Тұлға мәселесіне байланысты отандас және шетелдің көзқарастары.

Қысқаша мазмұны: Кеңес психологтарының тұлғаға байланысты пікірлері.Концепциялардың сынаулары.Шетелдің тұлға теориялары.Гуманистік психология жеке бағытталған білімнің негізі ретінде.

Психологиялық ғылымда “тұлға” категориясы іргелі ұғымдардың қатарына жатады. Бірақ “тұлға” ұғымы тек психологияға тән емес, ол барлық қоғамдық ғылымдармен зерттеледі, оның ішінде философиямен, әлеуметтанумен, педагогикамен, т.б. Сонда психологиялық ғылым шеңберінде тұлғаны зерттеу спецификасы неде және психологиялық тұрғыдан тұлға дегеніміз не?

Алдымен сұрақтың екінші бөлігіне жауап беруге тырысайық. Бұны жасау оңай емес, себебі тұлға деген не деген сұраққа барлық психологтар түрліше жауап береді. Олардың жауаптары мен ойларының әрқилы болуы тұлға феноменінің күрделі екендігін білдіреді. Осы орайда И.С.Кон былай деп жазады: “ Бір жағынан, ол нақты индивидті әрекет субъектісі ретінде, оның барлық жеке бас қасиеттерімен, әлеуметтік рольдерімен бірге белгілейді. Екінші жағынан, тұлға индивидтің әлеуметтік қасиеттері ретінде, осы адамның басқа адамдармен тура немесе жанама өзара әрекеттесуі нәтижесінде түзілген бойындағы әлеуметтік маңызы бар қасиеттердің жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Тұлғамен қарым-қатынасқа түсетін адамдар оны еңбек, таным және қарым-қатынас субъектісінде көреді.”

Ғылыми әдебиеттегі тұлға анықтамаларының әрқайсысы тәжірибелік зерттеулермен және теориялық негіздеулермен бекітілген, сондықтан “тұлға” ұғымын қарастырғанда оларды ескеру керек. Тұлға деп жиі әлеуметтік даму барысында бойына әлеуметтік және өмір үшін маңызды қасиеттерді жинаған адамды түсінеді. Яғни, тұлға сипаттамалары қатарына адамның генотиптік және физиологиялық ұйымдасуымен байланысты ерекшеліктер жатқызылмайды. Адамның танымдық психикалық процестерінің немесе әрекеттерінің жеек дара стилі даму ерекшеліктерін сипаттайтын қасиеттер тұлға қасиеттері қатарына жатқызылмайды, ал адамдар мен қоғамға қатысты көрініс беретін қасиеттер тұлғаның қасиеттері болып саналады. “Тұлға” ұғымының мазмұнына көбінесе басқа адамдарға қатысты маңызды іс-әрекеттерді анықтайтын қасиеттерді де қосады.

Сонымен, тұлға дегеніміз ол тұрақты психологиялық сипатамалар жүйесінде алынған нақты адам. Ондай сипаттамалар қоғамдық байланыс пен қатынастарда көрініс беріп, адамның өзі мен оны қоршағандар үшін маңызды орын алады, оның адамгершілік қылықтарын айқындайды және оның өзіне ,ортасы үшін маңызды мәнге ие.

Ғылыми әдебиетте “тұлға” ұғымының мазмұнына кейде адам ұйымдасуының генетикалық және физиологиялық деңгейлері қосылатынын айта кету керек.

Адамды жүйелі зерттеу сұрақтарын қарастырғанда психологияның өзіндік түсініктері қалыптасады. Б.Г.Ананьев бойынша адам ұйымдасуының төрт деңгейі ғылыми зерттеулер үшін қызығушылық тудырады. Олардың қатарына индивид, іс-әрекет субъектісі, тұлға, жеке даралық жатқызылған.

Биологиялық түр болғандықтан әр адамның туа біткен ерекшеліктері бар, мысалы, дене құрылысы тік жүруге мүмкіндік береді, ми құрылымы интеллекттің дамуын қамтамасыз етеді, қол құрылысы еңбек құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді, т.с.с. Осы белгілер адам баласын хайуан баласынан ажыратады. “Индивид” ұғымы адамды белгілі биологиялық қасиеттерді иеленуші ретінде сипаттайды.

Индивид ретінде туылған адам қоғамдық өзарақатынастар мен процестер жүйесіне қосылады, нәтижесінде ерекше әлеуметтік сапаға иеленеді-тұлға болып қалыптасады. Бұлай болу себебі, қоғамдық байланыстар жүйесіне қосылған адам - субъект, іс-әрекет процесінде қалыптасатын және дамитын сананы иеленуші.

Өз кезегінде, осы үш деңгейдің даму ерекшеліктері нақты адамның қайталанбастығын сипаттап, оның жеке даралығын анықтайды. Сонымен, “тұлға” ұғымы адамды әлеуметтік тіршілік иесі ретінде сипаттау үшін керек. Мәскеулік және санкт-петербургтық психологиялық мектеп өкілдерінің әдебиеттерінде адам ұйымдасуының иерархиясына әртүрлі көзқарас берілген. Мысалы, мәскеу мектептерінің өкілдері “субъект” деңгейін бөлмей, адамның биологиялық және психикалық қасиеттерін “индивид” ұғымына біріктіреді. Бірақ, бұған қарамастан, “тұлға” ұғымы адамның әлеуметтік ұйымдасуымен ұштасқан.

Тұлға құрылымын қарастырғанда оған қабілеттерді, темпераментті, мінезді, мотивацияны және әлеуметтік нұсқауларды енгізеді.

Қабілеттер дегеніміз бұл түрлі іс-әрекеттердегі табыстарын анықтаушы адамның жеке басының тұрақты қасиеттері. Темперамент - адамның психикалық процестерінің динамикалық сипаттамасы. Мінезде бір адамның басқа адамдарға қатынасын анықтайтынқасиеттер бар. Мотивация дегеніміз әрекет етуге деген ынтаның жиынтығы болса, әлеуметтік нұсқаулар- адамдардың наным-сенімдері.

Бұдан басқа, кейбір авторлар тұлға құрылымына ерік пен эмоция түсініктерін қосады. Психикалық құбылыстардың құрылымында психикалық процестерді, психикалық күйлерді және психикалық қасиеттерді бөліп көрсету керек. Психикалық процестер өз кезегінде танымдық, еріктік, эмоционалдық болып бөлінеді. Ерік пен эмоция өзіндік құбылыс ретінде психикалық процестер шебінде қарастырылуға лайықты.

Алайда, осы құбылыстарды тұлға құрылымы шебінде қарастыру үшін де авторларда негіз бар. Мысалы, сезімдер- жиі әлеуметтік бағдары бар эмоцияның бір түрі, ал ерік қасиеттері қоғам мүшесі болып табылатын адамның қылықтарын реттеуге қатысады. Осы айтылғанның бәрі қарастырылып отырған мәселенің күрделі екендігін және тұлға мәселесінің кейбір аспектілеріне қатысты белгілі келіспеушіліктердің болатындығын көрсетіп отыр. Көбірек келіспеушілік тудыратын мәселелер: адам ұйымдасуы құрылымының иерархиясы, тұлғадағы биологиялылық пен әлеуметтіктің қатынасы.

Адам тұлға болып туылмайды, ал қалыптасады деген көзқараспен қазіргі психологтардың көбісі келісуде. Бірақ тұлғаның дамуы қандай заңдарға бағынатыны жөніндегі көзқарастар сан алуан. Өйткені тұлға дамуы үшін қоғам мен әлеуметтік топтардың мәні, дамудың заңдылықтары мен кезеңдері, тұлға дамуының дағдарыстары(кризис), даму процесін тездету мүмкіндіктері әрқилы түсіндіріледі.

Кең тараған тұлға теорияларының әрқайсысында тұлғаның даму мәселесі өздігінше қарастырылады. Мысалы, психоаналитикалық теория даму деп адамның биологиялық табиғатының қоғамда өмір сүруге бейімделуін, белгілі қорғаныс механизмдерінің пайда болуын, қажеттіліктерді қанағаттандыру жолдарын түсіндіреді. Қырлар теориясы (теория черт) бойынша тұлғаның барлық қырлары өмір сүру барысында қалыптасады, олардың туындау, қайта түзілу және тұрақтану процестері биологиялық емес заңдылықтарға бағынады. Әлеуметтік үйрету теориясы тұлғаның даму процесін адамдардың белгілі тұлғааралық өзара әрекеттерінің қалыптасу жолдары ретінде түсендірсе, гуманистік және басқа феноменологиялық теориялар оны “ Мен” деген түсініктің қалыптасуымен ұштастырады.

Дегенмен, тұлғаны барлық теориялар позициясынан шоғырланған, біртұтас етіп қарастыру тенденциясы бар.

Адам тұлға ретінде қалыптасып, дами келе кемшіліктерді де иеленеді. Бір теорияда оң және теріс қасиеттердің үйлесімін жан-жақты көрсету мүмкін емес. Сондықтан Эриксон өз концепциясында тұлға дамуының екі шекті желісін бейнелеген: қалыпты және аномалды. Олар таза күйінде өмірде кезпегенімен адамның тұлғалық дамуының барлық аралық варианттарын елестетуге мүмкіндік береді ( 1 кестеде көрсетілген).

Психологтарға үйреншікті ой бойынша тұлға әлеуметтік ортада өмір сүріп, тәрбиеленуі кезінде дамиды. Адам әлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан әлеуметтік өзара әрекеттерге түседі. Ең бірінші араласу тәжірибесін бала сөйлемей тұрып-ақ өз жанұясында алса, кейін үнемі субъективті тәжірибе жинайды. Ол тәжірибе тұлғаның ажырамас бөлігі. Осы процесс, сондай-ақ кейін индивидтің әлеуметтік тәжірибесін белсенді жандандырылып әлеуметтену деп аталады.

Әлеуметтену процесі адамдардың қарым-қатынасқа түсуімен және бірлесіп әрекет етуімен тығыз байланысты. Әлеуметтік тәжірибені меңгеру субъективті: бірдей әлеуметтік жағдайлар әр түрлі болып қабылдануы мүмкін. Түрлі тұлғалар объективті бірдей жағдайлардан сан алуан әлеуметтік тәжірибе алады, бұл индивидуалдану процесінің негізі.

Әлеуметтену және тұлғаның қалыптасу процестері арнайы әлеуметтік институттар шебінде, мысалы, мектепте, және түрлі формалды емес бірлестіктерде жүзеге асырылады. Тұлға әлеуметтенуінің маңызды институттарының бірі - жанұя. Отбасында, жақын адамдардың арасында адам тұлғасының негіздері қаланады. Адамның тұлға негіздері 3 жасқа дейін қаланады деген түсінікті кездестіруге болады. Бұл жас кезеңінде адамның психикалық процестері ғана дамып қоймай, ол өмірдің соңына дейін бойында сақталатын алғашқы тәжірибе мен өзін өзі ұстау тәрбиесін алады.

Әлеуметтенудің реттелетін, мақсатқа бағытталған сипатымен қоса реттелмейтін, стихиялық сипаты да бар екендігін айта кеткен жөн. Әлеуметтенуді бір уақыттағы мақсатқа бағытталған және реттелмейтін процесс ретінде түсіндіру үшін А.А.Реан келесідей мысал келтіреді. Мектепте өтетін сабақ кезінде оқушы сабақтың материалын, әлеуметтік ережелерді меңгеріп қана қоймай, ұстаз үшін “кездейсоқ” болып көрінетін нәрселермен өзінің әлеуметтік тәжірибесін байытады. Бұл тәжірибе позитивті де, негативті де болуы мүмкін.

Тәрбие беру барысында ата-ана мен педагогтың өз алдарына қоятын мақсаттары: баланың тәрбиесін қалыптастырып, оны әлеуметтік ортада өмір сүруге даярлау, ол үшін белгілі қадамдар жасау.

Психологияда әлеуметтеуді біріншілік және екіншілік деп ажыратады. Екіншілік әлеуметтену еңбекті бөлісумен және оған сай білімнің таралуымен байланысты. Адам еңбек етудегі өзінің ролін түсіне бастайды. Б.Г.Ананьевтың концепциясы бойынша әлеуметтену екі бағыты бар процесс ретінде қарастырылған, ол адамның тұлға ретінде және әрекет субъектісі ретінде қалыптасуын білдіреді. Мұндай әлеуметтенудің соңғы мақсаты – индивидуалдылықты қалыптастыру. Бұл жерде индивидуалдылық деп нақты тұлғаның даму процесін түсіну керек.

Әлеуметтенумен бір уақытта өтетін процесс – инкультурация. Егер әлеуметтену дегеніміз әлеуметтік тәжірибені меңгеру болса, инкультурация дегеніміз индивидтің жалпы адамзаттық мәдениетті, тарихи қалыптасқан әрекеттер жолын игеру процесі. Ол әрекеттерде түрлі даму кезеңдеріндегі адам әрекетінің рухани және материалдық өнімдері жинақталған. Бұл процестер бір-бірінен қалып қоюы мүмкін. Адам мәдениетті табыспен игерсе оның әлеуметтік тәжірибесі жеткілікті деп айту дұрыс емес және керсінше.

Тұлға дамуы теориясының негізгі мәселелерінің бірі - тұлғаның өзін -өзі өзектендіру (самоактуализация). Ересек тұлға өзін өзі дамытуы тиісті деп саналады. Өзін өзі дамыту және өзін- өзі өзектендіру идеясы адам туралы көптеген қазіргі заман концепциялары үшін маңызды болып қалып отыр. Мысалы, ол гуманистік психологияда және акмеологияда басты орынды алады.

Тұлға дамуының мәселелерін қарастырған авторлар адам дамуының шарты болып табылатын себептерді анықтауға тырысады. Көптеген зерттеушілердің ойынша тұлға дамуынынң қозғаушы күші - түрлі қажеттіліктердің кешені. Олардың ішіндегі маңызды орын алатыны - өзін өзі дамыту қажеттілігі. Бірақ ол қол жетпес идеалға ұмтылу деген сөз емес. Тұлға үшін нақты мақсатқа жету немесе белгілі әлеуметтік статус алу маңыздырақ.

Келесі мәселе - тұлға қасиеттерінің тұрақтылық дәрежесі. Көптеген тұлға теорияларының негізіндегі тұжырым - тұлға әлеуметтік-психологиялық феномен ретінде негізгі көріністері тұрақты құрылу. Тұлға қасиеттерінің тұрақтылық дәрежесі әрекеттердің бірізділігін, мінез-құлықты болжау мүмкіндігін анықтап, оның қадамдарының заңдылықтарына сипат береді.

Алайда, бірқатар зерттеулердің көрсеткеніндей, адамның жүріс-тұрысы өзгермелі. Сондықтан еріксіз туындайтын сұрақ: адамның жүріс-тұрысы, тұлға болуы қаншалықты тұрақты және неде?

И.С.Конның ойы бойынша бұл теориялық сұрақта әрқайсысы бөлек қарастырылатын жеке сұрақтардың тұтас сериясы бар. Мысалы, біз ненің тұрақтылығы жайлы әңгіме қозғап отырмыз- жүріс-тұрыс, өзін - өзі ұстаудың ба әлде психикалық процестердің, тұлғаның қасиеттері мен қырларының ба? Бұл жағдайда бағаланатын қасиеттердің тұрақтылығы мен өзгергіштігінің индикаторы не? Ол қасиеттер тұрақты және өзгермелі екендігін көрсететін уақыт көлемң қандай? Осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан зерттеулер бірыңғай жауап бере алмағандығын айта кеткен жөн болар, олардың нәтижелері де әртүрлі. Мысалы, үнемі тұрақты болуы тиісті деп саналатын тұлғаның қырлары тұрақты емес болып шыққан. Кейде тіпті бір адамның бойындағы қасиеттердің көріністері жағдайға байланысты елеулі түрде ауысады екен.

Ал лонгитюдті зерттеулер тұлғада тұрақтылықтың белгілі дәрежесі бар деп көрсетеді, мұндай тұрақтылықтың өлшемі түрлі тұлға қасиеттері үшін бірдей емес. 35 жыл жүргізілген осындай зерттеулердің бірінде 100 адам белгілі тұлғалық сипаттамаларының жиыны бойынша бағаланған. Олар алғашқы рет орта мектеп жасында тексерілсе, кейін мектептің жоғарғы сыныптарында, ал соңғы рет 35-45 жас шамасында тексерілген.

Бірінші тексеруден кейін екінші тексеруге дейін 3 жыл аралығында сыналғандардың тұлғалық сипаттамаларының 58 -ы сақталғаны анықталған. 30 жыл бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі тұлғалық сипаттамалардың 31 - ы сақталатынын көрсетті.

Тұлға психологиясы саласындағы зерттеулер бұрыннан жүргізіліп келеді, олардың өзіндік тарихы бар. Тұлға психологиясы дамуының 3 кезеңі келесідей: философиялық-әдеби, клиникалық және тәжірибелік.

Зерттеулердің бірінші кезеңі көне ойшылдардың жұмысынан басталып, ХІХ ғ-ң басына дейін жалғасқан. Бұл кезеңдегі тұлға психологиясының негізгі мәселелеріне адамның өнегелік және әлеуметтік табиғаты жөніндегі сұрақтар жатады. Тұлға туралы алғашқы анықтамалар айтарлықтай ауқымды. Ол анықтамаларға адамның бойындағы бар нәрсе, оның жеке басыныкі деп саналатынның бәрі жатқызылған: биологиясы, психологиясы, мүлігі, мінез-құлқы, мәдениеті және т.б. Тұлға туралы осындай түсінік кейінгі уақытқа дейін сақталыпты. Нақты мазмұнға толы, тұлғадан бөлек көптеген басқа да түсініктер мен ғылыми категориялары бар психология үшін мұндай анықтама өте кең болып табылады.

ХХ ғ-ң бірінші он жылдығында тұлға писхологиясының мәселелерімен философтармен қатар дәрігер-психиатрлар да айналыса бастады. Олар ең бірінші рет клиника жағдайында науқасқа тұлға ретінде жүйелі түрде байқаулар жүргізіп, оның жүріс-тұрысын, өзін өзі ұстауын жақсырақ түсіну үшін өмір тарихын зерттей бастаған. Психикалық ауруларды диагностикалау және емдеумен байланысты кәсіби қорытындылар ғана жасалып қоймай, адамзат тұлғасының табиғаты жөнінде жалпы ғылыми қорытындылар да келтірілген. Философиялық-әдеби кезеңмен салыстарғанда клиникалық кезеңде тұлға - ерекше құбылыс деген түсінік мағынасы таратылған. Психиатрлардың аса мән бергені - әдетте науқас адамнан табылатын тұлғаның ерекшеліктері. Дәрігерлер тапқан ерекшеліктер барлық дені сау адамдарға тән болғанымен, науқастарда олардың көріністері гипертрофияланатыны (асыра білінетіні) анықталды. Мысалы, күйгелектік пен ригидтілік, тежелу мен қозғыштық.

Қалыпты, патологиялық және акцентуацияланған (норманың шекті варианты) тұлғаны сипаттауға мүмкіндік беретін терминдерді дәрігерлер тұлғаға анықтама беру үшін қолданған. Алайда мұндай көзқарас психология үшін жеткіліксіз деп танылды. Өйткені, қалыпты тұлғаны тұтас сипаттау үшін ол анықтамалардың мазмұны тар, ондай анықтамаларға шектен тыс көрініс бергенімен кез келген жағдайда “қалыпты” деп саналатын тұлға қасиеттері (мысалы, түрлі қабілеттердің болуы, адамгершілік қасиеттер) енгізілмеген.

ХХ ғ-ң басына дейін тұлға философиялық-әдеби және клиникалық тұрғыдан ғана зерттелсе, кейін бұл іске таным процестері мен адамның күйін зерттеумен айналысқан психологтар кірісті. Ғасыр басында психологияда тәжірибелік зерттеулер қарқынды дамып, гипотезаларды нақты тексеру және айқындалған фактілерді алу мақсатымен психологтар зерттеулерге мәліметтерді математикалық-статистикалық өңдеу әдістерін енгізуге тырысқан. Осыған байланысты психологтар ұзақ жылдар бойы қалыпты тұлғаны сенімді және валидті тесттер арқылы зертеу тәсілдерін жетілдіруді өз алдарына мақсат етіп қойған.

Келесі кезектегі әңгіме неғұрлым әйгілі тұлға концепциялары мен теориялары, олардың жіктелуі жөнінде болады.

Ғылыми жұмыстар мен оқу құралдарында тұлға концепциялары мен теорияларының әрқалай жіктелуі келтіріледі. Р.С.Немовтың ессебі бойынша 48 тұлға теориясы бар, олардың әрқайсысы 5 параметр бойынша бағалануы мүмкін.

Мінез-құлықты түсіндіру жолдары бойынша барлық тұлға теорияларын психодинамикалық, социодинамикалық және интеракционистік деп бөлуге болады.

Психодинамикалық теориялар психологиялық, немесе ішкі, сипаттамаларына орай тұлғаны сипаттайды, адамның жүріс-тұрысын түсіндіреді. Ал социодинамикалық теориялар бойынша тәрбие детерминациясындағы басты роль сыртқы жағдайларға беріледі. Интеракционистік теориялар сыртқы және ішкі факторлардың өзара әрекеттесу принципіне негізделген. Ондай өзара әрекеттер адамның өзекті әрекеттерін басқарады.

Теорияларды типтерге бөлудің келесі негізі - тұлға туралы мәліметтер алу жолы. Осы тұрғыдан барлық теорияларды эксперименталды және эксперименталды емес деп бөлуге болады. Эксперименталды теорияларға тәжірибе барысында жинақталған мәліметтерді сараптау және жалпылау арқылы құрастырылған теориялар жатқызылады. Эксперименталды емес теориялардың авторлары эксперимент жасамай-ақ өмірден алған байқауларға сүйеніп, теориялық талдап қорытады.

Тұлғаға құрылымдық және динамикалық құрылым деген көзқарастағы авторлар тұлға теорияларын басқаша жіктейді. Құрылымдық теория үшін басты мәселе- тұлға құрылымын және оны сипаттауға көмектесетін ұғымдар жүйесін анықтау. Негізгі тақырыбы - тұлға дамуындағы қайта құрылу, өзгерістер, яғни оның динамикасы болып табылатын теориялар динамикалық деп аталады. Сонымен қатар, бірқатар теориялар жас кезеңдік және педагогикалық психология шеңберінде пайда болған. Олар тұлға дамуындағы шектелген жас кезеңін қарастырады, мысалы, туылғаннан орта мектепті бітіргенге дейінгі, яғни нәресте болудан ерте бозбалалық шаққа дейінгі. Кейбір басқа теориялардың авторлары тұлға дамуын бүкіл өмір бойында бақылайды.

Тұлға теорияларын жіктеу кезінде көңіл бөлінетін нәрселер: ішкі қасиеттер, тұлғаның қырлары мен қасиеттері немесе олардың сыртқы көріністері, мысалы, мінез-құлқымен жасаған іс-әрекеттері. Осылай қасиеттер теориясын бөліп қарастыруға болады. Бұл топ теорияларының қағидаларына орай барлық адамдар бір-бірінен жеке, тәуелсіз қырларының жиынтығы мен даму дәрежесі бойынша ажыратылады, бірнеше адам бір адамның мінез-құлықтарын, қырларын байқап, оларды жалпылау арқылы тұлғаға біртұтас сипаттама бере алады. Тұлға қырларын бағалаудың екінші жолы барлық адамдарды типологиялық топтарға біріктіруді жорамалдайды. Мұндай бір топқа кіретін адамдардың психологиялық сипаттамалары бір-біріне жақын, мінез-құлықтары ұқсас. Сонда әрбір типологиялық топтың психологиялық сипаттамалары өзгеше, басқаға ұқсамайды деген сөз.

Тұлға теорияларының жіктелуін қарастырған тек Р.С.Немов қана емес. Б.В.Зейгарник теорияларды пайда болу және даму жағдайларына тәуелді мазмұнды-мағыналық және тарихи аспектілерде қарастырған. Ол келесі теория топтарын бөліп көрсетеді: фрейдизм мен неофрейдизмнің тұлға теориялары, гуманистік тұлға теориялары, экзистенциальді психологияның тұлға теориясы, француз әлеуметтік мектебінің тұлға теориялары және т.б. Осылардың кейбіреулерін жалпы түрде қарастырайық.

Қазіргі кезде тұлға зерттеуде жеті негізгі тұлға теориялары дамыды. Әрбір бағыт өзінің теориясымен және де өзінің әдісімен, құрылымымен ерекшелінеді.

Тұлғаның психологиялық сипаттамасы. Қазіргі кезде психологияның ерекшелігі психиканы зерттеуші бағыттың көптігімен, тұлға теориясының кеңдігімен мәселенің күрделілігі психологияның алдында тұрған теориялық міндеттерге және ғылымның дамуының ішкі қажеттіліктеріне байланысты.

Тұлға – психологиялық сипаттамасы,бірқалыпты жоғарғы даму жүйесі, индивидуалды қажеттіліктермен қамтамасыз ететін, уақытша және белгілі бір жағдайларда адамның тұрақты жүріс-тұрысы.

Тұлға теориясы – бұл болжамдардың жиынтығы немесе тұлға дамуының табиғаты мен механизмінің болжамы.

Тұлға теориясын тек түсіндіруге тырысып қана қоймай, ол адамның жүріс- тұрысын сипаттайды (А.Хьелл, Д. Зиглер).