ЫМ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Кезкелгентарихи тұрпаттағы мемлекетті ғылыми тұрғыдан танып-білу биліктің ерекше ұйымы ретіндегі мемлекеттің ғана емес, жалпы қоғамның да негізгі сапалық сипаттамалары мен бағыт-бағдарын білдіретін оның функцияларын қарастыруды көздейді.

Мемлекеттің функциялары – бұл мемлекеттің жалпы адами мәні мен әлеуметтік тағайындалуы көрініс табатын және нақтыланатын оның ішкі және сыртқы қызметінің негізгі бағыттары. Бұл анықтамада мемлекет функциясының маңызды белгілері көрсетілген:

1. мемлекеттің функциялары оның жалпы адами мәнін тікелей ашып көрсетеді және нақтылайды; олардың мазмұны қоғам мүшелерінің ұлттық, жеке бастық және топтық мүдделерін ескереді.

2. мемлекеттің функцияларында оның қоғам өмірінің әртүрлі саласында атқаратын рөлі айқындалып, ел ішінде және халықаралық аренада атқаратын жан-жақты практикалық қызметі көрініс табады;

3. мемлекеттің функциялары оның тарихи міндеттері мен мақсаттарына байланысты пайда болады және дамиды; мемлекет өзінің әлеуметтік міндетін өз қызметінің тұрақты қалыптасқан бағытын құрайтын тиісті функцияларды іске асыру арқылы атқарады;

4. әртүрлі тарихи тұрпаттағы мемлекеттердің функцияларында оларға тән даму ерекшеліктері мен заңдылықтары, қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өзгерістердің деңгейі нақты көрініс табады.

Мемлекеттің әр түрлі көптеген функцияларды орындауына қарай оларды ғылыми тұрғыдан жіктеу қажеттілігі туындайды. Функциялар бір бірінен келесідей жалпы белгілері бойынша ажыратылады: біріншіден, мемлекеттік әсер ету объектісінің ерекшеліктері, өзінің қызмет ету процесінде мемлекет ықпал ететін қоғамдық қатынастардың ерекшеліктері бойынша; екіншіден, әрбір функция мазмұнының, яғни мемлекет қызметінің біртекті, бір-біріне ұқсас түрлерінің өзіндік ерекшеліктері бойынша.

Мемлекет функцияларын қоғамдық өмірдің салаларына байланысты, атқаратын міндеттеріне қарай ішкі және сыртқы деп топтастыруға болады. Мысалы, экологияны қорғау, экономиканы, мәдениетті, ғылым мен білім беруді дамыту – бұл оның ішкі функцияларын құрайды. Елдің қорғанысы, бейбітшілікті қамтамасыз ету мен әлемдік тәртіпті қолдау және тағы басқалар мемлекеттің сыртқы функцияларына жатады.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы функцияларының арасында негізгі және қосымша функцияларын да атап өткен жөн. Негізгі функциялар – бұл белгілі бір тарихи кезеңде түбірлі стратегиялық міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру жөніндегі мемлекет қызметінің жалпы маңызды бағыттары. Оларға бірқатар сипаттар тән: біріншіден, оларда мемлекеттің жалпы адами мәні, оның әлеуметтік бағыты айқын көрініс тапқан. Мәселен, бір жағынан байланыс құралдарын ретке келтіру, жол құрылысы мен жөндеуді қамтамасыз ету, көлік жұмыстары, өсімдіктерді аурулардан қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысу, эпидемияға қарсы күрес сияқты қызметтерін, екінші жағынан, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік қызметін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, меншіктің барлық нысандарын қорғау, елдің қорғанысын жүзеге асыру іспетті қызметінің бағыттарын салыстыру жеткілікті.

Екіншіден, арнайы органдар арқылы (мысалы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, жоғары білім беру, дипломатия, сыртқы сауда және т.б) іске асырылатын мемлекеттің көптеген функцияларына қарағанда негізгі функциялар әр түрлі жағдайда мемлекеттік аппараттың көптеген буындары арқылы орындалса да жалпы мемлекеттік қызметке жатады.

Үшіншіден, өзінің мазмұны мен құрылымы жағынан негізгі функция кешенді, жинақы сипатта болады, сондықтан жүйелі талдауды қажет етеді. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы қызметінің шешуші, негізгі бағыттарының біріне күш-жігерді шоғырландырады. Әлеуметтік өмірдің нақты саласындағы өзара ұқсас ауқымды қоғамдық қатынастар оның негізгі объектісі болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттің негізгі функциялары қоғамдық қатынастарға мемлекеттік ықпал етудің басты бағыттары бойынша көптеген қосымша функцияларға топтастырылады. Бұл функциялар негізгі функциялардың құрылымдық бөліктері бола тұра, қоғамдық өмірдің нақты саласында мемлекеттің міндеттерін орындау жөніндегі қызмет бағытын білдіреді.

“Қосымша” деген термин көптеген сан түрлі функциялардың ішінен көлемі ауқымды, мазмұны бойынша жалпы мемлекеттің негізгі функцияларын анықтау үшін шартты түрде қолданылады. Негізгі функция әр қилы функциялардың жиынтығын емес, ішкі бірлігі бар, мақсатты бағытталған мемлекет қызметінің көптеген бағыттарының жүйесін білдіреді.

Мемлекеттің негізгі және қосымша функцияларынан мемлекеттік органдардың функцияларын, яғни мемлекеттік механизм мен қоғамның саяси жүйесінде алатын орны мен атқаратын қызметіне қарай жеке органдардың құзіретін, құқықтары мен міндеттерінің жүзеге асырылуын ажырата білу қажет.

Өзінің мазмұны бойынша мемлекеттің негізгі функцияларының орындалуы көптеген қосымша мемлекеттік функциялар мен жеке мемлекеттік органдар функцияларының жүзеге асырылуының үздіксіз процесін білдіреді. Аталған әр түрлі мемлекеттік функциялардың арасындағы қатынас мемлекет қызметіне тән жалпылықты, ерекшелік пен бірлікті білдіреді. Сонымен қатар мемлекеттің негізгі функцияларын оның қызмет ету міндеттерімен және қағидаларымен өзара байланыста қарастыру қажет.

Мемлекеттің функциялары мен міндеттері өзара тығыз байланысқан, бірақ бір-біріне сәйкес келмейтін құбылыстар. Оларды бір-біріне қарсы қоюға да, теңестіруге де болмайды. Мемлекеттің міндеттерінде оның әлеуметтік бағыты, белгілі бір тарихи кезеңдегі миссиясы анықталады. Міндеттер функцияларға қарағанда бастапқы мәнге ие және олардың тікелей алғышартын құрайды. Өз кезегінде мемлекеттің функциялары оның міндеттерін жүзеге асыру және орындау құралдары болып табылады.

Мемлекеттің тарихи дамуы барысында оның функциялары да өзгереді: олардың кейбіреулері жойылады, басқалары - өзінің мазмұнын өзгертеді, үшіншілері – жаңадан пайда болады. Бірақ барлық жағдайда олардың пайда болуы нақты тарихи кезеңдегі қоғамның экономикалық және әлеуметтік құрылымымен, мемлекеттің мәнімен және әлеуметтік тағайындалуымен байланысты. Сондықтан мемлекеттің функцияларын қарастырғанда оның белгілі бір қоғамдық – экономикалық жүйеге жататындығы ескерілуі қажет. Бұл мәселелерді өз елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі жұмыстармен байланыстыра қарастыратын болсақ, онда мына жағдайларға баса назар аудару ләзім.

Бүгінгі күні Қазақстан өз мемлекеттілігі дамуының маңызды кезеңін басынан кешіруде. Бұл кезең түбірлі саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани өзгерістерді жүзеге асырудың, адамның құқықтары мен бостандықтары өзінің ең жоғары құндылығы болып табылатын азаматтық қоғам мен демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекетті қалыптастырудың өтпелі кезеңінен бастау алады. Кеңес Одағы ыдырағанға дейінгі уақытпен салыстырғанда Қазақстан мемлекетінің функциясының өзгеруі және дамуы осы міндеттерді атқарумен тікелей байланысты болды.

Нарықтық реформалар мемлекеттің экономикалық қатынастарға әсер ету механизімінің шегін белгілеп, өзгертті, жеке меншік пен еркін кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасады. Әкімшілік-әміршілдік жүйенің ыдырауы бүкіл экономиканы, халық шаруашылығының барлық саласын нарықтық жолға бейімдеп, нарықтық қатынастардың дамуына жол ашты. Экономикалық либерализм жағдайында материалдық игіліктерді мемлекеттік бөлу жүйесі жаңа экономикалық қатынастарға сай келмеді де, олардың дамуын тежеуші факторға айналды. Осыған байланысты еңбек мөлшері мен тұтыну мөлшерін мемлекеттік бақылау функциясы қажет болмады. Жаңа жағдайда бұрын әкімшілік-әміршілдік басқару жүйесі жүзеге асырған шаруашылық-ұйымдастырушылық, мәдени-тәрбие және тағы басқа ішкі функциялардың мазмұны елеулі өзгеріске ұшырап, күрделенді. Сәйкесінше функциялар жүйесін және олардың атауларын нақтылау қажеттілігі туындады. Қазіргі кезеңде Қазақстан мемлекетіне келесідей негізгі ішкі функциялар тән: экономикалық; әлеуметтік; мәдениет, ғылым және білім беруді дамыту; салық салу және салық жинау; экологиялық; азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау; барлық меншік түрлері мен құқытық тәртіпті сақтау.

Экономикалық функцияда шаруашылық жүргізу саласындағы мемлекеттің рөлі толық көрініс тауып, ол басқару жүйесінде экономикалық механизімдерді кеңінен қолдануға негізделген. Өткен жылдарда нарықтық қатынастардың ең маңызды элементтерін (экономикалық бостандық, меншік құқығы, тауарлар мен қызмет нарығы) дамытуға баса назар аударылды. Сонымен қатар экономикалық үрдіске мемлекеттің араласуының оңтайлы әдістерін іздестіру, нарықтық механизмге сәйкес келетін тиімді мемлекеттік реттеуді ұйымдастыру қажеттілігі туындады. Экономикаға толық басқару жүргізген әміршіл-әкімшіл мемлекеттің шаруашылық-ұйымдастырушылық функциясымен салыстырғанда қазіргі кездегі мемлекеттің экономикалық функциясының басты ерекшелігі де осы.

Бүгінде экономикалық функция адамға, мемлекетке, әлемдік нарыққа аса қажетті өнімдерді өндіретін экономиканың құрылымын қайта құру, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және Қазақстан үшін стратегиялық, әлеуметтік маңызды өндіріске қолдау көрсету, өндірушілерді, оның ішінде шағын кәсіпкерлікті қолдау, мақсатты бағытталған инвестициялық саясат, ішкі және әлемдік нарықта қазақстандық компаниялардың мүдделерін қорғау, аграрлық секторда жүргізілген реформалар, ең алдымен, жерге жеке меншік құқығын қамтамасыз ету, инфляция қарқынын төмендету және баға өсуін тежеу сияқты мемлекет қызметінің бағыттарын қамтиды.

Әлеуметтік функция адамның еркін дамуына және оның тіршілік етуінің қалыпты жағдайын жасауға бағытталған. Елдегі адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғауды, еңбекақының кепілденген төменгі мөлшерін белгілеуді, отбасына, ана мен балаға, мүгедектер мен қарт адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді қамтамасыз етуді, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуды, мемлекеттік зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік қорғау кепілдіктерін белгілеуді мемлекет өз мойнына алады. Сонымен бірге мемлекеттің әлеуметтік функциясы халықтың өмір сүру деңгейін тұрақтандыруға, кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес жүргізуге бағытталған.

Мемлекеттің мәдениет, ғылым мен білім беруді дамыту функциясы мәдениет пен әдебиеттің, өнер, театр, кино, музыка, денешынықтыру мен спорттың, радио, теледидар және басқа бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына мемлекеттік қолдау көрсетуді, тарихи-мәдени мұраны, тарихи кешендерді, қорықтық аумақтарды, музейлерді сақтауды және қорғауды қамтиды. Ғылымның дамуына, нарықтық жағдайда оның табиғи интеграциялануына мемлекеттік қолдау көрсету, ғылыми ұжымдар мен әр түрлі бағыттағы ғылыми мектептердің шығармашылық қызметіне тиімді жағдайлар жасау, жаңа технологиялар мен іргелі теориялық зерттеулердің дамуын қолдау, жоғары мектептің ғылыми потенциалын тиімді қолдану, жалпы білім беретін мектептердің жұмыстарын жақсарту жөнінде шаралар белгілеу де мемлекеттің аталған функциясына жатады.

Ғылыми-техникалық революцияның дамуы және оның адам өміріне тигізетін салдары мемлекеттің экологиялық функциясына, табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану қызметіне деген қажеттілікті тудыратын объективті фактор болып табылады. Адамдарға орасан зор игіліктер әкелетін ғылыми техникалық революцияны жедел дамыту табиғи ресурстарды қоғамдық өндіріске көптеп тартумен байланысты, ал ол өз кезегінде ауаның, су және су көздерінің, жалпы қоршаған ортаның ластануына алып келеді, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, адамның денсаулығы мен өміріне қауіп-қатер төндіреді. Осы жағдайда экология мәселесіне жеке ел шеңберінде ғана емес, сондай-ақ халықаралық ауқымда басты назар аударылып, адамзат пен қоршаған ортаны қорғау ғаламдық проблемаға айналды. Оны қорғау бағытындағы қызметті үйлестіру мен мемлекеттік басқару, табиғи ресурстарды пайдалануды реттеу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаның сапасын жақсарту мемлекеттің экологиялық функциясының негізін құрайды. Мемлекет заңнамалық жұмыстар арқылы аталмыш функциясны іске асыруды өз міндетіне алады.

Салық салу және салықтарды жинау функциясы мемлекеттің шаруашылық-ұйымдастырушылық қызметін қарастырғанда қамтылған болатын. Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде аталған функция рөлінің өсуіне, көлемінің ұлғаюы мен мазмұнының күрделенуіне байланысты экономикалық функциямен тығыз байланыста бола отырып, жеке негізгі функциялардың біріне айналды. Ол салықтардың барлық түрі, оның ішінде барлық меншік түріне негізделген кәсіпорындардың табыс салығы, қосымша қаржылық алым, баж салығы, төлемдер есебінен мемлекеттік қазынаны қалыптастыру мен толтыруды білдіреді.

Халықаралық қатынастарда ашықтық және ынтымақтастық арқылы ұлттық мүддені жүзеге асыру, елдің ішкі дамуы мен реформаларды жүргізуге қолайлы жағдай жасау қазіргі кезеңдегі Қазақстан мемлекетінің сыртқы саясатының міндеттеріне жатады. Осыған сәйкес ол келесідей сыртқы функцияларды жүзеге асырады: елдің қорғанысы, бейбітшілікті қамтамасыз ету және әлемдік тәртіпті қолдау, ТМД елдерімен ынтымақтастық және тату көршілік қарым-қатынас жасау, әлемдік экономикаға интеграциялану және әлемдік проблемаларды шешуде басқа елдермен ынтымақтастықты дамыту.

Қорғаныс функциясы. Халықаралық ахуалдың жақсаруына қарамастан Қазақстанның сыртқы саяси проблемалары да жоқ емес. Біздің мемлекетіміздің сыртқы саяси қызметінің басты бағыттарының бірі – оның саяси, экономикалық және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы функцияға сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы күштері басқа мемлекеттердің тарапынан болуы мүмкін қауіп пен агрессиялық әрекеттеріне қарсы тұруға және елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның халықаралық келісімдерге сәйкес міндеттерін орындауға арналған.

Бейбітшілікті қамтамасыз ету және әлемдік тәртіпті қолдау функциясы. Қазақстан мемлекетінің бейбітшілікті қамтамасыз ету қызметіндегі басым бағыттары жаңа ғаламдық соғыстың болуына жол бермеу және жаппай қырып-жою қаруы мен жаңа әскери технологиялардың таратылмауына күш салу болып табылады.

Салыстырмалы түрде алғанда жақын орналасқан елдермен ынтымақтастық және достық қарым-қатынастарды нығайту функциясы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылуына байланысты пайда болды. Осыған орай жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекеттермен тиімді қатынастар орнату мәселесі Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Аталған функцияны жүзеге асыра отырып, Қазақстан мемлекеті, ең алдымен, экономикалық ықпалдастықты орнату, ТМД-ның ортақ нарықтық және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру, сыртқы шекараны бірлесіп қорғау, адам құқығы мен азаматтық бостандықты, мемлекеттен тысқары жүрген қазақстандықтарды қорғау мәселесін кешенді шешу, ортақ ақпараттық кеңістікті құру бағытында ынтымақтастықты бекітуге ұмтылады.

Әлемдік экономикаға кірігу және әлемдік проблемаларды шешуде басқа елдермен ынтымақтастықты дамыту функциясы. Халықаралық байланыстардың жаңа сипаты экономика, сауда, бизнес, ғылыми-техникалық салада мүдделерді тиімді жүзеге асыру үшін қолайлы мүмкіндіктер ашты. Осы бағытта әрекет ете отырып, Қазақстан негізгі халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болды. Қазіргі таңда ол Америка Құрама Штаттарымен, Батыс Европа елдерімен қатынастарын бекітіп, іс-қимылдарды үйлестіру бағытында жұмыстар жасауда. Дүние жүзінің жетпістен аса елімен орнатқан қауырт сыртқы экономикалық байланыстары оның дүниежүзілік экономикалық кеңістікке интеграциялануының негізгі факторы болды.

Әлемдік экономикаға ену отандық рынокты әлемдік рынокпен байланыстыратын оның сыртқы экономикалық қызметінің барлық механизімін қайта қарауды қажет етті. Сыртқы экономикалық байланыстардағы мемлекеттің монополиясы жойылды.

1.4. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ