XXI. Арманда кеткен боздағым

Марқаны бетке алып, Мәрмәр таудан асқан соң, Қарағаш пен Ақжайлау жазығын бөліп жатқан Қосқабат атты аласа асу бар. Тамыздың аяғына таман төр жайлаудан қайта еңкейген малшы ауыл, осы Қосқабат, Кіші ой, Қарағашты жағалай жайғасып, күн суыта ойға құлайтынды. Әлі есімде, екінші сыныпқа баратын жылы болса керек, тамыздың аяғына таман, жаздай жайлауда малға қолқабыс еткен мені, атам Сары ауылға алып қайтты. Таңғы шәйді іше сала атқа қондық. Кәтіштен шығып үлкен жолға түсе бере, атам күрт оңға бұрылып, қарсы беткейдің етегіне жете бере аттан түсті. Мағанда түс деп ишара жасады. Аттан түскен маған ұзын шылбырды ұстата сала, алға біраз жүріп барып тізе бүкті. Мен сонда ғана байқадым, атамның қарсы алдында екі-үш төмпешектің жатқанын. Сөйткенше болған жоқ, даусын шығарып аят оқи жөнелді, ұзақ оқыды. Аяқтап, бетін сипаған соң, тұрып кетпей, үнсіз отырып қалды. Неге екенін білмеймін, мен елегізіп кеттім, ақырын сырғып атама жақындадым. Атамда маған бұрылып басымнан сипады. Аз сөзді, сыртынан қатыгез, қатал көрінетін атамның жанарында жас тұрғандай көрінді маған. Мен көзімді тайдырып әкеттім. Терең бір күрсініп алып :«Балам, мына төмпешектердің бірінде батыр атаң жатыр. Енді біраз жылда жермен-жексен болып жоғалыпта кетер. Қайран аруақ атыңды ашық айтуға жасқанып, осылай іш-құса болып өтер шығармыз» деп, тағы үнсіз қалды.

Атамның жас кезінде жауырыны жерге тимеген балуан, орасан қарулы болғанын естіп өскен мен :«Ол кім, сізденде күшті ме?» дегеніме бір жымиып алып, орнынан қозғалып, малдасын құра жайғасып отырды да осы хикаяны бастап кеткен еді.

«Балам, мынау Ақжайлаудың жазығы, ары қарай Білезіктің бойы, Шөптікөл, Сырлытаң одан солға қарай Қызылкезең, Ұранқарағай, Тоғыз, Егізтөбе төртуылдың жайлауы болған екен. Төртуылдың қыстауы қазіргі көршілес Зайсан жері, Ертістің екі жағы. Үлкендердің айтуынша, төртуыл Бекбай бидің тұсында Ертістің осы жағын мекендейтін. Қожамбеттермен келісіп жайлау алған деседі. Бұл екі ру ежелден төсекте басы, төскейде малы бірге ағайынды ел. Осы Алтайдың төсінде талай дүбірлі той, айтулы ас, алқалы жиындар өткізіпті. Ертіс өтіп келген төртуыл ауылдары тамыздың ортасына таман, қайта кері басып, осы Ақжайлау жазығын жағалай отыра, бас-аяғын жиып, қайтадан Ертісті өтіп, Ақжон, Маңырақ, Қараталдағы қыстауларын сағалай тарап кетеді екен. Анық қай жылы екенін айта алмаймын, тамыз туа Ақжайлау жазығына жиналған ел, жеркепе қазып алып, шаштарын жалбыратқан шиіттей балаларын ертіп, Сарқыраманы жағалап балық аулап күн көріп жүрген орысты көреді. Қашанда өзгеге жаны ашығыш қазақ барымен бөлісіп, құрт-майын беріп, көмек көрсетіпті. Уақыты келген соң ойға қотарыла көшкен малшы ауыл, қыстың қамы, қат-қабат шаруамен Ақжайлау жазығында жалғыз үй қалған орысты ұмытыпта кетеді. Қыс та өтеді, күн жылып, көк жетіле, жасыл жайлаудың саумал самалын, салтанатын төртуыл ауылдары Ертісті өтіп, үш Теректіні басып, Мәрмәр тауды асып мына тұрған Қосқабатқа шыққанда, алдарын кес-кестеп 10-15 адам шығып, алға жүрүге болмайтынын, жазықтың енді орыстарға қарағанын айтады. Іркес –тіркес келе жатқан көш лажсыздан тоқтайды. Бір-бірімен хабарласып Төртуыл мен Қожамбеттің үлкендері бас қосады, жастары атқа қонады. Бір тоқтамға келе алмаған көптің алдына сол кезде 18-19 жастағы, жаста болса өзінің алғырлығымен, күш-қайратымен көзге түсіп үлгірген, төртуыл ішінде жылқайдар Омыртқа шығып: «Бүгін Ақжайлауды берсек, ертең басқа жеріңе ауыз салмайтына кім кепіл? Ата –баба мекенін келімсектер ала берсе, кейін күнің не болады?» дейді. Ақсақалдар үнсіз қалды. Ақыры жазықты бермеу керек деген тоқтамға келіпті. Келіссөзге Омыртқа бастаған бір топ жігіттер аттандырылады. Олардан басқа 100 қаралы аттылар арттарынан еріпті. Дәл осы тұста екі топ бетпе-бет кездеседі. Аш-жалаңаш жүрседе, орыстар жағы қарулы, ал қазақтар жағында дойыр, қамшы, ақтабан сойылдан басқа қару болмапты. Келіссөз басталып кетеді. Қарсы жақ қазақтардың талабын қабылдамайды. Даудың аяғы орыстардың көшбасшысымен Омыртқаның арасындағы теке-тірес, жекпе-жекке айналып кетеді.

Еңгезердей орысты аттан тұмақша жұлып алып, алдына өңгеріп алады. Жан бермек оңайма, тақымда жатып Омыртқаның беліндегі қыннан қанжарын суырып алып, ыңғайын тауып ішіне салып жібереді. Көріп тұрған қазақтар шу етіп атқа қонады. Сол кезде күні-бұрын сайланып отырған орыстар, қалай жеткізгенін кім білсін, өздерімен алып келген зеңбіректі атып жібереді. Мұндайды көрмеген қазақтар абдырап қалады. Тез ес жинаған екінші жақ мылтықтарын атып сес көрсете бастайды. Басшысыз қалған қазақ жастары тоқтап қалды. Ақылдаса келе үлкендер жастарды қан төгіске жібермейді. Жау қолынан қаза болған Омыртқаны түнде келіп, жасырын осы арада жерлейді. Артында ұрпақ қалдырмай, арманда кеткен боздақтың есімі әлі күні үлкендердің аузында. Батыр бір оқтық деген, осы балам» деп, тағы үнсіз отырып қалды. Сәлден кейін «Әлгі Омыртқаға пышақ салған орысты, Қожамбеттің жігіттері ұрлап алып кетіп, ит қорлықпен өлтіріпті. Елдің намысын жыртып, қаза болғандарды шаһид дейді. Олардың есімі ел есінен ұмытыла қоймайды. Хатқа жазылып, қағазға түспеседе ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі тарап, кейінгілердің жадында қалады. Менен естіген осы әңгімені, кейін сенде өз балаңа айтарсың. Ал енді жүрейік » деп, үстін қағып орнынан тұрды.

Есейген соң үлкендерден осы уақиға жайлы талай әңгіме естідім. Марқұмның аты ел есінде сақталып келе жатқанына қайран қалдым. Қосқабат асуын бір кезде халық «Омыртқа өлген » келе бере, «Омыртқа асуы» деп те атап жүріпті. Кейін империялық өктем саясат дегеніне жетіп келімсектер бел алған кезде, асудың аты ғана емес, таласқа түскен жазықтың да атауы өзгерді. Осы саясаттың аясында Омыртқаны еске алу ашық айту мүмкін болмады. Қазіргі жағдай басқаша. Кеткеніміз келіп, өшкеніміз жанып егеменді ел болғанда Марқа-Зайсан топырағында Омыртқа атты боздақтың өткенін, ел намысын жыртып, құрбан болғанын айту артық емес. Біздің қоғамымызда ұлттық идея жоқ деп байбалам салып жатамыз. Мен айтар едім, ұлттық идея, қалың қазақты топтастыратын идея- ол ғасырлар бойы бабалар аңсап келген егемендікті баянды ету. Ел экономикасы өркендету, әлемдік өркениетке бой түзеу, ғаламадастыру процессінде көш соңында қалмау, тағыда басқа үлкенді-кішілі талаптар, біздің басты мақсатымыз- егемендікті нығайтуға қызмет істеуі шарт. Талас жоқ бұл бағытта қыруар шаруа тындырылды десекте, болашақта атқарылар істер бүгінгіденде салмақты. Осы салмақты көтеру кейінгі буын жастардың ісі. Өткен жылдары республикалық басылымдардың бірінде белгілі саясаткер Нұрболат Масанов «Қазақ деген әлсіз халық, ұлттық намыс жоқтың қасы» деп жазыпты. Егер Н. Масанов мырзаның айтқанына иланар болсақ, әлсіз халық, намыссыз ұл-қыздың қолынан ұлы істер келе қоярма екен. Олай болса босқа арам тер болудың не мәні бар? Қолымыздан келмейді деп біреудің қолтығына тығылу керек шығар. Менің ойымша Н. Масанов мырза осылайша қазақ жастардың намысын қамшылағысы келген болуы керек. Бірақ біз тек қамшылап ғана қоймай, анық намысты азаматтың қандай болғанын көрсетуіміз қажет шығар. Осындай азғана ғұмырында кейінге ғибрат боларлықтай қимыл жасаған арыстың бірі Омыртқа бабамыз. Қаңсырап жатып «Ақжайлау біздің жер, мені осында жерлендер » деп, қолымен көкті нұсқай бере үзіліп кетіпті. Марқұмның қолымен көкті нусқағаны соңғы сөзіне тәңірдің өзін күәға тартқаныма, немесе жаратушының көзі көреген, түбінде қиянат емес әділет женеді дегені ме екен . Қалай десекте боздақтың қаны бекерден-бекер төгілмегені хақ. Өзінің ақ өлімімен талайлардың намысын қайрап, сонау Кенесары, Сырым, Махамбеттен кейінгі желтоқсан құрбандардың арасындағы үзілмес сабақтастықтың кепілі. Омыртқа өктем империялық саясаттың Марқа топырағындағы алғашқы құрбаны.

Марқұмның қазасын бүкіл Төртуыл-Қожамбет аза тұтыпты. Омыртқаның жоқтауы деп әжем айтып отыратын мына бір шумақтар күні-бүгін есімде:

Бозінгендей боздадым,