Сіздің педагогикалық сөздігіңізге

- Педагогика әдістемесі – педагогикадағы ғылыми түсініктерді құру принциптері.

- Педагогикалық зерттеулер әдістері – педагогикалық құбылыстарды оқып- үйренуге және ғылыми – практикалық проблемаларды шешуге бағыталған әдістер, тәсілдер.

- Педагогикадағы ғылыми зерттеулер логикасы зерттелетін объектілер, құбылыстар, процесстердегі ішкі байланыстарды сақтау негізінде құрылған педагогикалық зерттеулердің тәртіпке келтірілген, сатылы процедурасы

- Мұғалімінің әдістемелік мәдениеті – мұғалімінің ғылыми ойлауының ерекше мәдениеті, әдістемелік білімдер мен рефлексия тәжірибесінің базасы (маманның саналығы, өз қызметін түсінуге деген ынтасы)

Педагогикалық зерттеулер әдістемесі:

1.Бақылау

2.Әңгімелесу

3.Сауалнама жүргізу

4.Тестілеу

5.Педагогикалық эксперимент

6.Моделдеу

7.Бағалау

Педагогикалық зерттеу методологиясы

 

Қазір қоғамға өзінің жеке басын және іс-әрекетін ұдайы жетілдіріп отыруға ұмтылатын бастамашыл және талапты мамандар қажет. Солар ғана жоғары түйсігімен, әлеуметтік-кәсіптік ұтқырлығымен, білімін жаңартып отыруға ұмтылысымен, біліктілік пен дағдыларын ұштап отыруымен, жаңа қызмет салаларын меңгеруімен ерекшеленіп, өз қызметін жақсы атқара алады.

Осындай үздіксіз өздігінен білім алудың негізінде педагогикалық зерттеу процесі жатыр.

Әрбір зерттеуші әдебиетпен жұмыс істей бастағанда-ақ библиография құрастыруға кіріседі.

Әрбір зерттеуші өзі қолға алған жұмысқа негіз болатын басты педагогикалық тұжырымдамаларды анықтап алу қажет. Зерттеуші өз жұмысының методологиялық базасы шын мәнінде неде екенін анық білуі керек.

Педагогикалық зерттеулер үшін мыналар қажет:

1. Мәні бар ғылыми түсініктер мен ұғымдарды меңгеру.

2. Жалпы қабылданған терминологияны қолдана отырып, факторлар мен құбылыстарды дәлме-дәл сипаттау.

3. Салалас фактілерді олардың мәнді белгілері бойынша жинақтай білу.

4. Фактілерді, белгілерді жалпы ғылыми ережелерге сәйкес топтай білу.

5. Фактілер мен құбылыстарды талдай білу, олардан жалпы және бірегей, тосын және заңды белгілерді айыра білу.

6. Ұғым дегеніміз ғылымның қол жеткен деңгейін білдіретін ғылыми танымның баспалдақтары екенін ескеріп, ұғымдарға нақты анықтама беру.

7. Әр түрлі зерттеулердің ғылыми деректеріне сүйенгенде, ғылыми пікірталастарда делелдемелер мен растауларды дұрыс келтіру.

Әдетте жалпылама мәселелер теориялық педагогикалық зерттеулерде әлеуметтік және психологиялық сипатта болады, ал жеке (бірегей) нәрсе оның- нақты әдістеме (ілімге деген қызығушылықты тәрбиелеу, ұжымды, саналы тәртіпті қалыптастыру, мұғалім этикасы және т.с.с.) астарын маман ашады.

Педагогикалық қызмет пен педагогикалық процесс саласындағы ғылыми зерттеудің мәні мынадай жалпы проблемелер болып табылады:

1.Педагогикалық қызмет пен педагогикалық процесті ұйымдастырудың қоғамдық құбылыс ретінде тәрбие заңдарының талаптарына сәйкестік дәрежесі. Оқыту мен тәрбие мазмұнының, нысандары мен әдістерінің өндіргіш күштерді дамыту талаптарына, қоғамдық қатынастар практикасының сұраныстарына сәйкестігін дер кезінде белгілеудің айрықша маңызы бар.

2. Педагогикалық қызмет мен педагогикалық процесс дегеніміз- өте күрделі қоғамдық құбылыс, ол тек тәрбие заңдарына негізделіп қана қоймайды. Олар заңдылықтарға және физиология, психология, философия сияқты аралас ғылымдардың деректеріне сүйенеді. Мұның өзі педагогикалық процестер мен ахуалға кешенді әдістемелерді арнайы оқып үйренуді талап ететін өзіндік сипат береді. Мысалы, педагогтың жеке тәсілді жүзеге асыруы, ұжымдық және топтық қатынастарды ұйымдастыру, балалар білімдерінің, олардың мүдделері мен ұмтылыстарының жан-күйін диагностикалау, педагогтың өзара іс-қимылдың нақты психологиялық-педагогикалық жағдайларын есепке алып отыруы- осының бәрі шектес ғылымдарға сүйенуді қажет етеді.

3. Педагогикалық қызмет пен педагогикалық процестің тиімділігі қашанда педагогтар мен тәрбиеленушілердің арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандыру, оны қалыпты жағдайға келтіру жөнінде ұсынымдар беруге тиіс.

4. Педагогика тәрбие процесі мен ондағы педагогикалық ахуалдың тиімді өтуінің субъективтік-объективтік жағдайларын зерттейді. Ол бала өмірін ұйымдастырудың барлық нысандарын тиімді пайдаланудың, әр түрлі қызмет түрлерін ұйымдастырудың педагогикалық әдістерін белсенді қолданудың бастапқы ұсынымдарын береді.

5. Педагогикалық ғылым диагностикамен де айналысады. Ол педагогикалық тұрғыдан әсер етудің, барлық процестің нәтижелерін зерделейді. Оның міндеті мұғалімдердің өзінің педагогикалық іс-әрекетін түзеу мақсатында оларға кері ақпаратты алу, өңдеу және беруге көмектесу болып табылады.

6. Тәрбиенің нақты қоғамдық жағдайлары мен міндеттерін ескере отырып, педагогика ғылыми балалар мен оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың жаңа жүйелерін жасайды, кең көлемді педагогикалық эксперименттерді ұйымдастырады.

7. Педагогика ғылымының оның қолданбалы саласындағы мәні озат педагогикалық тәжірибені, оны тарату және тиімді енгізу жағдайларын зерттеу болып табылады.

Озат педагогикалық тәжірибе дегеніміз, қоғамдық педагогикалық қызметтің бастауы ретінде, нақты жағдайларды, балалар ұжымының және жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескерумен бірге, мұғалімнің жұмыс практикасында педагогика заңдары мен принциптерін белсенді түрде меңгеруі және іске асыруы деген сөз (21).

Озат тәжірибені зерделеу және қорыту педагогика ғылымын дамытудың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылады, өйткені, бұл әдіс өзекті ғылыми проблемаларды табуға мүмкіндік береді, педагогикалық процестің заңдылықтарын оқып үйренуге негіз жасайды..

Озат педагогикалық тәжірибенің екі түрі бар:

2) педагогтың ғылыми ұсынымдарды біліктілікпен, ұтымды кешенді пайдалануы болып табылатын педагогикалық шеберлігі;

2) педагогикалық жаңашылдық, яғни жаңа білім беру қызметін көрсетулері, оқытудың жаңа мазмұны, нысандары мен әдістері, тәсілдері мен құралдары, т.с.с. өзінің шығармашылық табыстарымен байытылған тәжірибе.

Озат тәжірибенің өлшемдері:

7) жаңашылдық;

8) жоғары нәтижелік;

9) ғылымның қазіргі жетістіктеріне сәйкестік;

10) тұрақтылық;

11) тәжірибені басқа да педагогтар мен оқу орындарының пайдалану мүмкіндігі;

12) тәжірибенің оңтайлығы.

Педагогикалық зерттеулерді олардың бағыттары бойынша методологиялық, іргелі және қолданбалы деп бөлуге болады.

Педагогика саласындағы методологиялық зерттеулердің тиімділігі мен сапасын арттыру принциптерін табу және олардың практикаға тигізер әсерлерін күшейту болып табылады. Мұндай зерттеулер педагогика саласындағы ғылыми қызметке бағдар береді.

Іргелі зерттеулердің мақсаты педагогикалық құбылыстардың мәнін ашу, педагогикалық ақиқаттың терең де, тасада жатқан құпияларын, негіздерін табу, оған, ғылыми түсінік беру болып табылады. Осындай зерттеулердің нәтижесінде оқыту мен тәрбие теориясы, әдістер мен ұйымдастыру нысандарының теориясы және т.с.с. құрылады.

Іргелі зерттеулердің нәтижелері практикамен тікелей байланысты мәселелерді шешетін қолданбалы зерттеулер үшін теориялық негіздемелер құрады. Көбіне олар іргелі зерттеулермен бір кешенде жүргізіледі және олардың нәтижелері іргелі еңбектерде олардың қолданбалы бөлігі ретінде беріледі. Қолданбалы зерттеулер практиканың нақты кемшіліктерін жоюға бағытталған. Әрине, мұндай зерттеулердің мәні іргелі зерттеулерден кем болмайды.

Іргелі зерттеулер әдетте абстрактылы сипатқа ие гепотетикалық теориялық схема құрудан басталады. Жекеленген теориялық ережелер тәжірибе арқылы тексеріледі. Осы негізде зерттеу объектісінің мәні туралы, ондағы қарым-қатынастар туралы теориялық түсінік алынады.

Бірақ та зерттеудің түпкі мақсаты-нақты білім алу. Келесі кезең- бастапқы абстракцияны шынайы өмірге аудару және мәнмен мағынаның осы шынайы өмірден мән мен мағынаның нақты көрінісін аңғару. Бұл мәннен мазмұннан құбылысқа, абстрактылықтан нақтылыққа барар жол. Мысалы, “сабақ беру”, “оқыту” деген абстрактылы ұғымдарды бірдей ала отырып, біз педагогикалық шындықтағы оқу мен оқыту арасындағы қатынастардың өмір сүруінің нақты нысандарын тауып, сол арқылы нақты білім аламыз.

Қолданбалы зерттеулердің барысы бұдан өзгеше болады. Қолданбалы зерттеудің іргелі зерттеуден айырмашылығы сол, мұнда теориялық негіздемелер зерттеушіге беріліп қойылған. Ол зерттеушіні қолда бар теориялар арқылы педагогикалық практикадағы жоюға тиісті кемшіліктерді (мысалы, белгілі бір мақсаттарды орындау үшін оқытудың қолда әдістерінің тиімділігінің жеткіліксіздігі) табуға және сипаттауға еліктіреді. Бұл зерттеудің басы. Бұдан кейін байқалған кемшіліктерді қалай жою керектігі жөнінде түсінік қалыптасады. Осы түсініктің қандай теориялық дәрежеде екендігіне байланысты оның жекеленген элементтерін тексеруге бағытталған эксперимент, екінші жағынан тәжірибе жұмысы арасында айырмашылықтар болуы мүмкін, оны зерттеу жұмысының барысында ескеру қажет.

Ғылыми педагогикалық зерттеулер тәжірибелік эксперименттік және теориялық сипатта болуы мүмкін.

Тәжірибе жұмысы ғылыми ұсынымдарды пайдаланудың неғұрлым тиімді жағдайларын табуға бағытталған. Ғылыми-педагогикалық эксперимент өмірлік, тәрбиелік қарама-қайшылықтарды, қалыптасқан проблемаларды шешуге қатысты ғылыми ұғымдар мен болжамдарды тексеруден тұрады.

Педагогикада теориялық зерттеулер мен оның әдістері ерекше орын алады. Теориялық зерттеулердің мәні белгілі бір дүниетаным тұрғысынан алып қарағанда, эмпирикалық және қорытылған материалды жүйеге келтіруде, талдауда және бағалауда болып табылады.

Зерттеу әдістері эмпирикалық және теориялық болып бөлінеді:

В.И. Загвязинский зерттеудің эмпирикалық әдістерін екі топқа бөледі:

а) жұмыс, жеке әдістер (әдебиетті, құжаттарды және іс-әрекет нәтижелерін зерделеу; бақылау; сұрау салу (ауызша және жазбаша); сараптамалық бағалау әдісі; тестілеу);

б) кешенді, жалпы әдістер (зерттеу; мониторинг; педагогикалық тәжірибені зерделеу және қорыту; эксперимент).

Е.М.Муравьев пен А.Е. Богоявленская педагогикалық зерттеу әдістерінің мынадай схемаларын ұсынады.