XVII. Шәрәпидің сары-ала бұқасы

 

Марқакөл кеңшарының Қарашілік ауылында Социалистік Еңбек ері, шопан Досым Асанов деген қария болды. Ешкімге дауыс көтермейтін, биязы, көпке қадірлі адам еді. Кейін зейнетке шыққан соң да бір кездегі еңбегімнің өтеуі деп ешкімге салмақ салмайтын, орынсыз талап қоймайтын. Баласы жұмыс бабымен басқа ауылға қоныс аударғанша өзі салған тоқал тамда тұрып, қолында бірер қара малына азықты өзі дайындап алатын. Замандастары Досеке десе, жасы кішілер Досаға деп құрмет тұтатын. Кейінірек Досағаң біздің әулетке құдандал болды. Немересі Роза келін болып түсті. Бүгінде үш бала тәрбиелеп, немере сүйіп ұлағатты ана, инабатты келін атанып отыр.

Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Марқакөл ауданында бір жақсы дәстүр қалыптасты. Жыл сайын жаздың басында ауыл спортшыларының аудандық жарысы өтетін. Қабылдау кезекпен кеңшарларға жүктелетін. Бір жылы сол кезек «Қарой» кеңшарына келді. Бүкіл ауданнан жүздеген спортшылар бас қосты. Балуандар белдесті, әртүрлі қашықтықтағы ат бәйгесі, жорға жарыс, аударыспақ, теңге алу т.б. сайыс түрлері көпшіліктің көңілінен шықты. Жеңімпаздарға қошамет көрсетілді. Сол жарыс өтіп жатқан күндердің бірінде Досағаңның ұлы, кеңшар кәсіподақ ұйымының жетекшісі Зарубек қонаққа шақырды. Дастархан басында ақсақалмен жолықтық. Тоқсанды алқымдаған қария сөзге ширақ, ары-беріден әңгіме қозғап зеректігімен, ерекше есте сақтау қабілетімен бізді таң қалдырды. Балуандар туралы сөз қозғағанда «Әй солардың арасында Сары ағаңдай мықтысы бар ма екен, әй қайдам, мен өз көзіммен көріп куә болған (саған айтып бергенмін деп Әбілге бір қарап алып) бір уақиға жайлы баяндап берейін деп осы әңгімені бастаған еді.

Ертеректе мына Матабайда Шәрәпи (Серафим әлде Шарапов па екен) деген ауқатты орысқа жалданып жұмыс істедім. Менен басқа аталарың Сарбас та бірге болатын. Мен бойдақпын, ол кісі үйлі-баранды, шешесі де қолында . Шәрәпидің өзі орта жаста, азамат екі ұлы бар, жұмыскер адамдар. Шаруада бізбен бірге жүреді. Кәрі әкелері бар еді.

Көл жағасы, жазы қысқа, ашық күндерді пайдаланып жанталасып жұмыс істейміз. Жарықтық Сәкеңмен иықтасып жұмыс істеу оңай емес, тартпа тартса да, отау салса да ол кісінің екпініне ілесу қиынның қиыны.

Шәрәпиде жүз елуге тарта ірі қара, одан да басқа жылқы, біраз ұсақ малы бар. Жұмыстың ең бастысы сол малға қыстық азық дайындау. Дамыл көрмей қимылдап бұл шаруаны да тындыруға тақап қалғанбыз. Отау салып жатқанда қатты нөсер жүріп өтті. Бізге жұмысты доғаруға тура келді. Бұрын қол сәл босаса басқа бір істің шетін шығарып қоятын қожайын, демалыңдар деп кеңшілік жасады. Үйге жеткенше кіші бесін болды. Күн ашылып кеткен, жуынып-шайынып көлеңкеге жайғасқанымыз сол еді, Әнәпия жеңгеміз «Сарбас, ана қызыл құнажын таңертең де саудырған жоқ, сиырлардың арасынан айдап шығара алмадым, шәйға қатар сүт жоқ» деп дауыстады.

Сәкең орнынан тұрып, кешкі сауынға деп аулаға жақындатқан топ сиырларға қарай беттеді. Жақындай бергенде сілекейі жарқылдап, гүжілдеп желкесін күжірейтіп Шәрәпидің сары-ала бұқасы көлденеңдей берді. Арт жағымызда апам да айғай салды. (Сары ағаның анасы Мереке бәйбішені мен де апа дейтінмін). Сөйткенше болған жоқ, бұқа тап берді. Сәкеңнің екі қолы бұқаның мүйізіне ілікті. Алғашында не болғанын аңғара алмағам, сәлден соң байқағаным Сәкең бұқаны екі қолымен тұқыртып күш алуына мүмкіндік бермей тұр екен. Бұқа да барын салып, алға ұмтылады. Бір кезде Сары ағаң қандай қимыл жасағанын байқамай қалдым, тіресіп тұрған бұқа бір аунап түсіп, жанталасып қайтадан төрт аяғына тұра қалды. Бірақ алға ұмтылмайды. Өзінен де күшті шыққанын сезген болуы керек. Мен сол сәтті пайдаланып Сәкеңе қарай қолыма іліккен, кепкен қайың қаданың бір метрдей сынығын лақтырдым. Жарықтық көз ілеспес шапшаңдықпен қағып алып, ойланбастан алдында тұрған бұқаны қос мүйізінің арасынан ұрып жіберді. Жануар шөкесінен құлады да, бір жағына жантайып серейді де қалды. Бағанадан қалқанның астында, дастархан басында отырған орыстар шу ете қалды. Шәрәпидің әкесі келе сала Сары ағаңа бишік сілтеді. Екінші рет қолын көтере бергенде, бишікті жұлып алып, қос қолдап тізеге бір соғып сабын екіге бөліп, анадай жерге лақтырып жіберді де, түк болмағандай қызыл құнажынды алдыға салып ортамыздан өте берді. Сәлден соң сенделектеп сары ала бұқа тұрды орнынан. Кейін байқағаным, сол бұқа марқұм аталарыңды көрсе желкесін гүжірейтіп, сырт айналып, табыннан шеттей беретін. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегенді мал екеш мал да түсінеді екен ау.

Мен ең бастысын айтпаппын ғой, сендерге. Маусым айының басында осы сары ала бұқа табынға шапқан аюды жартасқа жаншып өлтіргенін Сәкең де, мен де өз көзімізбен көргенбіз. Бір күні кешке сиырлар азан-қазан болып, сауын уақытынан ерте бірдеңеден үркіп қорғанға келді, іштерінде сары ала бұқа жоқ. Қожайынмен бірге аттылы-жаяу мал келген жаққа жүгіргенбіз. Көп ұзамай үсті қан-қан сары ала бұқа шықты алдымыздан. Біраз жүргеннен кейін үлкен жартасқа жаныштырылып жантәсілім еткен қоңыр аюдың үстінен шыққанбыз.

Осы күнге дейін есіме түссе ойлаймын, Сары ағаңның қаруы дала тағысы, сол аюдан артық болғаны ма?