Мектеп жасына дейінгі балаларға сан ұғымын түсіндіру

Билет 1

1.Тіл дамыту сабағының мақсаты, міндеттері.

Балалардың тілін дамытудағы мақсаттары:
- Балалардың ойлау, дұрыс сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту.Сөйлем құрап өз ойларын жеткізе білуге, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету;
- Сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгеруге көңіл бөліп ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру;
- Ертегілерді әңгімелеуге, өлең, тақпақ, мақал - мәтелдер, жаңылтпаштарды айта білуге үйрету.
Осы мақсатты іске асыру нәтижесіндегі міндеттері:
- Бала тілін орфоэпиялық дыбыстау мәдениетіне тәрбиелеу.
- Сөздегі грамматикалық дағдыларды қалыптастыру;
- Баланың сөздік қорын молайту;
- Байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру;
- Балалардың ойын дамытып, тіл байлығын арттыру.
Балалар өз бетінше шығармаларды айтып, шығарманың мазмұны мен ойын дұрыс жеткізіп, диалогтегі адамдардың сөздерін мәнерлі жеткізуге икемделеді. Балалар автордың сөз өнерін қолданып, сөз мәнерін өздері машықтануы қажет. Серіктестері айтқан әңгімені тыңдап отыруға, мазмұнын түсінуге, әдеби кейіпкерлерін атымен айтуға үйретіледі.
Табиғи құбылыстардағы ақиқаттылықты сипаттаған кезде нақты дұрыс сөз қолдануға, үлкендердің көмегімен белгілі бір нәрсеге тиісті белгілерді табуға, нақты бейнелеуге, әңгімеде ой - өрісін жеткізуге үйрету керек.
Балалардың сипаттау әңгімелері түрлі сөз мәнерінде сонымен қоса тілдік (метафора, теңеу, эпитет, балама қолдануда) сөз өнері өзіндік ерекшелігін ашу қажет. Ойыншықтарды қолданып, суретке қарап әңгіме құрастырады. Баланың өзі құрастырған әңгімесінде жанрдың негізгі ерекшелігін таба білуінде. Сюжет ерекшеліктері мен әдеби шығармалардың мәнерлігі (ертегіні толық айтып беру). Ертегідегі жақсылықтың жеңгені, сиқырлық жайында, кейіпкерлерді басқа бір нәрсеге айналдырып, және т. б. қолдана отырып, ертегі құрастыруға үйрету.
Бұл жаста балалар шығарманы қызығушылықпен тыңдайды, әңгімелерді түрлендіре біледі. Баланы шығармашылық қабілеттілігінен туындаған әңгімелеріне көңіл аударып, құрдастарының әңгімелерін тыңдауға бейімдеп, қиыншылық тудырған жағдайды, қол ұшын беріп, дұрыс емес жеріне түзету енгізе керек.
Бала тілін дамыту жұмысының негізгі мазмұны – сөздің жалпы ұғым беретін жағын меңгертуге көңіл бөліп, ойлау қабілеттерін дамыту, өз ойын еркін жеткізуін, қоршаған орта мен айналасындағы адамдармен еркін қарым - қатынасқа түсу, сөйлеу қабілеттерін қалыптастыру.
Тіл мәдениетін игеру – баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін кезең. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Балабақшада тілдік қатынастың ең маңызды түрі ауызша сөйлеп үйрену жатады. Ол болса сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. Сөздің байланысты айтылуы баланың тілдік және ақыл - ой дамуымен біртұтас жүреді.
Жас жеткіншектерді баулып, тәрбиелеуде көркем әдебиеттің ролі ұшан - теңіз. Ол жаңа өскін балауса буынының сана - сезімін оятып, ақыл - есін дамытатын, адамгершілік моральға тәрбиелейтін өмір оқулығы.
Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді өздерінің бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу педагогтардың алдындағы міндеті. Ертегі, әңгімені, өлең – тақпақтар мен жаңылтпаштарды, сондай - ақ мақал - мәтелдер мен жұмбақтарды мәнерлеп оқып беру мен әсерлеп айту – тек қана олардың сөздік құрамын байытып қана қоймайды, сонымен қатар, сәбидің ақыл - ойының жетілуіне әсерін тигізеді. Баланың әдепті, көргенді болып өсуіне ықпалы өлшеусіз, баланың Отанын, өз ұлтын, өз жерін сүюі, оны қадірлей білуі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің әсері деп білеміз. Өйткені, бала кітаптағы жағымды кейіпкерлерге еліктеп, ер атанғысы келіп, еркелікке, еңбекке құлшынып өседі.
Ежелгі қазақ әдебиеті өкілдерінің балаларға қалдырған әдеби мұрасы, Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың өлең - әңгімелері осы күнге дейін тәрбиелеу мен оқытуда, ғылым жолын танытып, өнер - білімге баулуда қастерлі қасиетін еш жойған жоқ. Жамбылдың, Сәкеннің, Жансүгіровтың, Майлиннің, Мұқановтың сондай – ақ көптеген жас жазушылардың балалар сүйсінерлік қызығып тыңдарлық жақсы шығармалары бар. Мұның бәрі, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуде баға жеткісіз қазына. Әрбір тәрбиеші соларды іздестіре отырып, термелеп жинап жүрсе, өз жұмысына өте демеуші дәнекер таппақ.
Жас кезінде әңгіме, жырларды көп тыңдаған бала өз көрген - білгенін қиыстырып, тұжырымдап достарына, тәрбиешілеріне, ата - аналарына айтып бере алса, тіл шеберліктері артады. Мұндай жақсы қасиеттер баланың парасатты, инабатты, әдепті, еңбексүйгіш, көргенді болып өсуіне әсер етеді.

Мектеп жасына дейінгі балаларға сан ұғымын түсіндіру

Балабақшадағы балалардың білімін зерттеу тәрбиешінің ең маңызды, негізгі жұмыстарының бірі. Мектеп жасына дейінгі балаларға қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру барысында балаларға сандарды айту, түсіндіру, артық, кем, тең қатынастарын анықтауда салыстыру тәсілінің мәнін түсіндіру, сандарды тура және кері санауға жаттықтыру. Ұзындығы мен ені, биіктігі мен жуандығын салыстыру арқылы сөздік қорларын молайтып, математикалық ұғымдарының қалыптастырылуы дамиды.

Балалардың танымдық іс - әрекетін дамыту, олардың құзіреттілігін қалыптастыруда зерттеу жұмыстарының маңызы өте зор. Көптеген зерттеулер балалардың көзқарасын кеңейтуде және қасиеттерінің дамуына әсер етеді. Балалардың ойлау қабілетін дамытуда қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруда ҰОӘ алатын орны ерекше. Оның әрбір жұмысы ой белсенділігін қажет етеді.

Сандық ұғымдарды қалыптастыру және санауға үйрету балалардың қабылдау ерекшеліктері және заттарды қайта жаңғырту жолдары:

Мөлшер және санау. (аз-көп)

Салыстыру (үлкен-кіші, биік-аласа, жуан-жіңішке)

Түстерді ажырату

Мектеп жасына дейінгі балаларда сандық ұғымды қалыптастырудың міндеттері.

2-3 жаста айналадағы заттар туралы сезім әрекетін қалыптастыру әдістемесі.

3-4 жастағы балалардың үш келеміндегі сандар туралы түсініктерін қалыптастыру, сандарды ауызша санай білуге, сан, сана көп, аз деген ұғымдарды үйрету әдістемесі.

4-5 жастағы балаларға бес көлеміндегі сандарды тура және кері санауга үйрету, санның натурал қатары туралы түсініктерін қалыптастыру әдістемесі

Ересек топтағы он көлеміндегі сандарды дұрыс санай білуге үйрету, көп, артық, аз, кем, ұғымдарын қолдануға және сандардың peт қатарын жаңылмай айтып, топтастыра білуге машықтандыру әдістемесі.

Олар әртүрлі математикалық логикалық есептер, сөзжұмбақтар, математикалық ребустар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, санамақтар. Енді соның ішінде математикалық логикалық есепке тоқталайық.

Бес бұтақты ағашта,
Бұтақ сайын бір алма.
Біреуін бер Маратқа,
Сонда қалмақ неше алма? (4 алма)

Мектеп жасына дейінгі ұғымдарды қалыптастырудың дамуында жас ерекшеліктеріне байланысты құзіреттілігне тоқтайтын болсақ:

І кіші топта -бірлескен ойын процесінде заттың түр-түсін, көлемін ажырата білуге үйрету.Түрлі-түсті пирамидалар құрастыруға, 2-3 белгілері бойынша заттарды топтастыруға үйрету.

ІІ кіші топта- түрлі жиындар құрастыруды, олардың санын анықтауды, көлемін тануды, салыстыруды, топтастыруды үйрету.Заттардың 2 тобын қатар қою, бірінің үстіне бірін қою тәсілін қолдану арқылы ажыратуды және салыстыруды үйрету. Мөлшері әртүрлі заттардың көлемін, олардың пішінін анықтай білуді дамыту.Кеңістікте және уақытта бағдарлануға үйрету.

Ортаңғы топта- Балаларда санау және заттардың сандық топтарын жасау дағдыларын қалыптастыру. Заттарды азаю және көбею ретімен салыстыруға, геометриялық пішіндегі заттарды ажырата және атай білуге үйрету. Балалардың кеңістікте және уақытта бағдарлана білу жайлы түсініктерін тереңдету.

Ересек топта- Сандық қатар, сан құрамы, сандық және реттік санау, санның зат мөлшеріне, ара қашықтығына, санау бағытына байланыстылығы жөніндегі білімдерін жетілдіру. Бөлуге және заттың бүтіні мен бөлігін салыстыруға үйрету. Бір заттың көлемі мен пішінін басқа затпен салыстыруға, шартты өлшемді қолдануға үйрету. Бір заттың қатысын өзіне және басқа затқа қатысы бойынша анықтауға үйрету. Уақытта бағдарлану дағдыларын тереңдету.

Нәтижесінде біз балаларға әр түрлі тапсырмаларды береміз, тапсырмаларды орындау барысында ой-өрісі дамиды және мыналарды үйренеді :

 

- заттардың белгілерін сипаттау ;

- берілген белгілері бойынша заттарды тану ;

- заттардың бірдей және әр түрлі қасиеттерін анықтау:

- заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай жіктеу дағдыларын қалыптастыру;

- іс -әрекеттердің бірізділігін анықтау;

- қарама -қарсы құбылыстар туралы мінеу;

- өз қызметінде уақытша жақтауларды көру;

- кеңістікте, қағаз бетінде бағдарлау ;

- жалпылау, зейінді болу ;

- есте сақтау қабілетін, қолдың кіші моторикасын дамыту;

- әр түрлі түсініктерге анықтама беру :

- тапқырлықты және ұғымталдықты дамыту.

 

Қорытындылай келе әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны белгілі бір бағытқа жетелеу, тәрбиешілердің парызы. Ендеше осы парызымызды жүйелі орындай білейік әріптестер. Тәрбиелік жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.