ЖАҚСАРТУДАҒЫ АДАМИ ДАМУДЫҢ РӨЛІ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында егемендікке қол жеткізген Қазақстанға өз халқына лайықты әлеуметтік-бағдардағы қоғам құрудың өзіне берілген тарихи мүмкіндігін ұтымды пайдалану міндетін дұрыс атқару керек болды. Сол кездің өзінде-ақ елдің өркениетті деңгейі қоғамдық дамудың перспективалы бағыттарын ұстану қажеттілігін саналы түрде әрі ғылыми негізде анықтауға мүмкіндік берді. Осы бағытта құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканы құру идеялары, алдыңғы қатарлы елдерде ойдағыдай жүзеге асырылған оңтайлы тәжірибелер бағдарға алынды. Әлеуметтік мемлекет құру стратегиялық мақсат ретінде анықталып, еліміздің Ата заңында көрсетілгендей, “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды”. Соған сәйкес мемлекеттің алдына шешуді талап ететін көптеген міндеттердің қойылуы заңды да.

Мемлекет кез келген қоғамдық – экономикалық жүйеде өзгеріссіз қалатын өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету функциясымен қатар оңтайлы институционалдық-құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруды және нарықтық механизм кемшіліктерінің орнын толтыруды өз міндеті етіп қояды. Өйткені, А.Смит тұжырымдағандай, аталмыш механизм кемшіліксіз емес және өзінің мүмкіндігінің шектеулілігіне орай халықтың сұранысын үнемі, бүтіндей және тиімді қанағаттандыра бермейді. Сондықтан да оның қызметін мемлекет тарапынан реттеу қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Ең алдымен олардың қатарына адами даму мәселесін жатқызу ләзім.

Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде мемлекеттіліктің қалыптасуы, тәуелсіздікті нығайту, экономиканы тоқырау жағдайынан шығару және ел ішінде тұрақтылықты сақтау үшін жағдай жасау маңызды басымдылықтар ретінде қарастырылды да, оларды орындау үшін жағдай жасау мақсаты алдыңғы орынға шықты. Осыдан барып адами фактор мәселесі екінші орында қалып, ал көп жағдайда ескерілмеді де. Сондықтан халқымыздың басым бөлігінің өмір сүру сапасының көрсеткіштері күрт төмендеп кетті. Оны қалпына келтіру үшін өте ауқымды шаралар кешенін жүзеге асыру, көптеген қаржы жұмсау, осыларға қажетті экономикалық мүмкіндіктерді пайдалану керек болды. Экономиканы, әлеуметтік сфераны және басқаруды қайта құрудың бастапқы кезеңдерінде жіберілген осы кемшіліктер адам мүддесін кейінге қалдырудың зияны ұшан-теңіз екенін, ал тұрақты даму халықты тиісті тұрмыс деңгейімен қамтамасыз етпейінше мүмкін еместігін түсінуге алып келді. Өйткені, әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, қазіргі заманда қоғамның ілгері дамуының негізгі күші адамға, оның хал-жағдайына, көңіл-күйіне, білім - біліктілігіне, жаңашылдық пен жасампаздық қасиеттеріне тығыз байланысты болып отыр. Осыған орай кейінгі жылдары әлеуметтік салалар мен адамди дамуға да көңіл бөліне бастады. Күн тәртібінде тек экономикалық даму, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері ғана емес, осының негізінде әлеуметтік жағдайды, ел тұрмысын айтарлықтай жақсарту міндеті тұрды. Ал, ол мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етілетіні белгілі.

Бұл саясат, әдетте, адамдардың әртүрлі қоғамдық, кәсіби, аумақтық және басқа да топтарын қамти отырып, мемлекеттің экономикалық саясатының шеңберінде жүргізілетін қызметінің нақты бағыты ретінде қарастырылады. Ұлттық табысты бөлгенде адами даму мүдделерін бірінші орынға қою әлеуметтік саясаттың негізгі мәселесі болып табылады да, қоғамның әрбір мүшесінің аса маңызды қажеттіліктерін толықтай қанағаттандыруды қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік әділеттілік әлеуметтік саясатты іске асырудың басты шартын құрайды. Сонымен қатар оны іске асыру барысында қоғамның әрбір мүшесі (отбасы) өзінің тұрмыстық және мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсартуға барлық күш-жігерін жұмсауы керек екендігі ескеріліп, мемлекет соған құқықтық-ұйымдастырушылық негіз қалыптастырып отыруы керек екендігін тәжірибе көрсетіп отыр.

Адами дамудың қалыпты және қоғам талап ететін моделі халық сұранысының қажетті материалдық және рухани игіліктермен қамтамасыз етілуін біртіндеп жақсартуды көздейді. Сондықтан да еңбеккерлердің табысының өсуін қамтамасыз ететін өндіргіш күштердің дамуы, материалдық және рухани игіліктермен қамтамасыз етілуі олардың өмір сүру деңгейінің маңызды көрсеткіштеріне жатады. Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, бірқатар дамыған елдерде табиғи және материалдық-қаржылық ресурстар олардың өркендеуінде маңызды рөлге ие болғанымен, еңбек пен оны ұйымдастыру өндірістің негізгі ресурсы ретінде қарастырылған. Мысалы, Жапонияда еңбек өнімділігі өндірістік қызмет тиімділігінің негізгі және қорытынды көрсеткішіне жатады. Бұл елде еңбекке, оның сапасына, осы фактордың ішкі жағдайына ықпалын тигізетін физикалық және рухани саулық, рухани байлық пен мәдениет, адамның жалпы және арнайы білім деңгейі, еңбек етуге психологиялық көзқарасы мен дайындығы, тәжірибесі және өзіндік дағдылары – осылардың барлығы еңбек етудің тиімділігін арттырудың, әр түрлі қызмет көрсетуді ұйымдастырудың алғышартын, басты негізін құрайды. Осыдан барып әлеуметтік-экономикалық даму аталған қасиеттердің әрбір адамның бойынан табылуын, сақталуын, одан әрі дамытылуын талап етеді. Сондықтан мемлекет өзінде бар барлық ресурстарын және қоғамдық даму үрдістерінің сипатына ықпал ету мүмкіндіктерін адами дамуды жақсарту жолына пайдаланады.

Адамдардың еңбекқорлық және ізденгіштік қабілетін дамыта алатын ортаны қалыптастыру мемлекеттің негізгі міндетіне жатады, өйткені тек осы жағдайда ғана игіліктерді өндіру мен адами дамуды жақсарту мүдделері бір арнада тоғыса алады. Экономикалық даму әрбір адамға өзінің қабілетін қоғамдық өмірдің барлық салаларында, атап айтқанда, шаруашылық, әлеуметтік, мәдени, саяси сфераларда барынша тиімді қолдануын қамтамасыз етуі қажет.

Дей тұрғанмен, жұмыссыздықтың табиғи деңгейін төмендету, не болмаса еңбекке жарамды адамдардың барлығын бірдей жұмыспен қамту әзірге еш мемлекеттің қолынан келмеген шаруа. Өйткені аталмыш деңгей объективті үрдіс болып табылады. Бұл жерде әңгіме тек сол жұмыссыздардың интеллектуалдық сипаттамасы жөнінде болғаны дұрыс. Мысалы, мемлекет адамдарға жоғары және орта кәсіпкерлік білім беру үшін көптеген қаржылай шығынға ұшырайды. Ал, соншама қаржы жұмсай дайындаған мамандарымыз жұмыссыз жүрсе, бұл тек олардың ғана емес, мемлекеттің де мүддесіне сай емес екендігі түсінікті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі мәліметтерді келтіре кеткен жөн болар еді (кестені қараңыз).

1-кесте