Фирма немесе кәсіпорын: мәні және теориялық бағыттары

2 Кәсіпкерлікті ұйымдастырудың негізгі формалары

 

1Экономикалық теория мен тәжірибеде «фирма» ұғымы коммерциялық қызметпен айналысатын шаруашылық құрылымдар-дың атауын белгілеу үшін қолданылады. Фирма деп өзінің мүліктік жауапкершілігімен коммерциялық іс-әрекетті жүзеге асыруына мүмкіндік беретін белгілі бір мүлкі мен бекітілген құқықтары бар шаруашылық бірлікті айтады. Экономикалық теорияда фирманың бірнеше теориялық бағыттары бар. Фирманың неоклассикалық теориясы. Бұл теория бойынша фирма өз пайдасын максималдауды көздейтін және қызметі өндірістік функциямен анықталатын технологиялық бірлік ретінде қарастыры-лады. Фирманың басты міндеті болып өндіріс шығындарын минималды деңгейге жеткізетін өндірісі ауқымы мен ресурстардың оңтайлы үйлесімділігін таба білу және өндірістің тиімділігін анықтау табылады. Фирманың неоклассикалық тұжырымдамасы нарықтың тиімділігін, ондағы ақпараттың толықтылығын, бағаның автоматты реттеушілік рөлін, экономикалық субъектілердің ұтымды тәртіптерін фирмалар көлемі мен шығындар деңгейінің бірдей болуын есепке алады. Алайда, бұл жерде фирманың ішкі ұйымдасушылық ерекшеліктері мен шешім қабылдаудың балама нұсқалары ескерілмейді. Сондықтан, осы тұрғыда бұл теория тәжірибеде қатты сыналады. Сонымен қатар, ол фирманың нақты экономикалық субъект ретіндегі шығу тегі, оның өзгерісінің себептері мен тетіктері туралы сұрақтарға жауап бере алмайды.

Фирманың институционалдық теориясы. Бұл теория бойынша фирма нарықтық белгісіздік пен тәуекел жағдайында іс-әрекет жасайтын күрделі сатылы құрылым болып табылады. Фирманың нарықтағы тәртібі ақпараттық толық еместігі жүйесінде қарастырылады және басты назарға фирма табиғатының және оның дамуының алуан түрлілігінің себептері туралы мәселелер алынады. Фирма табиғатын талдаудың негізіне нарықтық белгісіздік жағдайында келісімдерді жүзеге асыруда туындайтын трансакциондық шығындардың орын алуы туралы алғышарттар қойылады. Фирма осындай шығындарды қысқарта отырып, нарықтық және әкімшіліктік жолдармен ресурстарды оңтайлы үйлестірудің неше түрлі әдістерін қолдана алуы тиіс. Нарықтық жол кезінде баға механизмі есепке алынады, ал әкімшіліктік жол кезінде баға механизмі ескерілмейді. Бұл жерде фирманың құрылымы ресурстарды нарықтық тұрғыдан үйлестірудің шығындары мен оларды әкімшіліктік басқару тұрғысынан бөлу шығындары арасындағы арақатынаспен анықталады. Нәтижесінде, фирманың өзі ресурстарды нарықтық әдіспен тиімді орналастырудың баламасы ретінде қарастырылады. Демек, нарық ресурстарды тиімді бөлудің жалғыз ғана әдісі деген белгісінен айырылады. Осындай бағыттың құндылығы фирманың қолданатын ресурсының ерекшелігіне байланысты дұрыс шешім қабылдауы нарықтың өзі қамтамасыз ете алмайтын өндірістік тиімді әдісті ұйымдастыра алу қабілеттілігін түсіндіруден анық көрінеді. Сондықтанда, фирманың пайда табудағы табиғаты трансакциондық және басқарушылық шығындарды салыстырудан ғана емес, оның ерекше ресурстарды қолдана алу қабілетіне де тәуелді болып табылады.

Фирма туралы аталған теориялардың ерекшеліктеріне қарамастан, олар пайда табу мақсатында ресурстарды тиімді бөлу тұрғысынан фирма қызметінің мәселелерін шешуді қарастырады. Басты айырмашылығы, бірінші жағдайда, фирманың өндірістік жағына көңіл бөлініп, нарықтың өзін-өзі реттейтін механизм ретінде қарастырылуы – бұл фирманың өндірістік теориясы, ал екінші жағдайда, фирманың өмір сүруі нарықтың жетілмегендігімен байланыстырылады және фирма қызметінің ұйымдастырушылық жағына көңіл бөлінуі қарастырылады – бұл фирманың келісімдік теориясы. Сонымен, фирма ресурстар иелерінің арасындағы қатынастар жиынтығы ретіндегі күрделі иерархиялық ұйым болып табылады. Фирма – бұл пайданы максималдау мақсатында өндіріс шығындарын төмендету қағидасы тұрғысынан өз қызметін жүзеге асыратын өндірістік бірлік.

 

2 Кәсіпкерлік адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. «Кәсіпкерлік» терминін алғашқы рет ағылшын экономисі Ричард Кантильон енгізді. Кәсіпкерлік ұғымына ол нарықтық тәуекелділік жағдайында табыс алу мақсатымен өндірісті ұйымдастырудағы адам белсенділігін жатқызды. Кәсіпкерлік дегеніміз – бұл азаматтар мен бірлестіктердің мүлікті жауапкершілік пен тәуекел ету негізінде іске асырылатын, жоғары табыс алуға бағытталған шығармашылық, дербес іс-әрекеттері.

Кәсіпкерліктің негізгі белгілері:

• шаруашылық субъектілерінің дербестігі және тәуелсіздігі;

• экономикалық мүдделілігі;

• шаруашылық тәуекел етуі және жауапкершілігі;

• белсенді ізденуі;

• жаңалықтығы.

Кәсіпкерліктің субъектілері: мемлекет, жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, серіктестіктер, арендалық ұжымдар, акционерлік қоғамдар, шаруашылық ассоциациялары, әртүрлі бірлестіктер. Кәсіпкерліктің объектілері: шаруашылық қызметтің кез-келген түрлері, коммерциялық делдалдық, инновациялық, кеңес беру іс-әрекеттері, құнды қағаздармен операциялар. Кәсіпкерліктің негізгі атқаратын қызметтері:

1. Новаторлық қызметі. Әрбір кәсіпкер өзінің мақсатына жету үшін кәсіпкерлікті ұйымдастырудың жаңа формаларын, жаңа технологияларды қолдануға мүдделі болады. Бұл қызмет өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және сапасы туралы мәселелерді шешеді.

2. Ұйымдастыру қызметі. Әрбір кәсіпкер минималды шығын жұмсау және максималды пайда табу мақсатымен ең тиімді өндірісті таңдайды. Өндірісті ұйымдастыру кезінде кәсіпкер жер, еңбек, капитал ресурстарын бір процеске біріктіреді.

3. Басқару қызметі. Әрбір кәсіпкер шаруашылықты жүргізуде негізгі шешімдерді қабылдау инициативасын өз жауапкершілігіне алады: кадр мәселесі, өнімді сатып өткізу, банк жүйесімен байланысты мәселелерді шешеді.

4. Тәуекелге бару қызметі. Әрбір кәсіпкер тәуекелге бару үшін істелетін істің айқындылығын талдап, қорытындысына не болатынын білген жөн. Кәсіпкер тек қана өз уақыты, еңбегін, іс қабілеттілігін тәуекелге салмайды, сонымен бірге өндіріске кеткен өзінің серіктестіктерінің немесе акционерлерінің қаржыларын тәуекелге салады.

Кәсіпкерліктің экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағдайлары.Кәсіпкерлікпен айналысу барысында экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағдайлар ескерілуі қажет.

1. Экономикалық жағдайлар: Нарыққа тауар, қызметтер ұсы-ну, тауарлардың, қызметтердің алуан түрлері, тұтынушылардағы ақша-қаражат көлемі, яғни олардың сатып алу қабілеттілігі, жұмыс орнының және жұмыс күшінің артық-кемдігі, еңбек ақы қорының артық-кемдігі, қарыз беретін мекемелердің ақша ресурстары болуы керек.

2. Әлеуметтік жағдайлар. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру, қалып-тастыру үшін тұтынушыларда тауар сатып аларлық қаражаты болуы, олардың тауарға, қызметке деген талғамы, төлем қабілеттілігі бар сұранысы болуы. Әлеуметтік жағдай әрбір адамның жұмыс орнындағы жағдайы, еңбек ақы мөлшерімен байланысты. Әрбір кәсіпкер әлеуметтік мәселелерге белсенді араласып, жағдай жасауы тиіс: денсаулық сақтау, жұмыс орнын жасақтау, еңбек ақы мөлшерін қадағалау.

3. Құқықтық жағдайлар. Кәсіпкерлікті реттейтін заңдар және нормативтік-құқықтық жағдайлардың болуы: Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, салық туралы заңдар, кәсіпкерлерді қорғайтын заңдар, шағын және орта бизнесті қолдайтын органдар, меншікке құқықтық заңдар.