UII-тарау. Қазақстан жағдайында мемлекеттік басқаруды

I-тарау. Мемлекеттің мәні мен нысандары және оны

басқару қажеттілігі ………………………………………………..4

1.1 Мемлекет түсінігі және негізгі белгілері………………….……….4

1.2. Мемлекеттің мәні мен негізгі сипаттамалары……………………..8

1.3. Мемлекет функциялары жөніндегі ұғым және

олардың жіктелуі…………………………………………………….11

1. Мемлекеттік басқарудың объективті қажеттілігі …………………19

1.5. Мемлекеттік құрылым үлгілері мен басқару нысандары…………21

II-тарау. Мемлекеттік басқарудың теориялық-әдістемелік

негіздері………………………………………………………………28

1. Мемлекеттік басқарудың теориялық астары…………….…………28

1. Мемлекеттік басқару объектілері мен

субъектілерінің жүйесі……………………………………………….35

1. Мемлекеттік басқару теориясының әдістемелік негізі…………….41

1. Мемлекеттік басқару қағидалары …………………………………..46

2. Мемлекеттік басқарудың негізгі әдістері…………………………...52

III-тарау. Мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудің

құқықтық астарлары…………………………………………….56

3.1.Құқықтық реттеудің мәні мен маңызы……………………………...56

1. Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеудің

негізгі нысандары мен әдістері……………………………………..58

1. Мемлекеттік басқару ісінде заңдылықты

қамтамасыз ету мен тәртіп мәселелері……………………………...64

IU-тарау.Мемлекеттің басқару ісі және оның санаткерлік әлеуеті……..68

1. Басқару ісінің мәні және құрылымы…………………………………68

1. Басқару мәдениеті туралы ұғым

және оның элементтері……………………………………………….73

U-тарау. Басқару қызметінің стилі және оны

жетілдіру ісіндегі жауапкершілік…………………………………..79

1. Басқару қызметінің стилі: түсінігі, мазмұны,

түрлері және жетілдіре беру қажеттілігі……………………………..79

1. Мемлекеттік басқару қызметіндегі стиль мен

жауапкершіліктің өзара байланысы ………………………………..81

UI-тарау. Мемлекетті басқару қызметінің

әлеуметтік-экономикалық тиімділігі мәселелері……………….87

1. Мемлекеттік басқарудың әлеуметтік-экономикалық

тиімділігі: түсінігі мен бағалау әдістері………………………………87

1. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруда

есепке алынатын факторлар…………………………………………...95

UII-тарау. Қазақстан жағдайында мемлекеттік басқаруды

жетілдіру мәселелері……………………………………………….101.

1. Мемлекеттік басқару қызметін жақсартудағы адами

дамудың рөлі………………………………………………………….101

7.2. Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың

ерекшеліктері…………………………………………………………107

1. Еліміздегі мемлекеттік басқаруды

жетілдіру бағыттары…………………………………………….. …..115

Қолданылған әдебиеттер тізімі…………………………………… …………..121

Кіріспе.

Өзінің ғасырлар бойғы қоғамдық дамуы үрдісінде адамзат бірнеше тарихи-әлеуметтік кезеңдерді бастан кешірді. Экономика мен қоғам дамуының ең басты алғышарты - өндіріс екенін ескерсек, онда оның да өркендеу дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөлуге болар еді. Олардың біріншісінде адамзат өндірісті (әсіресе өнеркәсіпті) шикізатпен қамтамасыз етуді ойластырумен болды. Басқаша айтқанда, материалдық фактор өндіріс өркендеуінің шешуші факторларының алдыңғы қатарында болды. Бұл кезең ондаған ғасырларды қамтитын тарихи мезгілге созылды.

Қоғамның өндіргіш күштерінің толассыз дамуы келе-келе адамдардың өндірістік қарым-қатынастарының өзгеруіне әкелгендіктен сол өндірісті материалдық жағынан қамтамасыз етуден гөрі еңбекті дұрыс та тиімді ұйымдастыру факторы шешуші рөл атқара бастады. Сөйтіп - ондаған жылдарды қамтитын кезең басталып, ол өндіріс дамуында жұмыс күшін пайдаланудың тиімділігі деңгейімен сипатталды. Бұл фактор күні бүгін де өз маңызын жойған жоқ.

Енді үшінші кезеңнің басты сипатын келтірер болсақ, ол өндірісті (ақылы қызмет көрсетуді) тұрақты дамытуды және соның негізгі мақсаты болып табылатын қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсартуды ұйымдастырушылық, әсіресе басқарушылық жағынан қамтамасыз етудің маңызының арта түсуі дер едік. Сондықтан да жас мемлекетіміздің алға қойған басыңқылықты мақсаттарының бірі – жоғары білімді қызметкерлерді “мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша дайындау екендігі жайдан жай емес.

Енді осы мамандақ бойынша оқитын студенттер алдында тұратын шешуші міндеттің бірі мемлекеттік басқарудың теориялық астарын меңгеру екені өзінен-өзі түсінікті. Осыған байланысты және мемлекеттік тілде жазылған оқу-әдістемелік құралдардың тапшылығын ескере отырып қолыңыздағы оқу құралын дайындадық. Ол әзірге өте ықшам күйде және көлемдірек оқулық дайындаудың бірінші сатысы ретінде жазылды. Оның тағы бір себебі әлгіндей оқулық дайындауда осы оқу құралы бойынша айтылған ұсыныстар мен сыни көзқарастарды ескеру еді. Сондықтан осындай ұсыныстар жасаған мамандарға алдын-ала ризашылығымызды білдіреміз.

I-ТАРАУ. МЕМЛЕКЕТТІҢ МӘНІ МЕН НЫСАНДАРЫ

ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ

1. МЕМЛЕКЕТ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ

Мемлекет түсінігін анықтау барысында біркелкі қоғамдық құбылыстарды әр адамның әрқилы қабылдау мүмкіндігін білдіретін субъективті сипатын ғана емес, сонымен қатар олардың объективті жағдайларын да ескерген жөн. Бұл жерде сөз, ең алдымен, құбылыс ретіндегі мемлекеттің күрделілігі мен көпқырлылығы және соған сәйкес оның түсінігін анықтау варианттарының көптігі туралы болып отыр. Осыған байланысты белгілі австриялық заңгер

Г.Кельзен: «мемлекет түсінігін анықтаудағы қиыншылықтар аталмыш терминмен көптеген әр түрлі нысандар мен құбылыстар белгіленетіндіктен одан сайын күрделене түседі» деп атап өтеді.

Жалпы алғанда мемлекет түсінігінің өзі кең және тар мағынада қолданылады. Кең мағынада мемлекет деп қоғамның өзін немесе оның қандай да бір ерекше нысанын айтады. Ал тар мағынасында мемлекетке басқару органдары немесе субъектілері, ұлттар, белгілі бір елдің халқы тұрып жатқан аумақ жатқызылады.

Қазіргі заманғы мемлекеттануда мемлекет түсінігі жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар қалыптасып, олар оны бірнеше мағынада, атап айтқанда, заңдық, әлеуметтік, нормативтік және органикалық мағынада қарастырады. Заңдық көзқарас тұрғысынан мемлекет заңды тұлға, «құқықтық феномен», ерекше корпорация ретінде қарастырылып, басқа корпорациялардан тек ұлт немесе ел масштабында белгіленген құқықтық тәртіппен ерекшеленеді. Осыған сәйкес мемлекет мәселелері белгілі жағдайда ұлттық құқықтық тәртіп мәселелері ретінде қарастырылып, адамдардың дұрыс іс-әрекетін және тәртібін бейнелейтін құқықтық тәртіп ретінде анықталады.

Мемлекет пен құқық арасындағы қатынастар жеке адам мен құқық арақатынасы сияқты бірге қарастырылуы тиіс деп ұйғарылады. Бұл Кельзеннің ойы бойынша мемлекет құқықты шығаруы мен бекітуіне қарамастан, жеке тұлға ретінде өзінің тәртібі мен іс-әрекетінде құқықпен байланысты болу қажет екендігін білдіреді.

Әлеуметтік аспектіде мемлекет өзінің құқықтық тәртібі мен құқықтық өміріне тәуелсіз болатын небір «әлеуметтік жалпыға бірдейлілік», әлеуметтік қоғам болып саналады және оған (оның пайда болуы және қызмет ету кезінен бастап) түрлі органдар бойынша билікті бөлу сипаты тән. Автордың көзқарасы бойынша «барлық іс-әрекетті Үкімет бір өзі жасайтын және билікті де өз қолында шоғырландыратын бір де бір мемлекет жоқ». Қоғамда әр кезде бірнеше әкімшілдік құрылымдар болған және бар. Олардың қызметінің нәтижесінде қоғамдағы қатынастардың басым бөлігі туындап, басқару мен бағындыру актілерінің көбі пайда болды. Ал олардың жиынтығы «әлеуметтік мемлекет» деген ұғымды білдірді.

Сонымен қатар мемлекет түсінігі тірі «табиғи организм» ретінде анықталады. Осы бағытқа сәйкес ол «әлеуметтік биологияның нысаны» ретінде қарастырылады. Мемлекеттің түсінігіне деген мұндай көзқарасты австриялық заңгер Г.Кельзенге дейін көптеген басқа авторлар, атап айтқанда, мемлекеттің органикалық теориясын жақтаушылар қолдады. ХІХ-ХХ ғасырларда өз дамуының жоғары шегіне жеткен бұл теория барлық әлеуметтік өмірді биологиялық заңдылықтармен түсіндіруге тырысты. Олар қоғамды толығымен организмге теңестіріп, ал мемлекетті тіршілік етіп жүрген және болашақта дүниеге келетін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын «жалғыз институт» деп санады.

Нормативтік мағынада мемлекет түсінігі Г.Кельзен және оның нормативист- жақтаушыларының анықтауы бойынша «нормалар жүйесін», «нормативтік тәртіпті», «мемлекет-билік» немесе «саяси ұйымдастырылған қоғамды» білдіреді. «Мемлекетке саяси сипат тән. Оның саяси ұйым болып табылатыны, алдымен күшті қолдану ретін белгілейтіндігінде, өйткені ол күшті қолдануда монополист болып табылады» - дейді автор.

Сонымен, бір жағынан, мемлекеттің құбылыс пен түсінік ретіндегі күрделілігі мен көпқырлылығы, екінші жағынан әртүрлі авторлардың оны қабылдау субъективизмі оны түсіну мен түсіндіру варианттарының көп болуына объективті жағдай туғызады. Осыдан қоғам дамуының әр түрлі кезеңдерінде мемлекеттің көптеген анықтамалары мен түсініктерінің пайда болуы және олардың көптеп қолданылуы түсінікті. Бұл туралы Л.Гумплович:

«Қанша мемлекет танушылар мен философтар бар болса, сонша мемлекеттің анықтамасы болды»- деп жазады. Сол себепті мемлекетке тарихи дамуының әр кезеңінде ғалымдардың берген анықтамаларының бір текті болмағаны айқын. Мысалы ұлы ойшыл Аристотельдің пікірінше «мемлекет дегеніміз ешкімге тәуелді емес азаматтардың қарым-қатынасының жоғары нысаны».

Қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ойшылы Никколо Макиавелли ( 1469-1527) мемлекетті «қажетті мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыру арқылы ортақ игілікке қол жеткізу» деп түсіндіреді.

XVI ғасырдағы ірі француз ойшылы Жан Боден мемлекетті «қайырымдылық пен әділеттіліктің мәңгі бастамаларын басшылыққа алатын жоғары билік және отбасын құқықтық қорғау» деп қарастырады. Бұл бастамалар мемлекеттік құрылымның мақсатын құрап, ортақ игіліктер әкелуі қажет деген. Осы дәуірдегі белгілі ағылшын философы Томас Гоббс –бейбітшілік пен табиғи құқықтарды жүзеге асыратын кепілгер ретінде мемлекеттің шексіз билігін жақтаушылардың бірі. Ол мемлекетті «тұтас тұлға, тәуелсіз жоғары билеуші, оның қалауы халықтың қалауы болады, сондықтан ол барлық адамдардың әрқайсысының күші мен мүмкіндігін ортақ бейбітшілік пен қорғаныс үшін қолдана алады» деп санайды.

Либерализмнің саяси – идеялық доктринасын құрушы, ағылшын философ – материалисі Джон Локк (1632-1704ж.ж.) «мемлекет басым күштің, яғни мемлекет құрамына кіретін көптеген азаматтардың ортақ еркі» дейді. Ол мемлекетті өздері бекіткен жалпы заңдардың негізінде біріккен адамдардың жиынтығы ретінде қарастырған.

Неміс әдебиетінде мемлекет «белгілі бір аумақта және жоғары биліктің қол астында біріккен халықтың ұйымы» ретінде көрсетілсе (Р.Моль), ал өзге әдебиеттерде «құқықтық жағдайды жан-жақты қолдану үшін құрылған жоғары биліктің қол астындағы белгілі бір аумақтағы еркін адамдардың одағы» ретінде қарастырылады (Н.Аретин). Үшінші жағдайда мемлекет «белгілі құқықтық тәртіпті қорғау үшін табиғи түрде пайда болған билік жүргізуші ұйым, - деп айтылған (Л.Гумплович)

Сонымен мемлекет, әсіресе 1917 жылғы төңкерістен кейінгі кезеңде, Ресейде «қандай да бір тапты басу үшін арналған күш көрсету ұйымы» ретінде түсіндірілді. Академиялық басылымдарда және оқу әдебиеттерінде ол көбінесе қатаң таптық мағынада «өз диктатаурасын жүзеге асыратын экономикалық үстем таптың, билік аппаратының саяси ұйымы немесе негізгі өндіріс құралдарының меншік иелерінің ортақ мүдделерін қамтамасыз ететін және қорғайтын, тарихи түрде келетін, қоғамнан бөлініп шығып, оның экономикалық құрылымынан туындайтын саяси биліктің таптық ұйымы» ретінде сипатталады.

Сонғы екі онжылдықта, 1985 жылғы қайта құру кезеңінен бастап алдымен ресми жалпыодақтық, ал кейін қазақстандық саясат пен идеологияда жалпыадами құндылықтарға мән беріліп, мемлекет пен құқық анықтамаларындағы таптық үндестік біртіндеп жалпы әлеуметтік үндестікпен ығыстырыла бастады. Мемлекет қайтадан ұйым немесе барлығы үшін арналған институт ретінде қарастырылды. Осы орайда оған «өзінің билігін елдің бүкіл аумағына және халқына тарататын және осыған сәйкес арнайы басқару аппараты бар, барлығына міндетті бұйрықтарды шағаратын қоғамның біріңғай саяси ұйымы» деген анықтама берілді.

Мемлекет түсінігін таза таптық тұрғыдан да, жалпы адами тұрғыдан да анықтау біржақты көзқарасты білдіреді. Нақты өмірде таза таптық та, таза жалпыадами да мемлекеттік институттар жоқ, демек, соған сәйкес мемлекет түсінігінің анықтамасы да жоқ. Осыдан мемлекет түсінігін анықтау барысында оның тек таптық элементтерін және соған сәйкес белгілерін ғана емес, сондай-ақ таптан тыс, «жалпы адами» белгілері мен сипаттамаларын да ескерген жөн.

Қорыта айтқанда, мемлекет дегеніміз кез келген қоғамның табиғатынан туындайтын таптық тар ауқымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен қатар ортақ істерді атқару үшін қажетті саяси билік ұйымы. Бұл анықтама жоғарыда аталған анықтамаларға қарағанда мемлекет түсінігін ғана емес, сонымен бірге билік басындағы таптардың немесе топтардың мүдделерін қамтамасыз ететін институт ретіндегі мемлекеттің әлеуметтік тағайындалуын нақтырақ айқындайды.