XVIII. Төбелесқой Жәшке

Осы Әбілдің шығармайтыны жоқ. Қыстың күні болатын. Дала боран, бәріміз үйдеміз. Бір мезетте ол орындық алып атамның қарсы алдына отырды да «Ата қолыңызды беріңізші» деді. Атам кішігірім баланың басындай жұдырығын түйіп, тамырлары тарам-тарам оң қолын Әбілге ұсынды. Көзінің астымен не істер дегендей оған қарап қояды. «Жұдырығыңызды қатты жұмыңыз» - деді Әбіл. Сүйтті де бар күшін салып атамның саусақтарын жазбақшы болып әлекке түсті. Бір кезде атам, апама қарап алақанын жазды да, бір жымиып алып «осы неме қарулы болады деп Әбілдің басынан сипады.

Қазір ұрсып жіберер шығар деп отырған біз де жайбарақаттана қалдық. Соңғы мезетте Әбілге көмекке ұмтылған Мырзахмет атамның қолын ұстап «ата мына жұдырығыңмен біреуді ұрып көрдің бе» деді. Құлағы нашар еститін, мынау не деп тұр дегендей маған қарады. Мен сұрақты қайталадым.

Әй баламысың деген, мынау 70 бәленбай жыл өмірімде не болмады дейсің. Талай рет сойыл сілтескен, қамшы сермескен, кеңірдектен алып, жаға жыртысқан жайлар бастан өткен балалар. Ол кез күштілердің заманы еді. Малсыздар мен әлсіздерге өмір сүру қиын болған. Ал сендердің замандарың басқа. Әлсізді қорғар заң бар, малсызға қарасар үкімет бар деп тоқтады.

Иә жұдырық дегеннен шығады. Кел жақындаңдар бастан кешкен бір жайды баяндап берейін деді бізге қарап. Анық қай жылы екені ойымда жоқ, соғыстың алды еді. Мына Тегістік деген жерде тоған қаздық. Сол кездегі басшылық осы шараға үлкен мән берді. Өңірдегі барлық колхоздардан 250 дей жігіттердің басын қосты. Және азамат болғанда қандай, сайдың тасындай, атан жілікті атпал азаматтар еді. Тоғанға жұмысқа жинағанда осындай талаптар қойылған көрінеді. Жатынға киіз үйлер тігілді, бірнеше балаған құрдық, жер кепе де қазылды. Жұмыс ауыр. Тегістік колхозының сол кездегі бастығы өзіміздің Тоян еді деп бір тыныстады.

Жаңа айттым ғой жұмыс ауыр деп, соған қарамастан жігіттер қолдары босай қалса неше алуан қызық ұйымдастыратын. Арада талай өнерлі азаматтар болды. Ән де, жыр да бізде, қағысып айтысып та жататын. Дегенмен де қызықтың үлкені балуандар белдесуі еді. Алғашқы төрт-бес белдесуден кейін Сары ағамен күресем дейтіндер тиылған. Бірақ өзара сынасуды тоқтатқан жоқ. Итжығыс түстім, қапы қалдым деп, кейде даудың арты жанжалға айнала жаздайтын. Ондайда төрелік сұрап маған жүгінетінді. Тоян екеуіміз жігіттерді жамандыққа жібермейтінбіз. Аз күннен соң кімнің кім екені танылды, алыс-жұлыс азайды. Осытоғанның жұмысына басшылық жасап, жазып-сызып жүретін Жәшке деген (Сашка болуы керек) орыс болды. Өзі біз жақтың адамы емес, ішкертіннен келді деп жүретін. Орта бойлы, иықты, шымыр денелі қимылы шапшаң жігіт болатын. Бір күні кешкі ас үстінде «жігіттер көңілсіз болып кетті ғой, күресті қойыңдар. Давай енді төбелесіп көрелік деді. Арада талай қызыл көз, жоқ жерден жанжал іздеген пәлелер баршылық болатын. Жарайды деп шу ете түсті.

Әлгі Жәшке сәл ойланып отырды да онда кезек-кезек төбелесеміз. Күнде бір сайыс, жеңімпаз ертеңінде басқамен төбелеседі. Мен бастаймын,, кәне қайсысың дайынсыңдар дегені. Аты есімде қалмапты, мына Бөкенбай жақтан келді ғой деймін бір дәукес, ұрыншақ бар еді, мен дайын деп орнынан атып тұрды. Екеуі тоған басындағы жал топыраққа шығып бір-біріне тап берді. Әлгі орыстың не істегенін байқамай қалдық, мен деп шыққан жігіт серең ете түсті. Әрең есін жинады. Жәшке болса бүгінге осы жетеді деп бұрылып жүріп кетті. Ертеңінде тағы біреуді таяққа жықты. Осылайша 10-шақты жігіт алдыңғылардың кебін киді. Мен дегендер тоқтады. Жұмыс та аяғына таяп қалған кез еді. Бір күні кешкі ас үстінде Жәшке «Сарбас кел екеуіміз жұдырықтасайық, қорықпайсың ба» дегені. Жанымдағы жігіттер шу ете түсті. «Сәке мына пәледен есемізді бір қайтарып берші деп жаналқымға алды. Жарайды дедім. Қалыптасқан тәртіп бойынша үйілген топыраққа шықтық. Қарсы алдымда шиыршық атып Жәшке тұр. Мен де мұның төбелесін сырттай байқап жүретінмін. Көбінесе біздің жігіттер құлашын сермегенше, бауырына өтіп кетіп бүйірден не төсінің төменгі тұсынан бірақ ұрып құлататын. Мен жастайымнан әдет болып кеткен, белімді бірнеше кез мата белбеумен орап алатынмын. Сол белбеуді тартып қайта орадым, желбегейдің астында көрінбей қалды. Өзіне-өзі сенімді Жәшке маған көз салар емес. Дайынмын деп белгі бердім. Зәнталақ тағы ойнақшып шыға келді. Бір жанасып өткенде бүйірімнен жұдырығы сақ ете түсті. Көзімнің алды қарауытып аз құламай қалдым. Анау да маған таңданған сыңай танытқандай бір қарап алды да, секіріп алдыма келді. Тағы да бауырыма өте берді, бір қолы кіндігімнің үстіне қадалды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Бойы менен көп аласа еді. Байқап қалғаным басы менің кеуде тұсымнан төмендеу тұр екен. Бар күшімді салып төбеден ұрып келіп жібердім. Ананың жұдырығы осы мезетте тағы бүйіріме қадалды. Белімді ораған мата белбеудің көмегі болды-ау деймін, тағы да құламай қалдым.. ана байқұс шөкесінен түсті. Азаматтар ду етіп мені қаумалап, көтеріп алып кетті. Артыма бұрылып қарасам Жәшке сол бүріскен қалпы жатыр екен. Жігіттердің шуын әрең басып, ананы көріңдерші, өліп қалмасын дедім.

Төбелесқой Жәшке содан оңған жоқ. Жұмысқа да араласуын қойды. Төрт-бес күннен кейін кетуге жиналды. Кетер алдында мені шақырып алып: «Сарбас менің саған өкпем жоқ, өзіме де сол керек. Сенің мына жұдырығыңның салмағын дұрыс есепке алмаппын деп зорлана жымиды. Сөйтіп Жәшкемен де қош айтыстық. Жаман жігіт емес еді деп атам сөзін аяқтаған.

Кейін осы жайды Тоян нағашымнан сұраған болатынмын. «Ойбай ол үлкен әңгіме болып кете жаздаған. Сәкең сотталып кете ме деп қатты сасқанбыз. Сол Жәшкенің өзі араша түскен. Жалпы орыс халқында әділдік бар деп жауап берген еді.

XIX. Шабандоз.

 

1965 жылы Қарашілік ауылында сегіз жылдық мектеп ашылды. Талайдан бері ел аузында әңгіме болып жүрген бұл жай тұрғылықты халық үшін үлкен уақиға болды.

Қарашілік ауылы Марқакөл кеңшарының № 1 бөлімшесі болатын. Бүкіл шаруашылықтың жетпіс-сексен пайыз қой малы осында шоғырланған, асыл тұқымды мал фермасы деген атағы да бар. Сол жылдары бөлімше өрлеу үстінде еді. Төл алуда, жүн өндіруде ауданда алда, облыс бойынша да топ жарғандардың ішінде. Мектептің ашылуы, ауылға жас кадрлардың келуі шағын елді мекенде үкен серпіліс әкелді. Мектепке мүдір болып Ұлы Отан соғысының ардагері Қалибек Нұржанов тағайындалды. Біздер үшін сол жылдары облысқа, республикада танымал балуан Алтай Ералыұлы Құлимановтың келуі және біздің 8 сыныпқа жетекші болып бекітілуі үлкен қуаныш болды.

Мен Мырзахмет екеуіміз атам мен апамның қолындамыз. Оқу жылы басталғанда бауырым Әбіл келіп қосылды. Немере ағамыздың балаларын қосқанда бір үйден 5-6 бала сабаққа қатынаймыз. Тұрған үйіміз ауылдың ортасына таман,айнала кең шарбақ қоршауы, сырғауылдан мұрындықтап өткізіп істеген қақпасы бар болатын. Бір күні жексенбі болды ғой деймін,түс әлеті, бала-шаға шулап есік алдында жүргенбіз. Басына түлкі тұмақ, үстіне қара барқыт шапан киген, белін қызыл шүберек белбеумен буып алған ақсақал қақпаға ат басын тіреді. Мен қақпаны ашпақшы болып тұра жүгірдім. Қария қақпаны ашқанымды тоспады, атын шұғыл бұрды да, біраз жүріп барып ат басын қайыра қақпаға түзеді. Мен тұрып қалдым. Сөйткенше болған жоқ бір тебініп қалып, қақпадан секіріп өтіп ауланың ортасында атын тежеді. Абдырап қалған маған қарап «Сарбас балуанның үйі осы ма» деді. Иә дедім мен. Жерге жас жігіттей секіріп түсіп, тізгінді маған ұстата сала үйге беттеді. Мен аттың ауыздығын алып, айылын босатып, көлеңкеге байлап үйге кірсем, атам екеуі төс қағыстырып құшақтасып, бірінің қолын бірі жібермей қауқылдасып амандық сұрасып жатыр екен. Аздан соң қонақ төрге жайғасты. Апам ас қамына кірісті. Төрде отырған ақсақалға көзімнің астымен қарап, бойынан бір ерекшелік іздей бастадым. Денесі атамдай ірі болмаса да, мығым, қимылы шалт, көк көз сары шал екен, сақал-мұрты да сарғыш көрінді маған. Атам екеуі біраз әңгіменің басын қайырды. Дастархан жасалып ащы қуырдақ пен қаймақ қатқан күрең шәй келді. Атам ас үстінде сөйлемейтін. Біз жыбыршып сөйлей бастасақ «тыныш отырыңдар, орыс болып кеттіңдер ме» деп зекіп тастайтынды. Бүгін бұл тәртіп сақталмады. Әңгімешілер қонақ пен атам. Екеуара әңгіме бір толастаған мезетте атам «әлгі неме қайда» деп біреуді іздей бастады. Мырза екеуіміз қарсы алдында отырғанбыз. Бұлда бір қалыптасқан тәртіп болатын, дастархан басынан атам ас ішуін аяқтап «аллах акбар» айтпай тұрмайтынбыз. Бұл ережені мойындамайтындардың бірі Әбіл болатын. Себебі ол Құмарғалидың баласы, немере. Оның үстіне Әбілді бір ереже шеңберінде ұстау марқұм атамның да қолынан келмеген болуы керек. Мен жеңінен сүйреп Әбілді дастархан шетіне отырғыздым. «Әй» деді атам оған қарап, «сен жеңіліп көрдің бе деп сұраушы едің ғой. Мені жеңген бір адам, ол мына Жүніс деп төрде отырған ақсақалды нұсқады. «Бекер айтпаңыз Сәке» деп қонақ ата сөзге араласа бергенде, сен тұра тұр деді де осы әңгімені бастаған-ды.

Соғыстан кейінгі жылдар. Ел бас-аяғын енді жинай бастаған кез. Ашылының бойында Құсайын үлкен той жасады. Нәубет жылдары той-томалақтан шеттеп қалған жұрт той хабарын қуана қарсы алды. Көп адам жиналды. Марқұм өзі силы адам еді. Балалары мына Теректіде тұрады. Қожан, Төлеш деген ұлдары бар.

Ас ішілді, ән айтылды, жұрт біраз желпініп қалды. Бір кезде той тізгінін ұстаған азаматтардың бірі «ал балуандар ортаға шығыңдар» деді дауыстап. Шуылдап балалар белдесті. Сұм соғыс талай боздақты қыршынынан қиды емес пе, мен күресем деп ұмтылған жігіттер болмады. Сақалдарын шошаңдатып бір-екі шал жағаласты, ел күлкінің астында қалды. Сол кезде саңқ еткен мына Жүністің даусы шықты. «Уа халайық, ортамызда жеңіліп жауырыны жерге тимеген Сарбас палуан тұр. Жас балалар бұл кісінің жағасынан алып, оғатыққа бармайтын шығар. Жерде тұрып сайысқа шақыруға батылым бармас еді. Кел, Сәке ат үстінде бақ сынап көрейік» деп астындағы құйрық жалы жер сызған торысын ойқастатып ортаға шықты. Бұл күтпеген жағдай болды. Мен мына Жүністің мықты шабандоз екенін білетінмін. Бәлен жерде бәленшені аттан тұмақша жұлып алды, шу асауға шалма тастап тақымға басқанда селт етпейді дегенді талай естігенмін, өзім куә болғам. Жиылған жұрт шулап, қаумалап кетті. Менде тоқпақ жалды құла болды. Жүніс біледі, мен ат таңдауда талай қиындық көрген адаммын. Жуан бел жатаған жылқы болса, аяғым жер сызып, тұрқы ұзын шоқтықты аттардың кейбірі еңіс- өрде бұраңдап қалатын. Жаңағы құла атты біраз жыл болған ұстағалы. Кесек мал еді жануар, жолға қалдырып көрмеген. Ерге қондым. Тізгінді ұстап қолтығымнан демеп атқа отырғызған той иесіне қарап «Құсеке мына той есте қалатын болды. Кейін бала-шаға баяғыда Құсайынның тойында Сарбас аттан ауғанда деп сөз бастайтын шығар» дедім. Естігендер күліп жатыр. Артымда бол-бол деп мына пәтшағар тұр – деп атам кеңкілдеп күліп алды.

Ортадан орын босатты. Екеуіміздің арамыз екі-үш арқан бойы. Қарама-қарсы тұрмыз. Оңтайы осы болар деп ерге қиғаштай отырдым. Сол мезетте мына пәле тап берді. Көзді ашып-жұмғанша жанаса кетіп, бір сілкіп өте шықты. Мен не болғанын білмей де қалдым. Ерден ауып бара жатып әрең түзелдім. Алаңшаның шетіне шығып атты кері бұрдым. Қарсы алдымда мынау тұр, ат үстінде қаққан қазықтай. «Ей Сарбас жасың 50-ден асқанда шаңға бір аунап тұрсаң ештеңе етпес» деп ойымды жиғанша мынау тағы тап берді. Мен ұстасып та үлгірмедім, ерден тайып бара жатқанымды сездім. Соңғы мезетте сол ерден тайдырған қол демеп орныма қайта отырғызғандай болды. Бір-бірімізге үшінші рет беттедік. Маған тақай бергенде, мына Жүніс аталарың аттан секіріп түсті де дауыстап «Уа жамағат, жеңіс Сәкеңдікі, менікі азаматтардан айрылған, көз жастары енді құрғаған халықты бір сергітіп тастау еді. Әйтпесе сақалымның ағында туғанымдай болған Сәкеңмен жұлқыласу маған лайық па еді» деп менің атымның шаужайынан алып жетектеп шетке беттеді. Мен сөз таба алмай мүдіріп қалдым. Сәлден кейін дауысымды шығарып «Уа, тойға жиналған көпшілік» дедім. «Балуан күшін жерде сынаса, батырдың қайраты ат үстінде танылған. Олай болса, нағыз батыр мына Жүніс» дедім. Ар жағын айттырмай халық ду көтеріп алып кетті.

Атам біраз үнсіз отырып қалды. Тамағын кенеп алып, сөзге Жүніс ата араласты. «Сәкең біраз әсірелеп отыр ғой. Дегенмен де ат үстінде күрестің өз әдіс-айласы бар. Тоқымның мықты болуымен қатар жылдамдық, қарсыласыңның қимылын дөп басу, тіпті аттың екпінін сәтті пайдалану. Бірақ сендер ер қанаты аттан алыстап барасыңдар-ау» деп тоқтады.

Сәлден соң атама қарап «Сәке, рұқсат болса мен жүрейін. Ертең балалар жолаушы жүрмекші еді. Науқастанып жатыр деген соң арнайы келген едім. Өзіңді көріп бір жасап қалдым. Амандықта болайық» деді.

Екі қарт бірін-бірі қимай қоштасты. Атам Жүніс ақсақалмен ере шығып, қолтығынан демеп атқа өзі отырғызды. Мен қақпаны ашпақ болып тұра жүгірдім. «Кет былай» деп саңқ етті Жүніс ата. Ағындап барып атын қақпадан қарғытып өтіп, ұзай берді. Атам басын шайқап, жымиып «Япырай, тентектігі әлі басылмапты-ау» деп аттанып еткен жолаушының артынан көзін алмай ұзақ қарап тұрып қалды.