Жұмыссыздарды жынысы мен біліміне қарай бөлу

(мың адам)

  Барлығы оның ішінде:  
    ерлер әйелдер
  2004ж. 2005ж. 2004 ж. 2005ж. 2004ж. 2005ж.    
Жұмыссыздар, барлығы Пайызбен оның ішінде: жоғары білімі барлар саны пайызбен 658,8 100,0 96,6 14,7 640,7 100,0 110,0 17,2 281,1 100,0 38,5 13,7 270,6 100,0 43,9 16,2 377,7 100,0 58,1 15,4 370,1 100,0 66,1 17,9      
орта кәсіптік білімі барлар саны пайызбен 164,2 24,9 160,4 25,0 58,7 20,9 54,4 20,1 105,4 27,9 106,0 28,6      
бастауыш кәсіптік білімі барлар саны пайызбен 87,2 13,2 72,8 11,4 41,1 14,6 39,4 14,6 46,1 12,2 33,4 9,0      
жалпы орта білімі барлар саны пайызбен 262,4 39,8 255,2 40,0 118,1 42,0 112,3 41,5 144,3 38,2 142,8 38,6      

Дерек көзі: ҚР статистика жөніндегі Агенттігі.

Кестеде келтірілген көрсеткіштер соңғы жылдары жоғары білімді жұмыссыздардың (оның ішінде - әйелдердің) саны өсіп отырғандығын айқындайды. Бұл мемлекетіміздің интеллектуалдық әлеуеті тиімсіз пайдаланылуда деген тұжырымға алып келеді.

Осыған қарағанда экономикалық және әлеуметтік даму үрдісін өзара байланыстыра қарастыру негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.

Бүгінгі таңда қабылданатын экономикалық шешімдердің ұзақмерзімді әлеуметтік және экологиялық салдарлары келер ұрпақтың даму жағдайына да айтарлықтай ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан қоғамның қажеттіліктерін келер ұрпаққа зиян келтірмей қанағаттандыруды жүзеге асырған жөн. Адамның таңдау еркін кеңейту үрдісі бүгінгі ұрпақтың да, болашақ ұрпақтың да мүддесі тұрғысынан жүргізілуі қажет. Осыған байланысты мемлекет тарапынан атқарылатын қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіру міндеті үлкен мәнге ие болады. Әлеуметтік және экологиялық проблемалар, ағымдағы және болашақтағы тұтыну арасындағы ымырашылдық кез келген елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму стратегияларының негізін құрауы қажет деп есептелуі жайдан – жай емес.

Барлық адам үшін тең мүмкіндіктер тек әлеуметтік саясатты жүргізу барысындағы мемлекеттің күш-жігерін және қоғамдық ұйымдардың қызметін үйлестірудің негізінде қамтамасыз етілуі мүмкін. Ол үшін үкімет толықтай халқының алдында есеп беретін негізі қаланған азаматтық қоғамды одан әрі дамытуы тиіс деген пікірдеміз.

Азаматтық қоғам – саяси жүйеден тәуелсіз әрекет ететін және оған ықпал етуге қабілетті әлеуметтік қарым-қатынастар мен институттардың және жеке индивидтер мен әлеуметтік субъектілердің қоғамдастығы. Өзге де азаматтармен тең заңды құқыққа ие болған, азаматқа айналған адам тұлғасының маңызының артуы азаматтық қоғамды құрудың маңызды алға шарты болып есептеледі. Өзінің қызметіне еркін мақсаттар қоя алатын және оларға жетудің тәсілдерін анықтайтын егеменді тұлға азаматтық қоғамның басты әрекет етуші субъектісі болып табылады. Оған ортақ мақсаттарды, мүдделерді, құндылықтарды жүзеге асыру жолында өзге тұлғалармен қатынастар орнату және өзінің жеке басының мүддесін, оған жету жолдарын ортақ игіліктерге қызмет етуге бағыттау тән.

Әлеуметтік субъектілердің осындай түрін қалыптастыру үшін нақты институционалдық алғышарттар қажет, ең алдымен мақсаттарды білдіру үшін (отстаивать интересы) азаматтардың өзіндік ұйымдастырылуын мүмкін әрі заңды ете алатын демократиялық құқықтар мен еркіндіктің болуы. Бірақ институционалдық алғышарттардың болуы жеткіліксіз. Одан өзге мәдени және әлеуметтік-психологиялық алғы шарттар қажет. Себебі осы үрдіске мәнді ықпал ететін, Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірнеше ерекшеліктері бар: біріншіден, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне бүкіл шешім қабылдауды әрдайым өзіне алған мемлекеттік билікке бағыну әдеті азаматтардың әлеуметтік психологиясында орныққан жәйт; екіншіден, халықтың санасында ұжымдық әрекет, бірігіп тіршілік ету әдеті басым; үшіншіден, халықтың негізгі бөлігінің ешқашанда шынайы меншік иесі болмауы. Осыған байланысты қазіргі кезде мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі тек стратегияны, жаңа заң актілерін және ережелерін әзірлеу ғана емес, сонымен қатар адамдардың оларға бейімделуіне жағдай жасау.

Азаматтардың экономикалық еркіндігі мен өз бетінше жұмыс істеуіне қол жеткізу, білікті, іскер қызметкерлерден мейлінше жоғары деңгейлі табысы бар “орта тапты” қалыптастыру азаматтық қоғамды құру үшін үлкен мәнге ие болуда. Кейінгі жылдары елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыруға қолайлы, қажетті жағдайлар жасалуда. Алайда бұл процес оған мемлекет тарапынан тұрақты көңіл аударуды қажет етеді. Мемлекет өз кезегінде азаматтарды құқықтармен қамтамасыз етіп ғана қоймай, сонымен бірге оны қолдану жолдарын түсіндіреді, олардың толықтай жүзеге асуына қолайлы жағдайлар жасайды.

Бүгінгі таңда нарықтық қатынастардың қалыптасуында және тұрақты адами дамуды қамтамасыз етуде мемлекеттің белсенді рөлінің аса қажеттілігі айқындалып отыр. Себебі кез келген қоғамның даму деңгейі ондағы адамдар мен әлеуметтік топтардың даму тенденциясы арқылы көрініс табатыны белгілі. Мемлекеттік дамудың әлеуметтік басымдылығы адам баласының ғасырлар бойы көкейтесті арманы болғанымен, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында ғана кейбір алдыңғы қатарлы елдерде қалыптаса бастады. Соңғы жылдары бұл біздің еліміздің де экономикалық дамуының негізгі басымдығы, тұрақты бағытына айналды. Осы кезге дейін экономикалық мәселелердің ығында жүріп, оны түбегейлі шешкеннен кейін әлеуметтік саланы, адамды дамытуға бет бұратын уақыттың келгендігін Елбасы өзінің биылғы жылғы “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты Жолдауында атап өтті. Сондай-ақ аталмыш Жолдауда Елбасы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін арттыру қажеттілігін және оның жолдарын баяндап берді. Бұл өз кезегінде бүгінгі таңда тұрақты адами дамуды қамтамасыз ету мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп отырғандығының дәлелі болса керек.