үзілуінен, тұтынушылардың төлем қабілетінің төмендеуінен, отандық тауарлардың бәсекеге төтеп бере алмауынан белең алды. Алайда Қазақстанның өндіруші салаларында керісінше, өндіріс көлемі ұлғайды. Бұл әсіресе 1999 ж. соңында, үкімет кәсіпорындарды отандық және шетелдік компаниялар иелігіне бере бастаған кезде байқалды. Өндіруші саланың дамуына түсті металдардың, темір және хром рудаларының, газ, мұнай және көмір қорының молдығы әсерін тигізді.

Тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларының жолға қойыла бастауы кіші жекешелендіруге байланысты болды. Тамақ өнеркәсібінде әр түрлі компаниялардың құрылуы рынокты отандық тағам өнімдерімен байытты. Бұл сүт, нан-тоқаш, колбаса, макарон, арақ-шарап, кондитерлік бұйымдар еді. Жеңіл өнеркәсіпте әлі де шетелдік тауарлар үрдісі басым. Жаппай пайдаланылатын тауарлар өндіру (киім, трикотаж, аяқ киім, жиһаз, кеңсе тауарлары, т.б.) негізінен шетелдік материалдарды, жинақ бөлшектерін, құрал-жабдықтарын, т.б. пайдалану арқылы жасалады.

3. Аграрлық сектор.Аумағының кеңдігі, бірнеше табиғат, климаттық зоналардың болуы республикада мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығына мамандануына мүмкіндік береді. Аграрлық сектордың нарықтық қатынасқа көшуі нәтижесінде мемлекеттік ауыл шаруашылығы шаруашылықтың өзге формасына, жеке меншік, ұжымдық және аралас формалы меншікке негізделген. Бұл салада акционерлік қоғам құру немесе кәсіпорынды еңбек ұжымының қолына беру кеңінен қолданылады. Жер мемлекеттік меншік болып табылады. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру механизмі айналымдық қаржы, техника, малды қамтиды. ҚР заңы бойынша жер 99 жылға дейін мұрагерлік құқығымен жалға беріледі.

1995 ж. дейін жерді иелену және пайдалану құқығын сатуға байланысты нарықтық қатынастарға рұқсат етілді, бірақ жерді сату, сатып алу акті жүзеге асырылмады.

Президенттің 1995 ж. 25 желтоқсандағы “Жер туралы” жарлығына байланысты бұдан былай жер мемлекеттік әрі жеке меншікке де берілетіні анықталды. Осы жылы мемлекеттік тапсырыс жойылып, ауыл шаруашылығының өнімдері рынок саласы арқылы таратыла бастады.

2001 ж. 24 қаңтарда “Жер туралы” Заң қабылданып, ауыл шаруашылығы саласындағы барлық мемлекеттік емес пайдаланушылардың құқығы теңестіріліп, жалға алу мүмкіндігін (49 жылға дейін) уақытша пайдаланушыларға айналды.

4. Банк және ұлттық валюта. 1993 жылдың наурызында «ҚР-ның Ұлттық Банкі туралы» жаңа заң қабылданды. Соған сәкес ҚР Ұлттық Банкінің басқару құрылымдары терең өзгерістерге ұшырады. Сонымен, Қазақстанда Ұлттық Банк заңды түрде танылды, ал шын мәнісінде ол 1992 жылдың бас кезінен нақты жұмыс істей бастаған болатын. Ұлттық банк жаңа заңға сәйкес жаңа басқарма сайлады, оның құрамына Президент әкімшілігінен, Парламент аппаратынан, Үкімет пен қаржы министрлігінен өкілдер кірді. Департамент директорынан тұратын Банк директорларының кеңесі құрылды, филиал желісінің атқарымдары қайта құрылды, екінші деңгейлі банктер қызметіне қадағалау жөнінде департамент құрылды, ол аймақтық құрылымға ие болды. Осы бір сын сағат үстінде теңгенің дайындық шаралары мұқият жүргізілген. Мұнда ұлттық валютаның дизайн әзірлеу ғана емес, сонымен бірге шетелдіктердің ТМД елдерінің өз валютасын енгізуге және ақша реформасын жүргізуіне байланысты тәжірибесін үйрену, пайдалану басты назарға алынды. 1993 жылы қарашаның басында ұлттық валютаның алтын қоры жасалып, Ұлыбританияда теңгені басып шығару туралы тапсырыс берілді. Ал, қағаз тиындардың 6 номиналын дайындауға арналған тапсырыс Алматы қаласындағы құнды қағаздар фабрикасында орындалды.

Ұлттық валютаны жасау еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке басшылығымен жүргізілді және осы мәселе бойынша барлық шаралар қатаң құпияда сақталынды әрі жоғары денгейде ұйымдастырылды. Сонымен бірге, ол қысқа мерзімде-бір жыл, екі ай ішінде Англияда аяқталды.

Ішкі дайындық ойдағыдай пісіп жетілгенен кейін 1993 жылы қарашаның 11-і күні кешке теледидардан, радио тораптарынан Президент республика халқына ақша реформасын жүргізу туралы сөз сөйледі. Осының ертесі 12 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев ҚР-ның ұлттық валютасын енгізу туралы №1399 жарлығын жариялайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұлттық валютаның 1993 жылы 15 қарашасынан айналысқа енгізілетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша 1993 жылдың 15 қарашасы ұлттық валютаның туған күні деп саналды.

Елбасы жарлығымен 15-18 қараша аралығында ұлттық валютамен бірге рубльдік банкноттардың қатар қолданатынына жол берілді. Ал, 1993 жылы 18 қарашасынан бастап өзіміздің төл теңгеміз Қазақстан Республикасының аумағында бірден-бір төлем құралына айналып, Ресейдің ескі рублі желге ұшты. Ұлттық валютаны тұрақтандыру жөнінде қадамдар есептелді, теңгенің бағамы сол кезде бір АҚШ доллары үшін 4,6 теңге деңгейінде белгіленді. АҚШ долларына қатысындағы теңге бағамы еліміздің алтын қорының тұрақтануы мен мүмкіндіктерін, экономикалық-әлеуеттік, ақша айналымын ескере отырып есептелінді. Бірақ ол ұзақ сақталмады, тағы да құлдырай берді. Ал теңгені біз ерекше шиеленістерсіз енгіздік.

1994 жылы елдің қаржы жүйесінің қалыптасуы онан әрі жалғасын тапты. Ал бұл жүйе аса қиын қаржы-экономикалық жағдайда өрбіп, сөзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Теңгенің құнсыздануына байланысты айналысқа жаңа банкноттар шығарылды. Мәселен, 1 наурызда 200 теңгелік, 27 шілдеде 500 теңгелк банкноттар пайда болды. Банк инфляциялық процестерге дер кезінде баға беріп отырды. Бүгінгі күні, міне, Қазақстан экономикасы дәйекті түрде көтеріліп келеді.

Осы күндері Қазақстандықтар жаңа дизайндағы теңгені алғаш көруде. Бұл теңге дизайнның ескі түрден жаңасына ауыстырудың техникалық-экономикалық себептерін айтар болсақ, біріншіден, бұрынғы ақша бетіне салынған мемлекеттік нышандар, тарихи тұлғалардың суреттері, ландшафт, сәулет – мұның бәрі өзімізді әлемге таныту, өзіміз туралы өткеніміз, қазіріміз туралы әлемге паш ету болды. Алайда қазіргі серияда көркемдік тұжырымдамасы жалғасқан да, бірақ аясы тарыла бастаған: бұл әлемнің, Қазақстанның даму барысында технологияның арта түсуімен байланысты.

Екіншіден, біздің теңгеміз әлемдік стандартқа сай келуі тиіс. Үшіншіден, банкноттың басты мәні мемлекеттің бірлігін ұлттық ерекшелігі, экономикалық деңгейін көрсетуі тиіс. Адамдар есейген сияқты еліміз Қазақстан да 15 жылға есейіп өсті, өзгерді. Өзіміз де, қоршаған орта да, өмір сүру жағдайымыз да өзгерді және бұл жаңа теңге осы тарихи өзгерістерді көрсетуі тиіс.

Жаңа купюроларда нышандар, көркем образдар көп, олардың әрқайсысының өз мағынасы бар, бәрі бірігіп тарихты құрайды, елдің шынайы өмірін бейнелейді. Біздің еліміздің тұрғындары сан жағынан орасан көп әрі олар түрлі ұлттардың өкілдерінен құралған. Сондықтан да біз әлемге өзіміздің ақ жүрегімізбен сұхпаттасуға әзір екенімізді білдіреміз. Сол себепті банкноттың негізгі элементі - әлемге ашық алақан. Осы нышан бүкіл әлемге түсінікті және бірдей түсіндіріледі. Бүкіл әлемде ежелгі жартастардағы суреттерде ашық алақан кездеседі. Жүрек тұсына қойылған алақан – шын көңілдің және достықтың белгісі. Сәбидің маңдайына тосылған алақан махаббаттың, қамқорлықтың және ана-қорғаушының нышаны. Көшпенді баспанасының үстінде бейнеленген алақан – қонақжайлықтың белгісі. Ұрыс үстіндегі жауынгердің қолының ашық алақаны және қолды жоғары көтеруі – татуласуға дайындықтың белгісі. Әлі күнге дейін қолғапты шешіп амандасу жүректің тазалығын, қарым-қатынасқа ашық пейілді білдіреді. Сонымен қатар ашық алақанның суреті бақыт әкелетін және көз тиюден қорғайтын ерекше тұмар ретінде түсіндіріледі. Купюроларда барлық купюролар үшін өтпелі немесе ортақ тағы да бірнеше образдар: Жалау, Елтаңба, нота станының әнұран бар үзіндісі, Қазақстанның картасы, Ұлттық Банктің белгісі, ертедегі петроглифтер және қазіргі заманғы «Астана Бәйтерек» бар. Олардың бірлесуі бұл - өткеннің, қазіргінің және болашақтың өзара байланысын көсететін өзінше формула. Банкнотта – ресми қаржы құжаты, әлемге белгілі болған нышандар: Елтаңба, Жалау, Әнұран, елдің картадағы контуры бар. Бұл мемлекеттік нышан және ел туралы, бәріне республиканың азаматтарына және сол сияқты шетелдіктерге қажет ақпарат. Ұлттық Банк логатипі, төрағаның қолы – бұлар қаржы құжатының банкноттың түпнұсқалығын, оның төлем қабілетін және оны төлеуге әрі айырбастауға беретін кепілдікті растайтын белгілері. Сонымен бірге банкнотта Қазақстан ландшафтының да негізгі типтері бар – таулар, теңіздер мен көлдер, орман, дала көрсетіледі. Мұның мағынасы бір сөзбен келтіргенде Біздің Отанымыз деген патриоттық сезімді көрсетуі тиіс.

Негізгі әдебиеттер: 1, 3, 8, 9, 10, 14, 15.

Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 6, 12, 16, 17, 21, 29, 31.