Аракөл қозыларын бонитировкалау негіздері

Қаракөл қозыларын бонитировкалау дегеніміз, қозылардың шыққан тегі мен дене бітімін ескере отырып, оларды елтірілері бойынша бағалау.

Қаракөл шаруашылығында бонитировка жүргізу мал тұқымын асылдандыру жұмысындағы негізгі кезең. Бұл жұмыс екі түрде жүргізіледі: кластық (топтық) және жеке бағалап сұрыптау. Бонитировка жүргізген уақытта елтірінің сапасы бойынша қаракөл қозыларын асыл тұқымдық және өнімділік сапасын анықтау, оларды қандай мақсатта пайдалануға болатындығын көрсетіп беру болып табылады. Бонитировканың деректері бойынша мынадай асылдандыру жұмыстары жүргізіледі: саулықтарды қошқарларға дұрыс жұптау, асыл тұқымдық топ құру, шағылыстыру және селекциялық тұқым асылдандыру жұмысының болашақ жоспарын жасау, қойларды тұқым асылдандыру кітабына тіркеу.

Бонитировкалау кезінде ең бастысы малдың негізгі өнімділігі болып табылады. Сондықтан қаракөл қозыларын бонитировкалау қалаудың басты элементі елтірінің сапасын және оның сол сапасына қосымша немесе сол артықшылығына себепші болатын басқа да қасиеттерін бағалау болып есептеледі. Бұл шара 1990 жылы шыққан “Қаракөл шаруашылғындағы тұқым асылдандыру жұмысын жүргізу” нұсқауына сәйкес өткізіледі.

Бонитировкалау жүйесі дегеніміз, қозыларды елтірі типі бойынша бұйраларының мөлшеріне қарай топқа бөліп, әр топты бұйрасының сапасы бойынша тағы да кластарға бөлу болып табылады.

Қозыларды бонитировкалау техникасымен ұйымдастырылуы қаракөл қозыларын ұдайы, дер кезінде және дұрыс бағалауды қамтамасыз етеді. Бонитерлер шаруашылықтың зоотехнигі мен селекционерлері білгірлікпен, сол шаруашылықтың алдында тұрған міндеттерге және оның бағытына сай қозылардың (еркектерін де және ұрғашыларында) отарды толықтыруға, сатуға, сондай-ақ елтірі үшін союға бөледі. Қаракөл шаруашылығындағы жұмыстың бұл кезеңі әрі маңызды, әрі жауапты. Бонитировка жоғары дәрежеде, тұқымды асылдандыру ісінің негізіне сай, қаракөл қозыларын бонитировкалауға барынша объективті бағалау әдістеріне қозы жүнінің ұзындығын өлшеуді, бұйраның елтірілік типін анықтау (эталонға сәйкес) қажет. Кейде қазіргі нұсқау бойынша класын сипаттағанда белгіленген нормадан ауытқушылық болатыны байқалады. Қозыларды қандай да болмасын класқа жатқызғанда оларға қойылатын талаптардың бірсыпыра ерекшеліктері кездеседі. Әдетте тәжірибелі бонитер отардың тарихы мен шығу тегіне іріктеудің қандай бағытта жүргізілетіндігіне қарай, сондай-ақ отардағы малдың орташа сапасының ерекшелігін ескеріп, оған және ондағы малға өзі ерекше талаптар қояды.

Тұқым асылдандыру жұмыстарын терең жүргізілетін шаруашылықтарда және бірінші класты, элита қозыларының елтірілік белгілерін бүгешігесіне дейін білетін тәжірибелі бонитер жұмыс істейтін жерде, кейде нұсқаудан ауытқу қажеттігі туады. Өйткені ол отарда тұқымды тұтас алғанда әлі кездеспеген жаңа белгілер пайда болуы мүмкін.

Сонымен бонитировкалау жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір отарда сол бонитердің ұдайы жұмыс істеуі, оның отарды да, әрбір жеке асыл тұқымда малды да жақсы біліп, өзінің қызметіне мүдделі болған керек. Бонитердің жұмысы әр уақытта болуы қажет.

10-15 күндік қозыларды қосымша бағалау әр малдың елтірісінің бағалы қасиеттерінің сақталу мерзімі түрліше болып келеді. Кейбір қаракөл қозылары бірсыпыра уақыт бойына (10-15 күн) жақсы елтіріге тән қасиеттерін – бұйраларын сақтайды. Басқаларының елтірілік сапасы тез арады, кейде 3-4 күн ішінде, нашарлай кетеді. Елтірісі жақсы қозылар ғана бұйраларын ұзақ уақыт сақтай алады.

Асыл тұқымды малды, әсіресе, еркек қозыларды таңдап алғанда бұл жайға елеулі көңіл бөледі.

Асыл тұқымды мал зауыттары мен мал шауашылықтарында еркек қозыларды 10-15 күн өткен соң міндетті түрде қайтадан тексереді де, содан соң мынадай қосымша сипаттама береді:

- қозының өсуі мен қондылығы, яғни оның қалай өсіп келе жатқандығы атап көрсетіледі, сондай-ақ тіршілік қабілеті, денсаулығы, дене бітімінің беріктігі қандай екендігі зерттеліп анықталады;

- түсінің сақталуы - қаракөл қозыларының ішінде түсінің қанықтығының едәуір өзгергіш және соның сақталу уақытының түрліше болатындығы байқалады. Бір қатарында 10-15 күнге дейін мөлдір қара түсі жақсы сақталады да, екіншілерінде ол қоңыр тартады;

- мөлдір қара түсті елтірілердің аса әдемі болуына байланысты іріктегенде мұндай түсін ұзақ сақтаған мал тұқымға алдымен алынады.

Бұйра типінің сақталуы кейбір қозылардың 10-15 күннен кейін де бұйрасының типі жақсы сақталатындығы, сондай, оның елтірісі сапасы жағынан туған қозының елтірісінен кем түспейді.

Селекционерлер қозыларының бұйра типін ұзақ уақыт сақтай алатын қабілетін жоғары бағалайды;

Жүнінің жылтырлығы мен жібектілігінің сақталуы жасына қарай бұл сапасы жойылатын болса, елтірісінің бағасы төмендеп кетеді.

Ақ жүн кейбір қара қозылардың 10-15 күнде ақ құрғақ жүні көп болып кетеді. Бұл асыл тұқымды малдың үлкен кемшілігі болып саналады. Құрғақ жүн асыл тұқымды қаракөл қозылары үшін нашар белгі болып табылады. Кейде туған қозыларды бонитировкалаған кезде құрғақ жүні көзге түспейді де олар жоғары бағаланады. Бірақ 10-15 күн өткеннен кейін құрғақ жүні әсіресе май құйрығы мен санында анық байқалады. Мұндай қозылардың асыл тұқымдық бағасы төмендетілуі тиіс.

Қозылардың елтірісінің негізгі қасиеттерінің сақталуы негізінде және соның өсуі мен дене бітімін ескере отырып, мынадай зауыттық баға беріледі. 5-өте жақсы мал, оның барлық бағалы қасиеттері көзге түседі, олар дене бітімінің дамуы, экстерьері, елтірісінің сапасы, т.б. оның ешқандай ақауы болмайды.

Қаракөл қойын 1,5 жасындағы дене бітімі, дамуы және экстерьері бойынша бағалау. Малды қосымша бұлайша бағалау міндеті болып табылады, өйткені азықтандырып, күтіп-бағу жағдайлары қанағаттанғысыз немесе тұқым қуалаушылықтан асыл тұқым ретінде қалдырған кейбір қойдың осы жасында ұнамсыз белгілері көрініп қалады. Әбден өсіп толысқан малдың дамуы, дене бітімі және экстерьері жөніндегі сипаттамасы оның жас кезіндегі бағасына қосылып есептелуі тиіс.

Дамуы, дене бітімі және экстерьері бойынша сау мал әдетте 1,5 жасында алғашқы шағылыс алдында бағаланады. Асыл тұқымды малдың бұл бағасы, оның тұқымдық, құжатына жазылады. Малдың денсаулығының жақсы күйде екендігін көбінесе оның дамуына қарай анықтауға болады. Сондықтан ең алдымен оның осы белгілерін бағалағанда, қозы туған кезде күшті дені сау болуы тиіс, бұл оның іштегі төл кезінде дамуына байланысты. Ірі, қалыпты дамыған саулықтың қозысы да сау, күшті, тіршілікке бейім болып туады. Малдың төл кезіндегі қалыпты дамуы, оның ересек болғанда жақсы дамып өсуінің кепілі. Ал еміп жүргенде және енесінен бөлгеннен кейін қойлайсыз жағадайға тап болса, мал өспей қалуы мүмкін.

Экстерьерін бағалау. Ересек малды қосымша бағалағанда оның экстерьерінде есепке алу қажет. Қаракөл қойын өсіргенде оның өзіне тән тұқымдық белгілері мен тұқымның үйлесімі толық сақталып, аяқтары арасының жақындығы, кеудесінің енсіздігі, сүйегіннің жіңішкелігі, басының үлкендігі, құйрығының жалпақ болуы т.б. экстерьерінің ақаулары жойылуға тиіс. Бұлардың бәрін олардың сұрыптағанда ескерудің маңызы зор. Жоғарыда аталып өткен сұрыптаудың бәрінің ішінде қозыларды елтірісі бойынша іріктеу, малды тұқымға және сұрыптауға топтап алудың негізгі және шешуші жолы болып табылады. 10-15 күнде бағалау қосымша бағалау болып табылады және тек еркек қозыларға ғана, оларды жеке бонитировкалау кезінде қолданылады.

Қаракөл қозыларын бонитировкалау туғаннан кейін 1-2 күн ішінде жүргізіледі де мына төмендегідей қасиеттері есепке алынады:

1. Қозының жынысы (еркек, ұрғашы).

2. Жалқы, егіз болып туылғаны.

3. Түсі, жүнінің тегістілігі.

4. Реңі (көк, қоңыр қозылар үшін).

5. Түрі (көк қызғылт т.б.).

6. Бұйра түрі түсінің қасиеттері көрініп тұруы:

- Бұйрасының типі;

- Бұйрасының ені;

- Бұйрасының ұзындығы;

- Бұйрасының қалыңдығы;

- Жылтырлығы, жібектілігі, қалыңдылығы;

- Бұйрасының анық көрініп тұруы.

7. Терісінің қалыңдығы, артықшылығы.

8. Жүнінің өсімділігі.

9. Конститутциясы.

Қара қаракөл қозыларын бонитировкалау.Қара қаракөл қозыларын бонитировкалағанда ең жақсы елтірісі бар қозылар элитакласына жатқызылады. Жакеттік елтірілік типтің элита класына майда және орта бұйралы елтірісі бар қозылар жатқзылады. Негізінен елтірінің негізігі бөлігінде ұшы жартылай шеңберлі бұйралары бар бүйірлерінде қысқа, орташа жартылай шеңберлі бұйралар орналасқан. Жүні қалың, жылтырауық, жібектілігі жақсы немесе орташа болуы тиіс. Терісі жұқа, тығыз. Жүні өскелең. Денесі орташа. Дене бітімі мықты, берік. Бұл қозылардың елтірісі сапасы жөнінен жакет елтірісіне сайма-сай келеді.

Ал жазық және қабырға гүлді елтірі беретін қозыларда элита класына тек қала орта бұйралы қозылар, бұйрасының формалары бойынша жазық немесе қабырға гүлді болып келеді. Ал басқа қасиеттері бойынша жакет типіндегі қозыларға сәйкес келеді.

1 класс. Жакеттік типте 1 класты қозыларға бұйрасының ені бойынша әр түрлі қозылар (жіңішке, орташа, ірі) жатады, ал жазық гүлді қозыларда орташа және ірі бұйрасы, ал қабырға гүлді қозыларда тек қана орта бұйралы қозылар жатқызылады. Жакеттік типті қозылардың арасында, артқы жағында ұзын жартылай шеңберлі бұйралар, ал жазық гүлді қозыларда орташа, ұзын жазық бұйралар, ал қабырға гүлді қозыларда – орташа ұзын қабырға гүлді бұйралар және ұзын жалдар орналасады. Бұйралары барлық типтерде анық көрініп тұрады. Жүндері қалың жылтырауық, жібектілігі жақсы. Конституциясы берік.

2 класс. Жакеттік типте 2 класқа тек орташа бұйралы қозылар арқасында артқы жағында қысқа жартылай шеңберлі бұйралар және бұршақ бұйралар кездеседі. Жібектілігі және жылтырлығы орташа немесе жеткіліксіз.

Қозылардың арқасында артқы жағында сегізкөз үстінде қысқа жазық бұйралар, жалдар бүйірлерінде бұршақ бұйралар кездеседі. Бұйраларының беріктігі орташа. Жібектілігі, жылтырлығы, жүнінің қалыңдығы орташа, жеткіліксіз. Жүнінің өсімділігі де жеткіліксіз.

Қабырға гүлді қозылардың 2 класына әр түрлі бұйралы (майда, орташа, ірі) орташа, қысқа қабырға гүлді бұйралар, бүйірлерінде жалдар, тенбіл, ал майда орта гүлді қозыларда, конституциясы берік болып келеді.

Ірі қабырға гүлді қозыларда қысқа қабырға гүлді бұйра және жалдар, сонымен қатар нәзік бұршақ, жалдармен теңбіл, не болмаса ірі жалдар қозының тұла бойында кездеседі. Жүнінің қалыңдығы, жібектілігі, жылтырлығы орташа немесе жеткіліксіз, конституциясы ірі тұрпайы, жүнінің өскелеңдігі жеткіліксіз.

Кавказдың (өсіңкі) елтірілік типте туған қозылардың бәрі де бұйрасының ені бойынша емес 2 класқа жатқызылады және арқасында құйымшағында қысқа бұйралар, бадана, жал, шеңбер т.б. кездеседі. Терісі және бұйралары болбыр, ірі бұйралы қозылардың дене бітімі тұрпайы, ал майда бұйралы қозылардың дене бітімі – нәзік, ал орта бұйралы қозылардың дене бітімі берік немесе болбыр болып келеді. Елтірілік тірі қозылардың майда бұйралы – слера сортына, ірі бұйралы - қалың кавказдың 1 сортына, орта бұйралы жұқа кавказдың 1 сортына сәйкес келеді.

Брак - І және ІІ кластың сапалық қасиеттеріне жатпайтын елтірісінің сапасы бойынша қозылар брак тобына жатқызылады, ал елтірілері 3 сортқа сәйкес келеді.

Элита және ІІ класты қозылардың ерекшеліктері бұйралық қасиеттері мен қатар, конституциялары мықты, берік, терісі тығыз, қара түсі интенсивті, жылтырлығы жақсы, жібектілігі де жоғары, жүні қалыпты болып келеді.

Көк қаракөл қозыларын бонтировкалауКөк қаракөл қоызларын да қара қозылар сияқты бонтировка кезінде елтірілік типтерге бөледі, ал бұйрасының ені бойынша емес, түсі бойынша бөлінеді.

Елтірілік типіне және түсіне сәйкес көк қозылар және елтірісінің сапасына байланысты элита, І класс, ІІ класқа бөлінеді.

Көк қозылардың ашық көк түсі барлық елтірілік типтер ішіндегі элита класына жіберілмейді, ал кавказдың елтірілік типтің барлық түсі тек қана ІІ класқа жатқызылады. Бонитировка кезінде аса көңіл орта көк елтірі беретін қозыларға жакеттік типтегі “көгілдір, күміс реңді елтірілерге назар аударылады және бұлар өте қымбат бағаланады.

Элита қозыларға жакетті, жазық және қабырға гүлді орта, қара көк қозылар жатқызылады, ені бұйрасының орташа және тығыз. Арқасында, жотасында, бауырында ұзын орта, қысқа бұйралар сонымен қатар бадана бұйралар жіберіледі. Жүні қалың, жібектілігі жоғары, жылтырауық болуы керек, терісі тығыз, конституциясы берік елтірілік тип бойынша қозыларда негізінен жартылай шеңберлі бұйра, жакеттік тип те, жазық бұйра, қабырғалары бұйра және жалдар болуы керек.

І-ші класты қозыларға – көгілдір, күміс, бурыл реңді елтірі беретін қозылар жатқзылады. Бұйрасының ені жакетті және жазық типтерге орташа, ірі болуы керек. Бұйрасының ұзындығы арқасында орташа, бауырларында қысқа және тығыз. Терісі жұқа, тығыз, конституциясы берік, өскелеңдігі орташа, бұйрасының түрі жартылай шеңберлі, жазық қабырға гүлді болып келеді.

ІІ класты қозыларға жакетті, кавказды елтірілік типтегі қозылардың барлық түрлері, түсі, реңі бойынша жатқызылады. Түрі және түсі тегіс болмауы мүмкін, бұйралары ені бойынша жартылай шеңберлі, қысқа бадана, жал, бүйірлерінде оралған бұршақ, жал шеңбер болады. Бұйралары – орташа, тығыздығы бойынша нашар көрініп тұрады, жылтырлығы орташа немесе жеткіліксіз. Терісі болбыр, конституциясы берік.

ІІ класс жазық гүлді қозыларға арқасында, жотасында – жазық бұйралар бүйірлерінде жал және теңбілдер кездеседі, жүннің қалыңдығы жеткіліксіз. Бұйрасының ені майда, орташа, ірі. Жүнінің жылтырлығы, жібектілігі жеткіліксіз. Терісі жұқа және қалың, болбыр. Бұйрасының суреті анық емес. Дене бітімі берік, тұрпайы. Елтірісі сапасы жөнінен 2 сортқа жатқызылады.

ІІ класс қабырға гүлді қозыларға арқасында, жотасында қабырға бұйралар мен жолдар, ал бауырларында жал мен тенбілдер. Елтірілері 2 сортқа жатқызылады. Басқа қасиеттері ІІ класты жазық гүлді қозылардыкіндей.

Жарамсыз ІІ класты қозылардың сапасы жағынан нашар елтірісі оның сапасы бойынша төмен, елтірі беретін қозылар жарамсыздыққа яғни 3 сортқа жатқызылады.

Сұр түсті қаракөл қозыларын бонитировкалау.Жүндерінің түсіне байланысты сұр қаракөл қозылары екі немесе үш түрлі-түсті болып келеді. Осы қасиеттеріне байланысты сұр елтірі қаракөл қозыларынан пайда болады. Осыған сәйкес қозы жүнінің түр жағы қара, қоңыр, қара-қоңыр, қаралау болып келеді де, ал жүнінің ұшы ашық немесе ақ болып келеді. Осындай ерекшеліктері қаракөл қозыларының жүні бойынша елтіріні өте сәнді және бағалы етіп көрсетеді.

Біздің елімізде сұр қаракөл қойларының 3 түрін өсіреді: бұхаралық, сурхандариялық, қарақалпақтың сұрлары. Осы үш түрлі қаракөл қойларының бір-бірінен айырмашылықтары бар және түрі түсіне байланысты өзгешеліктері бар. Бұл үш түрлі қой сүлелерінің мынадай қасиеттермен бір-бірінен айырмашылықтары бар.

Бұхаралық сұр. Күміс түрі жүнінің түбі қоңыр түтін немесе қара, ал жүнінің ұшы күл немесе күміс түстес келеді.

Алтын түрі. Жүнінің түбі қара қоңырлау, ал ұшы ашық - алтын түстес.

Сурхандариялық сұр. Қола түрі. Жүнінің түсі қоңыр, ұшы ашық қола немесе қола түстес болып келеді.

Платиналық түрі. Жүннің түбі ашық - сары түстес, ал ұшы ашық-сары немесе кофе түстес болып келеді.

Кәріптастық түрі – Жүнінің түбі қоңыр, ал ұшы кәріптас түстес болып келеді.

Қарақалпақ сұры – қола түрі. Жүнінің түбі қара, ал ұшы қола түстес.

Шамшырақ түрі. Жүнінің түбі қара, ал ұшы ақ.

Өрік гүлі. Жүнінің түбі қара-қоңырлау немесе қара түстес, ортасы қоңырлау, ал ұшы ақ немесе сәбіз түстес.

Сұр қаракөл қозыларын бонитировкалау кезінде елтірілік типтен басқа сұр түсінің оның көзге көрініп тұрғаннан басқа қасиеттерін ескере отырып, бонитировка жүргізген уақытта мынандай кластарға бөледі:

Элита класы. Сұр түсі өте анық көрініп тұрады. Бұйрасының ені орташа, жібектілігі, жылтырлығы жүнінің орташа бұйрасы көзге анық көрініп тұрады. Терісі тығыз, жұқа. Жүнінің өскелеңдігі жақсы кейде жеткізіліксіз болады. Өсу қабілеті орташа, дене бітімі берік. Бұйралары: жакеттік типте жартылай шеңберлі, жазық гүлді типте жазық бұйралар, қабырға гүлді типте - қабырға бұйралар, жолдар. Бұл бұйралар барлық елтірілік типтегі ұзын, орташа, арқа жоталарында орташа, қысқа бүйірлерінде елтірілік бірінші сортқа жатады.

Бірінші класқа сұр түрі көзге жақсы көрініп тұрады. Бұйрасының ені орташа және ірі. Негізінен жартылай шеңберлі бұйра жакеттік типте, жазық бұйра, қабырғалы бұйра, жалдар жазық бұйралы, қабырғалы бұйралы типтерде. Бұл бұйралар арқасында жотасында ұзындығы орташа, бүйірлерінде - қысқа, тығыз. Жүнінің сапасы (жылтырлығы, жібектілігі) орташа. Суреті анық. Жүнінің өскелеңдігі жеткіліксіз болуы мүмкін. Дене бітімі берік.

Екінші класс. Елтірілік типтерге байланысты жартылай шеңберлі, жазық немесе қабырға бұйралар – жалдардан тұрады. Бұл бұйралар арқасында жотасында ұзындығы орташа, бүйірлерінде-қысқа, тығыз. Жүнінің сапасы (жылтырлығы, жібектілігі) жеткіліксіз, сонымен қатар бүйірлерінде шеңбер, теңбілдер кездеседі. Дене бітімдері берік (жакеттік типте), кавказдық типте тұрпайы болып келеді. Қозылардың елтірілері кавказдың топтың 1 сортына сәйкес келеді.

Жарамсыздыққа екінші класқа елтірісінің сапасы жөнінен жатпайтын қозылар жатқызылады.